ЖАҢА ЖИНАҚ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

1731
0
Бөлісу:

Біздің басты міндетіміз – Қазақстандағы қасиетті орындар тізімін жасау ғана емес, бұл нысандарды рухани құндылықтардың картасына айналдыру. Бұл туралы қос кітаптың тұсаукесерінде «Қасиеті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы мәлімдеді. Аталған орталық Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейі» РМКК жанынан құрылған болатын.

Астанада «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­­сының бас кеңсесінде «Қазақстанның жал­­пыұлттық қасиетті нысандары» және «Қа­­зақстанның өңірлік қасиетті ны­сан­дары» атты қос кітаптың тұсаукесері өтті. Қа­зақстанның жалпыұлттық және өңірлік қа­сиетті орындарының толық тізімі енген бұл жинақтар алғаш рет жарыққа шығып отыр. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, кез кел­ген қазақстандық еліміздің батысы мен шы­ғысындағы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі қа­сиетті жерлерді бірдей білуі керек.

– «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті ны­сандары» кітабы үш тілде 1000 данамен жа­рыққа шығып отыр. Онда 100 киелі ны­сан «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ес­керт­кіштері», «Археологиялық ескерткіш­тер және ортағасырлық қалалық ор­та­лық­тар», «Діни және ғибадат орталықтары», «Тарихи тұл­ғаларға қатысты қасиетті орындар», «Сая­си, тарихи оқиғаларға байланысты қа­сиет­ті орындар» болып бес топқа жіктеледі. «Қа­зақстанның өңірлік қасиетті нысан­дары» кітабы 1000 данамен екі тілде жарық көр­ді. Бұл еңбекті әзірлеуде ғалымдар ел өңір­леріне экспедиция жасап, жергілікті маңы­зы бар нысандар тарихымен жете та­ны­сып шықты. Нақтырақ айтсам, 500-ге жуық нысанды жинаққа енгіздік, – дейді ол.
Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы ғылыми-зерт­теу орталығының атауына қатысты сұрақ­қа жауап берді. Өйткені жұрт арасында ор­талықтың «Қасиетті Қазақстан» деп аталуы­на байланысты әртүрлі сын пікірлер ай­тылып жатады.
– Қазақта назардан тыс қалмаған елеулі орындарды киелі, қастерлі, қасиетті, әу­лие­лі деп бірнеше атпен атайды. Біздің тізім­ге енген барлық нысанды киелі деп атауға бол­майды. Мәселен, Алматы мен Астанада Қа­зақ елі монументі, Бәйтерек, Республика алаңы, Желтоқсан ескерткіші сынды елдің бір­лігін көрсететін ескерткіштер бар. Олар­ды «киелі» деп айтуға келмейтін шығар, бі­рақ біз үшін маңызды құндылық болған­дық­тан, бұл нысандар жинаққа еніп отыр. Одан бөлек тізімге тарихи тұлғаларға қатыс­ты, саяси оқиғаларға қатысты орындар еніп отыр. Сондықтан жалпы азаматтық тұрғы­да, мемлекеттік мүдде тұрғысынан «қасиет» сөзі барлығын қамтып тұр деп есептейміз, – дейді орталық жетекшісі.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, қос жи­нақ республика аумағындағы кітапха­на­ларға таратылады. Өйткені аталған кітапқа ен­ген қасиетті орындар мен нысандар ел та­рихын тануда таптырмайтын құрал болып са­налады.

Серік Құдайбергенұлы

Бөлісу:

Пікір жазу


*