ПЛАСТИКАЛЫҚ ОТА: СӘН БЕ, ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ?

4435
2
Бөлісу:

Әлемдік деңгейде жасалып жатқан пластикалық отаны бүгінде отандық дәрігерлер де сапалы жасайтын деңгейге жетті. Беттің әжімін тарту, көздің қабағын жасау, қалқан құлақты қысқарту, қисық мұрынды түзету дейсіз бе, кез келген операцияны отандық дәрігерлеріміз де үздіксіз атқарып жүр. Бұл бір жағынан, денсаулық үшін қажет те шығар. Екінші жағынан, сән үшін де пластикалық отаға құмартатындар саны артты. Неге?

Елімізде бет-жақ әлпеттеріне ота жасай­тын­дардың 50-60 пайызы жол апатына ұшы­рағандар, соққы алғандар, түрлі төбе­лес­тен жарақат алғандар немесе туабітті ақау­­лары бар адамдар көрінеді. Одан бөлек өз түр-әлпетіне көңілі толмайтындар да плас­­тикалық ота түріне жүгінеді. Кос­ме­то­ло­­гиялық операцияға баратындардың 70-80 пайызы – қыз-келіншектер. Олардың көбі – бет әжімін тартады, сосын көзінің қатпарын жасатады, мұрнын, құлағын түзетеді.
Пластикалық операция құны әртүрлі. Ше­телмен салыстырғанда, елімізде ана­ғұр­лым арзан. Дәрігерлердің айтуынша, кей емханаларда бет әжімін тарту 1000 доллар тұра­тын болса, көздің жоғары қабағына қат­пар салу – 47-50 мың теңге арасында. Қал­қан құлақтарды әдемілеу бізде 30-40 мың теңге аралығында болса, шетелде бұл ота­ның құны 1-2 мың долларға дейін бара­ды екен. Мамандар еліміздегі пластикалық отаның құны Ресеймен салыстырғанда, төрт-бес есе төмен екенін айтады. Ақылы емханалардағы пластикалық хирургтердің де бағасы жоғары. Мемлекеттік емханаларда мұндай ота түрін арзандау жасауға мүм­кіндік бар. Себебі, мұнда бағаны Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді.
Соңғы жылдары қыздар арасында көкі­рек­ті үлкейту де сәнге айналды. Жасанды (си­ликон) кеуде бала емізгенде зия­нын тигізбей ме деген қауіп басым. Алайда мамандар бұған керісінше жауап қайтарады. Олардың айтуынша, «көкіректі ұлғайтатын ар­найы силикондар бар. Олар ресейлік, қы­тайлық, америкалық болып бөлінеді». Аме­риканың белгілі фирмаларының имп­лант­тарын қоятын да дәрігерлер бар. Ем­шек безінің астындағы үлкен бұлшық етті кесіп, оның астына селикон қояды екен. Уақыт өте келе әлгі силикон теріге сіңіп кетеді.
Жасанды сұлулық жарға жақпасын деп да­был қағып жүргендер де жетерлік. Шын мә­нінде, пластикалық ота қандай жағдайда қа­жет? Сұлулық үшін бе? Дене сұлулығы үшін десек, табиғаттың жаратылысына қар­сы шықпаймыз ба? Соңғы жылдары ж­а­санды сұлулыққа әуестік артып келеді. Ауыр жол-көлік апаттарынан, төбелестен жара­қат алғандар үшін пайдалы шығар, сән үшін ота жасататындар үшін мұның зияны жоқ па? Бұған мамандардың көзқарасы қандай?

Шыңғыс САБАЗБЕКОВ,
Amira clinic емханасының пластикалық хирургі:

«Еуропалық қабақ» синдромы көп
– Пластикалық ота жасау елімізде қан­дай қарқында дамып келеді? Қандай ота түр­леріне сұраныс жоғары?
– Пластикалық оталарға сұраныстың арт­қанын пластикалық хирургия емхана­лары­ның көбеюінен аңғаруға болады. Соң­ғы жылдары блефаропластика, яғни көздің жо­ғары қабағының пішінін өзгертуге сұра­ныс жоғары. Бұл ота түрін «еуропалық қа­бақ» синдромы деп атайды.
– Ота жасауға ниет білдіргендер қата­рын­да ер адамдар бар ма? Олар қандай ота түр­лерін жасатады?
– Ер адамдар көбінесе блефаропластика, со­сын отопластика жасатып жатады. Жас ұл­ғайған сайын ер-азаматтардың қабақ тері­сі түсіп кететіндіктен, қабақ терісіне ота жа­­сауға жүгінеді. Отопластиканы құлағын кі­шірейту үшін жасайды.
– Әсемдік пен сән үшін шетелге еліктеп түрлі ота жасатып жатқан жас қыздар көп пе? Мұнда батыстың ықпалы бар деп айта ала­мыз ба?
– Біз – дәрігерміз. Клиникаға келіп, ота жа­сатуға ниет білдірген адамға бұл ота түрі қа­жет пе, қажет емес пе, соны анықтап ала­мыз. Бірінші хирургиялық кеңеске келген адам­мен ашық диалог құрып, оның қандай нә­тиже қалайтынын біліп аламыз. Белгілі се­бептермен қажет емес деп шешсек, ота жа­салмайды. «Бұл сіздің бет пішініңізге ар­налмаған», «мұндай қабақ сізге жарас­пайды» деп бірден мәселені түсіндіреміз. Көп жағдайларда «мұндай ота сізге қажет емес» деген жауап айтып жатамыз. Батысқа еліктеп, сән үшін түрлі процедуралар жа­сату­ға келетін қыздар болады. Шетел аза­маттарының бет-пішіні, дене бітімі де бөлек екенін ұмытпау қажет. Сондықтан нәтиже дәл ойлағандай болмауы мүмкін. Осы жайт­ты түсіндіреміз. Батыстан келген тағы бір косметологиялық процедура – ерін үлкейту. Бұл хирургиялық отаға жатпайды, бағасы да қолжетімді болғандықтан қыздардың көп­шілігі жасатып жатады.
– Жасаруға байланысты қандай проце­дура­лар жасалады? Бұл денсаулыққа қанша­лықты зиян?
– Артық бет терісін алу, яғни лифтинг жа­салады. Пластикалық оталардың көп­ші­лігі жасаруға бағытталғанын айта кету ке­рек. Көптеген пластикалық отаның жа­рам­дылық уақыты болады. Қабақты ашу – 10-15 жылға, беттің әжімдерін азайтып, тарту 20-25 жылға дейін созылады. Жасаруға ар­налған ота түрлеріне денедегі майларды алу, салбыраған теріні тартуды жатқызамыз.
Бізге ота жасауға келген адам қан сарап­та­масынан бастап, барлық зерттеу сарап­та­маларынан өтеді. Денсаулығында ешқандай кі­нәрат болмаса ғана ота жасалады. Ем­де­лу­ге жіберіп, отаны кейінге қалдырып жа­татын кездер де болады. Сондықтан плас­тикалық отаның денсаулыққа зияны жоқ. Ең бірінші айтарымыз, кез келген отадан кейін соңғы нәтижені көру үшін жарты жыл­дай уақыт керек.
– Пластикалық хирургия елімізде бизнес кө­зіне айналды деуге бола ма?
– Бұл – бизнес емес, хирургияның бір түрі. Алдағы 20-25 жылдай елімізде бұл са­ла­ны бизнес ретінде қарастыра алмаймыз. Дә­рігерде де, халықта да ондай көзқарас қа­лыптаспаған. Шет елдерде пластикалық хи­рургия бизнес ретінде жақсы жолға қойыл­ған. Бизнесті жүргізіп, халықты өзіне тар­ту үшін олар заманауи соңғы құрыл­ғы­лар­ды пайдаланады. Жаңа аппарат шықса, оны бірден алуға құштар. Бұл жарнама мен PR құралы екенін ұмытпайық. Дегенмен шет­елден үйренетін тұстарымыз да көп. Адам­ның отадан кейін тез сауығып кетуі кү­тім­ге байланысты. Шетелде қалпына
кел­тір­уге арналған реабилитация орталық­тары­ның жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Ин­сульттан кейін, жалпы хирургиядағы ауыр оталардан кейін науқас осындай ор­та­лықтарда толық сауығып, қатарға қо­сы­лады. Қазір біздің елде де реабилитация ор­та­лықтары ашылып, біраз жұмыс ат­қа­рылу­­да.
Тағы бір айтарым, бізде шетелде пла­с­ти­калық ота жақсы жасалады деген пікір қа­лыптасқан. Бұл көп жағдайда олай емес. Мә­селен, «блефаропластика» жасату бойын­ша біз көштің алдындамыз. Жуықта Ре­сейде блефаропластикаға арналған кон­ференцияға қатыстық. Сонда байқағаным, олар көбінесе бір типті көздерге арналған оталар жасайды. Бізде шынын айту керек, фор­масы жағынан да әртүрлі, екеуі екі түрлі көздерге оталар жасаймыз. Яғни, біз көздің көптеген типіне, формасына пластикалық ота жасауға әбден машықтанғанбыз. Бізге Ресей, Қырғызстан сынды жақын шетелден азаматтар келіп жатады.

Жанагүл АЛПЫСБАЙҚЫЗЫ,
дәрігер-физиотерапевт:

Отаның сәтті жасалуы дәрігерге байланысты
– Пластикалық ота көп жағдайда сән үшін емес, қажеттіліктен жасалып жатады. Мұрын түзету, құлақ формасын өз­гер­ту сынды оталарды айтуға болады. Алдымен әрбір адам отадан кейінгі орын алуы мүмкін жағдайларды ескерсе абзал. Әр адамның дене бітімі, терісі мен табиғи ерекшелік­тері­не байланысты бәрі ойдағыдай болмауы да мүмкін. Ота дұрыс жасалмаса, бұлшық еттің контрактурасы бұзылады яғни жиырыл-
май қалады. Ең үлкен қауіп – бұлшық еттің жұмыс істе­мей қалуы. Бетке жасалған ота болса, бет пі­шінінің қисаюы, терінің қал­пы­на келмей­тін жағдайлары болуы әбден мүм­кін. Плас­ти­калық отадан кейін бізге ке­ліп, түрлі қал­пына келтіру ем-дом түрле­рін қабылдап жа­татын науқастар да бар. Мұн­дайда кө­бі­не­се, УВЧ, ультрадыбыс, электрофарез қол­­­данылады. Бұл тек қо­сым­ша ем-дом түр­лері. Барлығы отаның сәтті өтуіне бай­ла­нысты.
Пластикалық ота жасауға бел буған адам клиника таңдағанда, қызмет көрсету сапа­сына, дәрігердің тәжірибесіне мән берген жөн. Расын айту керек, косметологиялық про­цедуралардың өзін маманданған дәрі­гер-косметолог қана жасауы керек. Сон­дық­тан жарнамасына қызығып, кез келген сән салонына кірмес бұрын маманнан ар­найы дипломын талап еткен жөн. Бір қара­ған­да ұсақ-түйек дүние болып көрінгенімен, сіздің денсаулығыңызға кері әсер етуі мүм­кін екенін ұмытпаңыз.

Динара РАДИКҚЫЗЫ,
психолог:

Сәтсіздіктерді сырт келбетпен байланыстыруға болмайды
– Бүгінгі заман адамдарды бет-әлпетінде еш мін жоқ, көрікті, яғни идеал адам болуға ұмтылу идеясын үгіттеп келеді. Тіпті бұ­қара­лық ақпарат құралдары әйелдердің бел­гілі сұлулық стандарттарына сәйкес келуін білдірмей насихаттайтыны белгілі. Осы­ның өзі пластикалық хирургияға жү­гіну­ге итермелейді. Бет-әлпетті өз­­герту ғана емес, жасартуға арналған ша­ралар да үлкен сұраныста. Енді бұл мәселеге психоло­гия­лық тұрғыда зер салып көрелік. Адам­ның түр-келбетінде туабітті ақаулар бол­са, оны тү­зету оның қоғамдағы рөлін өз­гер­тіп жата­ды. Себебі, кейбір адамдардың қо­ғамға сіңі­сіп, көпшілікпен тіл табысуы, тіп­ті жұ­мыс­қа орналасуында сыртқы кел­бетіне бай­ланысты комплекстер болады. Сон­дықтан мұндай кездері оның әсері бар.
Өзінің бет-әлпетіне, дене бітіміне, мү­сіні­не қанағаттанбайтын жандар арасында дис­морфофобия деп аталатын психоло­гия­лық ауытқушылық кездеседі. Қазір қыздар шет­елге еліктеп, барынша идеал әрі мінсіз кө­рінуге ұмтылатыны жасырын емес. Дис­мор­фофобия көбінесе жас жеткіншек ке­зін­де бастау алады. Бір қызығы, әйел адам­дар­да да, ер адамдар да бірдей болады. Өзіне көңі­лі толмаған жан бірте-бірте дұрыс өмір сүр­у­ден де қалады. Соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін. Сондықтан бұл – өте қауіпті. Плас­тикалық хирургия мен косметология сырт келбетіңізді өзгерткенмен, адамның ішкі проблемаларын шешуге көмектеспейді. Кей кездері мүлдем ушықтырып жіберуі мүм­кін.
Тәжірибелі пластикалық хирургтар адам­мен сөйлескенде психологиялық проб­лема бар екенін ұғынса, оны түсіндіріп айтады. Себебі, ол адам отадан кейін де өз-өзіне көңілі толмауы ғажап емес. Бұл бала кезде болған стресс, психологиялық жара­қат әсері. Кейбір кездері көрікті, сымбатты адам­дар да пластикалық ота жасауға тал­пынады. Бұл – перфекционизм синдромы. Бұл топқа жататындар өміріндегі сәтсіздік­тер­ді сыртқы келбетімен байланыстырады.

Әлемдік рейтингке зер салсақ…
Пластикалық хирургия б.з.д 3000 жыл­дардан бастау алады. Ең алғашқы пласти­ка­лық оталар Мысыр, Үндістан мен Қытай­да жасалды. Пластикалық хирургияға сұра­ныс бүкіл әлемде жыл өткен сайын ар­тып келеді. Бұған Халықаралық Эсте­тикалық пластикалық хирургия қоғамының (ISAPS) соңғы жасаған баяндамасы дәлел бола алады. 2016 жыл қорытындысы бойын­ша пластикалық операция жасаудан көш бастап тұрған елдер:
1. АҚШ
2. Бразилия
3. Жапония
4. Италия
5. Мексика
Жалпы алғанда, АҚШ-та 4,2 миллион ота жасалған. Бұл – бүкіл әлемде жасалған плас­тикалық оталардың 17,9 пайызы. Со­ны­мен бірге, АҚШ кеуде көлемін үлкейту бойынша, липоксация, абдоминопластика сияқты денеге жасалатын операциялар жө­нінен де – алдыңғы қатарда. Бет пішінін өз­гер­туге жасалған пластикалық ота түрле­рін жасаудан Бразилия – бірінші орында. Әрбір бесінші америкалық пластикалық ота жа­сағысы келеді. АҚШ халқының басым көп­шілігі пластикалық хирургия табысты адам­ның келбетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады деп санайды. Қызметтік ман­сабының жоғарылауына да әсер етеді деген де пікірлер жоқ емес.

Америка қыздары бірінші ханымға ұқсағысы келеді…
Daily Beast басылымына сүйенсек, соң­ғы жылдары Американың қыз-келіншектері президент Дональд Трамптың қызы Иван­каға ұқсағысы келіп, түрлі операциялар жа­сатқан екен. Жақында Американың бі­рін­ші ханымы Мелания Трампқа ұқсау сән­ге айналып барады екен. Франклин Роуз есім­ді пластикалық хирург тіпті «Меланияға айналу» деген атпен жаңа қызмет түрін ұсын­­­­­ған.
Пластикалық ота жасаудың тағы бір отаны – Корея. Сеулдегі әр әйел ота жасауға құ­мар. Мұнда көбіне отаны мұрын мен қа­баққа жасатады екен. Ашық түсті тері, ба­дырақ көз, кішкентай мұрын – әрбір кәріс қыз­дың арманы. Кореяда жасанды сұлу­лық­қа әуестенушілердің саны артқан сайын ақы­лы емханалардың да қатары көбейіп ке­леді. Сондықтан отаның құны да қол­же­тім­ді, яғни 2000-3000 доллар көлемінде. Кә­мелеттік жасқа толған әрбір кореялық бой­жеткеннің сұлу болуға асығатыны да сол се­бепті. Олар табысқа жетудің жолы сұлу­лық деп түсінеді. Әр елдің заңы басқа деген осы шығар, бәлкім!

Тақырыпқа орай:

Қасым АБДУСАМАТ,
діни сарапшы:

Мәжбүрлік жағдайда пластикалық ота жасауға рұқсат

– Ислам діні пластикалық операцияға қалай қарайды?
– Тек әсемдік үшін немесе табиғи кәрілікті жасыру мақсатында пластикалық ота жасату «Құдайдың жаратқанын өзгерту» болып есептелетіндіктен, шариғатта күнә. Сахаба Абдулла ибн Мәсғуд: «Мен Пайғамбарымыздың қастарын тергізген әйелдер мен әсемдік үшін тістерінің арасын егеулеп ашып, Алланың жаратқанын өзгерткен әйелдерге лағынет айтқанын естідім», – деген (Сахих Бұхари).
Осы хадисте «әсемдік үшін» делініп тұр. Ендеше, ешқандай кінәраты жоқ, сап-сау түрін өзінің қалауына сай әдемілеу мақсатында, яки кәрілікті жасыру ниетімен пластикалық операция жасату – Алланың қаһарын туғызатын әрекет. Сондай-ақ бұл – шайтанның уәсуәсі, азғыруы. Шайтанның азғыруы деуімнің себебі, шайтан адам баласын азғыратынын айта келе: «Оларға, Алланың жаратқанын өзгертуді бұйырамын», – деп серт еткен (Ниса сүресі, 119 аят).
Әйткенмен де, мәжбүрлік жағдайларда пластикалық ота жасатуға рұқсат. Ардақты Пайғамбарымыздың өзі соғыс майданында мұрнынан айырылған Урфажа есімді сахабаға алғашқыда күмістен, кейін алтыннан мұрын салуға рұқсат еткен (Тирмизи, 31). Осыған қарап, қазіргі ислам ғалымдары аса қажетті жағдайларда, айталық: күйіктен, ауыр жарақаттан қалған беттегі жағымсыз тыртықтарды кетіру немесе денеде пайда болған артық ағзаларды алып тастау, қоян жырық, өз жасынан тым ерте қартаю кеселін жою секілді мәжбүр жағдайларда ғана пластикалық отаға рұқсат етіледі деген тоқтамға келген.
– Татуажға байланысты не айтасыз?
– Татуаж – ұзақ сақталатын жасанды макияж. Терінің арасына белгілі бояуларды енгізіп, макияждың 4-5 жылға сақталуын қамтамасыз етеді. Тіпті татуажбен көздің қабағына, ерінге, қасқа қалаған пішін беріп, қалаған түске өзгертуге болады дейді. Бір сөзбен айтқанда, өзінің табиғи түр-әлпетіне көңілі толмай жүрген нәзік жандылар татуаждың көмегімен бір пәсте аруға айналатынға ұқсайды.
Шариғи тұрғыдан қарағанда, татуаж – адамның табиғи түр-әлпетін ұзақ мерзімге көрер-көзден жасыруын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан да көзбояушылыққа жетелеп тұр. Жазбамыздың басында келтірілген хадисте Пайғамбарымыздың «…әсемдік үшін тістерінің арасын егелеп ашып, Алланың жаратқанын өзгерткен…» деген жері бар. Хадистің түсіндірмесіне қарағанда, ертеректе егде тартқан әйел өзін жас көрсету мақсатында алдыңғы тістерінің арасын егеулеп, ашқызатын болған. Осылайша, ол әйел өзін жас көрсеткені үшін әрі Алланың жаратқан табиғи жаратылысын еш себепсіз өзгерткені үшін лағынетке душар болуда.
Оның үстіне, татуаж инесі бар белгілі құрал арқылы жасалады. Осы жөнімен де «татуировкамен» салыстыруға болады. Татуировка – ислам дінінде харам саналады.

Біздің байлам:

Бүгінде пластикалық отадан келетін зардаптың ауыр екенін Еуропа дәрігерлері мойындап отыр. Оған дәлелдер де жетерлік. Бір ғана мысал ретінде Майкл Джексонның өмірін алсақ болады. Әйгілі поп-жұлдыз өмірінде елуден астам ота жасатқан екен. Ол қара нәсілді белгісінен арылу үшін осындай операцияға жүгінді. Бірақ оның Джексонның денсаулығына қаншалықты зияны болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Соңғы жылдары Еуропа жұртшылығы пластикадан гөрі, контурлық ота жасауға бет бұрды. Ол дегеніміз – тері астына сұйықтық жіберу арқылы бет пішінін өзгертуге, ондағы кемшіліктерді түзеуге мүмкіндік береді. Жаппай контурлық операцияны қолға алған еуропалықтар әзірге оның зиянын анықтай қойған жоқ. Бастысы, батыстықтар сұлу болу үшін қандай отаға да дайын екенін көрсетті. Әрине, туабітті кемістігі бар жандар үшін мұндай пластикалар қажет-ақ. Ол – бет пішініңдегі кемшілігіңді түзету үшін таптырмайтын тәсіл. Сұлулықты қолдан жасағысы келгендер үшін қажет пе? Жаратылысты қолдан өзгертуге құштарлық қазақтың табиғатында бұрын болды ма, жоқ па, бізді ойландыратыны – осы. Сұлулықтың кілтін хирургтің скальпелінен іздейтіндер саны көбеймесе, азаймай тұр. Өкінішті!

Дайындағандар Гүлзина БЕКТАС, Ақбота Иcләмбек

 

Бөлісу:

2 пікір жазылған

Пікір жазу


*