Жекешелендіру желге ұшты ма?

1856
0
Бөлісу:

Тәуелсіздік алғалы бері атын дабырайтып, толқын-толқын өткізіп жатқан жекешелендіру деген игі дәстүр бар. Бизнесмендер мемлекетке «қалыңмалын» төлеп, белгілі бір нысанды өз меншігіне қабылдап, жауапкершілігін мойнына алады. Тура үйлену секілді. Бұл – мемлекеттің көмектесуге мұршасы келмей, не жеке адамнан қайыр болмай азып-тозып тұрған мекемелер мен кәсіпорындардың қайта жандануы үшін керек. Әнеугүні Үкімет басшысы ренжіген – «жекешелен­діруден түскен ақша қайда кетіп жатыр?» деп. Енді жақында ғана бір депутат тіпті түңілген дейді – дардай кәсіпорындарды тиын-тебенге сатып не ұтамыз деп. Бір шикілік бары байқалады. Не қазанның астына отты қатты жағып күйдіріп алғанбыз, не отын жетпей бабы келіспей тұр. 

Сонау қаңтарда өткізілген Үкімет оты­рысында осы тақырып көтерілген кезде, мұрнына қонақтай беретін көзілдірігін түзеп қойып Қаржы министрі Бақыт Сұл­танов баяндама жасаған. Айтуынша, кешенді жоспарға 904 нысан кірген. Оның 876-сы туралы толық ақпарат арнайы сайтқа жарияланған (gosreestr.kz). Екі жылда 476 кәсіпорын нарыққа шыға­рылып, 367-сі сатылған. Нәтижесінде, 164 млрд теңге ақша түсіпті. Қарап отыр­саңыз, цифрлар төмен қарай құлдырай береді. Тәртіп бойынша жекешелендіруден түскен қаражат ешкімге мойын бұрмастан Ұлттық қорға қарай тартып отыруы тиіс еді. Алайда жетпей қалыпты. Мұны ми­нистрдің өзі мойындаған. Оның үстіне Ұлттық экономика министрі Тимур Сү­лей­меновтің «тағы 168 кәсіпорын қатарға қосылды» деп айтып, Премьер-ми­нистрдің қытығына тигені де күні кеше болғандай көз алдымызда. Бақытжан Сағынтаев айтқандай «кәсіпорындарды бір қолымызбен қысқартып, бір қолы­мызбен көбейтіп отыратын болсақ» оның пайдасы не?

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың ойынша, мемлекеттік мекемелер қазіргі қарқынмен сатыла берсе, Үкімет шығынға батып қалуы мүмкін. Бұл сөзіне аргумент ретінде, Қоңыров – мемлекеттің эконо­микаға араласа беруін келтіреді.
– Жекешелендірудің тиімділігі сезіліп жатқан жоқ. Төрт жыл ішінде 600-ден астам нысан сатылып, бюджетке 256 миллиард теңге түскен. Бірақ бұл – 4 жылдық бюджеттің бір пайызы ғана. Жаппай жекешелендіру жүрді екен деп қор нарығы да дамып кетіп жатқан жоқ. Осы күнге дейін ұлттық холдингтерге тиесілі 114 мекеме саудаланып, оның 29-ы ғана аукцион арқылы жоғары бағаға өткен. Қалғаны – тиын-тебен, – дейді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың сөзінше, мекемелердің тү­сініксіз жолмен сатылуы себепті, Үкі­мет те «өз өнімінің» қызығын көре алмай отыр. Коммуналдық мекемелерді иеленіп алған жеке адамдар, тарифтерді қымбат­татып жіберуі де мүмкін.
– Сатылған нысандардың 54 пайы­зы – коммуналдық меншіктер. Көбісі әлеу­меттік бағытта және олардың са­тылы­мы жеке сектордың экономикалық мүмкін­дігін кеңейтпейді. Сатылып жат­қан тағы бір маңызды нысандар – мем­ле­кеттік органдар мен ұлттық компания­лардың сервистік ұйымдары. Бірден-бір тасымал­даушы мекеме болғандықтан да, олардың сатылғаны бәсекенің артуына ықпал ете қоймайды. Екінші жекеше­лендіру тол­қыны кезінде бағдарламадан 321 нысан алынып тасталған, – деді де­путат.
Экономист Жарас Ахметовтың ай­туынша, қазір жекешелендіру үшін аса ыңғайлы уақыт емес екен.
– Осы кезеңді жекешелендіру үшін нарық тұрғысынан аса қолайлы уақыт деп айтуға келмейді. Себебі, ірі компа­ния­лардың бағасы да өте жоғары болатыны белгілі. Ал бізде дәл қазір қаржы секторы жайбарақат күйде емес, валюта мың құбылып тұр. Болжалды сектор екі бөлім­нен тұрады. Біріншісі – бюджеттің қалтасының қалыңдауы. Мысалы, «Қаз­мұнайгаз» акциясының 25 пайызы са­тылса, онда «Самұрық-Қазынаны» қар­жыландыруға кететін бюджет шығыны азаяды. Не болмаса бірден тіке бюджетке барып түсуі мүмкін. Мұны енді Үкімет шешеді. Екіншісі – инвестицияның тартылуы. Жекешелендіру процесінің арқасында жаңа акционерлер келеді және олар аталған компанияларда корпоративті басқаруды күшейтуі мүмкін. Міне, жеке­шелендіру үдерісінен біз осындай екі пайда көруге тиіспіз. Иә, қазір не өзіне, не басқаға пайдасы жоқ мекемелер, кә­сіпорындар жекенің қолына өтсе, әлде­қайда аяққа тұрып, нығайып, гүлдене бастауы мүмкін ғой. Осы тұрғыдан ал­ғанда жекешелендіру өте маңызды. Бірақ жариялы түрде қалай сатылып жатыр, кімдер алып жатыр, сатып алғаннан кейін лайықты түрде инвестиция салып жатыр ма деген сұрақтарға жауап таба алмадым әлі күнге. Бір білетінім – біздегі футбол клубтарының сатылмай жатқаны. Оларды сатып алып қаржыландыруға, бүкіл ауыр жүгін көтеруге ешкім құлықты емес, – дейді экономист.

Былтыр маусым айында Астанада эко­номи­калық форум өтіп, «Самұрық – Қа­зына» қорын жекешелендіру бағдарла­ма­сы және оның ел экономикасын­дағы рөлі» атты сессиясы ұйымдастырылған. Сол кезде Халықаралық қаржы корпора­ция­­сының Орталық Азия бойынша өңірлік менеджері Моаззам Мекан сөз сөйлеп еді. Ұшақтан түсе сала Қазақстанды мақтай жөнелетін басқа сарапшылар сияқты емес, кесімді сөз, салалы сын айтып салған. Сіздер бұл процесті кеш бастап отырсыздар деген сонда Моаззам Мекан.
– Қазақстан мен Ресей осыдан бұрын жүргізілген жекешелендіруден сабақ алмаған сияқты. Мұның астарына терең үңіліп, байыптап жүргізу керек. Себебі, көптеген азаматтарға әсер етеді. Жекеше­лен­дірмей тұрып, ол еңбек ресурстарына, тұтынушыларға, үкіметке және меншік иелеріне қалай әсер етеді, бәрін мұқият ескеру керек. Кей мемлекеттер жекеше­лендіру бағдарламасын бастап жіберіп, сосын оны игере алмай, тоқтатып қояды. Осыдан сақ болыңыздар, – деген менеджер.
– Жекешелендіру негізінен жаппай коммуналдық меншік бойынша жүргізілді. Мемлекет есебінде тұрған асхана, комби­нат, тамақтану орталықтары, сауда үйлері, тағы да басқа нысандарды жекеше­лендіру біршама табысты жүргізілді. Ірі ұлттық компанияларға келетін болсақ, олар көбінесе аса үлкен емес пакеттерін сатылымға шығарып жатыр. Мәселен, «Самұрық – Қазына» өз тарапынан «Транс­телеком», «Тұлпар – Тальго» акцио­нерлік қоғамы және Qazaq air әуеком­пания­сы, әуежай, Ақтаудағы теңіз сауда порты сияқты нысандар сатылымға шығарылған. Бірақ бұл процесс қанша­лықты пайдалы нәтиже алып келерін дөп басып айта алмаймын, – дейді экономист маман.
«Самұрық – Қазына» туралы сөз қозға­лып қалған соң айта кетелік, еліміздегі же­кеше­лендірудің екінші толқыны аясында «Самұ­рық – Қазына» мемлекеттік активте­р­дің бас операторы ретінде бұл процеске бел­сенді түрде қатысады. Олар 2020 жылға дейін бар­лығы – 216 активті сатуға шығар­мақ. Енді осы жеке­шелен­діру қорға не береді? Иә, ком­пания жұмы­сын басқару ың­ғайлы бо­лады, тиімділігі арта түседі. Оның дамуы үшін технологиялар әкелу жеңілдейді. Ша­ғын және орта бизнес дами­ды. Ең бастысы, кәсіпорындар мемлекетке қарап аузын ашпайды, өз күнін өзі көреді. Бұрқыратып пайда табады. Бұл енді қағаз жүзінде таңба­лы бейнеленген, көркем сөздер. Шындыққа ұласса – бөркімізді аспанға атып, оны қайтып қағып алмауға да бейілміз.
Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*