Бизнестің бір мүмкіндігі – инвестиция

1325
0
Бөлісу:

Биылғы экономикалық саясаттың басты бағыттарының бірі – қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету. Оның тынысын ашып, өрісін кеңей­тетін не? «Инвестиция». Соңғы Үкімет отырысында экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылы инвес­тициялық саясат жеке инвести­цияларды көптеп тартуға, экономи­каны қаржыландырудағы банк сек­торының рөлін арттыруға бағыт­талатынын айтты.

Еліміздегі экономикалық ахуал аймақтағы геосаяси тұрақтылықпен және сыртқы тенденциялармен үндес. Сондықтан «Әлемге ашық» Қаза­қстан экономикасына 2014-2015 жылдары дүниежүзіндегі мұнай баға­сының құл­дырауы да әсерін тигізбей қойған жоқ. Дегенмен қиындықтарға тойтарыс бере алдық. Даму тізгінін қолымызға алып, ұзақмерзімді мақсаттарға жетудің жолына қайта түстік. Өткен жылы көптеген ірі ха­лықаралық ұйымдар еліміздің ЖІӨ-не қатысты болжамдарын жыл орта­сына келгенде қайта өзгертіп, біршама жоғарылатқаны да соның дәлелі. 2017 жылы ЖІӨ 4 пайызға өсті. Ұлттық банк пен Үкіметтің инфля­циялық таргеттеу саясатының арқасында инфляцияны 6-8 пайыз мақ­сатты дәлізінен шығармай «алақа­нымызда ұстадық». Мұндай хабарлар елдегі инвестициялық климатқа да оң әсер етеді.

Одан бөлек, Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумдағы сарапшылар биыл әлемдік экономика 2008 жылғы дағда­рыстан кейін бір қалыпқа келіп орныға түседі деп сендіруде. Форум аясында Халықаралық валюта қоры 2018-2019 жылдары әлемдік экономи­калық өсім 3,9 пайыздық тұрақты көрсеткішке жететінін болжады. 2017 жылғы өсім деңгейі де халықаралық ұйымның күткенінен асып түскен. Осыған дейін жеті құрлықтың да жамбасына батқан дағдарыс алпауыт елдердің үндесіп дамуына кедергі бол­са, бүгін дүйім жұрт аузына қара­ған халық­аралық ұйым әлемдік эко­но­миканың «локомотивтері» бір-бі­рімен ілесіп алға жыл­жиды деген қо­ры­тынды шығарды. Олар­дың қата­рында Еуроаймақта орна­ласқан мемлекеттер, Қытай мен АҚШ бар. Қазақстанның бұл елдермен тығыз экономикалық байланыс орнат­қанын ес­керсек, биыл біздің де есебі­міз түгенделуі тиіс. Әсіресе, инвес­тициялық страте­гия­ны толық жүзеге асыру үшін көп мүм­кіндіктерден қапы қалмауға тиіспіз. Өйт­кені Ұлт­тық банктің деректе­ріне сәй­кес, бізге ең көп шетелдік тікелей ин­вес­тиция келетін елдердің қатарында бірінші болып Нидерланды, одан кейін АҚШ, Швейцария, Франция тұр. Бүкіл әлемнің іскерлік қауымдастығы алдағы екі жылға үмітпен қараса, бір жақсы­лықтың нышаны бізде де байқалары анық.
Қандай мемлекеттің экономикасы болмасын шетелдік инвестицияны дамудың бір мүмкіндігі деп есептеген. Біз де бұл жағынан қалыс қалып жат­қан жоқпыз. Мысалы, соңғы он­жылдықта, нақтырақ айтсақ, 2005 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстанға келген шетелдік тікелей инвести­ция­ның (ШТИ) көлемі 2,6 есеге немесе 160 пайызға ұлғайған. Бұл – «Алматы» аймақтық қаржы орта­лығы» рейтинг агенттігінің мәліметтері. 2005 жылы басталған бұл тренд 2013 жылға дейін тек қана өсіп отырса, одан кейін төмен­дей түскен. Мысалы, 2013 жылы – 16,6%, 2014 жылы – 1,4% , ал 2015 жылы шетелдік тікелей инвес­тиумның келуі рекордты көрсеткішке дейін, яғни 37,8 пайызға дейін қыс­қарған. Агенттік сарапшысы Малика Қалиева мұны энергоресурстар мен металдың әлемдік құнының күрт төмендеуімен және дүниежүзіндегі гео­саяси тұрақсыз­дықпен байланыс­тырған. Бірақ 2016 жылы жағдай қал­пына келді. Эконо­микамызға құйыл­ған ШТИ көлемі бұл жылы 20,6 млрд АҚШ долларына жетті. Ұлттық банк­тің статистикалық мәлі­меттеріне сүйенс­ек, 2017 жылдың алғаш­қы үш тоқсанында ол 15,7 млрд доллар болған.

– Қазақстанға 2005-2016 жылдары 243 млрд АҚШ долларына тең шетелдік тікелей инвестиция тартылған. Бұл – әрине, елдегі жағымды инвестициялық ахуалдың әсері. Мемлекет инвесторларға салықтық және инвестициялық жеңілдіктер арқылы қолдау көрсетуде. Оның ішінде кедендік баж салы­ғынан босату, заттай берілетін мемлекеттік гранттар, инвесторларға арналған «бір терезе» қағидасы бар. Оған қосымша инвестициялық басымдық жобасы бойынша инвестициялық субсидия ұсынылуы мүмкін. Еліміз бизнеске қолдау көрсетумен бірге, республика аума­ғында арнайы экономикалық және индус­триялық аймақтардың жұмысын жолға қойған. Мұның бәрі еліміздің шетелдік инвесторларға ашық екенін білдіреді. EXPO – 2017 мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы секілді ауқымды жобалардың арқасында оның көлемі бұдан кейін де арта түседі деп болжап отырмыз, – дейді М.Қалиева.
Сарапшының АХҚО-ны бекер тілге тиек етпегенін сіз де біз де жақсы түсінеміз. Өйткені бұл орталықтың инвестиция тартудағы әлеуеті орасан. Жақында Үкіметтің баспасөз конференциясында АХҚО басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов алдағы онжылдықта елімізге АХҚО институттары арқылы $40 млрд дейін қаражат тартылатынын айтты.
– Мемлекет басшысы АҚШ-қа ресми сапары кезінде және Давостағы халықаралық экономикалық форумның қатысушыларына арнаған бейнежолдауында халықаралық қаржы және инвестициялық қауымдастық мүшелерін 4-5 шілдеде өтетін Astana Finance Days конференциясы аясында АХҚО инаугурация рәсіміне қатысуға шақырды, – деді Қайрат Келімбетов.
Оның айтуынша, «Астана» қаржы орталығының елеулі мүмкіндіктері әлемдік инвестициялық және қаржы элитасына Astana Finance Days үшкүндік конференциясы аясында ұсынылады.
Бүгінде 20-ға жуық компания орталықтың заңнамасына сәйкес тіркеуге өтінім берген. Жыл соңына дейін олардың санын 5-10 есеге арттыру жоспарда бар. Сонымен қатар Қайрат Келімбетов АХҚО-ның алғашқы 3-5 жылы жобалық қуаттылыққа жетуге жұмсалатынын айтты. АХҚО биржасын 3-5 жыл ішінде өз шығынын өзі өтейтіндей деңгейіне жеткізу жоспарланған.
«Жақында құрылған Дубайдағы, Әбу-Дабидегі әлемнің жетекші қаржы орталықтары сияқты, біз де 3-5 жыл ішінде бюджеттік салымдарға қазіргідей тәуелді болмай, көбіне инвестицияларды тарту мүмкіндігіне басым­дық береміз деп отырмыз. Осы уақыт ішінде АХҚО жұмысының арқасында 3 млрд доллар­дан 5 млрд долларға дейін қаржы тартамыз деген жоспарымыз бар. Бұл біздің пессимистік бағалауымыз деуге болады. Өйткені жалпы алғанда 10 жыл ішінде елімізге АХҚО институт­тары арқылы $40 млрд дейін қаражат тарту көзделген» деді АХҚО басқарушысы.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы жоспарына қалай жеткеніне кезі келгенде көз жеткіземіз. Әзірге еліміздің бас экономисті айтқан мына бағытты құп көріп отырмыз. Тимур Сүлейменов Премьер-министрдің алдында экономикалық саясаттың басым­дық­тарын айқындай келе, «инвестициялық ахуалды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне дейін жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасын табады» деген болатын. Министрдің бұл сөзі шындыққа жанасатындай, себебі жақында Kazakh Invest ҰК басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев ЭЫДҰ-ның өкілдерімен кездесу өткізіп, шетелдік және жергілікті компаниялар арасындағы өндірістік-өткізу байланыстарын жетілдіруге қатысты мәселелерді талқылаған еді.
ЭЫДҰ өкілдері Kazakh Invest Қазақстанға инвестиция тартудың әлеуметтік-экономи­калық тиімділігін арттыру бойынша негізгі тәсілдерді әзірлеуде қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Шетелдік инвестиция­ларды тарту мен шағын және орта кәсіпо­рындар арасындағы байланысты нығайту экономикалық белсенділікті арттыруға, сапа стандарттары мен бәсекеге қабілеттілікті ұлғайтуды, жаңа технологияларды трансферт­теуді, ноу-хауды, басқару құзыреттерін қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді.
Дамыған елдерде экономикадағы биз­нестің үлесі орасан зор екенін ескерсек, ойға ЭЫДҰ өкілдері отандық бизнеске деген ин­весторлар­дың қызығушылығын арттырудың жолдарын ұсынар ма екен деген ой оралады. Неге? Себебі, біздегі сырттан келетін және ішкі инвес­тицияның едәуір бөлігі шикізат секторына тиесілі. Макроэкономикалық зерт­теулер орталығы директорының орынбасары Қуаныш Бейсенғазиннің пікіріне сүйенсек, барлық инвестицияның 35 пайызға жуығы осы нарықтың еншісінде екен. «Инвестиция салғаны – бір бөлек, ал оның қайтарымы бар. Өткен жылы салынған инвестицияға қара­ғанда, инвесторлардың дивидендтерді алып кетуі көбейген. Мұны жағымды тенденция деп есептеуге келмейді, бірақ компаниялардың дивиденд төлеуге қауқары болса, бұл еліміздегі бизнестің өрге домалап келе жатқанын да көрсетеді» дейді ол.
Үкімет 2017 жылды алдын ала бағалау арқылы қорытындылағанда негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 5,5 пайызға артқанын хабарлаған еді. Оның ішінде инвестиция тартуда көш басында келе жатқан – ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс және өнеркәсіп салалары. Қ.Бейсенғазин негізгі капиталға құйылған инвестицияның өзі мемлекеттік, бизнестің өз қаражаты және қарыз ақшалардан тұратынын айтып қалды. Сарапшы пікірі «біздегі жағдайға сәйкес мұндай инвестицияның негізгі бөлігі – бизнестің өзін-өзі дамытуға бағыттаған қаражаты» дегенге саяды. Ендігі жерде мем­лекет те жаңадан қабылданған экономи­калық саясат арқылы бизнеске қолдау көрсетудің тың тетіктерін қалыптастырып, жеке инвестор­лардың оған деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасаса, мақсатқа жетер күн де алыстай қоймас. Бірақ ол үшін кәсіпкерлікті әкімшілік және басқа да кедергілерден арылту қажет. Бұл – талқылауды қажет ететін тағы бір тақырып.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*