Мемлекет қалауы халалға түсті

1361
0
Бөлісу:

Қазақстанда халал өнімдердің стандарттары әзірленуде. Бұл Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысынан кейінгі брифингте белгілі болды. Жиында Үкімет мүшелері «техникалық реттеуді жетілдіру мәселелерін», «шағын және орта бизнесті қолдау шараларын» және «денсаулық сақтау ұйымдарында корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу барысын» қарады.

Қазақстанда техникалық реттеу инфрақұрылымының қолданыстағы жүйесі төрт негізгі бағыттан тұрады, бұлар – «техникалық реттеу және стан­дарттау», «метрология», «аккре­диттеу және сәйкес­тікті бағалау», «мемлекеттік бақылау». Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жүйені жетілдіру екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі 2018 жылы «Стандарт­тау туралы» жаңа заңды және метрология мен аккредиттеу саласын­дағы жұмыс­тарды жандандыру және жетілдіру үшін басқа да заңнамалық түзетулерді енгізу шаралары қабыл­данады. Екіншісі 2018-2020 жылдары сәйкестікті бағалау және мемлекеттік бақылау жүйесі жетілдіріледі.
Министр бүгінде бұл саланы шектен тыс бюрократия жайлағанын, салдарынан стандарттау мәселелерінде бизнес көп­теген құжаттарды қағаз түрінде ұсыну проблемасына маңдай соғатынына және стандарттау үдерістеріне қатысудан бас тартатынына назар аудартады. Осыған байланысты «Стандарттау туралы» заң жобасы әзірленді, оны өткен жылдың желтоқсанында Мәжіліс бірінші оқы­лымда мақұлдады.
Жобаға сәйкес, стандарттау процес­терінің бірыңғай операторы анықталады және ол автоматтандырылған жүйелер Стандарттау жөніндегі ұлттық орган арқылы жұмыс істейді. Жаңа тәсілдемедегі басты рөл стандарттау жөніндегі техни­калық комитеттерге, яғни «мемлекет бизнес – тұтынушы» қағидаты бойынша ұлттық стандарттарды талқылайтын диалогтық алаңдарға беріледі. Оның құрамына салалық мемлекеттік органдар, қауымдастықтар мен ғылыми орта өкілдері кірмек.
Қазіргі кезде елімізде шамамен 8 мың ұлттық стандарт жұмыс жасайды, олар­дың 9 мыңдайы – ұйымдардың өздері бекітетін төл стандарттар. Тағы 50 үкімет­тік емес стандарт бар, оларды ҮЕҰ-лар бекітеді.
– Заңның қабылдануы арқасында стандарттарды бастамашылық әзірлеуге жағдайлар жасалынады, сондай-ақ Қазақстан аумағында шетелдік стандарт­тарды қолдану жеңілдеп, бизнес ахуал жақсартылады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Мәселен, қазіргі кезде АSTM (машина жасау, мұнай-газ, құрылыс салаларымен байланысты материалдарды сынайтын америкалық стандарт), API (америкалық мұнай институтының стандарты) секілді танымал, озық халықаралық стандарт­тарды мұнай-газ секторындағы бизнес тек олар Қазақстанда тіркелу рәсімінен өткеннен кейін ғана қолдана алады. Жаңа заң қабылданған соң, бизнес аталған стандарттарды тікелей қолдана беретін болады.
Инвестициялар және даму министр­лігі метрология саласында да жұмыстар жүргізуде екен. «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңға енгізілетін өзгерістер аккредиттеу жүйе­сін жетілдіруге және аталған сала субъек­тілерінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Түзетулер қазіргі эталондар мен өлшем құралдарын «тексеруден» «калибрлеуге» көшіруді және мемлекеттік метрологиялық бақылаудың жаңа тәсілдемесін енгізуді көздейді.
Бұл ретте біз қатарына ұмтылып отырған дамыған елдер кіретін Экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) GLP (Good Laboratory Practice), яғни лайықты зертханалық тәжірибе принциптері үлкен маңызға ие. Олар сынақ жүргізу кезінде қолдануға арналған. Сондықтан 2018-2019 жылдары ұйыммен бірлескен Жол картасы әзірле­неді, оны енгізу қорытындысы бойынша қазақстандық зертханаларды сынау нәтижелері ЭЫДҰ елдерінде танылады.
Осы орайда GLP-дің әрекет ету ауқымы көптеген қызмет саласын қамти­тынын айта кеткен абзал. Толығырақ тоқталсақ, ол «дәрілік заттар мен тағам­дық қоспалар» тұрғысынан – Денсаулық сақтау министрлігіне, «химиялық заттар­дың қоршаған ортаға әсерінің қауіпсіз­дігін бағалау» жөнінен – Энергетика ми­нистрлігіне, «азық-жемге қоспалар, вете­ринариялық препараттар және пес­тицидтер» бойынша – Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне, «өнеркәсіптік химикаттар және косметикалық өнімдер» саласында – Инвестициялар және даму министрлігіне таралады.
Техникалық реттеу жүйесін жетіл­дірудің екінші кезеңі «сертификаттық сынақтар нәтижелеріне өзара сенімнің төмендеуі», «импорттаушылардың тауар­ларды шартты түрде шығару кедендік рәсімі арқылы сертификаттаудан өтуден жалтаруы» сияқты түйіткілді мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми дерегі бойынша, 2017 жылы «шартты түрде шығарылған» барлық өнімдердің тек 77 пайызы соған сәйкестігін растай алған. Сол себепті, бұл Инвестициялар және даму министрлігінен Қаржы ми­нистр­лігімен бірлескен жүйелі шараларды талап етеді. Бұл жұмыстар басталып кетіпті. Бірлескен бұйрықтар мен заңдық актілер жобалары дайындалған.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Евниев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов баяндады, Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Мамин түсініктеме беріп өтті. Техни­калық реттеу жүйесін жетілдіру шара­ларының орындалуын бақылау Асқар Маминге жүктелді.
Үкімет жиынынан кейін журна­листерге арнап, баспасөз конферен­циясын өткізген Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғалымжан Дұғалов Қазақстанда ха­лықаралық тәжірибені ескере отырып, халал стандарттар енгізіліп жатқанын жеткізді.
Бірақ бұл ведомство Дін істері министрлігімен ақылдаса келе, халал өнімдердің ұлттық стандарттарын түзуге қатыспауға шешім қабылдапты. Оның орнына елімізде халал стандарттарды бекітумен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы айналысып жатыр. Ведомство тек оны қолдауда. ҚМДБ жанында халал тауарларды куәландыру бойынша арнайы ұйым құрылған. Ол халал өнімдер мен процестердің бірқатар стандарттарын да бекітіпті. Бұл ретте ислам әлемі таныған малайзиялық тәжірибе негізге алынған. Малайзияның осындай стандарттарды бекітетін «Джаким» департаментімен бірлескен жұмыс белсенді жүргізіліп жатқаны мәлім етілді.
Стандарттар тағайындаумен іс біт­пейді. Комитет төрағасы оның сыр­тында зертханаларда дұрыс сынақтар өткізу талап етілетінін еске салды. Оның үстіне тауарлардың халалдығына қатысты сынақтар мен зерттеулер ДНК деңгейінде өткізілуге тиіс. Сонымен бірге, ол зертха­налар Инвестициялар және даму ми­нистрлігі аккредиттеуінен өтеді.
«Халал» халықаралық сертификатына сәйкес, осы стандарттағы өнімдер құра­мында малдардың қанынан, шошқадан жасалған ингредиенттер, сондай-ақ ал­коголь, етпен қоректенетін жануарлар мен жыртқыштардың еті, шариғат талап­тарын сақтамай сойылған кез келген малдың еті және басқа да тыйым салынған заттар болмауы тиіс. Халал өнімдерді тек мұсылмандар ғана емес, денсаулыққа пайдалы, экологиялық таза өнімдерге құмар өзге де адамдар сатып алады.
Отырыста шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту бойынша қолға алынған шаралар туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейме­новтің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған бизнес саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1 миллион 145 мың 994-ті құрады немесе 2016 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға көбейген. Бұл жерде ШОБ шығаратын өнімдер өндірісі едәуір өсті. Өткен жыл­дың 9 айында орташа және шағын кәсіп­керлер 14,4 триллион теңгенің өнімін шы­ғарған, бұл алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 28,5 пайызға көп.
Бағдарлама аясында 15 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өз ісін ашуға оқытылған, оның ішінде 3 300 аса стартап қаржыландырылыпты.
Бас экономист «жұмысбастылықтың, инвестиция тартудың негізгі көзі, эко­номиканың бәсекеге қабілеттілігін қа­лып­тастырудың іргетасы» – ШОБ секторын дамыту бағы­тындағы жұмыс үш жүйелі блок бойынша жүзеге асыры­латынын айтты. Бұлар – «мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес климатты жақсарту», «қар­жыландыруға қолже­тімділікті жоғарылату және қолдау ша­раларын жетілдіру», сондай-ақ «салалық кедергілерді жою».
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 192 мыңнан аса кәсіпкерге және кәсіпкерлік бастамасы бар қазақстандықтарға қолдау көрсетілді. Бұл 2016 жылмен салыстыр­ғанда, 10 пайызға жоғары. Былтыр сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кре­диттерді кепілдендіру есебінен қолдау­ға ие болған кредиттік портфель 286,6 миллиард теңгені құрады. Барлығы 3 351 жоба қолдауға ие болды. Бұл алдың­ғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоға­ры. 490 млн теңге сомасына 276 грант берілді. Жалпы құны 12,1 млрд тең­ге тұратын 25 жобаға жетіспейтін инфра­құрылымы жеткізілді. Ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған 74,8 мың кәсіп­кер білім беру бағдарламаларымен және сервистік қызметпен қамтылды, – деді Тимур Сүлейменов.
2017 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама қатысушылары жалпы сомасы 3,5 триллион теңгенің өнімін шығарған, 17,3 мың жұмыс орнын құрған. Ел қазы­насына 217 миллиард теңге салық төле­ген. Бұл ретте былтыр бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттен 48,3 миллиард теңге шығындалған. Төленген салық көлемі, яғни қайтарымы одан 4 есеге асып түсіп отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің қолдау құралдарына қолжетім­ділігін арттыру мақсатында 2017 жылғы 29 желтоқсанда бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, кредиттер бо­йынша ауыспалы (плавающий) ставкалар енгізілді, субсидиялау мерзімі кейін созу құқығынсыз 5 жылға дейін ұзартылды. «Даму» қорына 180 млн теңгеге дейінгі жобаларды Өңірлік үйлестіру кеңестерінің қатысуынсыз қарау құқығы берілді. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу үшін талаптар азайтылды: инвестиция көлемі 400 млн теңгеден 200 миллионға, құрылыс құны 100 млн теңгеден 50 мил­лионға дейін төмендетілді. Субси­дияла­натын және кепілдендірілетін жобалар құны 2,5 млрд теңгеге дейін кемітілді: бұрын 4,5 млрд теңгеден қымбат тұратын жобалар ғана осы игілікті пайдалана алатын.
«Қабылданған өзгерістер 180 млн теңгеге дейінгі жобаларды қарау мер­зімдерін айтарлықтай азайтуға, жоба­лардың барлық инвестициялық кезеңін мемлекеттік қолдаумен қамта­масыз етуге, қолдау құралдарын тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне шоғыр­лан­дыруға мүмкіндік береді» деді бас экономист.
Қаржыландырудың қолжетімділігі, салалық кедергілерді алып тастау, мемлекеттік реттеуді жетілдіру және биз­нес климатты жақсарту бағыттары бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәти­жесінде, Үкімет 2018 жылы да шағын және орта кәсіпкерлердің саны мен көрсеткіші ары қарай арта береді деп күтеді.
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық ұйымдарда корпоративтік басқаруды енгізу және менеджментті дамыту ша­ралары қалай іске асырылып жатқанын баян етті. 2017 жылы корпоративтік бас­қару принциптерін енгізу бойынша бақы­лау кеңестерінің құрылуы мен толық жұмысын ескере отырып, өңірлер рей­тингі жасалды. Әзірге жоғары рейтингке Астана, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары мен Алматы ие көрінеді.
Денсаулық сақтау саласында 3 мыңға жуық топ-менеджер қызмет атқарады. Алайда медициналық ұйымдардың 60 пайызының басшысы тек жоғары меди­циналық білімі бар, арнайы менеджмент сала­сын­да жоғары білім алмаған аза­маттар екен. Бірінші басшылардың тек 13,5 па­йызы әртүрлі мамандық бойынша ма­гистр дәрежесін алған.
Е.Біртанов «медициналық ұйымдарды арнайы дайындықтан өткен басшылар басқаруға тиіс» екенін баса айтты. Осы мақсатта «Денсаулық сақтау менедж­менті» магистратурасының жаңа маман­дығы енгізіліпті. Магистрлерді дайындау үшін оқыту бағдарламалары, үлгілік оқыту жоспары әзірленген. Кәсіби стан­дарт бекітілуде және тәуелсіз серти­фикаттау енгізіледі.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*