Үнемдесең, үйлі боласың

1476
0
Бөлісу:

Былтыр ел тұрғындары «Қазақстанның Тұрғын­үйқұрылысжинақ банкінен» 390 мың жаңа депозит келісімшартын ашқан. Осындай рекордтық көрсеткіш жасалғанын «Қазақстанның Тұрғын­үйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова өткен жыл соңында Facebook парақшасында жазды. Дегенмен салымшылардың 50 мыңы депозиттік есепшотын толықтырмаған. Ең бастысы – олардың ниет етіп, есеп ашқандығы. Ашылған депозитке алдағы уақытта міндетті түрде айналып соғары анық. Кез келген салымшы банктен депозит ашарда он ойланып, жүз толғанып қадам жасайтыны ақиқат. Оның үстіне, әлеуметтік мәселесін шешу үшін жасалған қадам алдағы уақытта аяқсыз қалмайды деп ойлаймыз.

Баспана, тұрғын үй жайлы ай­тылған кез келген әңгімеге қай­сы­мыз болсақ та құлағымызды түре қаламыз. Өйткені бұл – бәрімізді де қызықтыратын басты тақырып­тың бірі. Үй бәрімізге де керек. Бір үйге қол жеткізу – кез келгеннің арманы. Баспанасы барлардың өзі бұл тақырыптан шет қала алмайды. Себебі, әр отбасы да болашағынан үміт күтіп, ұл-қыз өсіріп отыр.
Өткен жылы жаңадан келісім­шарт­қа отырған 390 мың салым­шы­ның 340 мыңы – нақты келіп, кемінде 15 мың теңгеден салым сал­ған­дар. Былтыр 27 мың қазақ­стандық отбасы осы банктен несие алып, жаңа қоныстойын той­лады. 13 мың салымшы алдын ала немесе аралық заемнан бес­пайыз­дық тұрғын үй заемына ауыс­ты. Демек, 40 мың тұрғын өт­­кен жылдың өзінде осы банк ар­қылы өз тұрғын үй жағдайын жақ­сартқан.
Ләззат Ибрагимова өз пос­тын­да тұтынушыларды үш категорияға бөледі. Біріншілер – «түзу» салым­шы­лар. Олар – өте талапкер, мақ­сатқа ұмтылған және көп оқыған адам­дар. Банкирдің пікірінше, он­дай клиенттер баспана үшін бар­лық ереже бойынша ақша жи­най­ды. Ол келісімшарт сомасын өз қар­жы жағдайына байланысты таң­дайды және тек қана тұрғын үй заемын алады. Ол банктің барлық ережесін жақсы біледі және тіпті жұмбақ бағалау көрсеткішін де өз бетінше есептей алады. Бір депо­зитте ай сайын 40 мың теңгеге жуық ақша жинақтайды. Жылына ша­мамен 480 мың теңге. Ол банк­тен жылдық 2 пайыздық үстемақы мен 20 пайыз мемлекеттік сыйа­қыны – бір депозит үшін максимум 90760 теңге алады. Осылайша, бес жылда шамамен 4 миллион теңге жинақтайды. Өйткені мемлекеттік сыйақы жыл сайын ұлғайып оты­рады. Әдетте, мұндай бастамашыл са­лым­шылардың кірісі де жыл өткен сайын өсе түседі. Бес жылда белгі­лен­ген соманың 50 пайызын жи­най­ды да, қалған 50 пайызын ТҚЖБ-нен рекордты төмен 5 пайызбен, шамамен 10 жылға ала­ды.
Банктің басқарма төрайымы­ның пікірінше, осындай түзу клииент­тердің уақыты келді, өйт­кені тұрғын үй бағасы теңгемен ба­ғаланатын болды және соңғы үш жылда бір деңгейде тұр.
Ләззат Ибрагимова келесі ка­тегорияға жататындарды «жедел» клиенттер деп атады. «Мұндай адам­дар «Тұрғынүйқұрылысжи­нақ- банкі» туралы бірдеме естіген де бір кездері депозит ашқан, бірақ ақша жинақтамаған, неге десеңіз теңгемен ақша жинау мәселесіне күмәнмен қарайды, доллар сатып алып, оны басқа банкке салған. Барлық туған-туысы жабы­лып жүріп көптен күткен пәтер со­ма­сының 50 пайызын тапқан. Оның ең басты ерекшелігі – қ­о­лында төрт миллион теңге дайын және ертең немесе бірсүгүні, яғни те­зірек сегіз милион теңгенің пә­терін сатып алғысы келеді. Міне, «жедел» клиенттердің бейнесі осын­дай. Мұндай клиенттер тұрғын үй жинақ жүйесі ұсынған мүмкіндіктерді жіберіп алады. Мысалы, «жедел» салымшылар тек қана 8,5 пайыздық үстемақымен берілетін ипотекалық несиелерге ғана үміт арта алады. Тұрғын үй құнының барлық сомасы осы пайыздық үстемақымен есептеле­ді. «Түзу» клиент үшін қолжетімді жағдайға ол үш жылдан кейін ғана өте алады. «Алғашқы үш жыл өт­кенде ол да «түзу» клиенттің жағ­дайына ауысып, қалған төрт мил­лион теңгені жылдық 5 пайыздық үстемақымен төлеуге көшеді. «Же­дел» қлиенттің банкке көңілі толмайды, барлық форумдар мен әлеуметтік желілерде ренішін біл­діріп, Тұрғынүйқұрылыс – халық­ты алдап отыр және біз барлық со­маның үстемақысын төлеп жа­тыр­мыз деп байбалам салғанмен, банктен ешқайда кетпейді. Неге десеңіз, айқай-шу шығару бір басқа да, ақша санау – басқа мәсе­ле. Несие жөніндегі жалпы артық төлеу кез келген коммерциялық банктермен салыстырғанда бәрібір төмен. Белгілі бір мерзімде, анығы пәтердің жалпы сомасының 50 пайызын құйғаннан кейін ол тұр­ғын үй заемына ауысады да, несие­ні жылдық 5 пайыздық үстемақы­мен төлей бастайды.
Ибрагимова ха­нымның ай­туын­ша, салым­шы­лардың үшінші түрі – жеке бас­панасы мүлдем жоқ, «нақты» клиенттер. Мұндай са­лым­шылар тұрғын үй жинақ жүйе­сін тұрғын үй мәселесін шешетін мүм­кіндік деп қарайды. Олар ТҚЖБ есебіне кесте бойынша ақ­ша сала алмайды. Ол «Қандай үй алсақ та, тек өзіміз­дікіне төлесек болғаны!» деп ой­лай­ды. Ондайлар отбасын асырап, міндетті төлем­дерді төлеу үшін екі-үш жерде жұ­мыс істейді және сөйтіп жүріп айына 10 мың теңге болса да жинақ жасайды. Үмітін үзбей кейде тіпті тұтас демалыс/емдеу жәрдема­қы­ларын да салады. Мұндай салым­шы­лар, әсіресе жастар көбіне туыс­тарымен бірге тұрады. Сол кез­де шығыс және кіріс жөнінде жос­парлау жеңілірек болады. Бұл – ұят емес, қайта ақыл­ды және үнемді қадам. Кіріс пен шығысты бүкіл отбасыға бө­ліп, алдағы күнді жоспарлау са­лымшыға жеңілірек бо­лады. Біздің «нақты» клиент жақ­сы өмір іздеп ауыл­дан қалаға таяуда келген болуы мүмкін. Оның табысы үнемі тұрақты емес. «Нақты» клиент ТҚЖБ есебіне тұрақты жарна салм­ай­ды және ол аз көлдемдегі сома болуы да мүм­кін. Үш жылдың ішінде жинағаны миллион теңге­ден аспайды. Мұн­дай категория­дағы­ларға «Нұр­лы жер» мемле­кет­тік бағдарлама­сы­ның баспаналары кө­бірек сәйкес келеді. Биыл «Тұр­ғынүйқұрылыс- жинақбанкі» нақ­ты клиенттер үшін берілетін пәтер санын екі есе арттырмақ. «Біздің нақты клиен­ті­мізге баспанаға қол жеткізу бәрі­нен де көбірек еңбек­пен келеді, бірақ ол берілмейді, оның диванда созылып жататын уақыты жоқ. Сондықтан оған тек нақты әрекет етуден басқа амал қал­майды» дейді ол.
Біз ТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың ФБ-дағы ойын тұтас беруді жөн санадық. Өйткені – бұл кез келген «бас­па­налы болсам, банктен депозит ашсам» деген тұрғынға пайдалы кеңес. Бір айта кетерлігі, банктің кез келген бөлімшесіне қалаған уақытыңызда барып, кеңес алып, білмегеніңізді сұрау үшін еш қы­сылмаңыз. Білікті кеңесшілер жағдайды бүге-шігесіне дейін, бар ынтасымен байыппен түсіндіреді. Салымшылардың пікіріне қара­ғанда, банк мұндай қызметті жақ­сы жолға қойған.
Банк салымшыларын алаң­да­тып отырған бір мәселе бар. Ол – биыл банктің жекешелендірі­л­е­тін­дігі. Ләззат Ибрагимова таяуда бұл мәселеге де тоқталып, мемлекет банк­тің негізгі акционері болып қала беретінін және барлық әлеу­меттік қызметі мен міндетін сақтап қалатынын жалпақ жұртқа жария етті. «Мемлекет басшысы өз Жол­дауын­да «Тұрғынүйқұрылысжи­нақ- банкінің» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімділігін ерек­ше атап өтті. Банк халықтың кең ауқымды бөлігіне қолжетімді баспана жасады. Бүгінде банк іздеп отыр­ған стратегиялық серіктес те осы бағытта жұмысты жақсарта тү­суге көмектесетін болады. Ол ТҚЖБ-нің ары қарай сапалы түрде дамуын қамтамасыз ететін халық­аралық тәжірибесі бар мамандан­ған, тұрақты қаржы институты болуы тиіс. Мұндай мәміледен бі­рінші кезекте біздің клиенттеріміз ұтады, олар анағұрлым технология­лық қызмет пен ең тиімді өнімдерді ала­тын болады» дейді. Оның айтуынша, қазіргі несиелендіру үсте­мақысы жөніндегі жеңілдік шарттары толық көлемде сақ­та­лады. Тағы бір маңызды мә­селе – инвестордың келуі банктің са­лым­шылар үшін мемлекеттік сыйақы төлеуіне әсер етпейді. Оның тө­ленуі жөніндегі норма «Қазақстан рес­публикасының тұрғын үй жи­на­ғы туралы» заңында бекітілген.
Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Тұрғынүйқұры­лысжинақбанкі» мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырушы басты оператор ретіндегі жұмысын жалғастыра береді. Өт­кен жылы осы шеңберде ТҚЖБ желісі бойынша 8672 пәтерлі 145 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Биыл да 7981 пәтерлі 95 үй мен Алматы, Жамбыл, Сол­түстік Қазақстан және Ақтөбе об­лыстарында 414 жеке коттеджді тап­сыру жоспарланып отыр.
Парламент мәжілісі депутаты Айқын Қоңыров та ТҚЖБ-нің же­кешелендірілуі жайлы өз пікірін білдірді. Депутаттың айтуынша, банк­тің жекешелендірілуі халық­тың салымына әсер етпейді. Басым бөлігі Депозитті кепілдендіру қо­ры­мен кепілдендірілген. Егер банк жекешелендірілсе, сонша­лық­ты мәселе туындай қоймайды. Өйтке­ні 10 миллионға дейінгі сома сақ­тандырылған. Жинақталған ор­таша чек бұл сомадан аса қой­майды. Неге десеңіз, қолында 10 мил­лион теңгесі бар адамдар ТҚЖБ жинағынсыз, бірден бас­пана сатып алуға мүмкіндігі бар. ТҚЖБ жобалары мемлекет сәтті жобаларды басқара алатынын дә­лелдеп берді.
Биыл алғаш рет тұрғын үй құры­лыс жинағы үшін мемлекет-тен 20 пайыздық сыйақыны 1 миллион 2 мың 738 адам алады. Демек, осын­ша адам таяу жылдары бас­пана мәселесін шешуге білек сы­ба­на кірісіп, ТҚЖБ-нің тұрақты са­лымшысына айналып отыр.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын бюджеттік несие түрінде 24 миллиард теңге бөлу қарастырылып жатыр. Бұл ақ­шаны банк салымшылары алдын ала және аралық тұрғын үй заемы ретінде 5 пайыздық жеңілдікпен ала алады. Ол үшін ТҚЖБ-дегі есеп­шотында 30 пайыздық мини­малды алғашқы жарна болса бол­ғаны. Өткен жылы банк мемлекет­тен бөлінген 30 миллиард теңгені игерді. Бұл қаражатқа 3488 қазақ­стан­дық отбасы «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша өз баспана­сына қол жеткізді. Ыждаһаттылық­пен басталған іс қашанда нәтиже­сін берері сөзсіз. Сондықтан жай­лы баспаналы болуды мақсат тұт­қан әрбір тұрғын мұндай мүмкін­діктен қалыс қалмауы тиіс.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*