Басты бағыт – цифрландыру

1906
0
Бөлісу:

Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарын латын қарпіне көшіру 2021 жылы басталады. Бұл жайлы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиында Үкімет мүшелері Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын қарады. Сондай-ақ қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын ала қорытындыларын талқылап, Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бекітті.

Денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту жүйелерін цифрлан­дыру Үкіметтің 2018 жылғы қызметінің басым­­дық­ты міндеттері қатарында болмақ. Осы­ған орай, алдымен Үкіметтің әлеу­мет­­тік қанатындағы министрліктер бас­шы­лары Елбасы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған жоспарларын ортаға салды.

Үкімет отырысында алғашқы дебютін өткізіп, жаңа лауазымында баяндамасын жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 2018 жылғы жұмысының негізгі басым­дықтарын белгілеп, жаңалық­тары­мен бөлісті. Бұл ретте Қазақстан Прези­ден­тінің өзін-өзі жұмыспен қамты­ған халық­ты рәсімдеу бойынша тапсыр­ма­ла­рын іске асыруға баса назар аударылады. Мәселен, оның айтуынша, ұлттық заңна­ма­да алғаш рет «өзін-өзі жұмыспен қамты­ған» ұғымы бекітілмек. Бұл үшін бейресми және өзін-өзі жұмыспен қамты­ған­дардың қызметін заңдастыру (лега­ли­за­­ция) мәселелері жөніндегі жаңа заң жоба­сы әзірленеді. Оның аясында өз бетін­ше нәпақа тауып жүрген азамат­тар­дың қызметін міндетті әрі жеңілдікпен тір­кеу енгізіледі.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды «көлеңкеден» шығару және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету үшін салық­тық ынталандыру шаралары қарастыры­лады. Сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибе­лер­ге сәйкес, барлық заңдар мен норма­тив­тік құқықтық актілерде «өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандар» (ӨЖҚ) бірыңғай ұғы­мы анықталады, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Екіншіден, «бейресми жұмыспен қам­тыл­ған халықты рәсімдерді ел эконо­ми­ка­сына және міндетті әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту бойынша Жол картасы іске асыры­лады». Үшіншіден, ӨЖҚ бол­ған халық­ты оқыту және өнімді жұмыс­пен қамтуға тарту қамтамасыз етіледі. Нәти­жесінде, «МӘМС-ті енгізуді бастауға биыл-ақ толық­қанды дайындық қамтамасыз етіледі».
Министрліктің жұмысындағы келесі басымдық – жаңа цифрлы экономика мен сапалы жұмыс орындарын ашу үшін қажетті біліктілік-дағдыларды дамыту болмақ. Кәсіби стандарттар мен сәйкес білім беру бағдарламалары жаңартылады, кәсіпорындармен бірге экономика салалары арасында еңбек ресурстарының ағымдарын басқару бойынша Жол карталары іске асырылады. Сондай-ақ Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру жалғасын табады. Оны іске асыруға 2018 жылы 87 млрд теңге қарас­ты­рылған, 571 мың адамды қамту жоспарланған.
«Экономиканың жаңа әрі перспек­тив­ті салаларына шетелдік жұмыс күшін тартуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ 2018 жылы әлеуметтік-еңбек саласын цифрлан­ды­ру­ға ерекше назар аударылады. Биылғы 1 қаң­тардан электронды еңбек биржасы жұмыс істей бастады. Оған жеке жұмыс­пен қамту агенттіктері мен интернет алаң­дарын қоса алғанда 200-ден астам жұмыспен қамту қызметтері қосылды. Биыл осы электронды еңбек биржасы аясын­да еңбекпен қамтылғандардың са­нын екі есе арттыруды жоспарлап отыр­мыз», – деді М.Әбілқасымова.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз баяндамасында Мемлекет бас­шысының Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында берген тапсырмаларына сәйкес, мектептерде информатиканы ерте жастан оқыту бойынша шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
– Мысалға, егер 2007 жылы мектеп­тер­де «информатика» пәні жетінші сынып­­тан басталса, 2014 жылы бесінші сынып­­тан басталды. Енді 2018 жылы үшінші сыныптан бастап оқытылады, – деді ол.
Бұдан өзге, 2018 жылы БҒМ білім берудегі мемлекеттік қызмет көрсетуді толық автоматтандыруға көшуді жоспар­лау­да: сәбиді балабақшаға автоматты тіркеу­ден бастап, ғалымдардың РhD ата­ғын растауға дейін интернет арқылы жүр­гі­зіледі. Биыл Павлодар мен Шымкент қала­ларында «Цифрлы білім беру» пилот­тық жобасы іске қосылады, ол қағазсыз есеп беруге жүз пайыз көшуді көздейді. Мұның сыртында Қазақстан ғылы­мының Бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленеді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой 2018 жылы өздерінде де басым­ бағыт – саланы цифрлан­ды­ру болатынын атап өтті. Оның мәліме­тін­ше, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында
1 қаңтардан бастап медициналық құжат­тама­ны қағаз­сыз жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Қысқа мерзімде МӘМС-ті енгізуді қамтамасыз ету үшін министрлік қағазсыз денсаулық сақтауға көшудің жаңа жоспа­рын ұсынады. Оған сәйкес, 2018 жылғы 1 сәуірден бастап, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Павлодар облыстарында және Алматы қаласында денсаулық сақ­тау ұйымдары қағазсыз денсаулық сақтау­ға ауысады. 1 шілдеден бастап, бұл үрдіс Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызыл­орда және Атырау облыстарын қамтиды. 1 қазаннан Астана қаласы, Алматы, Ақтө­бе және Шығыс Қазақстан облыста­ры осы қатарға қосылып, құшақ-құшақ амбу­латориялық карталардан, басқа да қағаз бен сияны қажет ететін құжаттама­дан бас тартады.
Вице-министр қолға алынған шара­лар­дан күтілетін әсер туралы айтты. Медициналық ақпараттық жүйелерді (МАЖ) ықпалдастыру арқасында элек­трон­ды денсаулық паспорты көмегімен дәрі­герлер сырқаттың денсаулық жағ­дайы­­ның толық көрінісін көре алады. Ал­дын ала онлайн тіркелу арқылы емха­на­лардағы кезек азаяды. Министрлік қазақ­стандықтардың «учаскелік дәрігерге бару санын 3-тен 1-ге дейін қысқартпақ». Науқастар консультация­ны, дәрігерден рецепті, еңбекке жарам­сыздық парақ­та­рын, зерттеулер (анализ) нәтижелерін үйден шықпай электронды поштамен, не сайттан ала алады.
– Бұл – шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін маңызды. Науқастар денсаулық жағдайына онлайн-монито­ринг жүргізу арқылы жеке денсаулығын қорғауға белсенді қатыса бастайды, – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі.
ДСМ-нің Қарағанды облысындағы пилоттық жобасы негізінде жасалған болжамдық есептеулеріне сәйкес, қолға алынған шаралардан еліміз бойынша келесідей экономикалық әсер күтілуде. Тікелей тиімділік – жылына шамамен 9,5 млрд теңге, жанама тиімділік – жылына 50 млрд теңгеге жуық.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өз сөзінде ақпа­рат­тық-түсіндіру жұмыстарын қалып­тас­тыру жоспарлары туралы баяндады.
– Цифрландыру тұрғысынан түсіндіру жұмыстары арнайы әзірленген ақпарат­тық стратегия және 2018 жылға арналған Бірыңғай республикалық медиажоспар аясында іске асырылады. Біз барлық іс-шаралардың PR әлеуетін бағаладық, негіз­гі мақсатты топтар мен басты мес­седж­дер анықталды, комму­никация­­ның оңтайлы арналары таң­далды, – деді ол.
2018 жылдың соңына дейін барлығы шамамен 10 млн адамдық аудиторияны қамти отырып, шамамен 1,5 мың түрлі ақпараттық өнім шығарылады. Бұдан бөлек, цифрландыру саласында мемлекеттік ор­ган­дардың ақпараттық өзара іс-қимы­лы­ның алгоритмі әзірленеді. 2021 жылға қарай министрлік 1249 ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қамту аймағында шамамен 2,5 млн адам тұрады.
Керекті маман­дар­ды даярлау үшін министрлік цифрлан­дыру офистерінде барлық мемлекеттік орган­дар­дың қыз­меткерлері үшін оқыту се­ми­­нар­­ларын өткізді. Президент жанын­дағы Мем­лекеттік басқару академиясы, Назарбаев университеті және «Зерде» холдингі базасында Oracle, IBM, Microsoft сияқты халықаралық компанияларды тарту арқылы оқыту кестесі жасалды. Ақпараттық техно­ло­гияларды пайдалану құзыреттері қарастырылған білім беру бағдарлама­лары бойынша оқытушыларға білік­тілікті арттыру курстары өткізіледі. Сондай-ақ ЖОО-ларда құзырет орталық­та­рын және кәсіпорындарда ІТ кафедра­ла­рын ашу жоспарланған.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов 2017 жылғы 26 қазанда Қазақстан Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы» жарлыққа қол қойғанын еске салды. Осы жарлықты жүзеге асыру мақ­сатында 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру жөнінде ұлттық комиссия құрылды.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын жазуына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарының жобасы дайындалды. Бірінші кезең 2018-2020 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде дайындық жұмыстары және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру іс-шаралары жүргізіледі. Жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу ережелері, IT қосымша әзірленеді.
Екінші кезең 2021-2023 жылдарға созылады. Бұл кезеңде Қазақстан азамат­та­рының төлқұжаттары мен жеке куә­ліктері, басқа да құжаттар халыққа жап­пай латын қарпіндегі мемле­кет­тік тілде беріле бастайды. Оқыту­шылар мен ересек тұрғындарды үйрету үшін фило­лог­тар мен тілші лингвист ғалым­дарды тарта отырып, семинарлар мен дәрістер, курстар ұйымдастырылады.
Үшінші кезең 2024-2025 жылдар аралығын көздейді. Жергілікті мемлекет­тік ор­ган­дар­дың іс-қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-ты және мемле­кет­тік баспа басылымдарды, білім беру ұйым­да­ры­ның іс-қағаздарын латын қарпіне кезең-кезеңімен көшіру ұйым­дас­­ты­ры­ла­ды. Бүгінгі таңда министр­лік қазақ тілін латын қарпіне көші­ру бойынша «Тіл – қазына» үйлестіру орта­лығын құру бағы­тында жұмыс жүргізуде.
Е.Қожағапанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасы жүзеге асырылып жатқа­нын жеткізді. 10 айлық жұмыс нәти­же­сін­де киелі жерлердің тізімі бекітіліп, жалпы­ұлттық – 183, жергілікті деңгейде 520 киелі орын таңдап алынды. «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының I томы жарыққа шығып, әрбір нысан бойынша 3D турлар жасау үшін интерактивті-виртуалды карта әзірленді. ВВС арнасы­мен бірге Discovery, Viasat History, National geographic арналарында көрсету үшін 4 деректі фильм жасалған.
– Біздің міндетіміз – әлемдік қоғам­дастық арасындағы Қазақстанның таны­мал­дылығын арттыру, ішкі және көшпелі туризм­нің инфрақұрылымын дамыту. Тұң­ғыш рет туризм секторы ұлттық эко­но­миканың драйвері ретінде енгізілді, – деп хабарлады вице-министр. Мәдениет және спорт министрлігінің алдында ЖІӨ құрылымындағы туризм үлесін қазіргі 1 пайыздан 2025 жылға қарай 8 пайызға дейін арттыру бойынша міндеті тұр.
Отырыс барысында мұның сыртында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев­тың баяндама­лары тыңдалды. Вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ бас­қар­ма төрағасы Ахметжан Есімов, ұлттық компаниялардың басшы­лары Үкіметтің кеңейтілген отыры­сындағы Елбасы тапсырмаларын орындауға бағытталған өз жобалары жайында әңгімеледі.
Талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл мә­се­ле­лер ел Президентінің ерекше ба­қы­ла­уы­н­да екенін нықтады. Ол осыған бай­ла­ныс­ты Үкіметтің бұрын бекітілген, 2018 жыл­ға арналған жұмыс жоспарының жо­б­а­­сын қайта қарап, өзектілендіруді және Үкіметтің қарауына енгізуді тапсыр­ды.
– Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге, бүгін­гі талқылауды ескере отырып, алда­ғы жұмаға дейін Үкіметтің 2018 жылға арналған, өзектілендірілген Жұмыс жоспарының жобасын Үкіметке енгізу жүктеледі, – деді Премьер-министр.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*