Алматы төрінде өткен Универсиада

1432
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында тәуелсіз Қазақстанның 33 басты нәтижесінің 31-тармақшасы былтыр ғана қазақ елінде тұңғыш рет алауы тұтанған XXVIII қысқы Универсиаданы еске салады. Халықаралық университеттік спорт федерациясының (FISU) ұйымдастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыста әлемнің 57 елінен келген 2 мыңға жуық спортшы бақ сынады. Он бір күнге созылған байрақты бәсекеде саңлақтарымыз жоғары нәтиже көрсетті.

Универсиадада спорттың 12 түрінен 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды. 57 мемлекеттің спортшысы қатысқан бұл додада Қазақстан студенттік құрамасы сәтті өнер көрсетті. Барлығы 171 спортшы қатысты. Спорттың 12 түрінен сынға түскен саңлақтарымыз 36 медаль иеленіп, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады. Бірінші орынға Ресей шықса, үшінші орынға Оңтүстік Корея табан тіреді. Бүкіләлемдік сайыста еліміздің қоржынына 11 алтын, 8 күміс және 17 қола түскен болатын. Биат­лоншылар, шаңғышылар мен фристайл­шылар үздік нәтиже көрсетті. Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард, Галина Вишневская мен Анна Шевченколар қос-қостан медаль тағынып, жанкүйерлерді желпінтіп тастады. Ал соңғы жүлдені хоккейшілер қоржынға салған еді.

Жарыстар спорттың 12 түрі бойынша өтті: биатлон, таушаңғы спорты, кёрлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғы қос сайысы, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей, шорт-трек.
Алматыда Универсиадаға арнайы екі жаңа спорттық нысан − «Халық Арена» мен «Алматы Арена» салынды. Жарыстар Алматының 8 спорт нысанында өтті. Олар – «Шымбұлақ» таушаңғы курорты, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халық­аралық шаңғы трамплиндерінің кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені және «Халық Арена» мен «Алматы Арена». Бұл спорттық инфрақұрылымдар бүгін де қала тұрғындары мен қала қонақтарының игілігі үшін қызмет етуде. Универсиаданың ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қысқы Универсиадалар тарихында алғаш рет мұнда Атлеттер қалашығы салынды. Бұл жобаға жұмсалған инвестиция қазақ­стандықтардың игілігіне қызмет ететін болады. Ареналар көпшілікті бұқаралық спортқа тартатын орталыққа айналады. Атлеттер қалашығы 1700-ден астам отбасыға арналған қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйі бар жаңа ықшамауданды құрайды» деген болатын.

«2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматы қаласында Бүкіләлемдік 28-ші Қысқы Универсиада өтті. Халықаралық жарысқа әлемнің 57 елінің спортшылары қатысты».

Халықаралық студенттік спорт феде­рациясының президенті Олег Матыцин: «Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл спорттық додаға бұдан бұрынғы Универсиадаларға қарағанда шығын аз кетті. Инвестициялар көлемі керісінше артты. Осы жайтқа ерекше назар аударт­қым келеді. Ақ ойындарға 57 елдің 2000-ға тарта спортшысы келді. 578 уни­вер­ситеттің үмітін арқалаған кіл мықты өзара кім мықтыны анықтады» деген еді.
Универсиада – 2017 жарысын әлем­нің 80 елінде 1 млрд көрермен тамашалады. EUROSPORT 1 және 2, CBS (АҚШ), ССTV (Қытай), KBS (Оңтүстік Корея), Матч-ТВ (Ресей), Eurosport Asia-Pacific (Австралия және Мұхит аралдары) ар­наларынан көрсетілді. Бұл жайлы Мә­дениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Спортшыларымыздың жеңісі барлық спорт жұртшылығын дүр сілкіндірді және бүкіл әлемдегі спорт­сүйер қауымды бей-жай қалдырған жоқ. Сон­дай-ақ Универсиададағы спорттық жеңістер еліміздің жоғары экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының дәлелі» деп атап өткен.
28-ші Қысқы жарыс 60 елден 30 мыңнан астам қонақтар мен туристерді қарсы алды. Кез келген ірі шара секілді қысқы Универсиадаға 3 мыңнан астам ерікті үлес қосты. 2800 ерікті Алматы қа­ласынан болса, 200 адам шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен келіп, ерікті ретінде ойындарға қатысуға мүмкіндік алып, сайыс барысын ғаламтор кеңіс­тігінде жариялап, таратып отырды.
Жалпы, Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қа­был­данды. Осылайша, Алматы бұ­рынғы кеңестік кеңістік елдерінің ішінде бірінші болып, 2017 жылы өтетін XXVIII қысқы Универсиаданың астанасына айналды. Бұған дейін 1973 жылы Мәскеу және 2013 жылы Қазан қаласы жастардың тек жазғы спорт ойындарын қабылдаған болатын. Универсиада туын Алматыға беру салтанатты рәсімі 2015 жылғы 15 ақпанда Испанияның Гранада қаласында өтті. Гранадада өткен ойындарда қазақ жастары 3-орынды иеленген болатын. Универсиада ойындарын өткізу эста­фетасы 2017 жылы Алматыға жеткен болса, екі жылда бір болатын студенттер арасындағы кешенді сайыс енді Ресейдің Краснояр қаласында алауын жағып, жалауын желбіретеді.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*