Біз білмейтін Париж

1459
0
Бөлісу:

Өткен жылдың қазан айынан биылғы жылдың қаңтар айының бел ортасына дейін Францияның Париж қаласында оқу сапарында болдым. Оқырмандарымнан қол үзіп, газеттің күнделікті шығарылымына белсене атсалыса алмағанымның себебі де – сол. Қазір қазақтың табаны тимеген жатжұрттық мемлекет жоқтың қасы, білімін шетелде жетілдіріп, әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарын сәтті тамамдаған отандастарымыздың да санынан жаңылуға болады. Сондықтан менің бұл сапарым да ойлы оқырманға жаңалық бола қоймас, дегенмен көзбен көріп, көңілге түйген бірнеше мәселемен бөлісуді жөн деп санадым.

Француз тілі

Парижде бұрын турист болып, Рождество мерекесін тама­ша­лаған кезде, ағылшын тілінде еш қиын­дықсыз үш күнді өткізген ма­ған, үш ай өмір сүруге барған осы са­­па­рым фран­цуз тілінің қажет­ті­лі­гін анық сез­дірді. Алдын ала ке­лі­сілген оқу жос­парым бойынша бар­лық сабақ­тарым ағылшын тілін­де екенін біліп, сенімді жүрген көңі­лім уни­верситетке барған бі­рін­ші күні-ақ түсіп қайтты. Қай бө­ліміне барсам да, тек француз ті­лінде сөйлейтін қызметкерлер бұ­рын меңгермеген тіл­ді түйсік дең­гейінде түсініп кетуі­ме үлкен ықпал жа­сады. Кейін­нен дүкендегі ағыл­шын тілін біл­мейтін сатушы, жол жүру би­летіне суретімді жапсыр­ма­ғаным үшін ғана 35 евро айыппұл салған тексеріс тобындағы жас қыз, ағыл­шынша бір ауыз сөз түсінбейтін үй иесінің әйелі француз тілін «мә­ж­бүрліктен» үйретті. Қиын тілді же­тік біліп кетпесем де, алғашқы дең­­гейі құлаққа таныс, тілге жеңіл бо­­ла түсті. Сол кезде «қазақ тілін қа­­жет­тілікке айналдыру керек» де­ген бастаманы түсінгендей болдым. Біз орыс тілін оқыған сияқты, фран­­цуздар да мектепте ағылшын тілі сабақтарын алады. Соған қа­ра­мас­тан, көшеде қай французға сұ­рақ қойсаң да, «Ағылшын тілін аз ға­на білемін» деп жауап береді. Өз ті­ліне деген құрметі биік болып, өті­рік айтып тұрған шығар деп әң­гімені ары қарай жалғасаң, шы­ны­мен де саған ойындағысын жеткізе ал­май, қиналып кеткенін көріп, «Рақ­мет, өзім тауып алармын» деп жо­лынан қалдырмайсың. Олардың бә­рі мектепте ағылшын тілін «на­шар» оқығанын білмеймін, бірақ өз тіл­дерін сүйіп, өзге еш тілмен са­лыс­тырмайтындары үйренетін дү­ние екен.

Оқу жүйесі

Францияның Париж қала­сындағы белгілі Дени Дидро атындағы университетінде білім алдым. Оқытушыларым – Канада, Франция және Ұлыбританияның азаматтары болды. Еуропалық білім беру жүйесі студенттерге акаде­мия­лық еркіндік беруге және оларды әріп­тес есебінде қабылдауға негіз­дел­ген. Мәселен, мені бір қуант­қа­ны кез келген тақырыпқа қатысты бел­гіленген бір ғана «дұрыс» жауап­тың болмауы. Яғни, аудиториядағы тал­қылаулар мен сұрақтарға әр сту­дент өзінше жауап беріп, жеке ойын қоса алады. Оқытушы еш­кімге «айтқаның қате», «идеяң мар­дым­сыз», «пікірің сапасыз» (кейде шы­нымен пісіп-жетілмеген ойлар бол­са да) не «сенің ойыңа келісе ал­маймын» демейді. Сондықтан да бо­лар, ағылшыны ақсап тұрған топ­тас­тарымыз да, тақырыпты жете түсін­беген басқа студенттер де ке­зекпен өз ойын іркілмей айта бе­ре­тін. Келесі мәселе, емтихандардың бәрі бірдей ауызша, небәрі бірдей зерттеу деген ортақ бір жүйесі жоқ. Әр оқытушы студенттердің өз пәнін қалай меңгергенін өзіндік тәсілімен тексереді. Бір мұғалімге топтық жоба дайындасақ, екіншісіне беріл­ген кітаптар бойынша рецензия жаз­дық, үшінші біріне презентация қор­ғадық, төртінші сабақтан эссе, ке­лесі пәннен берілген тұжырымды дәйек­темелер бойынша талдап шы­ғатын қатаң сынақ тапсырдық, ал соңғысынан тіптен мұғалім сабаққа қатысу белсенділігімізге қарап, қо­рытынды баға қойып, босата салды. Бұл төрт жыл бойы университетінде ба­рлық сабақтан төрт бетті тол­ты­ратын (Кейде сұрақтың жауабы 5 сөйлемге ғана сыйса да, студенттер арасында барлық төрт бетті тол­тыр­маса, баға төмендейді деген «аңыз» бар) жазбаша емтихан жазған маған шағын «мереке» болды. Өйткені мұн­дай әртүрлі жүйе жалықтыр­май­ды әрі әртүрлі қабілетіңді шың­дайды. Емтихан оған дейін үйрен­геніңді ғана сынайтын жер емес, жаңадан бір қабілетіңді шыңдайтын да орын бола алатынын сонда біл­дім.

Қайыршылық


Париж қаласы туристер жиі таң­­дайтын негізгі нысандардың бірі бол­ғандықтан, ол көп адамға соңғы үл­гідегі сәнмен киінетін бай әрі ба­қыт­ты адамдардың мекені болып елес­тейтін шығар. Бірақ бұл шаһар­да әлеуметтік жағдайдың әралуан­ды­ғы көзге бірден түседі. Әсіресе, қа­ла көшелерінде, тұрғын үйлер ор­н­аласқан аудандарда, метрода қайыр­шылықпен күн кешетін адам­­­дарды жиі ұшыратуға болады. Ал­матыда қоғамдық көлікке бала­сын жетектеп мініп, ақша сұраған әйел­дің не болмаса жарымжан жан­ның мұңына бірде-бір адамның селт етпегенін көрген емеспін. Ке­мін­де 10 теңге болса да, қол ұшын со­затын бір-екі «мейірімді» жан та­­былатын. Париж метросына отыр­ған сайын, поезға өзінің өмірде кездескен қиындығын айтып, мұң ша­ғып мінетін талай адамды кез­дестірдім. Халықтың оның даусын елемей отыра беретіні басында ерсі көрінетін, кейіннен менің де бойым үйреніп кетті. Бірде метродағы осын­дай қалыпты құбылыстарды ба­қы­лап отырған менің көзім, қайы­р­шыны қуантпақ болып, қо­лын сөмкесіне созған қытай қызына түсті. Жанындағы (ұлтын француз деп топшыладым, әйтеуір жергілікті екені көрініп тұрды) құрбысы оның қо­лын қағып жіберді де, «ақша бер­ме» деген емеурін танытты. Қытай қы­зы қарсыласып әуре, құрбысы оның құлағына бірнәрсе түсін­діру­ден шаршайтын емес. Не керек, қайыр­шының сол күні жолы болма­ды. Осы оқиғадан кейін «Жергілікті халықтың бойына осынша сал­қын­қандылық қайдан келген?» деген ой­ға қалдым. Француз достарым қайыр­шылықтың оңай ақша табу­дың жолына айналып кеткенін, сондықтан мұндай адамдарға деген халықтың сенімі жоғалғанын айтты. Тағы бір шетелдік басылым­нан Еуропадағы босқындар мәсе­ле­сі қызу талқыланып жатқан тұста, өздерін Сириядағы соғыстан бас сау­ғалап келген мұқтаж адамдар етіп көрсетіп, елдің жанашырлығын пайдаланғандар көбейгені туралы оқы­дым.

Теңдік

Осыдан бұрын жарияланған Париждегі қазақ отбасымен сұхбат ке­зінде, Франциядағы әйелдердің ба­ласы екі айға толар-толмас, жұ­мысқа орала беретіні айтылып еді. Әйелдердің еркіндігі мен ер аза­маттардан талап етіп алған теңді­гі өмір­дің өзге салаларында да байқа­ла­ды. Мәселен, үш ай бойы француз жанұясында бір бөлмені жалға алып тұрдым. Жасы 40-тарды алқымдаған Сирил есімді француз бен оның аза­маттық некедегі Сессилия атты әйелі үй шаруасын бөліп істейтін. Олар­мен ортақ пайдаланатын ас үйім­де тамақ дайындап жүрген не шаңсорғышпен еденді тазалап жат­қан Сирилді жиі көруші едім.
Тағы бір байқағаным, қоғамдық орын­дарда кішкентай баланы үнемі әкесі көтеріп жүреді. Алдына бала­сын іліп алған, қолына көтерген, же­тек­теген не бүлдіршіндерге ар­нал­ған бесікарбаны сүйреген әке­лер мен қол сөмкесін ұстап, жанына еріп жүрген аналар – Париждегі фе­минизмнің бір көрінісі.

«Адамына қарай – көшесі»


Парижге жыл сайын жүздеген мың қазақ сапарлап барады. Олар­дан Париж көшелерінің ластығы жө­нінде жиі естіген боларсыз. Айт­п­ағым, басқа нәрсе. Меніңше, «Па­риж – лас қала» деп жалпылама айту дұрыс емес. Өйткені Париждің ор­талығындағы өмір сүру қымбат деп бағаланатын аудандардың кө­ше­лері әдемі және таза. Қаланың қақ ортасынан алыстаған сайын, қара нәсілді азаматтар мен өзге ел­ден келгендер көптеп ұшы­ра­сатын аудандарында аяғыңыздың астын абайлап, жерден көз алмай жүрме­сеңіз болмайтыны жасырын емес. Мә­селен, достарым кешкі уақыт жал­ғыз қайтпауымды қатаң ескерт­кен, қауіпті аудандардың бірі Мон­мартр аумағының тазалығына таң­дана алмайсыз. Мұнда орналасқан мет­ро стансалары да, алғашқы со­ғыл­ған қалпында қалып қойған сияқ­ты. Тас қабырғалар мен әлеу­мет­тік жағдайы орташа таптан тө­мен адамдары, көше бойында біздің базарлар сияқты шашыраңқы, рет­сіз орналасқан дүкендері мен жай­ма сауда орындары орталыққа қарай іші мұражай сияқты әрленген бекеттер мен жоғары талғаммен са­­­лынған шағын сауда орындарына ұласады. Бұл мысалдан халқының өмір сүру деңгейі табалдырығын ат­та­ғаннан сезілетін «мемлекеттің махаббатынан» тыс қалған жерлер мен бюджет қаржысынан ешқашан қа­ғылмайтын «көрсетілім» аудандар әлем­нің барлық бөлігінде бар еке­нін байқауға болады.

Демографиялық дағдарыс

Бөлмемнің терезесі ішкі ау­лаға шығатын. Таңертең және кеш­­кісін сол аулада отырған жалғыз әже мен оның мысығын көремін. Күн­де әдетінен жаңылмай бір уа­қыт­та таза ауамен тыныстайтын әже­нің балалары неге оның жанын­да емес екенін сол күйі біле алма­дым…
Өз өмірін оқу мен ізденіске ар­нау, кәсіби баспалдақпен жоғары кө­терілуге құлшыныс, отбасында бір-екі сәбиді ғана жоспарлы түрде дү­ниеге әкелу, тағы бірнеше фак­тор­лар Еуропада жылдан-жылға өзек­ті мәселеге айналып келе жат­қан «демографиялық дағдарысқа» ұласты. Берлиндегі халық және да­му институты жариялаған әлеу­меттік зерттеуде Еуропа тұрғын­дары­ның орташа жасы әлемнің өзге бөліктерімен салыстырғанда әлде­қайда жоғары екені көрсетіл­ген. 2015 жылы Еуроодаққа мүше-мем­ле­кеттердегі өлім көрсеткіші Екін­ші Дүниежүзілік соғыс кезінен бері алғаш рет туу көрсеткішінен асып кет­кен. Бұл аталған елдерде жас жұ­мыс күші мен кәсіби білікті кадр­ларға деген тапшылық тудырып, мем­лекеттің әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақы төлемдеріне жұм­сайтын шығындарын бірнеше есеге арт­тыруы мүмкін.
Мен тұратын үйдің иесі мен оның әйелінің алғашқы некелерінен туған балалары үш ай ішінде бірде-бір рет қонаққа келмеді. Мүмкін, алы­с­та шығар. Мен де үйіме әр апта сайын бармаймын ғой. Үй иесіне же­ке өмірі туралы ашық сұрақ қой­ған емеспін. Бірақ сөз арасында ба­лаларының бөлек тұратынын айт­қаны есімде. Көп француз жа­нұяларында жастар кәмелеттік жасқа толған соң, өзге қалаға, мем­ле­кетке оқу не жұмыс іздеп кетіп қа­ла­ды. Бұл оның жеке тұлға болып қа­лыптасуына үлкен ықпал етері сөз­сіз, бірақ өз мойындарына қар­тайған ата-анасы үшін жауап­кер­шілік жүктемейтіндері менің «кон­сер­вативті» қазақы санама сый­май­ды екен.

 

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*