Көмір тапшылығы: себеп пен сабақ

Екі жылдың тоғысында халық қабырғаға батқан екі бірдей «дағдарысты» өткерді. Бұл ретте бензин жетіспеушілігіне қатысты дүрбелеңінен кейін іле-шала көмір тапшылығы энергетика шенеуніктерінің басына тас болып тиді. Олар тағы да әртүрлі түсініктемелер табуға мәжбүр. Бір қызығы, бұл жолы да жауапты тұлғалар «ешқандай тапшылықтың» жоқтығына сендіріп бағуда.
Егер ресми статистикаға жүгінсек, жұртшылық биыл қатты отыннан еш таршылық көрмеуге тиістей. Өйткені өндіріс көлемі қайтадан артуда. Мәселен, 2011 жылы Қазақстандағы көмір өндіруші компаниялар 110 млн тонна шикізат шығарып, өндірісті 2010 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға немесе 4,7 млн тоннаға арттырған. Оның 76,5 миллионы – ішкі нарыққа жеткізілген, ал 33,5 миллионы шетелге сатылған. Соның ішінде Ресей электр стансалары 25,4 миллион тоннасын бір өздері тұтыныпты.
2012 жылы жағдай сәл өзгереді: өндіріс көлемі тағы 4,3 миллионға өсіп, 114,3 млн тоннаға жетеді. Оның 81,5 млн тоннасын өзіміз жағыппыз. Экспорт 32,8 млн тоннаға дейін кеміген. Өйткені қазақ көмірі алыс шетелде бағасына байланысты өзге жеткізушілерге бәсеке құраудан қала бастаған. Алайда РФ электр стансалары бізден отын импорттауды 27,5 млн тоннаға дейін арттырды.
Келесі 2013 жылы көмір өндірісінің қорытынды көрсеткіші небәрі 112,8 млн тоннаны құрап, алдыңғы жылғыдан 1,5 млн тоннаға кем болып шыққан. Мұның 74,3 млн тоннасы ішкі тұтынысты жапты. Рас, жалпы экспорт жүз мың тоннадайға артып, 32,9 миллионды құраған. Бірақ өз электр стансаларын Кузбасс көміріне қарқынды түрде қайта бағдарлаған солтүстік көршіміз бізден таситын қатты отын көлемін 24,9 млн тоннаға дейін түсірген.
Одан кейінгі жылдары экспорттық өрісінің тарылуына байланысты көмір шығару көрсеткіштері төмендей берді. Нәтижесінде, 2015 жылы 102,2 млн тоннасы ғана алынды. Экспорты да небәрі 29,2 млн тоннаны құрады.
Бірақ қазіргі кезде сандар қайтадан биікке өрлеуде. Мысалға, өткен жыл қорытындысында көмір өндіру 106,4 млн тоннаға жеткізілді. Яғни, 2016 жылмен салыстырғанда, 108,6% пайыз өсті. Жаңа 2018 жылы көмір өндірісі 107 млн тонна межесіне көтеріледі деп жоспарлануда.
Энергетика министрлігінің мамандары отандық көмір өндірісінің бұрынғы биік белестеріне шыға алмай, одан төмендеу асуларды бағындыруға қанағат қылуына негізінен сыртқы нарықтардың қазақстандық көмірден теріс айнала бастауы себеп болғанын алға тартады.
Біріншіден, Ресей үкіметі 2014 жылғы 21 маусымдағы өкімімен 2030 жылға дейінгі «Ресей көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасын» қабылдады, оған сәйкес, солтүстік көршіміз өз электр стансаларын қазақстандық, дәлірек айтқанда, екібастұздық көмірден Кузнецк бассейнінің (қысқаша «Кузбасс») көміріне алмастыруға ден қойды. Салдарынан, одан кейінгі жылдары отандық көмір компаниялары ресейлік жеткізушілердің бұрын өтінім берген көлемдерден бас тартатындары туралы хаттарының астында қала бастады.
Содан 2014 жылғы 19 маусымда Қазақстан үкіметі сол кездегі РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары И.Шуваловтың атына №17-33/И-85 хатын жолдап, 2015-2020 жылдарға арналған Ресей кәсіпорындарының Қазақстан көмірін тұтынуының Бірлескен индикативтік теңгерім-балансын әзірлеу мәселесін көтерді. Аталған құжатта жаңа жағдайда ресейлік энергетикалық кәсіпорындардың қазақстандық көмірді тұтынуының алдағы бес жылдағы нақты көлемдері көрсетілуге тиіс-тін. Бұл біздің өндірушілер өз өндірісін жоспарлай алуы үшін қажет еді.
Өйткені өзге кендерден айырмашылығы сол, көмір өндірісі мен жөнелтілімі тек маусымдық сипатқа ие. Өздігінен жану және эндогендік өрттердің туындау қаупіне байланысты көмір қоймада ұзақ уақыт үйіліп жата алмайды.
Ақыры 2014 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының үкіметаралық комиссиясының 17-отырысы өтті. Жиын хаттамасының 4.5 тармақшасына сәйкес, екі елдің энергетика министрліктеріне, мүдделі шаруашылық субъектілермен бірлесіп, 2015 жылдың І тоқсаны үдерінде Бірлескен индикативтік балансты әзірлеу және келісу бойынша кеңес-консультациялар өткізу жүктелді. Артынша ақылдасу үшін Энергетика вице-министрі Б.Жақсалиев бастаған қазақстандық делегация Мәскеуге аттанды. Бірақ екіжақты кеңестер нәтиже әкелмеген.
Кейін Қазақстан сол құжатты әзірлеу туралы өтініш айтып, РФ Энергетика министрлігіне әлденеше рет хат жолдайды. Жауап тек 2015 жылғы 7 қыркүйекте келген: №12-300-М/Д нөмірлі ол хатта Ресей Энергетика министрлігі «көмір бойынша индикативтік баланс туралы келісімге келу қандай да бір екіжақты не көпжақты уағдаластықтармен қарастырылмағанын» айтып, сырғытқан.
Ресей Энергетика министрлігінің ұстанымынша, қалыптасқан жаңа жағдайда көмірге қатысты баланс-теңгерім бойынша келісу орынсыз. Өйткені «ресейлік қуат өндіруші компаниялардың энергетикалық жабдықтарын жаңғырту (қазақстандық көмірден жергілікті көмірге ауыстыру) экономикалық тұрғыдан негізді және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ортақ нарықтағы бәсекелестік жағдайындағы шаруашылық субъектілерінің экономикалық мүдделеріне жауап береді». Барлығы осымен тынды.
Қазақстандық көмірдің алыс шетелдегі өтімділігіне келсек, 2017 жылы шетелге 4,2 миллион тоннасы экспортталған. Оның ішінде Финляндия 3,2 миллионын, Жапония – 89,3 мың тоннасын сатып алған. Өзге елдерге, соның ішінде Еуропа мемлекеттеріне – 958,6 мың тоннасы сатылған. Бірден айта кетелік, алыс елдер Қазақстаннан тек шұбаркөлдік көмірді ғана алады. Жалпы, былтыр экспортқа 29,3 млн тонна көмір шығарылды.
Сарапшылар көмір экспортының келешегінен үлкен үміт күтпейді. Еуропа елдерінің энергетикалық көмірді тұтыну үлесі елеулі түрде, яғни қазіргі жаһандық сұраныстағы 30%-дан 2025 жылға қарай 18%-ға дейін қысқарады деп болжануда. Өйткені дамыған елдер жаңғыратын қуат көздерінен жылу және электр энергиясын өндіруге мықтап ден қойды. Көмірмен жұмыс істейтін стансалар «парник эффектісін» күшейтіп, Жер – Ана қызуының көтерілуіне ықпал ететін көрінеді.
Оның үстіне, бүгінде осы салада әлем бойынша Индонезия мен Австралия үстемдік етеді және олар көмір жеткізуді қарқынды түрде өрістетуде. Еуропадағы сұраныстың азаюы ауанында бұл жаһандық нарықтың өніммен шектен тыс молығуына соқтыруда. Кесірінен, бағалар да төмендеуде.
Энергетика министрлігі қазақстандық энергетикалық көмірді Еуропаға экспорттау тиімсіз болып бара жатқанын ашық мәлімдейді: көліктік-тасымал шығындарының жоғары болуына байланысты отандық шикізат ол нарықта бәсекеге қабілеттілігін жойған. Оның үстіне елімізде ірі кен орындары арасынан тек Шұбаркөл ғана жаһандық экспорттық стандарттарға сәйкес келеді екен. Өзгесі шығаратын күлінің көп болуына және беретін жылуының салыстырмалы түрде төмендігіне байланысты экспорттық нарықта тек 30%-дан 50%-ға дейінгі жеңілдік-дисконтпен саудалана алады. Бұл, әрине, отандық өндірушілерге экономикалық пайда әкелмесі анық.
«Энергетикалық көмірдің әлемдік бағаларының төмендеуін, жоғарғы тасымал шығындарын және сапасына орай дисконтты есепке алғанда, қазақстандық көмір әлемдік экспорттық нарықта бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан 2030 жылға дейінгі перспективада Қазақстанның ішкі нарығы – көмірге деген сұраныстың басты көзі болып қалады» деген байлам түйеді Энергетика министрлігі.
Сала толықтай дерлік өзімізге бағдарланатын болса, ендеше көмірдің бағасы да халқымыздың төлем қабілеттілігіне сәйкес төмен болуға тиістей. Алайда өкінішке қарай, көмір бағасы жыл өткен сайын қымбаттап келеді. Бұл ретте аймақ түгіл, елорданың өзінде қатты отынның құнын құрықтап ұстау мүмкін болмапты. Астана әкімдігі «бас қалада көмір тапшылығы байқалмайтынын» мәлімдей келе, сонымен бірге көмір бағасы көтерілгенін хабарлайды.
«2018 жыл басынан бері Астана қаласына әртүрлі маркадағы 321 мың тонна көмір жеткізілді. Қала әкімдігінің БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жүргізген ақпараттандыру жұмыстарының арқасында қала тұрғындары көмірді тікелей және қолжетімді бағаға сатып алуда. Халық арасында «Шұбаркөл» маркалы көмірі ең үлкен сұранысқа ие. Өткен жылдың желтоқсанында жеткізу құнын қоспағанда, оның бір тоннасы 11 500 теңге тұрды. 2018 жылдың 4 қаңтарынан бастап, шұбаркөлдік көмір бағасы 1000 теңгеге өсті. Бұған оның тауар биржасындағы саудалану құнының көтерілуі, жанар-жағармайдың қымбаттауы, сонымен қатар теміржол вагондарын стансадан тұйыққа және кері бағытта жеткізу бойынша маневрлық жұмыстар құнының өсуі ықпал етті» деп құлағдар етті әкімдік. Бірақ бұл көмір қала маңында жеткізу құнын қосқанда, 17500-18 000 теңгеге сатылуда.
Айтқандай, отандық нарыққа күні қарап қалғанына қарамастан, көмір жеткізушілер қараулық танытып, қатты аяздан қысылған халықтың жоғары сұранысын пайдаланып, бағаны сыбайласқан түрде көтеріп жібергені анықталуда. Осы аптада Оңтүстік Қазақстан облысында табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің департаменті көмір сатушылардың мәмілелескенін әшкере етті. Тексерілген кәсіпкерлердің көпшілігі бағаны екі есеге дерлік өсірген.
«Тексерілген 13 көмір сатушы ұйымның тоғызы заңнаманы бұзып, бағаны көтеруге уағдаласқан. Халық арасында көмірге қатысты дүрбелең болған тұста бағаны қымбаттата қойған. Нәтижесінде, баға 13 мың теңгеден 20 мыңға дейін жоғарылады» деп мәлім етті департамент басшысының орынбасары Бауыржан Таштанов. Оның ақпарынша, заң бұзғандарға жалпы сомасы 9 миллион теңге айыппұл салынған.
Мұның сыртында, халық көмірдің сапасының төмендеп кеткеніне де шағымдануда. Былтыр «Көкшетауда түсірілген» делінген, ғаламтор арқылы тараған бейнежазбада қаладағы әлдебір тұйықта саудагерлердің бұрыннан жатқан ескі көмірді жаңа көмірмен араластыру талабы көрсетіледі. Оны талдаған сарапшылар жылдар бойы жатып қалған көмірдің ұсақталып, сапасын жоғалтатынын, оны жаңа көмірге қосса, өнімнің барлық компоненттері нашарлайтынын, қарапайым сөзбен айтқанда, мұндай көмір жанбайтынын айтады.
Өз кезегінде, Энергетика министрлігі де көмір сапасының нашарлауына қатысты түсініктеме берді. Вице-министр Бақытжан Жақсалиевтің айтуынша, осыған қатысты шағымдар тек тұрғындардан ғана емес, қуат өндіруші кәсіпорындардан да келіп түсуде.
«Үш күн бұрын «Согрин жылу электр орталығы», сондай-ақ «Өскемен ЖЭО» ЖШС «Қаражыра» разрезінен жеткізілген көмірдің жай тастармен араластырылғанына шағымданды. Біз көмір өндіруші кәсіпорындар өкілдерін шақырып, түсініктеме алудамыз. Бірақ бұл тау-кен жұмыстарымен байланысты болуы мүмкін» деген Б.Жақсалиев өзара бекітілген келісімге сәйкес, көмір сапасының нашарлығынан келген шығынды энергетикалық компаниялар өндіруші компаниялардан сот арқылы өндіріп алулары тиістігін жеткізді.
Алайда ешқандай келісім бекітпейтіндіктен, қарапайым бұқара бұл мәселені сот арқылы шеше алмайтыны жасырын емес. Бас энергетиктің орынбасары бұл жағдайда көмір сапасын жергілікті әкімдіктер бақылауға алуы керектігін айтады: «Халыққа, тұрмыстық тұтынушыларға сапасы нашар өнімді басқа маркамен сатады. Яғни, басқа көмірді «Шұбаркөл көмірі» деп қымбат бағаға өткізеді. Бұл көмір тиелген жүк көліктері жиналып тұратын белгілі бір алаңқайларда орын алады. Олардың көмірінің сапасын қарапайым адам тексере алмайды, мақтағанына сеніп, сатып алады да, артынан «жанбайды» деп шағымданады. Мұны біздің министрлік бақылай алмайды. Оны жергілікті атқарушы органдардағы әріптестеріміз қадағалауға тиісті» деп қол жаяды Энергетика вице-министрі.
Оның айтуынша, кейбір өңірлерде көмір жетіспеушілігінің туындау себебі, «20 қаңтардан 27 қаңтарға дейінгі аралықта ауа температурасының күрт төмендеуі көмір өндіруші кәсіпорындардың өндіру және жөнелту жұмыстарына әсер еткен». Сондай-ақ вице-министрдің байламынша, кейбір өңірлер қатты аязда тұтыну көлемінің де күрт артатынын болжап, көмірдің қажетті қорын ертерек жинамаған. Мәселен, көмір тапшылығы Алматы облысының Есік қаласында болды, қазір қажетті көлемді қосымша жеткізу жолымен мәселе шешілген екен. Көмірдің өңірдегі орташа бағасы – 15500 теңге көрінеді.
Министрліктің дерегінше, осы аптада Ақмола облысында көмірдің қоры – 85,9 мың, Астанада – 17,2 мың, Ақтөбе облысында – 2,1 мың, Алматы облысында – 77,4 мың, Алматыда – 6,8 мың, Шығыс Қазақстан облысында – 114,7 мың, Жамбыл облысында – 8,9 мың, Қарағанды облысында – 53 мың, Қостанай облысында – 24,3 мың, ал Павлодар облысында – 9,8 мың тоннаны құрады.
Энергетика министрлігі «халықты көмірмен қамтамасыз етуге қатысты жағдай тұрақтанғанын» мәлімдейді. Бірақ биылғы жағдай келер жылға сабақ болса, жөн.
Айхан ШӘРІП