Елбасы Үкімет жұмысына оң баға берді

1185
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды ашқан Қазақстан Президенті өткен жылы елді дамытудағы қол жеткен жетістіктерге тоқтала отырып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру маңыздылығына назар аудартты. Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен әкімдердің жұмысына жақсы баға берді.
– Біз бүгін алдымызда тұрған міндеттерді айқындап, мән-жай­ды білу үшін Үкіметтің кеңей­тілген отырысын өткізіп отырмыз. Шындығында, өткен жыл оңайға соқпады. Бірақ Үкімет пен әкім­дердің үйлесімді жұмысы ар­қасында қажетті нәтижелерге қол жеткіздік. Ел экономикасы 4 пайызға өсті. Инфляция ша­мамен 7% деңгейінде ұсталды. Сон­дық­тан Үкімет жұмысын оң бағалай­мын және халық та сол ойда деп санаймын, – деді Елбасы.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев жеткенге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайтынын нық­тады. Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Соны мақсат-межелер белгіленді. Бұған қоса, Президент кейбір бағдарламаларды жүзеге асыруда кемшіліктер барлығына және оларды жою бойынша жұмыстар жүргізілуге тиістігіне назар ау­дартты.
Өз баяндамасында Үкімет бас­шысы Б.Сағынтаев өткен жыл қорытындылары мен 2018 жылғы міндеттер туралы айтты.
– Қазақстан соңғы 10 жылда дағ­дарыс дауылы алпауыт елдер­дің өзін шайқаған алмағайып дәуірде, күрмеуі қиын кезеңде дамып келеді. Бұл өркениеттің жаңа технологиялық құрылысқа көшуіне байланысты туындаған түбегейлі және жедел өзгеріс­тер­дің күрделі кезеңі болды. Де­генмен сіздің дер кезінде қа­былдаған шешімдеріңіздің арқа­сында еліміз жағымсыз сцена­рийлерден аман-есен өтті. Сіз 2007-2009 жылдары әлемдік қаржы дағдарысына жауап ретінде үдемелі инновациялық индус­трияландыру бағдарламасын жарияладыңыз. Қазір оның екінші бесжылдығын іске асырып жатырмыз, – деді Премьер-министр.
Ол «әрдайым алдағы сын-қатерлерді нақты көре білетін» және соның арқасында «стра­те­гиялық нұсқаулар мен тапсыр­маларды Үкімет пен әкімдерге алдын ала беріп отыратын» Ел­басының «дағдарыстың өзі – үлкен мүмкіндік» деген форму­ласы арқасында «Қазақстан сы­нақтардың бәрінен шыңдалып шыға отырып, жаңа жоспарлармен сенімді түрде ілгері басып келе жатқанын» айтты.
– Өзіңіз айқындаған шешім­дерді іске асыру нәтижесінде, еліміз 2017 жылда нақты табыс­тарға қол жеткізді. Атап айтқанда, экономикалық дамудың тұрақты жолына түсті. ЖІӨ өсімі 4 пайыз­ды құрады. Өсімнің 60 пайызына шикізаттық емес секторлар есе­бінен қол жеткіздік. Бұл – эко­номиканың тұрақтылығы мен оның құрылымындағы оң өзгеріс­терді көрсетеді. Сыртқы сауда айналымы 25 пайызға ұлғайып, 69,5 млрд долларға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 5,5 пайызға, ондағы жеке инвес­ти­циялар үлесі 6,9 пайызға артты, – деді Үкімет басшысы.
Макроэкономикалық ахуал жақсарған. Мемлекеттік қаржы тұрақтылығының қауіпсіз деңгейі қамтамасыз етілді. Сыртқы қарыз ЖІӨ-ге шаққанда 26 пайыздан аспайды. Республикалық бюд­жетке түсім 26,3 пайызға көбейді.
Мемлекеттің әлеуметтік мін­деттемелері толық көлемде орын­далды. Елбасы тапсырмасымен базалық әлеуметтік жәрдемақы­лар өсті. Еңбегі бойынша зей­нетақы көлемі 20 пайызға дейін ұлғайды. Бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жәрдемақы 27 пайызға көтерілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады.
Ұлт жоспары мен барлық мем­лекеттік және салалық бағдар­ламалар нақты іске асты. Үкімет жетекшісі олардың ең маңызды нәтижелеріне кеңірек тоқталды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – Үкіметтің ерекше назарында. Ол іске асырған үш жыл ішінде 74 заң және 500-ден астам нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Бүгінде барлығы 55 қадам орындалды. Мысалға, оның аясындағы салық реформасы бюджетке түсімдерді 2018 жылы – 90 млрд теңгеге, үшжылдық бюджетте 300 млрд теңгеге ұлғайтады екен.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы бойынша Үкімет белсенді жұмыс атқаруда. 2022 жылға қарай еліміздегі бар­лық ел­дімекендер кеңжолақты интер­нетпен қамтамасыз етілетін бо­лады. Цифрлы экономика үшін кадрлар даярлау мен халықтың цифрлы сауаттылығы үшін оқыту бойынша жоспар қабылданды. Индустрия 4.0 элементтерін ал­ғашқы 500 өнеркәсіптік кә­сіпорында енгізу және базалық салаларды технологиялық қайта жарақтандыру бойынша іс-шаралар әзірленді. ERG, Қаз­мырыш, ArcelorMittal, Қазақмыс, Қазатомөнеркәсіп сияқты же­текші компаниялардың базасын­да модельді цифрландыру фабри­каларын құру басталды. Элек­трондық коммерцияны, венчу­рлық қаржыландыру индустрия­сын, тұтастай IT саланы дамытуға арналған заңнамалық нормалар әзірленді. «Ақылды қалаларды» дамыту тұжырымдамасы бекітілді, соған сәйкес жыл соңына дейін әрбір өңірде пилоттық жобалар жүзеге асырылады.
Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасында айтылған тапсыр­малары экономиканы жаңғырту процестеріне маңызды идеоло­гиялық қолдау көрсетеді. Бұл ретте «жастардың бойында бо­лашақ қазақстандықтың сапасын тәрбиелеуге қатысты жаңа білім беру саясаты қалыптасуда». Мем­лекеттік тілді латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспары дайындалды. «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы аясына 800 атаудан тұратын оқулықтар тізімі әзірленді. Әлемдегі ең озық 17 гуманитарлық оқулық қазақ тіліне аударылып, жарық көрді.

«Туған жер» жобасы аясында елімізде 700-ден астам іс-шара атқарылды, тағы 300-ден астамын іске асыру жалғасуда. Меценаттар есебінен 51 млрд теңгеден астам де­­меушілік көмек алынды. Бірік­­кен Ұлттар ұйымының 5 ті­ліне дубляж­далатын 4 фильм тү­сіру жұмыстары жүруде. Төл мәде­ние­тіміздің озық үлгілерін шет ел­дерде таныстыру үшін Тәуелсіз­дік жылдарындағы ұлттық мәдение­ті­міздің ең үздік жетістіктері таңдап алынды.
Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­­сында сондай-ақ қаржы ми­нис­трі Б.Сұлтанов, Ұлттық банк төра­ғасы Д.Ақышев, вице-премьер А.Жұмағалиев, «Атамекен» ҰҚП бас­қарма төрағасы А.Мырзахметов, Қа­ра­ғанды облысының әкімі Е.Қошанов пен Қызылорда облы­сы­ның әкімі Қ.Көшербаев баяндама жасады.
Елбасы орындалған міндеттердің нәтижелеріне тоқталып, баяндама­шылардың назарын банк секто­рындағы проблемаларға, сондай-ақ цифрландыру бағдарламасының мақсаттарын түсіндіру, бюджет қаражатына бақылауды күшейту, бақылаушы мемлекеттік органдар­дың шағын және орта бизнесті тексерулерін қысқарту мәселелеріне аударды. Қазақстан Президенті бұған дейін қабылданған бағдарла­малық құжаттарды іске асырудың және оларға бөлінген бюджет қара­жатын игерудің тиімділігін арттыру қажеттігін айтты.
– Әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін белсенді жұмыс істеу керек. Қажетті барлық бағдарламалық құжаттар қабылданып, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Институттық реформалар жүзеге асырылуда. Біз еліміздің Үшінші жаңғыруын жариялап, экономикамызды цифр­ландыруға кірістік. Даму үрдісін жеделдету қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ведомство­ларда цифрландыруға жеке жауап беретін және ілгерілететін мамандар тобы болуы керектігін қадап айтты.
– Қазір министрліктердің жә­не басқа да құрылымдардың жа­нында цифрландыруды ендіретін жоғары білікті мамандардың тобы жұмыс жасауға тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, цифрландырудың не екенін халыққа түсіндіру қа­жет. Цифрландыру – Төртінші индустриялды революцияның бір бөлігі. Бұл – зор міндет. Оның бір биігінде жасанды интеллект тұр. Мұнда сондай-ақ кадрлар ерек­ше мәнге ие. Сондықтан ми­нистр­ліктерде цифрландырумен орынбасарлардың бірі айналысуға тиіс, – деді Н.Назарбаев.
Үкіметте бұл салаға Үкімет басшысының орынбасары Ас­қар Жұмағалиев дербес жауап береді. Оның мәліметінше, министр­лік­терде және әкімдіктерде цифр­ландыру бойынша арнайы кеңсе-офистер құрылуда.
«Олардың құрамы әзірге ая­ғына дейін қалыптасып бол­ған жоқ. Дегенмен біз бұл офис­тер ақпараттық технология маман­да­рымен қамтамасыз етілуі және олар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда бізге сүйеу болуы үшін бәрін жасаудамыз. Оның мамандары оқытуды қажет етеді. Халықаралық сарапшылармен бірге форумдар аясында оқытулар ұйымдастырдық. Бұл мәселелерді пысықтаудамыз» деді А.Жұмағалиев. Ол блокчейн, жасанды интеллект және басқа да «Индустрия 4.0.» элементтерінің не екенін және қандай пайдасы бар­лығын мемлекеттік қызметшілер­ге түсін­діретін тұтас бағдарлама әзірленгенін қосты.
Осы орайда Елбасы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы қабырғасында орталық органдар және өңірлік басшылар үшін осы тақырыпта семинарлар сериясын өткізуді ұсынды. Семинар қорытындысында қатысушылардың сынақ тапсырып, сертификат алуы қарастырылады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа Президент телеарналарда цифрландыруға арналған бір сағаттық бағдарлама өткізіп тұруды, сонымен қатар республикалық және облыстық газеттерде түсіндірме жұмыстарын жолға қоюды тапсырды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке мектептен бастап, жас ұрпақты жаңа дәуірге лайық білім жинап, өмірден өз орнын табуға үйрету үшін жаппай тәрбие жүргізуге міндеттелді.
Мемлекет басшысы индустрия­ландыру жылдары еліміздегі өңдеу секторының дамығанын атап өтіп, оның экономикадағы үлесін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Елбасы өндіріске озық технологияларды енгізіп, кәсіпорындардың экспортқа бағытталу мүмкіндіктерін арттыру мәселелеріне тоқталды.
– Мемлекеттік қолдау ең ал­дымен, озық технологияларды ен­гізетіндер мен экспорттық өнім өндіретіндерге көрсетілуі қажет. Өңдеу өнеркәсібінің озық өсімін қам­тамасыз ету үшін неғұрлым бел­­­сенді шаралар қабылдау керек, – деді Елбасы.
Н.Назарбаев қазіргі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін зерттеуді тапсырып, жаңа экономикалық аймақтар құруға уақытша тыйым салды.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы авто­мобиль жолдарының құрылысына бөлінетін қаржының тиімді әрі жариялы түрде пайдаланылуын бақылау қажеттігін айтты. Пре­зидент бірінші кезекке жатпайтын республикалық жолдарға бөлінген қаржыны өңіраралық және ауда­наралық жол құрылыстарына қайта бағыттаудың маңыздылығына назар аударды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі тұрғын үй құрылысының нәтижелеріне тоқталып, мем­лекеттік бағдарламаның одан ары жүзеге асырылу механизмдерін қайта қарау керектігін атап өтті.
– Соңғы екі жылда тұрғын үй құрылысына 550 миллиард теңге бөлінді. Мұның бәрі әкімдер айналысып жатқан құрылысты тікелей қаржыландыруға жұмсалды. Дағдарыс жылдарында бұл қа­дам ақталды. Енді нарықтық ме­ха­­низмдерді пайдалануға көшу керек. Құрылысты банктер қар­жыландырып, ал Үкімет, Ұлттық банк және әкімдер тұрғын үй құ­ны­ның арзандауы үшін жағдай жасауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
«100 нақты қадам» Ұлт жос­парын іске асыру бағытында Елбасы Үкіметке импорт бойынша электрондық декларациялауды енгізу және тексеруші бақылау-қадағалау органдарының санын қысқарту мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев электр энергиясы құнын төмендету мақ­сатында «Бірыңғай сатып алушы» моделін енгізу және өңірлік электр жүйелері компанияларын ірілендіру барысына тоқталды.
Мемлекет басшысы Премьер-ми­нистрге өңдеу саласына тран­сұлт­­тық компанияларды тарту жұмыс­тарын бақылауға алуды тапсырып, «Қа­зақ Инвест» және «Қазақ – Экс­порт» ком­панияларының маңыз­ды рөл атқаратынын атап өтті.
Отырыс барысында агроөнер­кәсіп секторындағы жобаларды іске асыруға инвесторларды тарту мәселесі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөнінде алдағы уақытта атқарылатын жұ­мыс­тар талқыланды. Сонымен бірге, Президент өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар жайына тоқталып, олар­дың міндетті әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру бағдар­лама­сына қатысу мәселесін атап өтті.
– Денсаулық сақтау саласындағы реформаны тежеп отырған та­ғы бір түйткіл цифрландыру мәсе­лесіне байланысты. Осы күнге дейін электронды денсау­лық паспорты жасалмай отыр, дә­рігерлер құжаттаманы қағаз жүзінде жүргізіп келеді. Жергі­лікті жерлерде медицина меке­ме­лері компьютерлермен толық жабдық­талмаған, интернет қолжетімді емес. Бұл – әкімдердің жауапкершілігіндегі мәселе, – деді Мемлекет басшысы.
Қоғамдық сананы жаңғырту бағытында Елбасы өңірлердегі кейбір басшылардың бұл бағдар­ламаны іске асыруға салғырт қарап, оған жүйелі әрі тыңғылықты кіріспей отырғанын атап өтті.
– Белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін өзінің бар мүмкіндігін пайдаланбай отырған өңірлер бар. Қоғамдық сананы жаңғырту бір жылмен шектелмейді. Бұл жүйелілікті, үнемі жаңа тәсіл іздеуді талап ететін ұзақмерзімді жұмыс, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ жиында қазақ тілінің латын қарпіне көшу мәселесі де талқыланды.
Заң үстемдігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша Мемлекет басшысы мүдделі мемлекеттік органдарға қылмыстық процестегі асыра сілтей қудалаушылықты бәсеңдетіп, оны ізгілендіру бағытын жалғастыруды тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу ісінде алдын алу шараларын жүйелі түрде қабылдау басты міндет болуға тиіс екенін айтты.
Сөз соңында Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың барлық басым­дықтарын іске асырудың маңыз­дылығына тоқталып, оларды орын­дау үшін әрбір басшыға жауап­кершілік жүктелетінін атап өтті.
– Жолдауда Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайында атқарылуға тиіс 10 нақты міндет белгіледім. Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент, әкімдер, «Ата­ме­кен» палатасы және ұлттық хол­дингтер тиісті жұмыс жүргізуі қажет. Бүгін мен ескерілуге тиіс тағы бір­қатар мәселені айқындадым. Жүр­гізіліп жатқан конституциялық реформа мен күрделі геосаяси ахуал жағдайында барлығымыз белсенді әрі жұмыла жұмыс істеуіміз керек, –
деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*