Цифрландырудың келешегі зор

Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев Армения Премьері Карен Карапетянмен кездесу өткізді. Оның барысында тараптар цифрлы технологияларды енгізу және ортақ жобаларды іске асыру саласындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
2017 жылғы қаңтар-қараша айларында Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 5,4 млн долларды құрады. Қазақстанның Арменияға экспорттайтын негізгі өнімдері – аккумуляторлар, көтергіштер мен домкраттар, моторлы көлік құралдарының бөлшектері, мұнай газдары мен көмірсутектер, сорғылар болып келеді. Бүгінде Қазақстанда армян капиталының қатысуымен 268 кәсіпорын қызметтерін табысты жүргізуде. Былтырғы жылғы маусымда «Ереван – Астана» рейсінің ашылуы бизнес ортада және туризм саласында өзара іс-қимылды дамытуға септігін тигізген.
Осы күні Б.Сағынтаев Алматыда Елбасы бастамасымен өткен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы аясында әлемдегі ең ірі ақпараттық технологиялар компанияларының басшыларымен және шетелдік сарапшылармен кездесіп, олармен цифрландыру саласында ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады.
Кездесуге Gartner компаниясының вице-президенті Андреа Ди Майо, Ұлыбритания Үкіметінің технологиялар жөніндегі кеңесшісі Лиам Максвелл, Дүниежүзілік банктің цифрлық стратегия және үкіметтік сараптау жөніндегі кеңесшісі Рандип Судан, Дүниежүзілік банктің ІТ және электроника бағытының басшысы Данил Керими, Ресей мен ТМД-дағы IDC вице-президенті Роберт Фариш қатысты.
Кездесу барысында Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев шетелдік меймандарға Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі міндеттері туралы айтып берді. Қатысушылар сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын және шет мемлекеттер мен ірі компаниялардың цифрлық трансформациялау тәжірибесін талқыға салды.
«Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Біз, үкіметтер, өзара бәсекелеспейміз, сондықтан да бірқатар мәселелер бойынша ынтымақтасуға мүмкіндік бар екенін атап өткен жөн. Цифрландыру процесіне өте көп уақыт жұмсадық, ал енді бүгін өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Сіздерге түрлі елдермен ынтымақтасуға кеңес береміз. Малайзиямен, Сингапурмен ынтымақтастық орнаттық, Уругваймен өзара әрекеттесу жағдайларын жасап жатырмыз» деді Ұлыбритания Үкіметінің технологиялар жөніндегі кеңесшісі Лиам Максвелл.
Дүниежүзілік банктің АКТ секторының басшысы Рандип Судан Алматыда өткізіліп жатқан форумның пайдасы мен түрлі көзқарастарды зерттеудің маңыздылығын атап өтті. Gartner компаниясының басқарушы вице-президенті Андреа Ди Майо әлемдік цифрландыру тәжірибесі туралы айта отырып, уақытша параметрлерге тоқталып өтті.
Дайындаған Айхан ШӘРІП