ПОЛКОВНИК

1523
1
Бөлісу:

Соғыстан кейін бұл есім көп болды. Жұрт біткеннің барлығы ұлды болса – Бауыржандай батыр, Бауыр­жандай ержүрек, даңқты, аты аңызға айналған қаһарман болса екен деген. Шүкір, бүгінде ел ішінде Бауыржандар баршылық. Рамазан да шақалағының атын ырымдап Бауыржан деп атаған.

Бауыржан Нөгербек – Ұлытаудың тумасы. Әкесі Рамазан соғыстан кейінгі қиындық, жоқшылық, тапшылық кез­дерде Жезқазған қаласындағы тігін фабрикасында бөлім басшысы болды. Ер-азаматтың көбі соғысқа кетіп, оралмаған, қайтқандары – мүгедек, бірі­нің қолы, бірінің аяғы жоқ, үстіндегі гимнастеркаларын әлі шешпей жүрген кезi еді бұл… Ел іші жүдеу… Ашар­шы­лық, репрессия, соғыс… бірінен соң бірі кеп елі есеңгіреп қалған шақ еді бұл… Дей тұрғанмен… Ұлы Жеңіс ел көңілін көтерген… «Бұдан жа­ман күнде де тойға барғам» дейтін қазақ­тың соғыстан соң да тойы тарқамаған…
Жесір атанған келіншектер күйеуі қайтыс болып, жетімдерін жетелеп жүріп өсірген әйелдер де бұндай той-жиыннан құр алақан емес-ті. Рамазан осындай бір отырыста Бауыржанның шешесімен кездескен… Бас қосқан…
Бауыржан Жезқазғанда қазақ мектебі болмағандықтан, орыс мектебіне барды. Алғыр, зерек болды. Класта да, көшеде де достарының алды болды. Келе-келе Бауыржан – Бориске айналды. Мектепте де, көшеде де Бауыржанды Борис деген… Ол кезде опера театры тек Ал­матыда, драма театрлары да бас ша­һарда. Облыс орталықтары, кішігірім қалаларда тек кинотеатрлар болатын… Ел-жұрттың көңіл көтеретін де, бас қосатын да, қыз-келіншектердің өзде­рінің тігіп-пішкен көйлектерін көрсе­тетін де сол кинотеатр болатын… Қыз-жігіттің әке-шешеден сытылып, кезде­сетін орындары да сол кішкене ғимарат. Кино – ғажап дүние. Ішіне бір кіріп кетсең, ертегіге енгендей еді…
Иә, киноның ол кездегі рөлі үлкен еді… Тым үлкен болатын… Көзі ашық Рамазан қолы қалт еткенде киноға бар­ғыш еді… Көбінде баласы Бауыр­жанды қасынан тастамайтын. Фильмнен соң екеуі үйге бірге қайтады. Кинодан алған әсерімен бөліседі. Қызыл-кеңірдек боп кейде әкесімен салғыласады. Содан соң ұйықтар алдында қиялдайтын… Әрбір көрген фильмдерін ой өзегінен өткізетін. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-жылдарды бұл елге үнді кинолары келе бастады. Бала қиялын бұл кинолар, бейтаныс әуен, өзге дүние, басқа дәстүр, әдет-ғұрып бала түйсігіне әлемде де басқа ел-жұрт бар екенін, олардың да өзде­ріндей жоқшылық, тапшылық, әді­летсіздік бар екенін бала Бауыржан сол Радж Капурдың фильмдерінен ұға бас­тады. Ол туралы әкесі екеуі ұзақ сөй­лескен. Бауыржан алғаш режиссер болуды армандады.
Мектеп бітіруге бір-екі жыл қалғанда кино жайлы жазылған мақала, болмаса актерлердің суреті болса, қиып алып, жинап қоятын. Бауыржан осылайша киноға бет бұрды. Алайда Бауыржан мектеп бітірген жылы оқуға бара ал­мады. Жезқазғандағы трикотаж фаб­рикасында бөлім бастығы болған Рамазан төсек тартып қалған… Үйдегі жалғыз бала… Амал не? Дүниедегі ең қиыны өзінің өзгелерден биіктігі біле тұра саптың соңында тұрғандай Бауыр­жан да қатты қиналған. Амал не?! Әкесін тастап кете алмады. Қинады. Ең болмаса қасында болып, көкесіне көмектесем деген.
Ел қатарлы оқуға барған жоқ. Өзімен бірге оқыған кластастары, Алматы, Қарағанды, тіпті біреулері Москва, Ленинград сияқты үлкен қалаларға кетті. Біреулері оқуға түсті, біреулері үлкен шаһарда жұмыста қалған. Бауыржан сол тігін фабрикасына кіріп, жұмысшы болып істеді. Бірақ көңілдегі қиял бұғып жатқан бұлан күш… оған тыныштық бермеген… Өстіп жүргенде, Қазақфильмнің хабарландыруын газеттен оқыған. Келер жылы жаз шыға Бауыржан Алматыға, қазіргі 8-март көшесіндегі Қазақфильмге келді. Бұл кезде Камал Смаилов Қазақфильмнің директоры кезі-тін. Кәлекең ол кезде үлкен-үлкен істер тындырып жатқан. Комсомолдан келген жас жігіт қыруар жұмыс бітірді. Осы кезеңдерде әйгілі «Қыз-Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдері түсірілген еді. К.Смаилов Москвадағы ВГИК-ке баратын жастарға «сценарлық шеберхана» ашты. Яғни, оқуға түсетін балаларға дайындық курсы еді. Оны алғаш Қазақфильмнің редак­торы Лев Варшавский бастап, кейін Валерий Старков жалғастырған. Старков өзі киноның тарихын жақсы білетін редактор, оқыған-тоқығаны көп, білімді адам еді. Режиссер болам деп келген Бауыржанды Старков әрі-бері тыңдап, оның жазғандарын оқып-тал­дап, басқа ұсыныс білдірді. «Сенің ойлау-талдау, анализ жасау қабілетің жақсы екен. Сен одан да «Кинотану» ма­ман­дығына барсаң қайтеді?» деген. Бауыржан келісе кетті. Сөйтіп барын салып дайындалған. Солай Бауыржан ВГИК-тің «Кинотану» мамандығына тү­сті. Бұл кезде Қазақфильмде кәсіби ки­носыншылар жоқтың қасы-тын. Қа­зақ кино өнерінің тұңғыш сыншысы – Қабыш Сирановтың тасы өрге дома­лап тұрған шағы еді. Старковтың ойы да
осы болатын… Ұлттық кадрларды дайындау – ол кезде ауадай қажет. Бір айта кететіні сол жылы Қазақстаннан жеті жігіт оқуға түскен.
Олар – Максим Смагулов, Серік Райбаев, Сламбек Тауекел, Жәкен Дәненов, Болат Омаров, Сапар Сүлей­менов және Бауыржан Нөгербеков еді. Бауыржан кинотанушы Нина Тума­нованың шеберханасына түсті. Сту­денттік жылдар ВГИК-тің жатақ­ханасы, Москваның қызықты да шуақты күндері зу ете өте шықты. Әсіресе, ұла­ғат­ты ұстазы Нина Туманова өте білімді, оқыған-тоқығаны мол кісі еді. Және ол Бауыржанды ерекше жақсы көрді. Мінезі ұяң, көп сөйлемейтін, сөйлесе әрдайым орнымен өз ойын нақты да дәл жеткізетін шәкіртінен үміт күтетін. Бауыржан ұстазының сенімін ақтады. Қазақфильмге келген соң, редакторлық жұмысқа кірді. Бұл кездері «қазақ мультипликациясының» аяққа тұрып, қаз-қаз басқан кезі-тін. «Қазақ мультипликациясының атасы» атанған Әмен Хайдаров жақсы ұйымдастырушы бола білді. Әсіресе, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі жарқ етіп ұшты. Фильм 1968 жылы Ленинград қала­сында өткен Бүкілодақтық кино­фестивальде, 1975 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық муль­типликациялық фильмдер фестивалінде жүлделер алып, жұлдызы жанған кезі еді бұл. Әмен ағамыз Москваға келіп, ВГИК-тегі жастармен жолыққан. Себебі, Әмен Хайдаровқа білімді, алғыр жастар керек еді. Әмен аға қателеспеді. Сол жылы экономфакты бітірген Сламбек Тауекел, Жәкен Дәненовті – суретші-мультипликатор, ал Бауыр­жанды редакторлық қызметке ша­қырды… Өйткені Бауыржан дипломдық жұмы­сын Әмен Хайдаров айтқан – «қазақ мультипликациясының өсу жолы» тақырыбы бойынша қорғаған бо­латын. Сондықтан ол Қазақфильмге келген соң редакторлық жұмысқа кірді. Бұл кез қазақ мультфильмінде Әмен ағадан басқа Флобер Мұқанов, Тамара Мұқа­нова, Ғани Қыстауов, Жәкен Дәне­нов, Сламбек Тауекел т.б. қызу жұ­мыс істеп жатқан шағы болатын. Бауыр­жан бұл жерде он бес шақты жыл қызмет атқар­ды. Тек мультфильмдердің ғана емес, Қазақфильмдегі көркем фильм­дерінің де редакторы болды.
Талдықорған облыстық драма театрында актермін… Ойнайтын рөлдерім де, отбасым да, пәтерім де бар. Бірақ көңіл шіркін көк дөнен… Сахнаға сиятын түрім жоқ. Оның үстіне ол кезде облыстық «Октябрь туы», рес­публикалық «Лениншіл жас» газет­теріне әңгіме, мақалам шыға бастаған. Аяқастынан бір күні кілт бұзылдым. Москваға ВГИК-ке барсам дедім… Қысқасы, шыққаны бар, шықпағаны бар әңгіме, новелла сымақ жазған­дарымды Қазақфильмге жібергем… Арада 2-3 айдан соң Алматыға келсем, әңгімелерім жайлы «сценарлық шеберхана» жетекшісі Екатерина Васильевна бүге-шүгесіне дейін қал­дырмай айтып отыр… Сөйтсем, жаз­ғандарымды Бауыржан Нөгербек орысшаға аударған екен. Осылай Бәукең менің Мәскеуге атта­нуыма өз үлесін қосты. Және оны ке­йін… ғана білдім. Баукеңді көрген сайын ол кісіге деген құрмет, сыйлас­тығым… Сол үшін «сізге рақмет» деп айтқызбады. Дұрысы, бірде «Бауке, баяғы әңгі­мелерімді орысшаға аудар­ғаныңызға рақмет» дей бергенімде, сөзімді бөлді. «Жарайды, қойшы оны» деген. Неткен қарапайымдылық, неткен сырбаздық, тектілік…
Бауыржанның қазақ мультип­ли­кациясы туралы жазған алғашқы кітабы 1984 жылы «Когда оживают сказки» деген атпен шықты. Сол кітабы үшін Баукең «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының игері» де болды.
Жетпісінші жылдардың ортасында «Қазақ телевизиясынан» Жеңіс күніне арналған хабардан ұлы Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының бір сұхбатын көргенім бар. Баукең басы жалаң бас, бурыл шашын артқа қайырған, қасы мен мұрты тікірейген… Абайша айт­қанда, қою мұрты аузына түскен, үстінде оюы бар, қазақы шапан, кішкене столдың үстінде сұхбат беріп отыр екен. Дауысы күркіреген күндей… Болмаса арыстанның ақырғаны іспетті. Баукең сөйлеп отыр. Бір кезде жұдырығымен столды бір періп қалғанда стакандағы су төгіліп кетті. Әлі көз алдымда. Ол орысша «я полковник в отставке, но не гражданин в отставке» деген… Сол сөз есімде қалып қойыпты. Алла Пугаче­ваның бір әні бар еді. Сонда сөз бар. «Настоящий полковник» деген… Иә, Баукең нағыз полковник еді-ау.
Бауыржан Қазақфильмдегі редакторлықтан соң Қазақстан Кино­матографтар одағында екінші хатшы болып ұзақ істеді. Содан соң ғылым академиясында, кейін Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызметке ауысқан.
1991 жылы КСРО құлағанда жы­лағандардан қуанғандар көп болды. Тәуелсіздікпен бірге экономикалық кризис, саяси дағдарыс, ақшаның құнсыздануы, тағы да басқа қиындық көп болды. Соның бірі Ресей енді басқа республикалардың азаматтарын оқуға қабылдамады. Арман қуған жастардың тауы шағылды. Сол кезеңдерде Алматыдағы театр және көркемсурет институтына басшы болып келдім. Осы шақта Бауыржан бізде проректор қыз­метін атқаратын. Болашағымыз үшін өзімізде бұрын бол­маған, тек Мәскеу, Ленинград сияқ­ты үлкен қалаларда ғана оқытатын жаңа ма­мандарды дайындау керек еді. Сол жаңадан ашылған он үш мамандықтың бірі – ол кинотану болып еді. Бауыржан осы іске бар ынтасымен, күш-қайра­тымен кіріскен. Шындап келгенде, Бауыржан Нөгербек – тәуелсіз еліміздегі кинотану мамандығының іргетасын қалаушы. Бірден-бір соның авторы. Бауыржанның алғашқы шәкірттерінің алды бүгінде елімізге, руханиятымызға білгілі тұлғаларға айналды. Олар: Гүлжан Наурызбекова, Назира Мұқы­шева, Гүлнар Мүрсә­лімова, Бақыт Құт­панбаев, Нұрбол Алманов, Берік Уәли, Әсел Сәрсен­бе­кова, Самал Есенбаева, Толқын Қожах­метова.
Бауыржан Нөгербек сөзге көп араласа қоймайтын, жымиып қана отырып күлгенде, өзіне ғана жарасқан шоқша сақалы селкілдеп, мәз болғанда көзі жұмыла кететін.
2010 жылы Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айжан Мұсаходжаеваның шақыртуымен Баукең Астанаға келді. Айман Қожабекқызы өнер ордасын тек музыка мамандықтарынан тұратын университет емес, театр және кино, хореография мамандарын дайында­й­тын өнер ордасы жасайын деген еді. Алайда кадр мәселесі қашанда тапшы ғой. Осы орайда ректор Алматыдан белгілі сын­шы Әшірбек Сығай, композитор Кеңес Дүйсекеев, кинотанушы Бауыржан Нө­гер­бек сияқты мамандарды шақыртты. Осы кезеңдерде университет ұшан-теңіз жұмыс атқарған… Жастарды жыл сайын осы мамандықтарға қабылдады. Бауыржан Нөгербектің бұл екінші тынысы ашылған шағы-тын. Астанадағы ұшан-теңіз шаралардан Баукең қалмайтын. Бір тоға, сырбаз, әр сөзінде, әр ойында үлкен адамгершілік, адамға деген үлкен сыйластық, кісіге деген құрмет – оның кредосы еді.
Бүгінде Баукеңнің 90 жасқа келген анасы Әніш апамыз Жезқазған қаласында, Бауыржанның тұңғыш ұлы Саттардың қолында. Бауыржанның отбасы түгел өнер ауылында тұрады десе де болады. Қызы Алтынай – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы. Үлкен талант иесі. Ойнаған рөлдері бірінен-бірі әсем, бірінен-бірі артық образды сомдап жүр. Кинода да Алтынай үлкен биіктерге көтерілді. Басқасын айтпағанда, тек Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жолдағы» басты рөлі – қазақ өнеріндегі ерекше құбылыс деуге болады. Ұлдары Сәкен Нөгербек те, Баубек Нөгербек те әке жолын қуып, ұстаздық қызметті таңда­ған. Бірі – Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, бірі – Алма­тыдағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясында шәкірттер тәрбиелеуде. Олар да кинотанушы. Тіпті немересі Арайлым да кинотану мамандығын таңдаған.
Таудың биіктігі – ол алыстаған сайын көрінетіні сияқты, уақыт өткен сайын қазақ өнерінің хас тұлпары Бауыржан Нөгербектің орны үңірейіп тұр. Өмірден өткеніне бір жыл қалды. Кейде кино­премьералардан көргенде құшақ­тасып, амандасып тұратын едік. Бүгінде таныс бейне көрінбейді. Мәңгілікке аттанған… Аттас ағасы Баукеңдердің дүниесіне өтіпті. Кей-кейде еске Баукең – Бауыржан Момышұлы түседі. Нағыз полковник… Біздің Баукең, Бауыржан Нөгербек те – өнердің, киноның пол­ковнигі еді. Қазақ кинотану мектебінің полковнигі. «Тыраулап ұшқан тырналар» спек­таклімдегі полковник еске еріксіз түседі. Онда Полковник Лукьянов жас жауынгер Пернебек Боран­баевты Сібірден – итжеккеннен аман сақтап қалу үшін өзі қолбасшыға жүреді. Сол сәтте актер Т.Мейрамов қолын шекесіне қойып, «Честь имею» дейді. Баукең де сол аттас ағасындай қолын шекесіне тақап, «Честь имею» деген ғой. «Честь имею». Осындайда мен де қолымды шекеме қойып, әскери адамша «Бауке, честь имею» дегім келеді. Нағыз, полковник!

Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның халық артисі, профессор

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Бақыт.И.А. 10 Ақпан, 2018 at 23:26 Жауап

    Текті азамат,талантты,парасатты Баукең көз алдымыздан жымиып бір өткендей болды..Əдемі естелік..Өнер тарихында..ұрпақ..шəкірт жүрегінде өмір сүрері хақ,қымбатты ағамыздың..

Пікір жазу


*