Депутаттық сауалдар күні

1406
0
Бөлісу:

Сенаттың кезекті отырысы ерекше болды. Онда депутаттардың үштен бірі сауалдарын жария етті. Қоғам өміріндегі маңызды мәселелер қамтылған 17 депутаттық сауал Премьер-министрге, бас прокурорға және Ұлттық банк төрағасына арналды. 

Сенатор Сәуле Айтпаева кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне алаң­дау­шы­лық білдірсе, Бірғаным Әйтімова құлағы ауыр балалардың білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету туралы айтты. Динар Нөкетаева ұстаздар мәртебе­сін көтеруді ұсынды. Мұрат Бақтиярұлы зерделі жас ұрпақты елімізде қалдыру үшін жағдай жасауға назар аударды. Нариман Төре­ғалиев елді мекендерді, ауылдық жер­лер­ді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етудің ерекшеліктерін көтерді.
Дархан Кәлетаевтың депутаттық сауалы қоршаған орта мен табиғи ресурстарға мониторинг жүргізудің Бірыңғай мемлекет­тік жүйесінің қызмет етуі, сондай-ақ бірың­ғай электрондық тұғырнамасын құру туралы, Рашит Әкімовтің сауалы елді­ме­кен­дердегі ауаның ластануы жөніндегі өзекті мәселе­лерді зерттеу үшін мекеме­ара­лық комиссия құруға бағытталды. Ғұмар Дүйсембаевтың сауалы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету туралы болды. Әли Бектаев «Қазақстан Республи­касындағы гидротех­ни­калық құры­лыс­­тардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» арнайы бағдар­ла­ма­сын қабылдау мәселесін көтерді. Төлеу­бек Мұқашевтің сауалы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту­ға қатысты болды.
Серік Жақсыбеков өз сауалында «Шым­кент-Ташкент» автомобиль жолы­ның бойында орналасқан «Жібек жолы» телефон стансасының сатылуына бас прокурордың назарын аударды. Сәрсенбай Еңсегенов мал ұрлығына жауапкершілікті қатайту қажет деп санайды. Сенатор Дулат Құсдәулетовтің сауалы криптовалютаны заңнамалық тұрғыда реттеуге бағытталды.
Дәурен Әділбеков төрт деңгейлі бюджет­тің атқарылуына, мемлекеттік-жекеменшік туралы заңды іске асыру және Целиноград және Бурабай аудандық ішкі істер бөлім­дерінің басқарма болып құры­луы бары­сында туындаған мәселелерге алаң­дау­шы­­лық білдірді. Әлімжан Құртаев Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы білім беру саласына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ сенаторлар қатары толықты. Палата отырыс барысында Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі етіп сайлады.
Сенаторлар Қазақстан Үкіметі мен Бірік­кен Ұлттар Ұйымы арасындағы Сол­түстік және Орталық Азия үшін Суб­өңір­лік бөлімшеге арналған әкімшілік және қар­жылық рәсімдерге қатысты келісімді рати­фи­кациялады. Келісім Алматы қала­сында 2013 жылғы қарашада ресми түрде ашылған Солтүстік және Орталық Азияға арналған Субөңірлік бөлімшенің жұмысын қамтама­сыз етуге жәрдемдеседі. Бұл құжат транзиттік сауда, су және энергетика сала­ла­­рындағы біріккен жобалар бойынша Қазақстанның БҰҰ-мен Азия мен Тынық мұхит аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен ықпал­дас­­тығын нығайта түседі, сондай-ақ Қазақ­стан тарапына бөлім­шенің жұмысына және кейбір бағдар­ламаларды іске асыруға бөлінетін ерікті жарна бойынша бөлім­ше­ден жыл сайын есеп алуға мүмкіндік береді.
Отырыста 1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан және Әзірбайжан үкiметтерi ара­сындағы табыс пен мүлiкке қосарланған са­лық салуды болдырмау және салық төлеу­ден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция­ға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы үкіметаралық хаттама рати­фи­­кация­ланды. Құжат енді Елбасының қол қоюына жол­данады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Конвен­ция қолданылатын Қазақстан және Әзірбай­жан салықтарының атаулары нақты­ланды. Жаңа мәтінде уағдаласушы мемле­кет­терде резиденттікті айқындауды және тұрақты мекеме құру тәртібін реттей­тін баптардың ережелері нақтыланды. Салық қызметтерінің арасындағы ынты­мақ­­тастықты кеңейту және ЭЫДҰ-ның модельдік конвенциясына сәйкес келтіру мақсатында «Қосарланған салық салуды жою» және «Ақпарат алмасу» деген баптар­ға түзетулер енгізілді. «Жеңілдіктерді шектеу» деген жаңа бап көзделуде, ол салық­тық жалтарулар және Конвенцияның ере­желерін теріс пайдаланулар анықталған кезде ішкі заңнаманы қолдануға мүмкіндік береді.
Сенаторлар Қазақстан мен Вьетнам елде­рі арасындағы ұстап беру туралы шарт­ты да ратификациялады. 2017 жылғы 15 маусымда Ханойда жасалған бұл шарт әрбір уағдаласушы мемлекеттің өз аумағында болатын, ұстап беруге алып келетін қыл­мыс­тар үшін қылмыстық қудалау неме­се сұрау салушы тараптың аумағында соттың үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан адамды ұстап беруіне бағытталған. Құжат ұстап беру және ұстап беруден бас тарту үшін негіздерін реттейді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*