Қолаға қол жеткізген Галышева

1238
0
Бөлісу:

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Олимпиада аумағында алақайлап, бөрікті аспанға атар атаулы себеп бар. Өйткені биылғы бас бәйгедегі алғашқы медаль – еншімізде. Жарыстың үшінші күнінде фристайлшы Юлия Галышева Қазақстанды қола жүлдемен қуантты.

Галышеваның жасы – 25-те. Шығыс Қа­зақстанда дүниеге келген спортшының ең алғаш қатысқан халықаралық жарысы 2006 жылғы Еуропа кубогы еді. Екі жыл­дан кейін еліміздің Ұлттық құрамасы са­пына қосылған. Спортшының бір басын­да болуы тиіс барлық медаль Юлияда бар. Жетпей жүргені Олимпиада жүлдесі еді. Оған да қол жеткізді. Атап айтқанда, Га­лышева – Әлем біріншілігінің күміс және қола жүлдегері, Азия ойындарының үш дүр­кін жеңімпазы, Универсиада чемпио­ны, Әлем кубогы кезеңдерінің түрлі жүл­де­лерінің иегері. Бұл – Юлияның үшінші Олим­пиадасы. 2010 жылы Ванкуверде 11-орын, 2014 жылы Сочиде 7-орыннан кө­рін­ген болатын.

Фристайлдың могул түрінен жарыс­тың өту әдісі өзгеше. Медаль алу жолында үш ақтық кезеңнен сүрінбеу қажет. Бі­рін­ші финалдық кезеңде іріктеуден өткен жиыр­­ма спортшы өзара жарысады. Оның ішін­де 12-сіне ғана келесі финалға жолда­ма беріледі. Шешуші ақтық сынға тең жар­­тысы шығады. Осы алты спортшы Олим­­пиада медальдарына таласады. Юлия бірінші финалда 7-орыннан көрін­ді. Одан кейін үздік алтылықтың ішінен табылды. Big final-ды алғашқы болып бас­тап, 77,40 ұпай иеленді. Енді қалғаны – өзге қар­сыластардың нәтижесін бағу ғана. Алты арудың әрқайсына тоқтала кетсек, Галышевадан соң жарысты австралиялық Джакара Энтони жалғады. Ұпайы – 75,35. Көңілге үміт ұялай бастады, өйткені біздің спортшының балы басым. Бірақ қуануға әлі ерте. Одан кейін канадалық мо­гулшы Жюстин Дюфур-Лапуант (77,56) жарысқа шықты. Ұпай саны Юлия­дан жоғары. Енді үмітке күдік қосылды. Төртінші болып франциялық Перрин Ляффон (78,65) шықты. Әзірге үздік үштік анықталды. Дегенмен үлкен фи­налға жолдама алған әлі екі спорт­шы­ның бар болатын. Екінші ақтық сында төмен нәтиже көрсеткендер бас финалда бірін­ші шығатынын ескерсек, ендігі қос спорт­шы жоғары ұпай алғандар еді. Авст­ралиялық Бритни Кокс пен канадалық Энди Наудидің нәтижелері Қазақстанның қола медаль аларын не алмасын көрсе­те­тіндіктен, жанкүйерлер бір сәт сілтідей ты­на қалды. Кокс кедергілерден өтерде қа­телік жіберіп, 75,08 ұпаймен жарысты аяқ­тады. Науди болса, жылдамдығын бас­­қара алмай, трассадан шығып қалды. Осылайша, алдыңғы кезеңдердегі бас фа­вориттер Олимпиада медалін иелене ал­мады.
Төртжылдық додасынан хабар тара­ту­ға аттанған тілшілерге Галышева қысқа-нұсқа пікір берген еді. Сол жерде спортшы ағынан жарылып, жарысқа қолындағы гип­сін шешпестен қатысқанын жеткізді. «Жүлде алғанымды әлі толық сезінген жоқ­­пын. Бірақ өте бақыттымын. Коман­дама рақмет. Ішімнен төртінші орын ал­ған­­ша бесінші орын алғаным жақсы деп ой­­лап тұрдым. Себебі, төртінші орын ал­сам, соққы болар еді. Ауа райы суық бол­ға­­нымен қатты кедергі келтірген жоқ. Тек қо­лым ауырып тұр. Үш апта бұрын АҚШ-тағы жарыста қолымды сындырып алған­мын. Қазір бір қолым гипсталған. Соған қарамастан жарысқа шықтым» дейді қо­ла жүлдегер.
1994 жылғы Олимпиада чемпионы, бел­гілі шаңғышы Владимир Смирнов Галышеваға қатысты пікірін білдіріп, құт­тықтады. «Юлия үшін өте қуанышты­мын. Бұл медальға еңбегінің нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Басты үміткерлердің бірі еді. Өткен Олимпиадада жүлдеге сәл ғана жетпей қалып еді. Осы жолы жоғары нә­ти­же көрсетті. Дегенмен бұл Қазақ­стан­­ның осы Олимпиададағы жалғыз ме­далі бол­мас деп үміттенемін» деді В.Смирнов.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*