Елбасы партия алдына міндет қойды

1520
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында болды. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты таныстырды. Елбасы сондай-ақ екі жылдай осы лауазымды атқарып келген Мұхтар Құл-Мұхаммедке сіңірген еңбегі үшін алғыс айтты.

– Мұхтар Құл-Мұхаммед Парламент Сенатының депутаты болып таға­йын­да­-луына байланысты партия Төрағасының Бірінші орынбасары лауазымынан боса­тылады. Осы жауапты қызметте тапсыр­маларды орын­дап, елді аралап, жергілікті жерлерде саясатты түсіндіріп, көп жұмыс атқа­рып, қосқан үлесіңіз бен сіңірген еңбегі­ңіз үшін алғыс білдіремін. Екіншіден, Се­наттың депутаты болып тағайындалуыңызбен құттықтаймын. Ол – өте жауапты, абыройлы қызмет. Сенат – біздің саясатты жүргізетін, заң қабыл­дайтын ең үлкен елек. Осыған орай партия Төрағасы­ның Бірінші орынбасары ла­уазымына Мәулен Әшімбаевты тағайындау туралы шешім қабылданды. Ол бес жылдан астам Парламент Мәжілісінің депутаты болып, комитет басқарды. Мен оның партия мәрте­бесі мен рөлін арттыруға үлкен үлес қосаты­нына сенімдімін. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының ал­дын­да тұрған қазіргі міндеттерге ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы ұлттық эконо­миканы Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайына бейімдеу қажеттігін айтты.
– «Нұр Отан» партиясы мемлекет саяса­тын айқындайтын маңызды саяси күшке айналды. Партия барлық бағдарлама­ларымызды іске асыруға атсалысып келеді. Олардың табысты орындалуы үшін елімізде қажеттінің барлығы бар. Біріншіден, біз индустриялық-инновациялық бағдар­ламаға мән береміз. Өйткені көмірсутекті энер­гетиканың уақыты соңына таяп, мүлдем жаңа дәуір туып келеді. Бұл бүкіл әлемге, соның ішінде бізге де қауіптері мен мүм­кіндіктерін қатар ұсынуда, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы оған ең алдымен, кадрларымыз даяр болғаны жөн екендігіне екпін түсірді және орта білім ордаларында да, жоғары оқу орындарын да оқу бағдар­ламалары ғарыштық жылдамдықпен ілгері озған жаңа заман қарқынына ілесе алмай, кешеуілдеп қалып жатқанына назар аудартты.
Елбасымыздың байламынша, азамат­тарымызды бала жастан дара тұлға болуға, жаңаша ой ойлап, шешім қабылдауға, ол үшін қажетті білімді игеру үшін дербес ізденіп, талап қылуға үйреткеніміз абзал. Сонда ғана олар қазіргі буырқанған белгі­сіздік пен мүмкіндіктер мұхитында еркін жүзіп, өмірде өз орнын таба алатын болады.
– Егер біз әлемдік дамудан қалып қой­ғымыз келмесе, онда алға қарай жылдам қоз­ғалуымыз қажет. Сол себепті, биылғы Жолдау осы реформаларды орындауға ба­ғыт­талған. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары да, индус­трияландыру да, бұған дейін қабылданған барлық бағдарламаларымыз да осыны нысанаға алады. Ендігі мәселе – олардың қалай жұмыс істеп жатқанында! Біз ең қажетті, экспорттық өнім шығаратын кәсіп­орындарды салуымыз қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттік және салалық бағдарламалардың сапалы орын­далуының және олардың іске асырылуына бақылауды күшейтудің маңызды екенін атап өтті.
Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалар аясында өмірге жолдама алатын нысандар мен жоба­лардың мазмұнына, орындылығына және перс­пективасына ревизия жүргізу жайы айтылды.
Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» инфра­құрылымдық даму бағдарламасын іске асырудың өзектілігін атап өтті.
– Оның қажеттілігі еш күмән тудыр­майды. Ел өркендеуі үшін автокөлік жолдары да, теміржолдар да, көпірлер де, теңіз порт­тары да әрдайым керек болады. Бұлар – кез келген мемлекет экономика­сының күре­тамыры, – деді Н.Назарбаев.
Ел Президенті рухани жаңғыру мәсе­ле­лері де партия назарында болуға тиістігін атап өтті. Елбасы бар­лық мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру ісіндегі партияның белсен­ділігін арттырудың маңыздылығына назар ау­дарды.
– Барлығына партия қатысуы тиіс. Өңір­лердің бәрінде біздің партия ұйым­дары­мыз бар. Олар белгіленген міндеттерді іске асыруда белсенді болуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Елбасы халық арасында қолға алынған шаралар мен атқарылған істерді түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыз­дылығына да тоқталды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*