АСТАНА БІТІМГЕРЛІК ОРДАСЫНА АЙНАЛДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде Қазақ елінің ең басты
33 нәтижесінің 30-тармақшасы бітімгерлікке арналған. Нақтырақ айтсақ, ресми Астана араздасқан елдерге араағайындық жасап, әлемге бейбітшілікті жақтайтын мемлекет ретінде танылуда. Мысалы, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Батыс пен Парсы елінің арасындағы араздықты азайтып, бітімге келуге шақырды. Сондай-ақ Астана Түркия мен Ресей арасындағы салқын қарым-қатынасты жылытуға күш салды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Қазақ елінің бітімгерлік миссиясы жан-жақты жазылған. Елбасының айтуынша, Қазақстан – халықаралық деңгейдегі теңдессіз араағайын болып отыр. Мәселен, Түркия мен Ресейдің арасындағы араздық жөнінде Президент: «2016 жылдың екінші жартысында мен Түркия президентімен де, Ресей президентімен де жиі байланысқа шығып, белсенді түрде оларды татуластыруға шақырдым. Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін алғашқы шешуші қадамдар менің тікелей қатысуыммен 16 маусымда Санкт-Петерборда, ал одан кейін 24 маусымында Ташкентте ШЫҰ-ның саммиті өткен кезден басталды. Осыған қатысты маңызды миссияны менің тапсырмаммен Түркиядағы Қазақстанның елшілігі атқарды. 2016 жылдың 27 маусымда президент Р.Ердоғанның жолдауын ресми түрде президент В.Путин қабылдады. Владимир Путин хатты өзінің көмекшісінің қолынан алды және құжатты мұқият оқыды. Ашығын айтқанда, ресейлік көшбасшының көңіл-райы көп үміт күттіретіндей болған жоқ. Ол маған бұл қадамды құптамайтынын түсіндіре бастады. Сонда мен оған былай дедім: «Владимир Владимирович, Ердоған сізге қолын ұсынды, оны құп алыңыз» деп жазады.
Осы келіссөздерден кейін Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасы жақсарып, бітімге келді. Кейін келе Режеп Ердоған екі ел арасында бітімгерлік жасағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Бітімгерлік миссиясы Түркия-Ресей жанжалынан кейін де жалғасын тапты. Нақтырақ айтсақ, Астана келіссөзі деп аталған, Сирия дағдарысына қатысты еліміз ерекше көзге түсті. Бұл жөнінде Президент «2017 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Астанада жеті күрделі де үдемелі келіссөз өтіп, асыра айтқандық емес, бүкіл әлем мұқият бақылады. Мұнда соғыс өртінің ортасынан халық жасақтарының командирлері келді. Өте күрделі құрам, әртүрлі көзқарас. Келіссөздер ауыр жүрді. Көпшілігі мұның жетістігіне сене қоймағанын мойындаған жөн, бірақ пайдасы мен ілгері жылжу байқалып қалды. Жекелеген жағдайда жетістіктер болды, мәселен, бұрын мүмкін емес деп саналған – Сириядағы деэскалация аймағы құрылды. Әлемдік саясатта 2017 жылы – Астана үдерісі дейтін сыйымды және конструктивті ұғым енді. Сарапшылар, тіпті, Астананы Женевамен салыстыра бастады. Астана еуразиялық Женева бола ма, оны уақыт көрсетеді. Бір нәрсе даусыз – жаһандық әлем Қазақстан мен Астананың бейбітшілікті сақтаушы әлеуметіне тағы да бір көз жеткізді» деп жазады.
Қазақстан Түркия-Ресей арасындағы шиеленісті шешу арқылы әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың нағыз белсенді мүшесіне айналды, сонымен қатар кейіннен Астана процесі деген тарихи атауға ие болған Сирия дағдарысын реттеу алаңы бола білді.
Саясаттанушылар мен сарапшылар Астананың бітімгерлік бағыттағы жұмысын жоғары бағалайды. Саясаттанушы Дәурен Бабамұрат Сирия келіссөзінің жоғары деңгейде нәтиже беруін Елбасының арқасында мүмкін болды деп есептейді.
– Аймақта бейбітшілік орнатуды көздейтін Астана келіссөз алаңында айтылған пікірлер мен бітімгерлік іс-қимыл өз нәтижесін беріп отырғанын көріп отырмыз. Бұл жерде Елбасының рөлін атап өту керек. Егер ол кісінің үлкен мәмілегерлігі болмаса, осы іске араласу барысында тікелей нақты жоспары болмайтын болса, біріншіден, Астана процесі осыншама ұзаққа созылмас еді. Екіншіден, ол нәтиже бермес еді. Дәл қазір біз көп те емес, аз да емес, өз деңгейінде Астана процесінің нәтижелерін көріп отырмыз, – дейді ол.
Бітімгерлік туралы айтқанда Украина мен Ресейдің арасындағы қырғи-қабақ қатынасты назардан тыс қалдыра алмаймыз. Өйткені бауырлас екі ел арасындағы оқиға тым шиеленісіп кеткен болатын. Бұл туралы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Президент «Порошенкомен жабық келіссөзден кейін мен Киевтен қайтар жолда Мәскеуге ұшып келдім. Ұшақта келе жатып мен Франсуа Олланд пен Петр Порошенконың пікір-көзқарастары бойынша өз қолымнан компромисстік ұсыныстарды қағазға түсірдім. Мәскеуге келген соң оны Владимир Путинге ұсындым. Қазақстанның араағайындығымен келіссөздер 2015 жылы қаңтар айында Астанада өткізілмекші еді, алайда бұған Украинаның оңтүстік-шығысындағы кезекті шиеленістер кедергі жасады. Дегенмен де біздің тамырды дұрыс басуымыз өз нәтижесін берді. 2015 жылы 11 ақпанда кешкісін Беларусь астанасында ресми Киев, Мәскеу, Париж және Берлин алғаш рет дөңгелек үстел басында қақтығыстарды реттеудің жолдарын талқылауға отырды. «Норманд төрттігі» Минск келіссөзінде пәтуаға келді, сол келісім бүгінгі күнге дейін Украинаның оңтүстік-шығысындағы кикілжіңді реттеуде базалық құжат» деп жазады.
Әрине, Украина мен Ресей арасындағы араздық сап тиылды деп айта алмаймыз. Алайда екі ел арасындағы ашық қақтығыс тоқтап, саябырсып қалғаны анық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Астана бітімгерліктің ордасына айналып, бейбітшілікті жақтайтын елге айналды.
Серік ЖОЛДАСБАЙ