Блокчейн технологиялардың болашағы бар ма?

1682
0
Бөлісу:

Экономиканың барлық салаларын цифрландыру мен адамның еңбегін жеңілдетіп, уақытын үнемдейтін ақылды технологияларға өту туралы бастама – Төртінші өнеркәсіптік революцияның басты талаптарының бірі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауында да «Жүк қозғалысын онлайн режимде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлы технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет» деген ой айтылды. Біз соңғы уақытта көп ақпарат құралының басты тақырыбына айналған блокчейн-технологиялардың артықшылығы мен кемшілігін сарапқа салып, Қазақстандағы болашағына бағдар жасап көрген едік. 

Блокчейн (ағылшын тілінен «блок­тар­дың тізбегі») – әртүрлі ақпарат сақталған же­келеген блоктардың белгілі ретпен ор­н­аласуы. 2008 жылы бұл жүйені жа­по­ниялық Сатоши Накамото ойлап тапты. Ға­лымдар 2009 жылдан бастап, крип­товалюта айналымын қамтамасыз ететін негізгі реестр қызметін атқарып келген блок­чейннің экономиканың өзге сала­ла­рында да кеңінен қолданысқа ене ала­тынын айтады.

Мәселен, арнаулы рет­тіліктен жаңыл­май орналасқан блоктарда сіз­дің емханада қабылдауда болған бар­лық уақытыңыз бен дертіңіздің бүкіл та­рихы жазылған делік. Бұл жүйеге құпия кілт­пен дәрігер және сіз ғана кіре аласыз. Онда сіздің қан тобыңыз, ағзаңыздың ерек­шеліктері мен қай кезде қандай сыр­қатқа шалдық­қа­ныңыздан бастап, соңғы рет қабылдаған екпеңізге дейінгі мәлі­мет­тер түгел сақтал­ған. Дәрігер мен науқас құ­пия кілтті ау­ру­хана басшылығына не тағы қосымша адамдарға бере алады. Оған бөгде адамдар өзгеріс енгізе алмайды әрі тізбектің бірін ха­керлік шабуыл ке­сірінен не басқа се­бептен жоғалтып ал­ған жағ­дайда, мәлімет өшпейді. Өйткені бір ор­талыққа бағын­дырылмаған жүйенің бір артықшылығы да сол – ақпараттың кө­шірмесі деректер базасының барлық қа­тысушыларында сақталады.
Қазір барлық ме­кеменің өзінің дерек­тер базасы бар. Құқық қорғау органдарын­дағы азамат­тар­дың әрбір заңбұзушылығын тіркеп оты­ратын ортақ деректер қоймасы секілді жүйе­лерден блокчейннің бір айыр­ма­шылығы бір ақпараттың желіге қосылған компьютерлердің барлығында бірдей бо­латындығымен түсіндіріледі. Бұл бір жа­ғынан құнды деректің қор­ғалуын кү­шейтіп, қауіпсіздігін арттырса, екінші жа­ғынан белгілі бір топтың (ме­кеме, мем­лекет, т.б.) деректерді бір ор­та­лық­тан ғана бас­қарып, басқа адам­дардың қадаға­лауын­сыз қалаған өзгерісін енгізу басым­ды­ғынан айырады.
The Economist журналы блокчейннің та­ғы бір артықшылығын «ұтқыр келі­сім­шарттармен» (smart contract) бай­ла­ныс­тырады. Осы жүйе арқылы екі тарап ор­та­дағы қосымша қаржы институттары мен делдалдарсыз өзара цифрлы келісім­шартқа қол қойғаннан соң, операция бір­ден орындалады. Яғни, құнды қағаз не қан­дай да бір мүлік сатып алғысы келген адамның шотынан ақша автоматты түрде шешіліп, қарсы тарапқа аударылады. Мен­шік құқығы өз иесінен төлем жасаған кі­сі­ге өтеді. Бұл келісімшарт міндетін орын­д­амаған тарапты сотқа сүйрелеудің әбі­герінен құтқарады. Сондай-ақ келі­сім­шарт­тан бұрын, жүйеден қолға алғыңыз ке­летін тауар не өзге де бағалы мүліктің шы­­ғарылған кезінен бастап, бүкіл тари­хын қарап шығуға болады.
Blockchain Asia club қауымдастығының не­гізін салушы Елена Седых блокчейннің ке­дендік тасымалдар кезіндегі қолда­ны­сын былай түсіндіріп берді.
– Қазақстан транзиттік дәліз ретінде блок­чейн технологияларын логистика са­ласында қолдана алады. Блокчейн жүйе­сінің бір артықшылығы – әртүрлі ке­лі­сім­дер кезінде құжаттың, тауардың, тағы бас­қа ор­­тадағы алмасу құралдарының шы­найы­лығын растайтын делдалдардың болмауы. Бұл уақыт пен ақшаны үнем­дей­ді. Кеден­дік тексерістер кезінде блокчейн техно­ло­гиясы тауардың барлық талаптарға сай еке­нін өзі тексеріп, жүкті жіберуші тарап тура­лы барлық ақпараттың сәйкестігін де ар­тық адамдардың қа­тысуынсыз салыс­тырады. Бұл тауарға та­ғылған арнаулы код арқылы жүзеге аса­ды. Блокчейн тіз­бектеріндегі бастапқы ақ­паратты жойып жіберу не өзгерту мүм­кін болмағандықтан, өндірушіден жібе­ріл­ген тауардың бағыт ал­ған жеріне жет­пей қалуы мүмкін емес. Өйткені жолда жо­ғалған, алмастырылған не жалған ба­ла­масы ұсынылған тауарды бақылау оңай­ға түседі.
Ғалымдар блокчейн технологиялары эко­номиканың барлық саласындағы қа­лыптасқан жүйеге толықтай төңкеріс жа­сауы мүмкін деп болжайды. Мәселен, қа­зір әлем елдеріндегі қақтығыстар мен сая­си дау-дамайлардың көбі сайлау ке­зінде жалған дауыс жинаумен не халық­тық дауыс беру қорытындыларын өзгер­тумен байланысты. Бұл тұста Африкада осы себептен туған қақтығыстан қаза тап­­қан бейбіт халық пен «Дональд Трампқа астыртын қолдау көрсетті» деген айып­тан арасы салқындай түскен Аме­рика мен Ресей сияқты екі алып дер­жава­ны еске алсаңыз да жеткілікті. Қазақ­стан­дық интернет-бизнес ассоциациясының президенті Константин Горожанкиннің айтуынша, блокчейн технологиясы ар­қылы әр азамат өз атынан басқа адамның дауыс бермеуін қадағалай алады. Сіз сай­лауға қатысу құқығыңызды пайдаланбаған болсаңыз, бірақ сіздің атыңыздан дауыс берілсе, «мемлекет не белгілі бір кандидат де­мократияға қайшы әрекеттерге барып отыр» деген қорытынды жасауға болады. Біз сарапшыдан блокчейн тағы қандай мә­селелерді шешуі мүмкін екенін сұра­дық.
– Банк секторынан бөлек, мемлекеттік сатып алуларға арналған тендер, бюджет, пәтер не көлік сатылымы сияқты сауда қа­тынастарын блокчейн технологиясына кө­шіруге болады. Мәселен, сатып ал­ғыңыз келген көліктің бүкіл тарихын, жол-көлік оқиғаларына қатысын, тауар жө­ніндегі барлық ақпаратты блокчейн тіз­бектерінен қарап шыға аласыз. Тен­дерге қатысушы азаматтардың барлығы тең дәрежеде бүкіл процестің таза әрі ашық өтуін осы жүйе арқылы қадағалап, мем­лекеттік тапсырыстың кімге беріл­ге­нін, жұмыстың қалай орындалғанын ба­қылай алады. Мемлекеттік субсидиялар мен гранттардың табысталуын да осы жүйеге көшіру процестің ашықтығын қам­тамасыз етеді. Осылай блокчейн тех­нологиялары жемқорлықты ауыздықтауға көм­ектеседі. Сонымен қатар аталған технология Қазақстанға ашықтық пен де­ректерді өзгерте алмау мүмкіндігін бе­реді. Бұл екеуі де еліміз үшін аса маңызды. Мәселен, қазір азаматтар мемлекетке өт­кізетін салық төлемдерінің қанша кө­лемде және қай мақсатқа жұмсалып жат­қанын білмейді. Өйткені мемлекет мұн­дай ақпаратты жарияламайды. Әлемнің көп­теген елдерінде азаматтарға салық тө­лемдерінің қозғалысын бақылау мүм­кіндігі берілген. Біздің салық жүйесі мен ұлттық компаниялардың қаржы айналы­мын осы блокчейн технологиясына кө­шіріп, ондағы ақпаратқа кез келген аза­маттың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, қазір елімізде блок­чейнді толық қолданысқа енгізу мә­селесі тоқтап тұр. Әртүрлі мемлекеттік ме­кемелер жаңа технологияны сынақтан өт­кізуді бастағаны туралы мәлімдемелер жа­саумен ғана шектеліп отыр. Шын мә­нінде, блокчейн – әлемде тексерілген жүйе. Оны сынақтан өткізуге тағы да мем­лекеттің қыруар қаржысын жұм­сау­дың қажеті жоқ. Блокчейн жүйесіне то­лықтай көшу үшін биліктің осы мәселені ерек­ше назарға алып, нақты тапсырма беруі керек. Кезінде көлікте қауіпсіздік бел­дігін тағу туралы ескертуді айналып өтіп жүрген азаматтардың барлығы ар­найы айыппұл енгізілгеннен кейін ере­жеге құлақ аса бастады. Сол сияқты мем­лекет ұлттық компаниялар мен мем­ле­кет­тік органдарға «Барлық деректер ашық бол­сын» деген талап қойса, ол сөзсіз орын­далар еді. Сонда біз мемлекеттік бюд­жеттен не ұлттық компанияның қар­жысынан белгілі бір мақсатқа жұмсалған әр­бір теңге туралы біліп отыруға мүм­кіндігіміз болады.
«Блокчейн жемқорлық деңгейін тө­мендетуге үлес қоса алады» деген пікірді қолдайтын IT маманы, Documentolog ЖШС директоры Байжан Қанафин жаңа технологияны асыра мақтаған ақпараттық тол­қын блокчейнға «жасанды танымал­ды­лық» сыйлағанын айтады.
– Блокчейн – жақсы технология. Бі­рақ әлемде үлкен қызығушылық тудырып отырғаны үшін ғана оны Қазақстанда қалай да қолданысқа енгізу керек деген үрдіс­тен аулақ болған жөн. Ең алдымен, «Әңгімемізге арқау болып отырған тех­но­логия Қазақстанның алдында тұрған не­гізгі мәселелерді шеше ме?» деген сауалға жауап іздеуіміз керек. Еліміздегі қандай да бір саланың жұмысын жеңілдететін өз­ге құралдармен салыстырғанда, блок­чейн олардан артық, қайталанбас нәтиже көр­сетсе ғана, оны пайдалануды қолға алу­ға болады. Өйткені көбіне орта­лық­тандырылған жүйелер блокчейнге қара­ғанда әлдеқайда арзан әрі бірнеше есе тиімді болуы мүмкін. Яғни, биткоин мен блокчейн ұғымдарының айналасында ту­ған ақпараттық у-шудың жаңа тех­нология туралы жалған түсінік қалып­тас­тырғанын қаламаймын. Мәселен, өз ком­паниямның тәжірибесінен іс-қағаз­дар жүйесін блокчейнге аударудың аса тиімділігі жоқ екенін білемін. Дәл сол сияқты банк транзакцияларын блокчейн арқылы жүргізуге де әлдеқайда көп уақыт шығындайсыз. Бір нәрсені есте ұстауы­мыз қажет. Блокчейннің бір қызметі – тарап­тар арасындағы іс-әрекеттерді рас­тау. Қазір бізде мұндай бірқатар міндетті шешу­ге жұмыс істейтін электронды цифр­лы қолтаңба бар. Тағы бір ерек­ше­лік, блокчейн нарық қатысушыларының арасында бір-біріне деген сенім болмаған кезде қолданылады. Жүйе тараптардың ешбіріне ондағы кез келген операцияны өзгертуге, деректерді алмастыруға, де­таль­дарын басынан жазуға жол бермейді.

Блокчейн – соңғы уақытта көпшіліктің талқысынан түспеген тақырыптардың үздік «бестігіне» кіреді. Ол туралы көп айтып, артық жазудың өзі де жауапкершілік екенін бәріміз бірдей әлі түсінген жоқпыз. Бұл тақырыпта пікір айтып жүргендердің басым бөлігі блокчейннің болашағы барына күмән келтірмейді, тек оны да орнымен ойланып қолданған жөн деген тоқтамға келеді. Блокчейн жемқорлыққа тосқауыл болатын жүйе екені рас болса, оны қолданысқа енгізу барлығына бірдей ұнамауы мүмкін. Тек мемлекет өзінің басты мүддесі жемқорлыққа қарсы күрес екенін ұмытпаса болды.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*