Жүйелі Жолдау жетістікке жеткізеді

1647
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жариялаған Жолдауымен мұқият танысып шықтым. Маңызды мәлімдемеде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен ары қарай жұмыс істеу керектігі қамтылып, нақты мақсаттар мен бағдарлар бекітілгені орынды деп есептеймін.

Қазақстан тәуелсіздік жариялаған күннен бастап, Н.Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жолдау арқылы да жаңа мақсаттарға бағыт алып отыр, алдағы уақытта да ауқымды жоспарларға бастамашы болмақ.
Н.Назарбаев тарихи құжатта өткен мен бүгіннің және ертеңгі күннің көкжиегі тек қана ұлттық сана арқылы бірігетінін тағы бір мәрте еске салды. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз ке­рек» деп халықтың жаңа үрдіс­терге сергек көзбен қарауын сұрады. Тағылымы мол тарих пен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерді алдағы өркендеудің берік діңіне айналдыруды тапсырды. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын жеткізді.
ХХ ғасыр Орта Азиядағы барлық халық үшін қуғын-сүргіннен көз ашпаған ауыр кезең болғаны мәлім. Президент ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан дәстүрі күйретіліп, демографиялық өсімге адам айтқысыз соққы жасалғанын, қазақ тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздағанын, көптеген өңірлер экологиялық апат аймақтарына айналғанын мысал ретінде көрсете келе, өткен күннен сабақ алуға шақырды.
«Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі тарихымыз бұлтарт­пас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала біл­месек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс. Бірақ қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес. Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды» деді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлемін ортақ әліпби арқылы біріктіру үшін латын әліппесіне көшіру туралы ұсынысын да ерекше қуанышпен қабылдадық. Өйткені түбі бір түркі дүниесі латын әліпбиін қолданады, бұл өз кезегінде бір-бірімізді жақындата түседі деген ойдамын.
Қазақстан Президенті халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттің қарқынды дамуы жолында қабыл­дануы тиіс осындай шешімдерді жан-жақты қамтып шыққан. Әрбір азаматтың алдына нақты мақсат-жоспар, бағыт-бағдар қойып берді. Қазақстан халқы бұл межеге Елбасымен бірге таяу арада зор жетістікпен жетеді деген сенімдемін!

Екрем АЯН,
Сыткы Кочман университетінің ғылым докторы, доцент
Түркия

Бөлісу:

Пікір жазу


*