ЕАЭО: ҮМІТ ПЕН КҮДІК

1244
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында ЕАЭО мүше болуымыз Қазақ елінің ең басты 33 нәтижесінің бірі ретінде баяндалған. Өйткені Президент 1998 жылы ТМД реформалау туралы талпыныс жүзеге аспады деп жазады. Сондықтан да Елбасы Кеден одағы мен ЕАЭО құру туралы бастама көтергені көпшілікке белгілі. Қазіргі таңда аталған ұйым құрылып, өз жұмысын жүргізіп жатыр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Кеден одағы мен ЕАЭО туралы жан-жақты жазылған. Бұл туралы Президент «1990 жылдардың ортасында, ықпалдастық туралы ұсыныстар қайта күшейген кезде, Кеден одағы идеясын толықтай қолдадым. 1995 жылдың 20 қаңтарында Қазақстан, Ресей және Беларусь үкіметтерінің басшылары Кеден одағын құру жөніндегі келісімге қол қойды. Бір жылдан аса уақыт өткенде, 1996 жылдың 29 наурызында, дәл сол елдер және осы одаққа кейіннен қосылған Қырғызстан экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету жө­нінде келісімді бекітті. Соған сәйкес, бірлескен басқару ор­ганы – Мемлекетаралық кеңес Интеграциялық және Пар­ла­ментаралық комитеттер құрылды. Күтпеген жерден болған қаржы дағдарысы көптеген жоспарларға, оның ішінде әуелі құрылысы баяулап, кейіннен мүлде тоқтаған Кеден одағын құруға да бөгет жасады. Дегенмен еуразиялық ықпалдастық жоба­сы уақыты кел­генде жүзеге асатынына еш күмәнданған жоқпын» деп жазады.
Иә, Президент айтқан Кеден одағы 2010 жылы құрылып, өз міндетін орындады. Сондай-ақ 5 жылдан кейін Қазақстан мен Ресей және Беларусияның бас­тамасымен Еуразиялық эко­номикалық одағы құрылды. Осы ретте қоғам арасында Кедендік одақ пен ЕАЭО құрылуына қарсылық болғанын айтып өткен жөн. Олардың басты уәжі Кеден одағы Кеңес Одағына алып келіп, Тәуелсіздіктен айырады деген сөз болып еді. Алайда Президент «Егер де қан­дай да бір бірлестіктер елі­міздің тәуелсіздігін, біздің конституциямызды шектейтін болса, біз дереу ол ұйымның құрамынан шығып кетеміз» деп мәлімдеген болатын.

1994 жылдың наурызында Президент Н.Назарбаев алғаш рет Еуразия одағын құру жөніндегі идеясын жария етті, кейіннен ол толық жүзеге асты. 2010 жылы Кеден одағының, 2011 жылы Біртұтас экономикалық кеңістіктің және 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы нәтижесінде, қалыптасқан ірі аумақтық сауда-экономикалық блогына қол жеткіздік.

Елбасы Еуразия эконо­мика­лық одағының құрылуын Тәуелсіздікке еш нұқсан келтір­мейтінін «Тәуелсіздік дәуірі» кі­табында да жазған. Сондықтан да Президент Қазақстанның Кеден одағы мен ЕАЭО құруға бар күшін салғанын баяндайды. Бұл туралы Н.Назарбаев «2012 жылдың желтоқсан айында Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары үкіметтерге ЕАЭО туралы келісім жобасын дайындауды тапсырды. Жобаның әрбір сөзін жеке талқылап, өзара келісу жөнінде ауыр да, қауырт жұмыс басталды. Қазақстандық делегацияның экономикалық интеграцияны саясиландыруға жол бермеу, ЕАЭО ұйымдарындағы тең мүм­кіндіктер, шешімдерді ортақ мәмілеге келіп қабылдау, келі­сімнен шығу мүмкіндігі, консти­туциялық құ­қықтардың үстемдік құруы, үшінші елдер алдындағы еге­мен­дік теңдік және аймақтық тұ­тас­тық міндеттемелерінің сақ­талуы, ұлттық мүдделердің ескерілуі сияқты барынша дәл нұсқауларын айқын көрсеттім. Бұлардың барлығы да біздің келіссөз жүргізушілер мүлтіксіз орындады» деп жазады.
Елбасының келіссөз жүр­гізетін қазақстандық делегацияға ең негізгі мәселелерді мықтап тапсыруы тегін емес. Өйткені белсенді азаматтар Еуразия эко­номикалық одағын Тәуелсіздікке нұқсан келтіретін қатер ретінде қарастырғанын жоғарыда жаздық. Алайда Үкімет көпшіліктің күдігін сейілтіп, ұлттық мүддені батыл қорғай алды. Мәселен, Еуразия экономикалық одағы аясында ортақ валюта қабылданады деген ұсынысқа Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов нақ­ты жауап берді. Оның айтуынша, бұл сұрақ мүлде талқыланбайды. Сондай-ақ ол одақ жанынан құрылған комиссия бұл мәселені күн тәртібіне қоймағанын және тараптар қазір ақша-несие сая­сатын, қаржылық мәселелерді шешуді мақсат етпейтінін ашық мәлімдеген болатын.
Бұдан бөлек кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан ортақ парламент құру туралы пікірлер айтылғаны белгілі. Бұл мәселеге байланысты белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин: «Еуразиялық парламент құру туралы әңгімеге Ресейдің қалауы деп қана қараған жөн. Оқтын-оқтын Еуразиялық парламент құру жөніндегі ке­лісімдер болыпты-мыс деген тұр­ғыда әңгіме таратылып жүр­генімен, шын мәнінде ондай ештеңе де жоқ. Еуразиялық парламент және өзге де осы сияқты идеялар интеграциялық процеске қатысушы басқа тараптардың стратегиялық мақсаттарында түбірімен жоқ. Соның ішінде, біздің еліміз мұндай мақсатты көздемейді. Жақын уақытта да, ортамерзімді перспективада да, тіпті болашақта да ондай парламент құрылмайды» деп батыл мәлімдеме жасаған болатын.
Еуразия экономикалық одағы туралы айтқанда үміт пен күдікке толы кезеңдерді айтпай кету мүмкін емес. Алайда ел Үкіметі азаматтардың талап-тілектерін ескеріп, ұлттық мүддені қорғай білді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*