ОДАҒЫМ МЕНІҢ, ОСЫНДАЙ!..

1952
0
Бөлісу:

Қазақстан Жазушылар одағының кезекті VI пленумы өтті. Жиынды одақтың басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, жазушыларды алда болатын құрылтай съезі туралы хабардар етті. «Бұл қызметте 22 жыл отырдым, маған сенім артқан Елбасыға алғысымды білдіре отырып, алдағы құрылтайда сайлауға түспейтінімді мәлімдеймін» деді Нұрлан Мырқасымұлы.
Жазушылар одағының атқарған жұмыстары туралы баяндаманы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай жасады. Бір топ жазушы жарыссөзге шықты.

Ақын Маралтай Райымбекұлы акаде­мик Серік Қирабаевтың пленумға қаты­сушыларға арнаған хатын оқып берді. Ака­демиктің қазір Мәскеуде ем қабылдап жат­қанын да айта кетті.

Баяндамадан кейін жарыссөздер бас­талды. Жарыссөзге шыққан жазушылар одақ жұмысына қанағаттанатынын да, кемшіліктерін де тізіп берді. Алғашқы болып сөз алған жазушы Сәбит Досанов Жазушылар одағының алдағы ХV құрыл­тайына дайындық мәселесін қозғай оты­рып, оны мамыр айында өткізу қажет де­ген ұсынысын білдірді. Жазушы Қабдеш Жұмаділов даулы мәселелер төңірегінде біраз көсіліп, Жазушылар одағы басшы­лығына ащы сынын жеткізді. Жазушы құ­рылтайдың 24 ақпанда өтуі қажеттігін, оны өткізу үшін арнайы комиссия құрылсын де­ген ұсы­нысын білдірді.
Жарыссөзге шыққан жазушылардың бірі Марал Ысқақбай «Нұрланның жаға­сынан ала бермейік. Қазір заман басқа. Мен де қоғамдық мекеменің бастығымын. 80-ге келдім. Ресейде жазушылар алты ұйым болып кетті. Көршілес өзбек ағайын­-ның жазушылар одағы жоқ. Біз бір-бірімізге бірлесе білгеніміз үшін алғыс айтайық» деді.
«Жазушылар одағы – қоғамдық ұйым. Әдебиетіміздің қара шаңырағы Жазушы­-лар одағының тағдыры бәрімізді ойлан­дырады, бәрімізді толғандырады. Заман өзгеруде. Заманға сай адам да өзгеруде. Қоғам басқа, заман басқа. Уақыт тудырып отырған талаптарға жауап беріп отырмыз ба? Соған біздің ұйым лайық па деген мәселенің айтылғаны көп болды. Жазу­шылар одағында ешқандай проблема жоқ десек, қателесеміз. Ол проблеманы айтпай, жауырды жаба тоқып, бәрі дұрыс болды деп, ауызды қу шөппен сүртуге де бол­май­ды. Сондықтан мәселе айтылуы тиіс. Оған ренжудің де қажеті жоқ. Шындығына келер болсақ, Нұрланның осы жерге келуіне себепші болған адамдардың бірімін. Оны өзі де жақсы біледі. Керек кезінде, қол­дадық, бірге қызмет қылдық. Бірақ уақыт өзгермей тұрмайды. Уақытпен бірге қоғам да өзгереді. Кеңестік психологиядан ары­латын кез жетті. Жаңа келетін басшы за­манға сай жұмыс істеуі керек» деген пікірін білдірді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік.
Жарыссөз кезінде белгілі жазушы Дулат Исабеков өз пьесаларының Санкт-Петерборда, Лондон төрінде қойылғанын тілге тиек ете отырып, осындай қуанышты хабарды әдеби газеттердің жарияла­ма­ғанына ренішін білдірді.

Тақырыпқа орай:

Ғалым Боқаш өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Соңғы ширек ғасыр­да Қазақстандағы әдеби қауымның торқалы тойы мен топырақты өлімінде түгелге жуық төбе көрсетіп, ажырамас бір белгісіне айналып кеткен Нұрлан аға Оразалиннің қызметі. Қалам ұстаған қауымның мұң-мұқтажын пост-советтік саяси режимнің шойынқұлақ шоңдарына естірту үшін көп еңбек сіңірді. Біраз қажыр-қайратына өзім де куәмін. Дамылдап, ты­ны­ғатын мезгіл туды деп жатса және өзі білер. Болашақта Қазақстандағы әдеби орта батыстағы сияқ­ты кәсібилене түсіп, бір-бірімен бәсекелес одақ пен гильдия құрылып, жара­сымды жарысқа шығар. Бірақ мен білетін әуелгі тәуелсіздік кезеңінде Нұрекең әдеби ор­та­ны басқару ісін абыроймен атқарып шық­ты» деп жазды. Жөн сөз!
Тағы бір дүние, осы одақ десе, одақтың мән-жайы туралы сөз қозғасақ, Оразалинге өре түрегелетініміз қалай? Одақ – барша жазушы қауымға ортақ дүние емес пе? Оразалиннің ойлағаны – ұйымның жайы. Ен­деше, қиын күндерде, заманның аумалы-төкпелі уақытында одақтың жұмысын ұйым­дастыру Нұрлан Оразалиннің маң­дайына бұйырса әрі сол миссияны адал атқарып шықса, ол да бір адамның емес, көптің көңілі үшін жасалған шаруа деп білеміз.

Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев мә­дениет саласында атқарылып жатқан бір­қатар мәселелерге тоқталды. «Жазушылар одағы – еліміздегі сегіз жүзден астам қа­ламгердің басын қосып отырған ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ мүшелерінің еліміздің рухани, әдеби өмірінің дамуы мен моральдық, рухани құндылықтарын нығайтуға, жастарды тәрбиелеу ісіне қосып отырған үлесі мол. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас­-тап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ті­келей тапсырмасымен мемлекет жазу­шы­ларға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Атап айтсақ, жыл сайын шығармашылық қыз­меткерлерді мемлекеттік қолдау мақ­са­тын­да Елбасының арнайы стипендиясы бері­леді. Әдебиет саласында 2017 жылы – 30 қа­ламгер, 2016 жылы – 29 қаламгер, 2015 жылы – 43 қаламгер, 2014 жылы – 42 қа­ламгер стипендия иегері атанған. Сонымен қатар екі жылда бір рет әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық тұ­рақты беріліп ке­леді» деді Қуатжан Уәлиев. Сондай-ақ биыл­дан бастап мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың таралымы 5000 данаға жететінін де мә­лім­деді.
Ақын Темірхан Медетбек «Жақында ғана секретариат жиыны өтіпті. Сол сек­ретариат жұмысында Смағұл Елубаев «ғи­мараттардың қолды болып кетуі мүмкін» дегендей қауіп айтыпты. Бұл – үлкен қауіп. Өйткені қандай ғимараттардың қолды болып кетіп жатқанын көзіміз көріп отыр. Қаншама ғимаратты қалталы азаматтар сатып алуда. Менің де қауіптенетінім – осы. Қазақстан Жазушылар одағының атынан ат үркетін, аяғын тартатын баяғы айбары жоқ. Мәселен, Колбинді осы жерге шақырып алып тұрып, Жұбан Молдаға­лиев, Сафуан Шаймерденов сөйлеген кез­дегі айбар қандай еді?! Одан кейін Мұхтар Шаханов ержүректік жасап, бүкілодақтық съезде сөйлегені де Қазақстан Жазушылар одағының айбары. Өйткені ол да осы одақ­тың бір мүшесі. Сол айбардан айырылып қалдық» деді.
Мінбеге шыққан жазушылардың бірі Бексұлтан Нұржекеұлы «Өзіміз съезде сайлап аламыз-дағы, өзіміз өкпелеп оты­рамыз. Осының өзі заңдылық па, адам­гершілік пе? Соны ойлайтын, түсінетін, заңды білетін жасқа келмедік пе бәріміз.
Әр съезд сайын есеп беріледі, таңдау жа­салады, дауыс беріледі. Жазушылар одағы­ның беделі құрыды деген әңгіме жиі айты­лады. Беделді де құртып жатқан – өзіміз.
12 күннің ішінде құрылтай өткізу деген сұмдық емес пе? Үйге қонақ ша­қырғанның өзінде бес күн даярланамыз ғой. 800-ге жуық жазушыны 12 күн ішінде шақырып үлгере аламыз ба? Сондықтан құрылтайды өткізу мәселесінде асықпаған жөн» дей келе, өзінің екі бірдей ұсынысын жеткізді. «Біріншіден, Одақ басшылығы­ның соңғы бес жыл ішінде атқарған жұмысы қана­ғаттанарлық дегім келеді. Екіншіден, құ­рылтайды өткізу уақытын көкек айына қояйық» деді.
Жазушы одақ жұмысынан бөлек, елдік мәселеге де алаңдайтынын жеткізді. Қалам­герді қамықтыратын мәселенің бірі – үш тілде білім беру реформасы. Осыған орай, Елбасыға арнайы хат та дайындапты. «Бала­­­бақшадан бастап, үш тілде оқыту – кеше ғана аяғын тәй-тәй басқан бала­-ларды Олимпиада жүлдегерлерімен жа­рыстырумен пара-пар дүние. Қазірдің өзінде балабақшадағы балалардың тілі қойыртпақ болып кетті. Кеңес дәуірінің өзінде «тілімізді шұбарламайық» деп жа­затынбыз. Қазір неге бұлай болып кеттік? Үш тілді білуге қарсы емеспін. Тек бұл реформа бастауыш сыныптан кейін ғана енгізілсе деген ойым бар» дейді Бексұлтан Нұржекеұлы.
Белгілі ақын Иранбек Оразбаев та, жазушы Смағұл Елубаев та елдік, ұлттық мәселелер төңірегінде пікірін білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Смағұл Елубаев: «Жазушылар үйі соңғы кездері қолға алынып жатқан киелі мекендердің қа­тарына енгізілсе екен деймін. Өйткені осы жерде киелі тұлғалар қызмет атқарды. Яғни, жазушылар үйі ретінде мәңгілік одақ­тың меншігіне берілсе екен. Әйтпесе, бойымыздан қауіп кетпейтіні анық. Соңғы 25 жылда «нарық акулалары» деген шықты. Кеңес кезінде ондай ұғым болмайтын. Қауіп болмау үшін басымыз бірігіп, бірлесе қызмет атқаруымыз тиіс. Баспанасыз қа­лып, киелі мекеннен айырылып қалсақ, жазушылардың да бағасы төмендейді. Үйсіз-күйсіз жүрген қоғамдық ұйымдарды да көріп жүрміз. Тағы бір ұсынысым бар: «Құрылтайды 12 наурызға өткізуге болар еді» деді.
Жарыссөзге шыққандардың қатарында сатирик Мыңбай Рәш, ақын Сейфолла Оспан, ақын Рафаэль Ниязбек, журналист-жазушы Марат Тоқашбаев, ақын Зейнолла Тілеужанов, ақын Серік Ақсұңқарұлы, ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы Тұрысбек Сәукетаев, сатирик Көпен Әмірбек, жа­зу­шы Ахметжан Ашири де бар. Мінбеге шық­қан әрбір қаламгер одақ жайына тоқталып, ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында жазушылар бірауыздан құрылтайды 12 наурызда өткіземіз деп шешті.
Біздің байлам:
Жазушылар одағының кезекті пленумында одақ мүшелерінің көбі бе­сенеден белгілі, әрбір осындай жиында талай мәрте айтылған мәселе­лерді сөз етумен болды. Сындарлы, нақты ұсыныс айтқан Бексұлтан Нұржекеұлы, Смағұл Елубаев тәрізді жазушылардан бас­қаларының сөз­дерінде өкпе, реніш, жеке бас­тың жағдайы көбірек көрініс тапты. Қазақ әдебиетін дамытудың өзекті мә­се­лелері, әлемдік әдебиет көшіне ілесудің амалдары ұмыт қалды. Иек ас­тындағы тіршілік түйткілдерін сөз еткеннен әдебиет алға баса ма? Алдағы құрылтайда не айтамыз, қандай пробле­маны сөз етеміз, қазақ әдебиетін биікке көтерудің амалдары қандай деген тұрғыда ой өрбімеді. Осыған қарап-ақ, жазушылардың уақыттан қалыс қалғанын аңғаруға болғандай…
Мәртебелі уақыт «қазақ жазушылары қашан керісіп болады» деп қарап тұрмайды.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*