Қалың қалай, қаржы секторы?

Әлдебір ертегі еске түседі… Әкесі күн сайын жалғыз ұлының еңбексіз тапқан ақшасын отқа тастайды екен. Ұлы қыңқ демепті. Бір күні әлгі бала жүк тасып, тиын тауып әкесіне әкеледі. Тағы да отқа тастаған. Осы кезде барып, «бұл ақшаны өзім таптым ғой» деп шырылдап, жалаң қолымен оттан суырып алады. Маңызы мыңға татырлық мысал. Біз де, билік те мемлекеттің қаражатына дәл осындай жанашырлықпен қараса, шырылдап араша түссе игі. Болмаса, қазақтың теңгесі – талан-таражға түсіп, оп-оңай «отқа лақтырыла салатын» сұрауы жоқ дүние емес. Доллармен мінезіміз «жараса алмай-ақ» қойған, рубль, юаньмен бірде тату, бірде қату валютамыз. Мұндай ақшаның күйі қандай болуы мүмкін?
Банктер нені ескермейді?
Күйі тым нашар деп айтуға ауыз бармас еді. Президенттің тікелей тапсырмасымен, ұлттық валютаның бәсін арттыруға байланысты шаралар жасалып жатыр. Ақшаның айбынын арттыру арқылы, қаржы секторын көркейту – басты жоспарда тұр. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында шегелеп айтты. Алтыншы басымдықта. Оқып отырсақ, Елбасы біраз түйткілді мәселенің шетін шығарған. Мәселен, банктердің өздері кетірген шығын үшін экономикалық жауапкершілікті мойындарына алу керектігін айтады. Сонымен қатар акционерлердің аффилирлинген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруына қатысты да ой қозғап, оның өте ауыр қылмыс екенін де атап өтеді. Елдегі қаржы институттары бет-бетімен кетіп, берекесі қашпас үшін Ұлттық банк олардың бәрін кірпік қақпай қадағалауы тиіс. Елбасы мұны да ескерткен. Дәл қазір қаржы саламызды осындай былықтардан құтқармасақ, кейін кеш болуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің өзі айтып, банк секторының қаржылық орнықтылығын іске асыруға тырысып жатырмыз деген болатын. «Банктердің проблемасы шешілмесе, ушығып қоғам проблемасына айналып кетерін» төраға да жақсы біліп отыр.
Қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетовтың айтуынша, біздің банктер ең бастысы, экономикалық сауаттылықтарын арттыруы тиіс. Сонда кемшілікке аз ұрынады.
– Біздің банк жүйесіндегі даму проблемасы – экономиканың проблемасы. Экономикада мемлекет үлкен орынды иеленеді. Сонымен қатар бастапқы кезеңде мемлекет шағын және орта бизнеске несие береді. Тиісінше, банктерден потенциалды клиенттерді тартып алып қояды. Осылайша, мемлекет несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды. Субсидиялау мерзімі аяқталғаннан кейін, көптеген компаниялар күшінен айырылып, жобалар аяқсыз қалып жатады. Қазір барлық қазақстандық банктер IT-технологияны дамытып, осы салаға белсенді түрде қаржы құю керектігін түсінді. Бұл олардың клиенттері үшін де ыңғайлы болар еді. Сәйкесінше, бұл – технология бойынша жеткен қазақстандық банктердің негізгі жетістігі. Дегенмен технологиядан гөрі экономика әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті, біздің банктердің ең әлсіз тұсы – әлсіз экономика. Олар экономиканы қажетті деңгейде меңгермей, тәуекелдерді бағалау кезінде жиі ұтылып жатады. Сосын банктер болашағы жоқ компанияларға несие беремін деп те біраз қиындыққа ұшырады. Мәселен, «Дельта банк» астық компанияларына несие берген. Бірақ банкте де, компанияда да бір акционер болған, – дейді сарапшы.
Сауықтыру, банкрот, инфляция…
Мамандардың айтуынша, қазір біздің банктердің әлсіздігі сонша кез келген күшті тексеріске тап болса, жарты байлығынан айырылып қалмақ. Осыны ескерген Ұлттық банк бақылауды біртіндеп күшейтіп, банк жүйесін қадағалау бойынша әртүрлі тәсілдерді пайдалануға көшкен. Сондай-ақ қазіргі таңда Ұлттық банктің реттеу-қадағалау функциясына қатысты мандатын күшейту бойынша заңнамалық түзетулерді әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ол нақты бекітіліп, қабылданғаннан кейін Ұлттық банк елдегі қаржы секторы мен қаржы институттарының қызметіне бұрынғыдан да жоғары талаппен қарай алады.
Жолдауда айтылған тағы бір жайт – жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды жеделдету. Сарапшылардың сөзінше, бұл расымен маңызды, қажетті заң болмақ. Өйткені бұл заң – банктердің жекелеген несие беру кезіндегі тәуекелін есептеуге мүмкіндік сыйлайды. Сонымен бірге, билік жеке адамдардың банкрот болуы алаяқтар үшін ыңғайлы болып кете ме деп те қауіптенеді. Яғни, адам жұмыстан шығып қалуы себепті несиесін төлей алмай қалса, мемлекет оған көмек қолын созады. Әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәжірибе бар. 2016 жылы осындай заңды Ресей де қабылдаған. Мемлекет жеке тұлғаларға көмектесіп, несиелік қиындықтардан құтқаруға талпынса, әрине – бұл жақсы. Көмектесу дегеннен еске түседі, Ұлттық банк былтыр «сауықтыру» деген сөзді көп айтқан. RBK банкке қатысты. Бұл өз кезегінде, қоғамда екі түрлі пікір тудырды. Өзіңіз де біліп отырғандай, бірі – жақтады, бірі – даттады. Бірақ әділін ҰБ төрағасы Данияр Ақышевтің өз аузынан естіген едік. Өткен жылдың қарашасында… араға 10 жыл салып ортамызға оралған қаржыгерлер конгресінде…
– Бірінші кезекте салымшы жеке тұлғалардың мүддесін қорғау үшін RBK банкті сауықтыру қадамына барып отырмыз. Бүгінгі күнге дейін жеке тұлғалар банкте 28 мың 139 шот ашып, 188 млрд теңге құйып тастаған. Егер біз көмектеспесек, азаматтарымыздың ақшалары күйіп кетеді. Сол себепті, Үкімет пен
ҰБ және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен сауықтыру шарасын жасаймыз, – деген еді Ақышев қоңыр күзде.
Расул Рысмамбетовтың айтуынша, банктерді сауықтыру – орта және шағын бизнесті дамытуға бағытталған алғашқы қадам. Расында, бизнес ақшаны мемлекеттен емес, банктерден алу керек. Бизнестегі мемлекеттік қаражатты инвестициялау – коррупцияға немесе басқа да келеңсіздіктерге әкеліп соғады. Тақырыпшада үшінші тұрған «инфляция» мәселесіне келейік. Экономиканың ең өзекті, ең нәзік тұсы. Осы жарықтықтың пайызы азайған сайын ақшамыз молаймақ, дастарқанымыз жайнай түспек. ҰБ мәліметінше, 2016 жылдың шілде айында 17,7 пайыз болып тұрған инфляция 2017 жылдың желтоқсанында 7,1 пайызға дейін төмендеді.
– Инфляция 2017 жылға белгіленген 6-8% нысаналы дәліздің ортасында тұр. Таяу жылдары Ұлттық банк инфляцияның 2018 жылға 5-7% мөлшерінде белгіленген дәлізін біртіндеп төмендетуді айқындайды. Ішкі экономикада, сол сияқты әлемдік нарықтарда күйзеліс болмаған жағдайда, біз инфляция жаңа дәлізге біртіндеп кіріп, биылғы жыл бойы сақталады деп күтеміз, – деді Ұлттық банк төрағасы жақында Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.
Елбасы Жолдауын қарап отырып, мемлекеттің қаржы саласын толықтай жаңғыртуға кіріскенін, қарапайым азаматтардың мүддесін қорғауға дайын екенін аңдауға болады. Президент валюталық ипотекалық займдарды беруді тоқтату қажеттігін де айтқан. Сарапшылардың пікірінше, жеке адамдар үшін валюталық займдардың жабылуы – мемлекеттің валюталық тәуекелдік проблемаларын азаматтар үшін де, банктер үшін де шешуге тырысып жатқанын көрсетеді. Көбі жылжымайтын мүлік сатып алу үшін валюталық несие алды. Бұл бастапқыда жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне алып келді, сосын банктік баланс жағдайында проблемалық займдар көлемін арттырып жіберді. 2018 жыл – экономика мен қаржы саласындағы «қайта жаңғыру» жылы болмақ. «Астана» халықаралық қаржы орталығы да іске бел шеше кірісті. «Самұрық – Қазынаның» алдына қор нарығын дамыту міндеті қойылды. Ұлттық банк пен Үкімет бизнесті ұзақмерзімді несиелеуді қамтамасыз етуі тиіс. Атқарылар шаруа көп. Соған сай күтілетін үміт те мол.
Абай АЙМАҒАМБЕТ