VII Қысқы Азиада қалай өтті?

1629
0
Бөлісу:

Ақ Азиада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының 33 басты нәтижесінің 21-тармақшасында жазылған. Естеріңізде болса, 2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия құрлығы өміріндегі спорт саласының қайнаған орталығына айналып, Қазақстанда тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындары өткен болатын. Сол кезде еліміз 70 медаль еншілеп, VII қысқы Азия ойындарының қорытындысында Қазақстан спортшылары командалық есепте бірінші орынға шықты.

Азия ойындары – Азия елдерінің спортшылары арасында әрбір төрт жыл сайын өткізілетін спорттық жарыс. VII қысқы Азиада ойындарына әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыстардың бағдарламасына 11 спорт түрі енгізілді: коньки тебу спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей (бенди), шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, шаңғыға лайықталған қысқы спорттық сайыс. Барлығы 69 медаль жиынтығы сарапқа салынып, бұл қысқы Азиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш болды.
Қазақстан осы ойындарда қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Біздің құраманың қор­жынында 70 медаль болса, оның 21-і – күміс және 17-сі – қола медаль.
Екінші орынды 13 алтын, 24 күміс және 17 қола медаль алып, Жапония иеленді. Үшінші орынға 13 алтын, 12 күміс және 13 қола медаль алған Оңтүстік Корея ие болды. Төртінші орынды 11 алтын, 10 күміс және 14 қола медальмен Қытай алды.
Мұндағы тағы бір тарихи сәт – қысқы Азия ойындары шежіресінде тұңғыш рет Алау эстафетасы ұйымдастырылды. Эстафета оты 2011 жылғы 11 қаңтарда Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан әл-Кувейт қаласында тұтан­дырылып, 2011 жылдың 12 қаңтарында алау ұшақпен қазақ жеріне жеткізілді. Алматыдан бастау алған эстафета республиканың барлық қаласын аралап шықты. Саяхат барлығы 20 күнге созылып, 30 қаңтарда алау Астана қала­сына жеткізіліп, Астана арена ста­дио­нында өтетін VII қысқы Азия ойын­дарының ашылу салтанаты барысында Ойындардың бас қазандығы жағылды. Мұның барлығы спутник арқылы жер-жерге таратылып, Азия елдерінде теледидар арқылы көрсетілді. Жарыс барысын ше­телдік 2 мыңнан астам журналист таратып, ғаламшардың 500 миллионнан астам тұрғыны тамашалады.

Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет адамзаттың тең жартысы мекендейтін әлемнің ең үлкен құрлығының басты спорт бәсекесі – VII қысқы Азия ойындарын өткізді.

Алматыда Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайында өткен VII қысқы Азия ойындарының жабылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет 69 медаль жиынтығының сарапқа салынғаны Азияда үшін рекорд екенін атап өткен болатын. «Біздің спортшылар коман­далық есепте тамаша нәтижелер көрсеткеніне қуаныштымын. Азиада күштің, әдемілік пен мәрттіктің нағыз салтанатына айналды. Біз спортты бейбітшілік пен достықтың мерекесіне айналдырдық. Осы күндері әр елден келген мыңдаған адам бір-бірімен жүздесті, әңгімелесті, бірін-бірі таныды. Көпшілігі Қазақстаннан жаңа достар тапты. Біздің бәріміз, әр халықтың өкілдері, рухани бай және жомарт бола түстік. Біз бір-бірімізді жақсы түсіндік. Осыны Азиаданың басты жетістігі деп санауға болатынына сенім­дімін!» деген еді Мемлекет басшысы.
Азиаданың жарқын символы − қазақстандық барыс, барлығымыз үшін ыстық әрі жақын бола түсті. Бүгінгі таңда VII қысқы Азия ойындарының алауы Тұңғыш Президент музейінің «Қазақстан­ның спорттық даңқы» экспозициясында сақталған.
Азиада ойындарының өткізілуі ең алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасы деуге болады. Әлемдік қаржы дағдарысының салдарларына қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Азиада ойындары үшін арнайы республиканың негізгі екі қаласында бірегей спорт кешені са­лынды. Бой көтерген ол ғимараттар бүгін­де елдің спорт инфрақұрылымының маңыз­ды элементтері бола отырып, азаматтарды саламатты өмір салтына кеңінен тарту ісіне қызмет етуде.
Астанада «Алау» жаңа мұз айдыны сарайы салынды. Көптеген халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша шорт-трек және мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өт­кізілген «Сарыарқа» республикалық ве­ло­трегі де – әлемдегі ең үздік велотректің бірі.
Азиаданың қарсаңында Алматыда К-125, К-95 халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешені салынды. Халықаралық шаңғы спорты қауым­дастығы өткізетін жылдық сауалнаманың нәтижесі бойынша Қазақстанның жаңа кешені 2010 жылдың ең үздік трамплині аталды. Сонымен қатар Алматыдағы тау биігінде орналасқан «Медеу» спорт кешені, «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы және ойындардың жабылу рәсімі өткен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қайта жасақталды. Шаңғы жарысын, шаңғыға лайықталған биатлонды өткізу үшін Алматы облысында Шаңғы-биатлон стадионы салынды. Бүгінде бұл нысандар халық игілігіне беріліп отыр.

Нұрай РАХЫМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*