Жолдауға қолдау көрсетеді

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Сұлтан Иса әл-Жабер мырзаны қабылдады. Бұл –тараптардың алғашқы жүздесуі. Кездесу барысында Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы өзара іс-қимыл, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықтың көкейкесті мәселелері талқыға салынды.
Мәжіліс төрағасы атап өткендей, БАӘ – Қазақстанның ең маңызды әріптестерінің бірі. Өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде қос мемлекет арасындағы байланыс сындарлы даму деңгейіне жетті. Тараптардың пікірінше, бұл – екі ел басшыларының бауырластық, достық негізге құрылған стратегиялық келісімдерінің жемісі.
Н.Нығматулиннің айтуынша, бүгінде барлық салада, әсіресе, мұнай-химия, көлік-логистика, энергетика секторларында әріптестік қатынас белсенді түрде дамып келеді. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы қаңтардағы БАӘ-ге ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Кездесу барысында Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауында айтылған 10 міндетке айрықша назар аударған Мәжіліс басшысы болашақта екі ел арасында технология және инновация саласында ықпалдастықты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Мәселен, Әмірліктердің экономиканы әртараптандыру, инновациялық экономикаға көшу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар қалыптастыру тәжірибесі Қазақстан үшін қызығушылық тудырады.
Нұрлан Зайроллаұлының байламынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Дубай халықаралық қаржы орталығының тиімді өзара әрекеттестігін жалғастыру да маңызды болып саналады.
Өз кезегінде БАӘ елшісі өз елінің біздің мемлекетімізге Қазақстан Президентінің Жолдауындағы басымдықтарды орындау үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін хабарлады. Сондай-ақ ол Әмірліктердің біздің елімізбен барлық салада қарым-қатынастарды дамытуға ынталы екенін атап өтті.
Мұхаммед Сұлтан Иса әл-Жабер Қазақстан барлық салада әлемдік деңгейде зор рөлге ие екенін, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесі екенін айтып, БАӘ Қазақстанның барлық бастамаларын қолдауға ынталы екенін жеткізді.
Кездесушілер халықаралық өзекті сұрақтарды да назардан тыс қалдырмады.
Жүздесу соңында Мәжіліс төрағасы алдағы уақытта екі ел парламенттерінің бейінді комитеттері арқылы іссапарлар жасау, әр сала бойынша заңнамалық тәжірибе алмасу жұмыстарын күшейту біздің елдерімізді одан әрі жақындастырып, Қазақстан мен БАӘ арасындағы заңнамалық базаны нығайта түсетінін атап өтті.
Дайындаған Айхан ШӘРІП