ШӘКӘРІМ ЖЫЛЫ – ШӘКӘРІМТАНУ ШЫҢЫ

3491
0
Бөлісу:

Жақында бір ғасыр бұрын Алаш Арыстары ту тіккен Алаш қаласы – Семейде «Абай музейінің хабар­шысы» ғылыми-танымдық журна­лының кезекті саны жарық көрді. Журналдың толықтай шы­ғарылымы Шәкәрім Құдайбер­діұлының шы­ғар­машылығы мен өміріне қатысты фотосуреттер, архив құжаттары мен деректерге арналып отыр. Бұл – да­ламыздың даңғайыр данышпаны, озық ойлы философ, танымы бөлек тарихшы, әуезді әні бір төбе сазгер, Абайдың ақын шәкірті әрі інісі, өз заманындағы Алаш қайраткер­лерінің ірісі Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай ұйымдас­тырылған бірегей бастама.

Аталған журналдың түрлі түсті бояу­мен безендірілген негізгі беттері кемеңгер тұлғаның ғұмырбаянынан ерекше орын алатын киелі жерлердің фотосурет­терімен, ақынның ақталуына байланысты табыл­ған дерек пен дәйекке толы құжат­тармен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. 120 беттен тұратын басылымдағы ғылыми мақалалар мен зерделі зерттеулер Шәкәрім өлеңдерінің бір-бір тармағы бойынша тақырыпша болып, арнаулы 10 тарауға бөлініп берілуі ізденуші оқырман үшін үлкен пайдасын тигізіп, ыңғайына қарай жеңіл оқылады.
Алғашқы «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» тарауындағы Абай қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековтың «Келешекпен тілдескен кемеңгер» атты мақаласы тұтастай Шәкәрім Құдайбердіұлына арналып жарыққа шығып отырған журнал саны­ның алғы сөзі іспетті басылып, автордың ақын өлеңдеріне, жалпы шығарма­шы­лығы туралы идеясы оқырманға ой сала­ды деп сенеміз. Осы айдардағы «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 22 сәуірдегі №121 санында жарияланған Алаш Арысы Әлихан Бөкейханның «Қалқаман-Мамыр» атты мақаласын сол дәуірдегі Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэ­масымен қатар, жалпы ақын шығар­ма­шылығына берілген ең алғашқы лайықты баға, соған қоса зиялы қауым өкілдерінің парасатты пікірі есебінде қабылдауға болады. Осы айдардағы белгілі әдебиет­танушы ғалым, профессорлар Арап Ес­пенбетовтың «Ұлылықты тануға ұмты­лыс» және Балтабай Әбдіғазиұлының «Шәкәрім­тану: ізденістер мен жетістік­тер» атты мақалалары арқылы Шәкәрім Құдайбер­діұлының ақталғаннан бері шығарма­шылығының халыққа жетуі, таралуы мен әдебиет саласындағы ақын мұрасының зерттелуі хақында танымдық дүниелерге қанығуға болады.
Қызығушылық танытқан оқырмандар Ғарифолла Есімнің «Солон және Шәкәрім», Мекемтас Мырзахметұлының «Шәкәрімдегі жантану ілімі», Сиирт университетінің (Түркия) философия докторы (PhD) Илияс Эрпайдың «Дін тазасын діннен ізде» мақалаларымен бірге ойшыл Шәкәрімнің философиясына үңіле алады.
Журналдың «Үш сурет сыры» тарауын­дағы «Шәукен сақтап қалған фотосу­реттер», «Фиельструп түсірген фотосу­рет», «Шыңғыстаудағы фотосурет» атты мақалалар Шәкәрімнің бүгінгі күнге де­йін бізге беймәлім болып келген жұмбақ­қа толы ақын ғұмырының сырын іздеуге әрі табуға көмектеседі.
«Абай музейінің хабаршысы» журна­лынан Шәкәрім Құдайбердіұлының ән өнерінде қалдырған мұрасымен, қолөнер бұйымдарын жасаудағы шебер­лігімен, былтырғы жылы тұсауы кесілген Shakarim.kz виртуалды көрмесі жайында мәлімет алуға болады. Бұған қоса, Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері мен әдебиетші ғалымдар мен шәкәрім­танушылардың Шәкәрімге қатысты кейін­гі жылдарда жазылған зерттеу еңбектерін оқуға болады.
Биылғы жылы аталған журнал беттерінен ақынның шығармашылығы мен өмірінен елеулі орын алатын тарихи деректерді, орынды ойларды, пайымды пікірлерді парақтайтын боламыз. Шәкәрімге қатысты ғылыми мақалаларды жарыққа шығару арқылы, оның филосо­фиялық өлеңдеріндегі жұмбақты шешіп, тұғыры биік туындыларындағы түйінді тарқатып, аз да болса Шәкәрім шыңына, Шәкәрім әлеміне аяқ басып, жақындай түсетініміз анық.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің ғылыми қызметкері

Бөлісу:

Пікір жазу


*