Қор нарығындағы «қобалжулар»

1615
0
Бөлісу:

Осы аптада әлемдегі ең бай адамдардың қатарындағы 500 инвестор бір күнде 114 млрд долларынан айырылды. Оған 5 ақпан күні АҚШ қор нарығының бірден құлдырағаны себеп болған. Bloomberg Billionaires Index рейтингіне сілтеме жасаған халықаралық агенттік осындай хабар таратты. Нью-Йорк қор биржасының хабарлауынша, сол күнгі сауда сессиясында Dow Jones индексі 1200 пунктіге, S&P 500 рейтингі 4 пайызға қысқарған. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл жайтты «тарихи антирекорд орнады» деп бағалады. Бірінен соң бірі домалаған домино тастарындай АҚШ-тың соңынан ілесе Еуропа мен Азия биржаларында да толқу басталды. Қазір қаржы нарығындағы ахуал тұрақтанғандай. Дегенмен бүкіл дүниені «тағы бір дағдарыстың толқыны басталды ма» деп толғандырған оқиғаға не себеп болғанын Freedom Finance компаниясының бас инвестициялық кеңесшісі Бауыржан Сыдықовтан сұрап көрген едік.

Өткінші сипатқа ие
– АҚШ қор биржасындағы индекстің төмендеуіне не әсер етті?
– Расында, өткен жұма күні АҚШ қор нарықтарында негізгі индекстер үдермелі түрде төмендей бастады. Нарық тілінде мұндай төмендеулерді «коррекция» деп атайды. Негізін­де, нарықтың қатысушылары бұл коррекцияға дайын болатын. Оған себеп болған бірнеше фактор бар, бірақ ең маңыздылары мыналар: бірінші, соңғы екі жылда нарықтар қарқынды өсіп отырды. Көптеген инвесторлар бір жылдың ішінде құнды қағаздарға салған қаражатынан 100 пайыз табыс тапты. Екіншіден, осы уақыт аралығында мемлекеттік қазына облигацияларының табыстылығы ұлғайып, инвесторлар осы тапқан табыстарын акциялардан облигацияларға аудара бастады. Үшінші, ең маңызды себеп, қазіргі уақытта АҚШ экономикасы өте қарқынды өсіп келеді. Бұл Федералды резерв жүйесін алаңдатпай қоймайтыны анық. Өйткені экономиканың өсуімен қатар, инфляция мөлшері де ұлғаяды. Сондықтан инфляция мөлшерін қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін ФРЖ осы жылдың ішінде пайыздық ставкасын 3 пайыздан жоғары көтеруі мүмкін деген қауесет инвесторларды жаппай тапқан табыстарын акциялардан шығаруға әкеліп соқтырды.
– АҚШ экономикасының қазіргі көрсеткіштері қандай?
– Жоғарыда айтылғандай, қазіргі уақытта АҚШ экономикасы өзін өте жақсы сезінуде. 2017 жылы Дональд Трамптың сайлау алдында салық реформасын өткізу туралы айтқан уәдесі орындалды. Осыған орай, сарапшылардың пікірі бойынша, АҚШ экономикасы осы жылы соңғы үш жылдағы ең жылдам өсім көрсетпекші.
– Инвесторлар бұл жағдайдан қаншалықты зардап шекті?
– Әрине, индекс котировкаларының төмендеуі көптеген инвесторларға жағымсыз әсер етті. Алайда айтылған коррекция өткінші сипатқа ие болғандықтан, консервативті инвесторлар айтарлықтай алаңдамай, акция пакеттерін сатпай, әлі ұстап отыр.
– Биржадағы үшкүндік толқудың саяси мәні бар ма?
– Қор нарықтарында мұндай коррекциялар циклды болып тұрады. Сондықтан дәл осы жағдайға арнайы саяси ықпал етті деуге себеп жоқ.
– Қазіргі жағдайға қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда нарық қайтадан өз қалпына келуде. Ең маңызды саналатын индекстердің көрсеткіші қайта көтеріліп жатыр. АҚШ-тың шешуші рөл ойнайтын инвестициялық компаниялары акцияларға қатысты «ұстап тұру қажет» деген ұсыныстарын «сатып алу қажет» деп өзгертіп жатыр. Себебі, коррекцияға дейін көптеген негізгі акциялар қымбат болды да, енді оны сатып алып, өз инвестициялық портфеліңізге қосудың керемет мүмкіндігі туды.

Байлар да жылайды
Қор нарығы ойыншылары­ның құрметіне ие болып, кумиріне айналған Уоррен Баффет қарапайым халықтың да құлағына таныс шығар. Ол – Berkshire Hathaway атты инвестициялық компанияның да негізін қалаған адам. Міне, «атышулы сол инвестордың байлығы бесінші ақпандағы бейберекеттен 5,1 млрд долларға қысқарды» деп хабарлаған болатын Bloomberg. Сонымен бірге, агенттік қаңтарда көңіл көншітерлік көрсеткіштерге жеткізген салықтың төмендеуі секілді жағымды құбылыстарды, инфляцияға қатысты қауіп алмастырғандай деп жазды.
Berkshire Hathaway басшысымен бірге қор нарығы құбылған күні 17 миллиардер де 1 млрд долларынан астам қаражатынан айырылған. Оның ішінде, Facebook Inc. компаниясының жетекшісі Марк Цукерберг те бар. Оның дәулеті 3,6 млрд долларға қысқарған. Дәл осы күні әлем бойынша Баффеттен кейін ең көп қаржы жоғалтқан екінші инвестор да осы Цукерберг болды. Қазіргі кезде оның байлығы 74,7 млрд долларға бағалануда.
Дүниежүзіндегі ең ірі интернет-сауда алаңдарының бірін (Amazon) құрған Джефф Безос та 3,3 млрд долларын жо­ғалтқан. Оның соңынан ілес­кен Gооgle-дың негізін қалаушылар Ларри Пейдж бен Сергей Брин­нің әрқайсысы 2,3 млрд доллары­нан айырылған.
JP Morgan Asset Management компаниясының бас стратегі Дэвид Келли Associated Press басылымына берген сұхбатында «Бұл мерекеде торт пен балмұздаққа тойып алған, бірақ тойғанын білмей, тағы бір тәттіге қол салған бала секілді жағдай» деп сипаттады.

KACE-ге кесірі тимеді ме?
АҚШ-тағы ахуал бізге аса бір әсер ете қоймаған секілді. Өйт­кені Қазақстан қор биржасының (KACE) 2018 жылды қорытын­дылаған мәліметтеріне көз жүгіртсек, биыл қаңтар айындағы сау­да-саттықтың жиынтық кө­лемі 12,4 трлн теңгеге жетіп, ал­дың­ғы айға қарағанда 9,8 пайызға немесе 1,1 трлн теңгеге артқан. Акциялар нарығын қаржылан­дыру жыл басынан бері 8% өсіп, 18,5 трлн теңге болды.
Ең маңыз­дысы, KASE индексі 2 329,23 нүк­теге дейін жетті, ол жыл басынан бері 8% өскенін көрсетеді. 2018 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 2017 жылдың басынан бері Орталық депозитарийде жеке тұлғалардың атынан ашылған шоттардың саны артқан. Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк осыған дейін жыл басында мұндай өсім болады деп ешкім ойламағанын айтқан еді. Акциялар индексі әлемнің көптеген биржаларында өсім көрсетті. Бірақ Bloomberg агенттігінің бағалауынша, Қазақстан ең жылдам өсіп келе жатқан акциялар нарығының үштігіне енген. Алдымызда Аргентина мен Моңғолия бар. Бірақ Андрей Цалюк бұл жағдайда тек қана Kaz Minerals акцияларының өскені себеп деу қате екенін айтуда. «Өйткені оның негізінде әлемдік мыс нарығындағы баға өсімі тұр. Жалпы, индекстің өсуіне тағы төрт бағалы қағаз құнының артуы себеп» деді ол.

 

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*