Вьетнаммен келісім қаралды

617
0
Бөлісу:

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында Қазақстан мен Вьетнам арасындағы «Ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

2017 жылғы 15 маусымда Ханойда жасалған шарт әрбір уағдаласушы мемлекеттің өз аумағында болатын, ұстап беруге жататын қылмыстар үшін қылмыстық қудалау немесе сұрау салушы тараптың аумағында соттың үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан адамды ұстап беруіне ба­ғытталған. Құжат әр тарап үшін қылмыскерді ұстап беру және ұстап беруден бас тарту үшін негіздерді реттейді.
Комитет отырысында айтылған деректер бойынша, қазақстандық соттың әділ қазылығынан Вьетнамда жасырынып жүрген немесе вьетнамдық билік біздің елден іздеу салған тұлғалар дәл қазір жоқ. Сонымен қатар шарттың алдын алу сипаты бар екенін ескерсек, шарт жасасу қылмысқа қарсы күрес саласында тиімді ынтымақтастықтың құқықтық негізін қалыптастырады.
Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, бүгінде Қазақстан алыс шетелдерден экстрадициялау туралы екіжақты 19 конвенция жасасқан.
Қа­зақстан ТМД елдері бойынша Кишинев және Минск конвенцияларының негізін­де жұмыс істейді, ал Латын Америкасы елдерімен ынтымақтастық экстради­циялау Америкааралық конвенцияға сәйкес жүзеге асырылады. Жақында болашақта Бразилия, Македония, Грекия және Куба елдерімен осындай келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Яғни, қылмыскерлердің қашу өрісі барған сайын тарыла түседі.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*