Армысың, Ақ олимпиада!

1501
0
Бөлісу:

Спорт жанкүйерлері бұл күнді ұзақ күтті. Сочидегі Олимпиада ойындары біте салысымен жыл санаған жұртшылық дәл қазір сағат санап отыр. Өйткені санаулы сәттен соң Оңтүстік Корея төрінде дүбірлі дода – Ақ Олимпиада алауы жағылады.
9 ақпанда тұсауы кесілетін төрт жылдық бәсекесіне қазақстандық спортшылар түгел дерлік аттанды. Тек мәнерлеп сырғанаушылар мен фристайл-акробатика шеберлері сәл кешірек қосылады. Дегенмен бүгінде барлығы спорттық қалыптарын қадағалап, барынша даярлықты бастап кеткен. Ойындар Оңтүстік Кореяда өтетін болса да, солтүстікке тән аязымен қарсы алған көрінеді. Бірақ қысы қатал Қазақстанға үйренгендерге ауа райы аса кедергі болмайды деп сенеміз.
Олимпиада алауын тұтату дәстүр бойын­ша Грекиядан басталды. 2017 жыл­дың 24 қазанында шаңғышы Апостолос Ангелис Олимпиада отанынан алауды алып шықты. Сегіз күннен соң, яғни
1 қарашада Оңтүстік Кореяға үлкен аманатпен әкелінген еді. Бас бәсекеге 100 күн қалғанда эстафетаны қабылдаған алау ұстаушылар күллі Кореяны факелмен аралап шықты. Жалпы саны 7,5 мың алау ұстаушы 2018 шақырымды артқа тастады. Осылайша, Олимпиада алауы 17 қала мен провинцияны басып өтті. Соңғы нүктесі ашылу салтанатында қойы­лады. Рәсім біздің уақыт бойынша 17:00-ге жос­пар­ланған. Ұйымдастырушылар­дың ай­туынша, ұзақтығы – 2 сағат. Кореядағы күн райы – 10 градус шама­сында аяз.
Пеңчаңда 92 елден келген 2925 спорт­шының басы қосылады. Делегаттардың жалпы саны – шамамен 5000-ға жуық. Олимпиада тарихында тұңғыш рет та­балдырықтан аттағалы тұрған 6 мемлекет бар. Олар – Малайзия, Сингапур, Эква­дор, Эритрея, Косово және Нигерия. Ұзақ үзілістен кейін қайта серпіліс алған елдерді де атап өту керек. Боливия, Гана, Кения, Колумбия, КХДР, Мадагаскар, Пуэрто-Рико және ОАР республи­ка­сының спортшылары стартта тұр. Есте­ріңізде болса, өткен жылы КХДР Олим­пиадаға қатыспайтынын жеткізген еді. Дегенмен осы жылдың 9 қаңтарында қос Корей мемлекеті келіссөз жасап, нәти­жесінде бірлесіп, бір тудың астында шығу туралы шешімге келді. Әйелдер ара­сындағы хоккей турнирінде бірлескен Корей құрамасының ойынын тамашалай аламыз. Осыған дейін екі Корей елі 2006 жылы Италияда өткен дода да қатар шыққан еді.
Қазақстан атынан 57 олимпиада жол­дамасын иеленген 46 спортшы қатысады. 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы са­рапқа салынады. Осы жүлделерге ілігуге әркімнің-ақ ниеті, әрқайсының таласы бар. Бірақ бағы да, бабы да қатар жанғандар ғана жеңіс тұғырынан табы­лады. Қысқы спорт түрлерінен үздік деп іріктелген, жолдама алу жолында аянбай еңбек еткендердің сыналар сәті туды. Ашылу салтанатында корей әліпбиінің ретімен мемлекеттер делегациясы жүріп өтеді. Қазақстан байрағын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев алып шығады.
Көңілде бір толқыныс, бір үміт, бір қорқыныш, бір күдік тұрғаны анық. Өйт­кені жолдама алған спортшының қай-қайсысы болсын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар. Бірақ бәйгенің басты шарты – үздік нәтиже көрсету, мойынға ілінер медаль алып, ел абыройын асқақтату. Мұнша мол үмітті сезінген спортшылар физикалық тұрғыдан бөлек, психология­лық жағынан да дайын болуы тиіс. Спорт сүйер қауым демін ішіне алған күйі үнсіз. Жүректе, тілекте, ниетте – жақ­сылық. Бірер сәттен соң бұл тыныштық «бұзы­лып», мерекеге ұласады. Ашылуын­дағы жа­ғымды көңіл-күй жеңіс тойларына ұлассын. Қазақ елінің қарқыны қатайып, атағы артсын! Олим­пиадашыларға сәт­тілік!

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*