ҚАТЕЛІК КЕТСЕ, ҚАЙТЕМІЗ?

2265
1
Бөлісу:

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бір ауыз сөзі көптің талқысына түсті.  Министр: «Дәрігердің де қателесуге құқы бар»  дейді. Біртановтың айтпағы бұл емес еді деп ақтап та жатқандар жетерлік. Олардың ойынша, министрдің айтпағы: «Онсыз да тапшы кезде болмашы қателігі үшін қылмыстық жазаға тарта беретін болсақ, дәрігер болғысы келетіндер азаяды. Сондықтан дәрігер тарапынан салдыр-салақтық байқалса ғана жауапқа тартайық. Ал медициналық көмек көрсетіп жатқанда, қателік жасаса, кешірім бергеніміз дұрыс» деген сияқты. Алайда білдей білікті саланың тізгінін ұстаған адамның осындай ой айтуы дұрыс па?

Шыбын жаны мұрнының ұшына тірелген адам жанына кімнен дауа іздейді? Әрине, ең алдымен дәрігерге жүгінері белгілі. Жанына араша түсетін дәрігері қателікке бой алдырып жатса, ем-домын дұрыс жасамаса, қайтер едіңіз? Жауырды жаба тоқыр ма едіңіз?
Сонымен, медициналық қателікті ке­шіру­­ге бола ма? Оған қандай жағдайда кеші­рім бар? Медицина саласына жауапты маман­дар дәрігерлік қателерді «инцидент» немесе «жа­ғымсыз жайттар» деп атайтынын жеткіз­ген екен. Қалай десек те, «кәсіби міндетін дұ­рыс атқармау» мен «медициналық қателік­тің» айырмасы жоқ. Кәсіби міндетін дұрыс атқармаудың өзі – қателік. Солай емес пе?

Төрегелді ШАРМАНОВ,
академик:

Дәрігерлік қателік пен салғырттықты айыра білейік
– Дамыған елдерде, Еуропа мен Амери­ка­ның өзінде дәрігерлік қателіктер жиі кезде­сіп жатады. Бұл бүкіл дүниежүзіндегі денсау­лық сақтау ұйымдарының барлығында бола­тын дүние екенін ұғынған жөн. Ауыр дертті анық­тауда қателік кетуі мүмкін. Дәрігерлер нем­құрайлы қарап, салғырттық танытып, со­дан қателік кетіп жатса, ондайды кешіруге бол­майды.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­танов «дәрігер тарапынан салдыр-салақтық байқалса, жауапқа тартайық, ал медициналық көмек көрсеткенде қателік жасаса, кешірім бе­рейік» деген болатын. Күнделікті жұмыста «жаңыл­майтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» жоқ. Мә­селен, кейбір ауылдық жерлерде ауруды анық­тау, яғни диагностика жасау жағы кем­шін түсіп отыр. Соның салдарынан қателіктер кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда түсіністікпен қарау керек. Науқасқа немқұрайлылықпен қа­раған дәрігер жауапқа тартылады.
Хирургияда ең қиын ота – аппендицит, ең жеңіл ота да – аппендицит. Яғни, бір ап­пен­дициттің асқынған да түрлері бо­лады. Сондықтан «жара анық көрініп тұр, бұл ота тез жасалады» деп айту дұрыс емес. Әрбір аурудың көріністері әртүрлі болады. Кейбір ауру жеңіл көрінгенімен, кейін қиындап жа­та­тын жағдайлары болады. Мұндағы айт­па­ғым, білікті дәрігердің өзі де осындай фактор­лар­ға байланысты қателік жіберуі мүмкін. Оған кешіріммен қарау керек. Дегенмен дәрігер науқасты қалай қарады, қандай ем-дом түрлерін ұсынды, қолынан келгенін бар­лығын істеді ме деген мәселелер назардан түс­пегені жөн. Халық ішінде «дәрігер қайтсе де, осы емді қолдану керек, емдеп шығу керек» де­ген пікірді ұстанатындар да жоқ емес. Ме­дицина – күрделі ұғым.
Қазіргі өзекті мәселе – қателіктің алдын алу. Міндетті түрде комиссия тексеру жүргізе­ді. Әрбір емхананың өз көрсеткіштері бар. Дәрігердің жіберген қателігіне байланысты тал­қылаулар, конференциялар өткізеді. Ота қа­лай жасалды, қандай ем қолданылды, бұл ем түрі дұрыс берілді ме деген мәселелер кон­силиумда қаралып отырады. Мәселе мұнда – бұл түсінбестіктен жіберілген қателік пе, әлде түсіне тұра жіберілген қателік пе? Білімнің жеткіліксіздігінен бе, әлде білімі жете тұра біл­мегендіктен жіберілген қателік пе?! Осы­ның ара-жігін анықтайтын арнайы ко­мис­сиялар болады. Бас дәрігер, бөлім меңгерушісі осы мәселені бақылауда ұстап отырады. Күр­делі ауруларда ем түрі дұрыс берілген бе, әлде бұрыс па, соны қадағалайды. Сол се­беп­ті, ең алдымен дәрігерлік қателікті айыра біл­­геніміз дұрыс.

Керек дерек:

Дамыған елдерде дәрігерлік қателіктер қоғамда үлкен талқыға түседі. Мәселен, АҚШ-тың өзінде жылына орташа есеппен 2 миллионға жуық адам дәрігерлердің қателігіне байланысты шағым түсіреді екен. Мұндағы экономикалық шығын – 29 млрд доллар шамасында. Ұлыбританияда дұрыс ем қолданылмауының нәтижесінде жылына 40 мыңға жуық адам өлімі тіркелсе, 280 мың адам бұрыс емнің құрбаны болған. Экономикалық шығын – 730 млн фунт стерлинг шамасында. Өз қателіктері үшін дәрігерлер қомақты айыппұл ғана төлемейді, мансабынан, лицензиясынан, тіпті бас бостандығынан айы­ры­лып жатады.

Камал ОРМАНТАЕВ, академик:

Мамандарды оқытуға ерекше көңіл бөлу қажет
– Медицина – күрделі салалардың бірі. Дәрі­герді 8-9 жыл оқытып, даярлаймыз. Ме­нің­ше, әуелі оқыту жүйесін, бағдарламасын қай­та қарастырған жөн. 5 жыл оқудың 2 жылы те­ориялық білімге арналса, 3 жыл медицинаға ара­ласуы керек. Одан кейін болашақ маман­дық түрлеріне жіктеледі. Жетінші, сегізінші жыл­дары резидентура оқытылады. Өзгерістер қа­жет. Дәрігерлік қателікті жаңа мамандар жі­береді деп ойлаймын. Себебі, көп аурудың нақ­ты себеп-салдарын білмей жатады. Біз 1959 жылы оқу орнын бітіргеннен бері дәрі­герміз. Біз практик-дәрігер болдық. Тәжірибе жүзінде қателіктер болған шығар. Бірақ күн­нен-күнге қателіктерді азайтуға күш жұм­са­дық. Қателіктер де әрқалай болады. Мысалы, жақ­сы оқыған, білімді дәрігерлер білікті маман болады. Бірақ медицинада бұдан бөлек тәжірибе де ескеріледі. Медицинаның негізі де­ген ұғым бар. Сол негізін қаншалықты біле­тінін тексеріп, жұмысқа қабылдаса, қателіктер де аз болатыны анық. Қазір 14 мың аурудың түрі бар. Соңғы шыққан отбасылық дәрі­гер­лер аурудың көпшілігін білмейді. Сон­дықтан мамандарды оқытуға ерекше көңіл бөл­у қа­жет.

Бақыт ТҮМЕНОВА,
«Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы:

Медициналық маманданған сот жүйесін қалыптастырса…
– Ең алдымен дәрігерлік қателік деген тү­сінікті дұрыс анықтап алғанымыз жөн. Әуелі, заңдық құжаттарда дәрігерлік қателікке қан­дай жағдайлар жататынын, ол неден болатынын анықтаған дұрыс-ау. Дәрігерлік қателік дегеннен гөрі медициналық қателік деп қол­данғанымыз дұрыс деп са­най­мын.
Науқас адам дәрі­гер­ге келгенде ауруын жа­сырмай, барлық се­беп-салдарын, өзі­нің қосымша қол­дан­ған ем-дом түр­ле­рін де айтуы ке­рек. Қызылды-жа­сыл­ды дәрі-дәрмек жарнамаларын кө­ріп, сол дәрілер­мен өз бетінше емде­ле­тіндер де ел арасында жиі кездеседі. Кейбі­реу­лері халықтық ме­дици­наға жүгініп, емші­лер­ге барады. Содан ауруы әб­ден жанына батып, шегіне жет­кен кезде ғана дәрігерге ке­ле­ді. Өз бетімен емделген, сонымен қо­­са ауыр халдегі науқастың диагнозын анықтау қиынға соғады.
Қазір әрбір ауруды емдеуде стандартты емдеу жүйесі қалыптасқан. Қай кезде дәрігер шынымен кінәлі, қай кезде кінәсі жоқ екенін ажырата білгеніміз дұрыс. Дәрігер ауруды анық­тауда, диагностика жасауда, ем қолдану­да қолынан келгенінің бәрін жасай тұра нау­қастың жағдайы нашарлап, тіпті өліммен аяқ­талып жатса, дәрігерді қылмыстық жауап­кер­шілікке тартуға болмайды. Мәселен, ауыл­дық жерлерде ауруды анықтайтын бар­лық зертхана мен диагностиканың болмауына қарамастан, дәрігер қолынан келгеннің бәрін істесе, оның кінәсі жоқ. Дәрігердің немқұрай­лық, яғни салғырттық танытатын жағдай­ла­рында оны жазаға тартса болады. Мәселен, науқастың қан сараптамасын біле тұра, оның толық қан сараптамасын тексермесе, қабыну­ды көре тұра қосымша диагностикаға жібер­месе, диагнозды анықтауда қосымша әдіс-тә­сілдерді қолданбаса – дәрігердің салғырттығы. Осы екі дүниені ажырата білген дұрыс. Тағы бір айта кететіні, дәрігер қолынан келгеннің бәрін істей тұра қателік кетіп жататын жағ­дай­лар болады. Біріншіден – өте сирек кезде­се­тін ауру болса. Екіншіден – өте жылдам жүре­тін қабыну түрлерінен, яғни науқастың бір­неше сағаттың ішінде өмірден өтіп кетуі.
Әрбір адам өз денсаулығына немқұрайлы қара­мауы тиіс. Науқас өз бетінше емделіп, дәрі­герден қолданатын ем-дом түрлерін жа­сырса, әрине нақты диагнозды анықтау да қиын. Жасыратыны жоқ, қазір көп адам діни не тағы да басқа себептерден екпеден бас тартып жатыр. Статистикалық деректерге қарасақ, екпе алмаған балалар саны да артып ке­ле жатқанын аңғару қиын емес. Бұл дегені­міз – белгілі бір эпидемия пайда болу қаупінің артқанын көрсетеді. Мәселен, екпе алмаған бала ауырып, тіпті өлімге душар болса, кім жауапты?! Дәрігер қолынан келгеннің бәрін істегенімен де, соңы қайғылы болса, кім жауап­ты?! Мұндай кезде ата-анаға да жауап­кершілік жүктелуі керек. Бұл мәселелерді шешу үшін біріншіден, медициналық стан­дарттарды жасау қажет. Екіншіден, дәрігерлік қателікті, нақты кінәліні анықтайтын арнайы маманданған медициналық сот жүйесін дамытайық. Дәрігер болу – үлкен жауапкер­шілік. Адам өміріне жауапты болғасын, ар­тылар жүгі де ауыр. Мәселен, АҚШ-та дәрі­герлік қателікті анықтайтын маманданған соттар жақсы жұмыс істейді. Мұнда м­е­дици­на­лық құқық, науқас пен дәрігердің құқық­тары мен міндеттері ашық әрі нақты қарас­ты­рылады. Дәрігерде қандай жауапкершілік болса, науқаста да сондай жауапкершілік бар. Елімізде қазір медициналық заңгерлерді, ад­во­каттарды дайындаған жөн. Келесі мәселе – халық арасында науқас ауыр дерттен өмір­ден өтсе, дәрігер кінәлі деген пікір қа­лып­­тас­қан. Мұндайдан арылу керек. Қателік нау­қас­тың кінәсінен де орын алуы мүмкін. Сондық­тан осының ара-жігін айыра білгеніміз дұрыс.
Өз құқықтарын алға тартып, денсаулық сақ­тау ұйымдарына шағымданатындар қа­тары да аз емес. Халықтың өз құқықтарын білуі қуантады. Конституция бойынша ден­сау­лығымызды сақтауға құқығымыз бар. Кез кел­ген мемлекетте денсаулыққа деген құқық жоқ. Бұл – біздің елдің өзгешелігі. Яғни, ха­лық шағым айтуға құқылы екенін білгені­мен, бұл тұрғыда өзінің міндеттерін біле бер­мейді. Тағы бір ескеретін жайт, бүгінгі таңда аурудың 80 пайызға жуығы адамның өмір сүру сал­ты­на, тамақтануына, өмірлік дағдысына бай­ла­нысты келеді.

Тақырыпқа орай:

Сәуле ҚҰРМАНОВА,
Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы Астана қалалық филиалының директоры:

– Елбасы биылғы Жолдауда «ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет» деген болатын. Дәрігерлік қателікті азайтатын бірден-бір жүйе – электронды денсаулық паспорты. Денсаулық сақтау мекемелерінің барлық порталын біріктіретін бұл паспорт елімізде биылғы жаздан бастап қолданысқа енгізілмек. Электронды паспортта әрбір науқас туралы мәлімет болады. Мәселен, қашан қандай дәрігерде болғаны, қан сараптамасы, қандай ем қабылдағаны т.с.с. барлық мәлімет порталда бекітіледі. Республика аумағы бойынша қай емханаға барса да, науқас туралы мәліметті портал арқылы білуге болады. Бұл – дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді, диагнозды анықтауда, ем қолдануы септігін тигізері сөзсіз.
Динагүл БАЕШЕВА,
Астана медициналық университеті Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі:

Әр адам денсаулығына жауапты
– Дәрігерлік қателік – жалпылама ұғым, бұл мәселені жан-жақты карастыру керек. Ба­лалар инфекционисті болғандықтан, күнделікті жұмыс барысында балалар ара­сын­да анықталуы қиын ауруларды кездестіре­мін. Қазіргі қоғамда біздің басты кемшілік – ол тек шетелдік стандарттар мен нормаларға сүйенуі­міз. Меніңше, біз өзіміздің өмір сүру сал­тымызға келісті даму жолымызды іздеуіміз ке­рек. Өйткені денсаулықты сақтау – дәрі-дәр­мек емес, біздің салауатты өмір салтын сақ­тауымыз. Мәселен, бүгінгі жастардың өз денсаулығын күтуде қарапайым дүниелерді біл­меуі таңғалдырады. Қазақ – ежелден жеті атадан қыз алыспаған, қан тазалығын сақта­ған текті халық. Бұл медициналық тұрғыда дұ­рыс. Тіпті дана халқымыздың «қызға қы­рық үйден тыйым» деген сөзінің өзінде үлкен көре­генділік жатыр. Қыз бала – сау ұрпақты дүниеге әкелетін болашақ ана екені үнемі ес­керілетін. Мұндағы айтпағым, қазіргі қоғам бұл жайттарды ұмыта бастаған. Адамдардың өз денсаулық­тарына жауапкершілігі төменде­ген. Сондықтан дәрігерлік қателік туралы айт­пай тұрып, осы мән-жайды анықтап алған жөн.
Көп нәрсе адамның өз жауапкершілігіне бай­­ланысты. Мәселен, 2014-2015 жылы ме­нин­гит ауруы қатты өршіді. Сонда біз әрбір ата-анаға бұл дерттің алғашқы белгілері, себеп-салдары жайында тереңірек түсін­діріп, алдын алу шараларын айттық. Әрбір емхананы аралап жүріп, осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін жұртшылық­тың пікірі өзгергенін байқадық. Сол жылы ауру өршіп тұрса да, өлім саны аз болды. Бұл – қуантар­лық жайт. Яғни, әр ата-ана жүктелген жауап­кершілікті ұғынды деген сөз. Екпе мә­се­лесі де өзектілігін жоғалтпай отыр. Түрлі се­беп­термен екпеден бас тартқан ата-аналар бар. Қаншама вирус пен инфекция адамның өміріне залал келтіруі мүмкін. Екпе алмаған баланың денсаулығына ата-ана да жауапты еке­нін ұмытпауы керек. Дәрігерлік салғырт­тық жайын­да сөз қозғамас бұрын осындай жайт­­тарды ескерген жөн-ақ.

Алмас ЖҰМАҒАЛИ, заң ғылымдарының кандидаты:

Заң жетілдірілмесе болмайды
– Бізде медициналық маманданған соттар жоқ. Медицина ғылымы сонау ықылым за­ман­нан келе жатқанымен, ол туралы заң кейін пайда болды. Медицинадағы кейбір сүбелі мәселелердің өзі заңмен емес, тек ере­желермен реттеліп келді, кейбірі әлі де сол күйін­де тұр. Бұл салада арнайы маманданған заңгерлерге деген қажеттілік бар. 2014 жылы қа­былданған Қылмыстық кодексте «Ме­дициналық қылмыстық құқықбұзушылық­тар» деген арнайы тарау бар. Бұл – медицина са­ласындағы мәселелерді реттеуге бағыт­тал­ған үлкен қадамның бірі. Дегенмен бұл заңда кейбір мәселелерді әлі жетілдіру қажет. Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс бар. Яғни, біз біртін­деп ілгерілеп келеміз. Дәрігердің қатесіне ке­шіріммен қарау, қателесу жолымен кәсіби маман болып қалыптасады деу – ойға қоным­сыз дүние. Себебі, мұның артында қаншама жан­ның тағдыры тұр. Медицина саласында даулы мәселелерге байланысты конси­лиум­дар, конференциялар, бесминуттықтар өткі­зіле­ді. Сенімсіздік туғызатын жағдай болса, арнайы комиссия құрылғаны жөн. Себебі, бір адам­ның қолына адам тағдырын беріп, қате­лесу жолымен білікті маман тәрбиеленеді деу құптарлық дүние емес. Бұл біріншіден – тиім­сіз, екіншіден – адамгершілікке жат. Сон­дықтан дәрігер жіберген қателігіне орай жауап­­қ­а тартылуы керек.
Біраз ақ халаттылар жауапкершілікті нау­қастың өзіне жүктеуге де әккіленіп алған сияқ­ты. Босанған әйелдердің жүктілік ке­зеңінде оларға неше түрлі диагноз қойып, «тү­сік қаупі төніп тұр» немесе «баланың дауна болуы ықтимал», «тезірек аборт жасамаса болмайды» т.б. деген сияқты түрлі қауіп-қа­тер­­мен, өмір сүрдім, солған қарамастан дү­ние­ге дені сау бала әкелдім» деп шағымдануы жиі кездеседі. «Ары қарай сотқа бересіз бе?» деген сұраққа «Жоқ, шүкір, ба­ла аман-сау ғой» деп жауап береді. Мұның бәрі ақырында дұрыс болмай қалса, «Біз айттық, науқас өзі істемеді, сырқат тарихында бәрі жазулы тұр» деген сылтау айту үшін жаса­ла­тын сыңайлы. Дәрігерлердің жұмысының қиын­дығын жоқ­қа шығармаймыз, экология­ның зардабын, дені сау адамдардың аздығын да жоқ демейміз, тіпті қағазбастылықтың да қолбайлау екенін көріп отырмыз. Бірақ қо­лын­дағы аппараттың шығарып бергенін оқи алмайтын біліксіз маманның «сүттен ақ, су­дан таза» болып шығамын деп, қоғамның дені сау бөлігіне моральдық зардап шеккізіп, орын­сыз аборт жасатуды, денсаулықтарын одан әрі тұқыртуды да қолдай алмаймыз.
Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы ең ірі көпсалалы емханамен соттасуға тура келді. Науқастың кесілген білегіне ота жасалғанда сіңірлерді ұзыннан жалғамақ түгілі, оларды көл­денең біріктіріп, түйіп тастаған. Бұл хирург­тың біліксіздігі ме, салғырттығы ма, айта алмаймын. Нау­қас үшін ол маңызды да емес. Сыртынан тері­мен жабылып тұрған соң, пациент оны біл­мейді, қол болса істемейді, оның үстіне ірің­дей бастаған. Басқа жерде қайталап ота жа­салғанда былықтың бәрі анық­талған. Фо­тосуреттері, дәрігер қоры­тын­­­дысы бар. Қыл­мыстық іс негізінде сот-медициналық сарап­тама тағайындалды. Сараптама не деп қо­рытынды берді деп ой­лайсыз? Осының бәрін кө­ріп тұрып, сарап­шы­лар: «Хирург біраз ол­қы­лық жіберген, де­генмен дұрыс ота жа­салған күннің өзінде де дәл осындай зар­дап­тарға әкеп соғуы ық­ти­мал» деген қоры­тынды берді.
Тіпті қолда бар заңның да көптеген бап­тары­на өзгерістер мен толықтырулар қажет еке­ні айдан анық. Мәселен, баланы қасақана ауыс­тырса, Қылмыстық кодекстің 136-ба­бы­на орай қылмыстық жауапқа тартылады. абайсызда ауыстырып алса, қылмыстық жауап­­кершілік қарастырылмаған. Қылмыс­тық кодекстің Медициналық қылмыстық құ­қық бұзушылықтар деген 12 тарауында «Ме­­дицина немесе фармацевтика жұмыс­керiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орын­да­мауы» деген 317-баптың 1-бөлігінде «Ме­ди­­ци­на немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орын­да­мауы немесе тиiсiнше орындамауы, сол сияқ­ты медициналық көмек көрсету тәртібін не­месе стандарттарын сақтамауы, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қыз­метпен айналысу құқығынан бір жылға дейiн­гi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөл­шер­де айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұ­мыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейін­гі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не алпыс тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады» делінген. Бұл баптың екінші, үшін­ші бөліктерінде тек ауыр зиян мен кісі өлі­мі қарастырылған. Демек, бұл бап бойын­ша абайсызда бала ауыстырған адамның әре­кетін саралай алмаймыз. Мәселен, 18 жыл бұ­рын перзентханада ауысып кеткен балалар та­былды. Енді қараңыз, ол кездегі медбике ба­лаларды қасақана ауыстырса да бұл қыл­мыс­тың ескіру мерзімі өтіп кеткен. Бірақ зар­дабы әлі күнге дейін жалғасып келеді. Осы жағ­дайда да жетілдіретін, нақтылайтын мә­селелер бар. Созылмалы қылмыс ретінде бұл қылмыстың мерзімі аяғынан бастап есептелуі керек. Бұл мәселе заңда нақтыланбаған. Осы сияқ­ты жекелеген қарапайым мәселелерге жауап жоқ. Медициналық заң жетіл­меген уақытта дәрігердің қателесуге құқығы бар деп айту – қателік.

ТІЗГІНТАРТАР:

Қоғамда ең маңызды фактор – адам. Адам денсаулығы да сондай маңызды алғышарттардың бірі. Қателікке ұрынбаудың жолы – білім мен білікте. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қараса, қателіктер болмайды. Кінә арту оңай, ақталуға да мүмкіндік бар, бірақ қателіктің орнын түзету – қиын. Әр маманның алдында – әр адамның тағдыры тұр. Соны ойлағанымыз абзал.
Ал қателік кетсе, қайтеміз?!.

Дайындағандар Гүлзина Бектас, Ақбота Исләмбек

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Естай 14 Ақпан, 2018 at 17:16 Жауап

    Төрегелді ағамыздың пікірімен толықтай келісемін. Қателік пен немқұрайлықты ажырата білуіміз керек деп ойлаймын. Ауыр дерттің шешімін шығарып, диагноз қою әр кез оңайға соға бермейді. Медицинада кейде сирек кездесетін жағдайлар болады. Мысалы, алдына келіп тұрған науқастың дерті ол дәрігердің, тіпті одан да тәжірибелі дәрігердің тәжірибесінде кездеспеуі мүмкін. Ал салғырттық пен немқұрайлық жеке адамның көрсеткіші, яғни, оның жауапкершіліксіздігінің арқасы, оның өз мамандығының толықтай байымына бармағандығында. Істің ақ қарасын ажыратпай, дәрігерді жазалуымыз дұрыс па?

Пікір жазу


*