«Үшінші жаңғыру» зор міндет қойды

Елбасы былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Қазақстанның 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына қосылуы тиістігін алға тартып, сол мақсатқа табандылықпен ілгерілеу қажеттігін айтқан болатын. Үшінші жаңғыру жөнінде жаңа міндеттер қойып, Үкіметке және де бірнеше мемлекеттік құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы тәуелсіз еліміздің 33 нәтижесінің 29-тармақшасында көрсетілген.
Мәселен, оған дейінгі жолдауларында Елбасы негізінен әлеуметтік салаларға (білім беру, медицина, зейнетақы мен жәрдемақы, шәкіртақыны өсіру және т.б.) және индустрияландыруға басымдық берсе, бұл жолы Үкіметтің алдына жаңа технологияларды дамыту, экономиканы жаппай цифрландыру секілді тапсырмаларды қойды.
2017 жылы Президент Н.Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялады. Сонымен мемлекет пен қоғам жаңаруының үш бірдей: саяси (конституциялық реформа), экономикалық (2017 жылғы Жолдау) және рухани жаңғыру (Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі) үдерісіне жол ашылды.
Бұл тұрғыда Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде кең ауқымда түсіндіріп өткен: «Үшінші жаңғыру еліміздің алдына тағы бір үлкен мақсат қояды – Қазақстанның жаңа жаһандық ахуалда бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін, XXI ғасырдың ортасында әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуға жағдай туғызатын экономикалық өсудің жаңа моделін құру. Белгіленген саяси реформаның мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және мемлекеттің халық алдында есеп беруін қамтамасыз ету, Президент пен биліктің заң шығарушы тармағының арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік шешімдерді дайындау мен қабылдау үдерісіндегі азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Қабылданған қажетті заңдар мен заңнамалық өзгертулер қоғамды одан әрі демократияландыруға қызмет етеді» делінген.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Президент Н.Назарбаев әлемде болып жатқан күрделі құрылымдық және технологиялық өзгерістер еліміз үшін өнімділікті арттыру жолында кедергі келтіру мүмкін екенін, нәтижесінде Қазақстан экономикасының бәсекелестік қабілетін әлсірету қаупі барын ескеріп, экономиканы жеделді түрде технологиялық жаңғыртуға басымдық берген болатын: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп атап көрсеткен.
Жолдауда еліміздің әлеуметтік, экономикалық көрсеткіштерін алдағы жылдарда жақсарту қажеттігі, еңбек нарығын жақсарту, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту керектігінен бөлек, Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды, EXPO – 2017 нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды, жоғары оқу орындары, Назарбаев университеті және «Алатау» инновациялық технологиялар паркі базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамытуды, бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шаралары мен бірыңғай экспорт стратегиясын әзірлеуді, 1 қыркүйекке дейін Қазақстанның инвестициялық стратегиясын дайындауды, «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыруды, «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырғаны есімізде. Мақсат – айқын, міндет – зор, меже – белгілі. Бүгінде бұл тапсырмалар жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүзеге асып, тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәселен, бүгінде бизнес ортаны кеңейту, кәсіпкерлікке жол ашу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу турлы» заң жобасы талқылануда. Мамыр айында «Қазақстанның киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасының жобасы әзірленгені хабарланған. Алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастады. Жақында ғана EXPO – 2017 нысандарының бір базасынан Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі өз алаңын ұсынды, енді 2018 жылдың қыркүйегінде ресми ашылуы болмақ.
Жолдауда Елбасы Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялап, саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынса, соған ілеспе ретінде, былтырғы 2017 жылдың сәуір айында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған еді. Себебі, осы көздеген жұмыстың бәрі дер уақытында әрі тиімді орындалуы үшін санамызды да жаңғырту, әр нәрседе ілгері жүру қажеттігі сезілді. «Мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп көрсетілген мақалада. Бұл мақала аясында да Елбасы тапсырмаларына сәйкес, түрлі бағытта бірталай жобалар қолға алынды. Бастысы, шараның барлығы Қазақ елін жаңа деңгейге шығаруға жетелемек.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ