Бағдар – айқын, бағыт – дұрыс

856
0
Бөлісу:
Нұр Отан логотип

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы Алматы облысының барлық аудан-қалаларында қызу талқылануда. Жиындарға бір кісідей қатысқан жұртшылық Жолдау жүктер маңызды міндеттердің ел дамуына соны серпін беретініне сенімді және соған сай жаппай қолдау білдіруде. 

Көксу ауданының әкімдігінде аудан басшысы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиаланың төрағасы Алмас Әділдің төрағалығымен өткен актив жиналысында өркендеудің өзекті белестеріне бастайтын маңызды тарихи құжатта жан-жақты сараланып, жалпыға бірдей түсінікті етіп жеткізілген ел дамуына жол ашатын басымдыққа ие 10 бағыт туралы егжей-тегжейлі айтылып, оларды орындауға қатысты ұсыныстар жасалып, пікірлер бір арнаға тоғысты.
– Біз Жолдаудағы тапсырмаларды орындау мақсатында онда жүктелген маңызды міндеттерді жақсылап түсініп, талқылап алу үшін жиналып отырмыз. Елбасы бұл жолы бүгінгі қоғамдағы аса түйткілді мәселелер – индустрия, жаңа технология, цифрландыру жүйесі, логистикалық инфра­құрылым, қаржы секторы, адами капитал, тиімді мемлекеттік басқару, заң үстемдігі сынды бағыттарды бағдар қылып алуды айтты.
Біздің ауданда біраз жетістіктер бар. Олар ешқайда кетпейді. Ең бастысы, сол табыстарды сақтай отырып, тың белестерді бағындыру. Сондықтан бір сәтке де босаңсуымызға болмайды. Осыған орай Жолдауды халыққа түсіндіріп, нақты істер атқаруымыз керек, – дейді «Нұр Отан» партиясы Көксу аудандық филиаланың төрағасы Алмас Әділ.
Сондай-ақ аудан бойынша барлық елдімекендерде түсіндіру-насихат жұмыстарын жүргізуге, басымдыққа ие 10 бағытқа сәйкес, атқарылар шаруалар бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Активке қатысқан аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, мекеме жетекшілері, қоғамдық ұйымдар мен саяси партия өкілдері Елбасының биылғы Жолдауын бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.

Болат Абаған,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*