Тиімді транспорт дәлізіне айнала аламыз ба?

1088
0
Бөлісу:

Қазақстан экономикасының дамығаны не нәрсеге тәуелді? Нұсқа көп. Валюта бағамына да, әлемдік мұнай құнына да, ауыл шаруашылығына да, инфляцияға да. Солай тізбелеп отыра беруге болады. Бірақ ең маңыздысына тоқталған жөн сияқты. 

Трансконтиненталды дәліздің маңызы зор

2016 жылы Қытайдың Үрімші қаласынан шыққан жүк пойызы Германияның Дуйсбург қаласына бағыт алды. 8000 шақы­рым­ға жуық қашықтықты жүк пойызы 10 күнде жүріп өткен: транспорттың бұл түрі бо­йын­ша рекордтық көрсеткіш. Бұл ара­лық­т­ы жолаушылар ұшағы 10-12 сағат көле­мін­де бағындырады екен. Қытай тауар жет­кі­зуді теңіз жолы арқылы жүзеге асырса, кемі бір ай уақытын шығындар еді. Демек, пойыз жолының бағыты әлдеқайда тиім­ді­рек болмақ. Барарда экспорт ретінде түрлі хими­каттар, қызанақ пастасы, тоқыма мате­­риалдар жеткізсе, қайтарда Еуропадан азық-түлік, жиһаз, әртүрлі техникалар ала келеді.
Әңгіменің әлқиссасын неге бұдан бас­та­дық? Сол Үрімшіден шығатын жүк пойызы Ресей, Польша елдерімен қатар Қазақ­стан­ның да аумағын басып өтеді. Бұл біздің тиім­ді трансконтиненталдық дәліз бола ала­тынымызды айғақтап тұр емес пе?! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағдайын­да­ғы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жол­да­уын­да көлік-логистика нфра­­құрылымы­­ның тиімділігін арттыруға тоқталып өткен бола­тын. Бірқатар міндеттерді тізбелеп, уақыт озды­р­май орындалуы тиіс тапсырмаларды да айдан анық көрсетіп берді. Рас, ел терри­то­риясының халықаралық дәліз болуға ора­сан мүмкіндігі бар. Сайрап жатқан жол­дар­ды пайдаланайық, кәдеге жаратайық, сөй­тіп экспорт пен импортқа өзгеше өң беру­ге болады. Алыс-беріс тұрақты орнағанда ғана экономиканың тамырына қан жүгірмек. Ақыры, мұхитқа шыға алмай­мыз. Ол – шындық. Бірақ бір артық­шы­лығымыз бар. Қазақстан – мұхитқа шығу мүмкіндігі жоқ елдердің ішіндегі терри­то­риясы ең үлкені. Сондықтан бірінші кезекте жол инфрақұры­лы­мын ретке келтіру аса маңызды. Бірін­шіден, Үкімет жол саламын деп көліктер мен жолаушылардың сауабын алса, екіншіден көлік-логистикалық құры­лысы арқылы қаншама адамды жұмыспен қамтиды. Инвестициялар және даму министр­лігінің мәліметінше, қазір ел аумағын 5 теміржол, 6 автомобиль трансконти­нен­талды дәліздері кесіп өтеді. Транзиттік жүк айналымы негізінен Қытай, Ресейден басталып, Еуропа, Жерорта теңізі елдері және Орталық Азияға қарай құстай ұшады.
– Қытай-Еуропа бағытын ең маңызды деп атай аламыз. Бұл бағыт бойынша жыл сайын 2 еселі транзиттік тасымалдар өсімі байқалып жатыр. ҚХР-ЕО-ҚХР бағыты бойын­ша 2017 жылы 201 мың ЖФЭ кон­тей­нер тасымалданған, бұл көрсеткіш 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,9 есеге артқан, – деп мәлімдеді министрлік.
Мемлекеттің қазіргі таңда алдына қойып отырған мақсаты бойынша 2020 жылға дейін транзиттік тасымалдардан түскен табыстың жылдық көлемін 5 млрд дол­ларға дейін көбейту керек. Бұл бағытта азда­ған болса да алға жылжу бар. Қытай шека­расындағы Қорғас пен Ақтау теңіз порты арасында тікелей қатынас орна­тыл­ған. Ол бағыт арқылы Каспий теңі­зі­­мен Кавказ, Түркия, Еуроодақ елдеріне қарай жол ашылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі де Қытайдан Еуропаға өтетін жүк транзиттерінің тынысын кеңейтті. Осылайша, Азия мен Еуропаны жалғайтын стратегиялық көлік дәліздері қалыптасып келе жатыр.

Саланың проблемасы неде?

2 жылдан бері Құрық паром кешенін іске қосып, жүк тасымалдау әлеуетіміз артып шыға келді. Еліміздің теңіз қақпасы кеңейіп, транскаспийлік халықаралық көлік бағытының тың мүмкіндіктері пайда болды. Қазіргі таңда паром арқылы астық пен мұнай өнімдері, оған қоса түрлі тыңайт­қыш­тар тасымалданып жатыр. Маман­дар бұл портқа Еуразияның логис­ти­­калық карта­сын­дағы жаңа нүкте деп баға берген еді. Одан бөлек Қазақстан мен Иран арасын жалғайтын теміржол да бар. 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркімен­стан­ға жасаған сапары кезінде Иранға шығатын темір­жолдың маңызды­лы­ғын талқылаған. Ақыры бұл бастама 2014 жылы желтоқсан айында нәтижесін беріп, Қазақ­стан-Түр­кі­мен­стан-Иран жаңа бағыты­ның салта­нат­ты ашылуы болды. Осы­лайша, біз Парсы шығанағына жол тарту мүмкіндігін иелендік. Бірақ мұндай ірі логистикалық кешенді сапалы тасымал­мен қамтып, әлемдік табыс­тан өз үлесімізді алып отыру үшін, соған лайықты өндіріс те болуы керек. Сарап­шылар солай дейді.
– Каспийдің жанынан Парсы шыға­нағына дейін біздің теміржол барды. Елбасы ертерек соны байқап, тамаша жоба­ны жүзеге асырды. Енді ол бағыттың жылдан-жылға маңызы арта бастайды. Каспийдегі Құрық портынан бастап ары қарай Парсы шыға­нағына кетеді, сосын Үнді мұхиты арқылы Австралия, Жаңа Зеландия, Амери­каның оңтүстігіне де тасымалдайды қажет болса. Қытайлықтар мұндай үлкен сапарға дайын. Себебі, оның экономикасы осындай қарқынды транзитті ақтай алады. Эконо­ми­каның өзегі – өн­ді­ріс­те. Өнеркәсіптегі, агро­кешендегі өндіріс болмаса, жүк пойыз­дары мен кемелер не тиеп кетеді? Егер тиеп кететін материал жеткілікті болмаса, біз соншама тран­спорттың мүмкіндігін толық пайда­ла­н­а алмай қаламыз. Ары кетсе 50-70 пайы­зын пайдаланармыз. Ал бұл – шығын. Мәсе­лен, агроөндірісті алатын болсақ, Орал, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыс­тары­нан ет өнімдері Ресей, Қытай, Араб ел­де­ріне барып жатыр. Бірақ әлі жүйелі түрде жолға қойылмады, – дейді экономика ғы­лымдарының докторы Айтқали Нұрсе­йіт.
Экономистің айтуынша, бізде тран­спорт логистикасы бірінші кезекке қойы­лады. Соның инфрақұрылымы үшін жағ­дай жаса­лады. Транспортқа дем бере­тін, оның мүмкіндігі мен табысын ұлғайтатын өндіріс мәселесі әлі кемшін түсіп жатыр. Өндірістің логистикасын транспорттың логисти­ка­сын­дай шешіп берсе, транзиттің қос қанаты нығая түспек дейді маман. Егер бізден шығатын кемелер мен пойыздар тиісті жүкті тиемей бағыт алса, онда эко­но­микалық айып­пұл санкция­ларына ұрынуы ықтимал.

«Зияткерлік көлік» жүйесі құрылады

Зияткерлік ойын, зияткерлік шоу деген секілді сөз тіркестерін естіп, бой үйренген. Бірақ «зияткерлік көлік» (ITS) дегенді құлағымыз шалмапты. Бұл – Инвестиция­лар және даму министрлігінің «Цифрлық Қаза­қ­стан» мемлекеттік бағдарламасы аясын­да ұсынып отырған жобасы. Елбасы биыл­ғы Жолдауында «Жүк қозғалысын онлайн режимде бақылап, олардың кедер­гі­сіз тасымалдануы үшін және кеде­н­дік опе­ра­цияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технология­лар­дың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет» деген болатын. ITS жүйесі осы міндетті атқарудың алғашқы қадамы екен.
– ITS мақсаты – көлік процесінің қауіп­сіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған көлік инфрақұрылымын, көлік құрыл­ғы­ларын қалыптастыру. Сон­дай-ақ пайда­ла­ну­шыларды заманауи ақпа­раттық-ком­му­ни­ка­циялық техноло­гия­лармен жүйелі түр­де байланыстыру көзделіп отыр. ITS құрамына 11 компонент кіретін болады. Жобаның ауқымы үлкен, сол себепті оны 2021 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Компонент­тер­дің біріне негізгі автомобиль дәліздерінде орнатылатын арнайы авто­мат­тан­дырылған өлшеу құралдары (ААӨҚ) жата­ды. ААӨҚ қозғалыстағы көлік құралын түйіс­песіз өлшеп, негізсіз тоқтатуларды алып тастау­ды қамтамасыз етеді, – дейді Көлік коми­те­ті төрағасының орынбасары Дәурен Сәбитов.
Айтуынша, ITS элементтері инно­ва­циялық технологияларды колдана оты­рып, кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Соны­мен бірге, жол қозғалысын басқару жүйесі арқылы жүргізушілер жолдағы ахуал жайлы алдын ала біліп отырады. Арнайы мете­ос­тан­салар құрылып, жол үстін­дегі кли­маттық жағдайлар­ды болжап, талдап береді. Мұндай заманауи жетіс­тік­тер қатары алда­ғы уақытта бейне-монито­рингпен де толықпақ. Мұның бәрі жол қауіпсіздігін цифрлы жабдықтау негізінде қам­тамасыз етеді. Министрлік мәлі­метін­ше, жаңа өзге­ріс­тер 2021 жылға дейін бір ретке түсуі тиіс.
Бұл өзгерістер қандай жақсы нәти­же­лерге алып келеді? Бірінші кезекте жол бойын­дағы адам өлімі көрсеткіші едәуір қысқарады. Транзиттік тасымал көлемі мен логистикалық қызмет көрсету жылдамдығы артады. Мұндай жүйе­лер қазір Оңтүстік Корея, Австралия, Жапо­ния, Еуропа елде­рінде тиімді жұмыс істеп тұр.
Бір мақаланың желісінде транспорт инфрақұрылымы мен көлік-логистика сала­сының мұң-мұқтажын тізіп шығу мүм­кін емес. Бұл салада беделімізді арттырып, білі­­гімізді шыңдаған жетістіктер де бар­шы­лық. Ең бастысы – ұмтылыс, алға жылжу бар. Үкімет тарапынан оңды өзгерістер жасауға деген ниет байқалады. Оған Елба­сы­ның сындарлы Жолдауының да се­беп болғаны сөзсіз.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*