ДАМЫҒАН 30 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛАМЫЗ

2757
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев – 2012 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиясын аяқтап, «Қазақстан – 2050» стратегиясын жа­риялаған болатын. Бұл стратегия Қа­зақ елінің ең басты 33 нәтижесінің 22-тар­мақшасында қамтылған. Елбасы өзі­нің «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде «Қа­зақстан – 2050» стратегиясы туралы ег­жей-тегжей баяндаған.

1997 жылы жарияланған «Қазақстан – 2030» стратегиясы ел дамуына ерекше ық­пал етті. Елбасының айтуынша, 15 жылда «Қа­зақстан – 2030» стратегиясында көз­дел­ген мақсат-міндеттер орындалып, іске ас­қан. Сондықтан да Президент стратегияда көр­сетілген міндеттер мерзімінен бұрын орын­далғанын мәлімдеп, «Қазақстан – 2050» стратегиясын жариялады. Бұл туралы Ел­басы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты ең­­бегінде «2030 стратегиясын қабылда­ған­нан бергі 15 жылда Қазақстан әлемдегі ең жыл­дам дамып келе жатқан 5 елдің біріне ай­налды. 2012 жылы Қазақстан Бүкілә­лем­дік экономикалық форумның рейтингінде 51-орын алды, ал 2013 жылы әлемнің бә­се­кеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. Осы­лайша, Н.Назарбаев қойған міндет 7 жылда орын­далды. 2012 жылдың қорытындысы бойын­ша ұлттық экономикамыз ЖІӨ көле­мі тұрғысынан жер жүзіндегі 50 ірі эконо­ми­касының қатарына қосылды» деп жаза­ды.
«Қазақстан – 2030» стратегиясында елі­міз­ді әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қо­су міндеті көзделгені көпшілікке белгілі. «Қа­зақстан – 2050» стратегиясында бәсе­ке­ге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мін­деті жүктеліп отыр. Президент бұл ту­ра­лы «Қазақстан – 2050» стратегиясында мен еліміздің ертеңгі күнін көзге елестетуге, оның болашағын бағамдауға, басым­дық­тарының жүйесі мен иерархиясын құруға, жаңа жаһандық ахуал және ондағы өтіп жат­қан үрдістерді сараптау негізінде анық­тал­ған кешенді мәселелерді ұсынуға тырыс­тым. Адамзаттың жуық арадағы перспек­ти­ва­лары – ХХІ ғасырда алдынан шығатын сын-қатерлерге қаншалықты дұрыс жауап та­ба алатынына байланысты. Бұлар – та­рихи уақыттың жеделдеуі, демографиялық тең­герімсіздік, азық-түліктің және энер­ге­тиканың қауіпсіздігіне төнген қатер, су тап­шылығы, табиғи ресурстардың сар­қылуы, экономикалық дағдарыс, техно­ло­гиялық революцияның салдары, әлеуметтік тұрақсыздық, құндылықтар дағдарысы, әлемдік тұрақсыздықтар қаупі» дей келе, «Жаһан жүйесіндегі теңгерімсіздік күшейіп, бай мен кедей арасындағы алшақтық ұ­л­ғайып жатқан қазіргі ғаламдық ахуалды та­рихи жолайрықта тұрған әрбір мемлекет өзі­нің бұдан арғы даму векторын таңдайды. Бо­лашағымыз осы таңдауымызға тәуелді. Ен­ді біздің алдымызға – жаңа жалпыұлттық мақсат: 2050 жылы әлемдегі ең дамыған 30 ел­дің қатарына ену» деп жазады.

Қазақстан – мақсат-міндеттері айқын, 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясы бар әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. Бұл ұлттың өз болашағына сеніммен қарауына мүмкіндік береді. Жалпыұлттық мақсат – 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену.

Саясаттанушылар мен сарапшылар Ел­ба­сының «Қазақстан – 2050» стра­тегия­сын жо­ғары бағалап, өз ой-пікірлерін біл­дір­ген бо­латын. Солардың бірі – Мәжілістің Ха­­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіз­дік комитетінің төрағасы Мәулен Әшім­баев. Ол аталған стретегияның еліміздің дамуына айрықша ықпал ететінін айтады.
– «Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы қазақстандықтар алдында тұрған нақ­ты мақсаттар мен оған жетудің нақты те­тіктері мен механизмдерін айқындап бер­ді. Жалпы, Мемлекет басшысы қойған не­гізгі мақсат – 2050 жылға дейін Қазақстан әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына қо­сылуы керек. Бұл – әрине өте үлкен мақ­сат. Бірақ жетуге болатын мақсат. Есте­ріңіз­де болса, Елбасы 1997 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиясын жариялағанда әртүрлі пі­кірлер туындаған болатын. Кейбіреулер «осы стратегия керек пе, бұл мақсатқа жете аламыз ба?» деп күмән айтқандар да болған, – дейді Мәжіліс депутаты.
Иә, елімізде қандай да бір бастама көте­ріл­се, «арты не болар екен» деп күмәндану­шы­лар да кездесіп жатады. Бұл – әрине, тегін емес. Мысалы, белгілі саясаттанушы Саясат Нұрбек «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі тежеуші факторы сыбайлас жемқор­лық болуы мүмкін екенін айтады.
– Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық өте үлкен мәселеге айналып отыр. Қазіргі таң­да сарапшылардың пікірінше, «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі тежеуші фак­торы – сыбайлас жемқорлық. Өкінішке қа­рай, қазіргі таңда жемқорлық еліміздегі бү­кіл салаларда кең етек алған. Яғни, бұл – іштен шыққан ауру. Ауру адам ешқандай же­­тістікке жете алмайтыны сияқты, бұл да мем­лекетіміздің қарыштап дамуына өз
зия­нын тигізуде, – дейді саясаттанушы.
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жең­бей дамыған 30 елдің қатарына қосылу мүм­кін емес. Сол себепті, қазіргі таңда сы­байлас жемқорлықты жою үшін ауқымды іс-шаралар жасалып жатыр. Сондай-ақ ел Үкі­меті әлемнің дамыған 30 мемлекетінің ара­сына қосылу мақсатында тиісті жұмыс­тарды жасап жатқанын айтып өткен жөн. Мысалы, 2016 жылы еліміз Дүниежүзілік сау­да ұйымына мүшелікке қабылданып, ел-жұрттың көңілін көтеріп тастады. Бұл қадам дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруге мүмкіндік береді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*