Басты бағыт – цифрландыру

Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарын латын қарпіне көшіру 2021 жылы басталады. Бұл жайлы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиында Үкімет мүшелері Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын қарады. Сондай-ақ қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын ала қорытындыларын талқылап, Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бекітті.
Денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту жүйелерін цифрландыру Үкіметтің 2018 жылғы қызметінің басымдықты міндеттері қатарында болмақ. Осыған орай, алдымен Үкіметтің әлеуметтік қанатындағы министрліктер басшылары Елбасы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған жоспарларын ортаға салды.
Үкімет отырысында алғашқы дебютін өткізіп, жаңа лауазымында баяндамасын жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 2018 жылғы жұмысының негізгі басымдықтарын белгілеп, жаңалықтарымен бөлісті. Бұл ретте Қазақстан Президентінің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты рәсімдеу бойынша тапсырмаларын іске асыруға баса назар аударылады. Мәселен, оның айтуынша, ұлттық заңнамада алғаш рет «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» ұғымы бекітілмек. Бұл үшін бейресми және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін заңдастыру (легализация) мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы әзірленеді. Оның аясында өз бетінше нәпақа тауып жүрген азаматтардың қызметін міндетті әрі жеңілдікпен тіркеу енгізіледі.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды «көлеңкеден» шығару және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету үшін салықтық ынталандыру шаралары қарастырылады. Сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес, барлық заңдар мен нормативтік құқықтық актілерде «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» (ӨЖҚ) бірыңғай ұғымы анықталады, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Екіншіден, «бейресми жұмыспен қамтылған халықты рәсімдерді ел экономикасына және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту бойынша Жол картасы іске асырылады». Үшіншіден, ӨЖҚ болған халықты оқыту және өнімді жұмыспен қамтуға тарту қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, «МӘМС-ті енгізуді бастауға биыл-ақ толыққанды дайындық қамтамасыз етіледі».
Министрліктің жұмысындағы келесі басымдық – жаңа цифрлы экономика мен сапалы жұмыс орындарын ашу үшін қажетті біліктілік-дағдыларды дамыту болмақ. Кәсіби стандарттар мен сәйкес білім беру бағдарламалары жаңартылады, кәсіпорындармен бірге экономика салалары арасында еңбек ресурстарының ағымдарын басқару бойынша Жол карталары іске асырылады. Сондай-ақ Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру жалғасын табады. Оны іске асыруға 2018 жылы 87 млрд теңге қарастырылған, 571 мың адамды қамту жоспарланған.
«Экономиканың жаңа әрі перспективті салаларына шетелдік жұмыс күшін тартуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ 2018 жылы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруға ерекше назар аударылады. Биылғы 1 қаңтардан электронды еңбек биржасы жұмыс істей бастады. Оған жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен интернет алаңдарын қоса алғанда 200-ден астам жұмыспен қамту қызметтері қосылды. Биыл осы электронды еңбек биржасы аясында еңбекпен қамтылғандардың санын екі есе арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді М.Әбілқасымова.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз баяндамасында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, мектептерде информатиканы ерте жастан оқыту бойынша шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
– Мысалға, егер 2007 жылы мектептерде «информатика» пәні жетінші сыныптан басталса, 2014 жылы бесінші сыныптан басталды. Енді 2018 жылы үшінші сыныптан бастап оқытылады, – деді ол.
Бұдан өзге, 2018 жылы БҒМ білім берудегі мемлекеттік қызмет көрсетуді толық автоматтандыруға көшуді жоспарлауда: сәбиді балабақшаға автоматты тіркеуден бастап, ғалымдардың РhD атағын растауға дейін интернет арқылы жүргізіледі. Биыл Павлодар мен Шымкент қалаларында «Цифрлы білім беру» пилоттық жобасы іске қосылады, ол қағазсыз есеп беруге жүз пайыз көшуді көздейді. Мұның сыртында Қазақстан ғылымының Бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленеді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой 2018 жылы өздерінде де басым бағыт – саланы цифрландыру болатынын атап өтті. Оның мәліметінше, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында
1 қаңтардан бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Қысқа мерзімде МӘМС-ті енгізуді қамтамасыз ету үшін министрлік қағазсыз денсаулық сақтауға көшудің жаңа жоспарын ұсынады. Оған сәйкес, 2018 жылғы 1 сәуірден бастап, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Павлодар облыстарында және Алматы қаласында денсаулық сақтау ұйымдары қағазсыз денсаулық сақтауға ауысады. 1 шілдеден бастап, бұл үрдіс Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Атырау облыстарын қамтиды. 1 қазаннан Астана қаласы, Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары осы қатарға қосылып, құшақ-құшақ амбулаториялық карталардан, басқа да қағаз бен сияны қажет ететін құжаттамадан бас тартады.
Вице-министр қолға алынған шаралардан күтілетін әсер туралы айтты. Медициналық ақпараттық жүйелерді (МАЖ) ықпалдастыру арқасында электронды денсаулық паспорты көмегімен дәрігерлер сырқаттың денсаулық жағдайының толық көрінісін көре алады. Алдын ала онлайн тіркелу арқылы емханалардағы кезек азаяды. Министрлік қазақстандықтардың «учаскелік дәрігерге бару санын 3-тен 1-ге дейін қысқартпақ». Науқастар консультацияны, дәрігерден рецепті, еңбекке жарамсыздық парақтарын, зерттеулер (анализ) нәтижелерін үйден шықпай электронды поштамен, не сайттан ала алады.
– Бұл – шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін маңызды. Науқастар денсаулық жағдайына онлайн-мониторинг жүргізу арқылы жеке денсаулығын қорғауға белсенді қатыса бастайды, – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі.
ДСМ-нің Қарағанды облысындағы пилоттық жобасы негізінде жасалған болжамдық есептеулеріне сәйкес, қолға алынған шаралардан еліміз бойынша келесідей экономикалық әсер күтілуде. Тікелей тиімділік – жылына шамамен 9,5 млрд теңге, жанама тиімділік – жылына 50 млрд теңгеге жуық.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өз сөзінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қалыптастыру жоспарлары туралы баяндады.
– Цифрландыру тұрғысынан түсіндіру жұмыстары арнайы әзірленген ақпараттық стратегия және 2018 жылға арналған Бірыңғай республикалық медиажоспар аясында іске асырылады. Біз барлық іс-шаралардың PR әлеуетін бағаладық, негізгі мақсатты топтар мен басты месседждер анықталды, коммуникацияның оңтайлы арналары таңдалды, – деді ол.
2018 жылдың соңына дейін барлығы шамамен 10 млн адамдық аудиторияны қамти отырып, шамамен 1,5 мың түрлі ақпараттық өнім шығарылады. Бұдан бөлек, цифрландыру саласында мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылының алгоритмі әзірленеді. 2021 жылға қарай министрлік 1249 ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қамту аймағында шамамен 2,5 млн адам тұрады.
Керекті мамандарды даярлау үшін министрлік цифрландыру офистерінде барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін оқыту семинарларын өткізді. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Назарбаев университеті және «Зерде» холдингі базасында Oracle, IBM, Microsoft сияқты халықаралық компанияларды тарту арқылы оқыту кестесі жасалды. Ақпараттық технологияларды пайдалану құзыреттері қарастырылған білім беру бағдарламалары бойынша оқытушыларға біліктілікті арттыру курстары өткізіледі. Сондай-ақ ЖОО-ларда құзырет орталықтарын және кәсіпорындарда ІТ кафедраларын ашу жоспарланған.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов 2017 жылғы 26 қазанда Қазақстан Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы» жарлыққа қол қойғанын еске салды. Осы жарлықты жүзеге асыру мақсатында 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру жөнінде ұлттық комиссия құрылды.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын жазуына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарының жобасы дайындалды. Бірінші кезең 2018-2020 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде дайындық жұмыстары және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру іс-шаралары жүргізіледі. Жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу ережелері, IT қосымша әзірленеді.
Екінші кезең 2021-2023 жылдарға созылады. Бұл кезеңде Қазақстан азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктері, басқа да құжаттар халыққа жаппай латын қарпіндегі мемлекеттік тілде беріле бастайды. Оқытушылар мен ересек тұрғындарды үйрету үшін филологтар мен тілші лингвист ғалымдарды тарта отырып, семинарлар мен дәрістер, курстар ұйымдастырылады.
Үшінші кезең 2024-2025 жылдар аралығын көздейді. Жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-ты және мемлекеттік баспа басылымдарды, білім беру ұйымдарының іс-қағаздарын латын қарпіне кезең-кезеңімен көшіру ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда министрлік қазақ тілін латын қарпіне көшіру бойынша «Тіл – қазына» үйлестіру орталығын құру бағытында жұмыс жүргізуде.
Е.Қожағапанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. 10 айлық жұмыс нәтижесінде киелі жерлердің тізімі бекітіліп, жалпыұлттық – 183, жергілікті деңгейде 520 киелі орын таңдап алынды. «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының I томы жарыққа шығып, әрбір нысан бойынша 3D турлар жасау үшін интерактивті-виртуалды карта әзірленді. ВВС арнасымен бірге Discovery, Viasat History, National geographic арналарында көрсету үшін 4 деректі фильм жасалған.
– Біздің міндетіміз – әлемдік қоғамдастық арасындағы Қазақстанның танымалдылығын арттыру, ішкі және көшпелі туризмнің инфрақұрылымын дамыту. Тұңғыш рет туризм секторы ұлттық экономиканың драйвері ретінде енгізілді, – деп хабарлады вице-министр. Мәдениет және спорт министрлігінің алдында ЖІӨ құрылымындағы туризм үлесін қазіргі 1 пайыздан 2025 жылға қарай 8 пайызға дейін арттыру бойынша міндеті тұр.
Отырыс барысында мұның сыртында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың баяндамалары тыңдалды. Вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, ұлттық компаниялардың басшылары Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Елбасы тапсырмаларын орындауға бағытталған өз жобалары жайында әңгімеледі.
Талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл мәселелер ел Президентінің ерекше бақылауында екенін нықтады. Ол осыған байланысты Үкіметтің бұрын бекітілген, 2018 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын қайта қарап, өзектілендіруді және Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырды.
– Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге, бүгінгі талқылауды ескере отырып, алдағы жұмаға дейін Үкіметтің 2018 жылға арналған, өзектілендірілген Жұмыс жоспарының жобасын Үкіметке енгізу жүктеледі, – деді Премьер-министр.
Айхан ШӘРІП