САЯСАТҚА СӘН БЕРГЕН САПАР

1426
0
Бөлісу:

(Жалғасы. Басы Саясатқа сән берген сапар)

Еркіндігіміз – ел кіндігіне байланған елміз.
Елбасы қазақ тілінің мәртебесін осы жолы тағы бір биікке көтерді. Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіпсіздік кеңе­сінде мәлімдемені қазақ тілін­де жасады. БҰҰ-ның алты бірдей жұмыс тілі бар. Ілеспе аударма арқылы біздің мем­лекеттік тіліміздегі мәлімдеме сол алты тілге тікелей тәр­жі­маланды.
2015 жылы АҚШ-қа жа­са­ған сапарында Қазақстан Президенті БҰҰ мінберінен қазақ тілінде сөз сөйлеген бо­латын. Сайын сахарада тау мен төбеден, өзен мен өзекті жылғадан ары естіл­меген қазақ үні алты құр­лықтың ордалы ордасында саңқыл­дап естілді. Мем­лекеттік тілдің мерейін үстем етудің бұдан асқан шарасы бар ма?!. Тәуелсіздік болма­са, сол Тәуелсіздікті баянды етуге күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бөліп, «қайтсем, Қазақ елін әлемге таныта­мын» деп тыным таппай келе жат­қан Нұрсұлтан Назарбаев­тың парасатты басшылығы бол­маса, қазақтың үні әлем­дегі ең үлкен ұйымның төрінен саңқ-саңқ етіп естілер ме еді?!

«Елбасы өзі бастап қазақша сөйлесе, Қазақстан бір күнде қазақша сөйлеп кетер еді» деген күңкіл сөзді құлағымыз жиі шала­ды. Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлегені – сол бастағаны емес пе?!. «ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БОЛА­ШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ» ДЕГЕН СӨЗДІ АЙТУЫ СОНЫҢ БЕЛГІСІ ЕМЕС ПЕ?!. Біле білгенге бұдан артық не керек? Бар гәп – өзімізде жатыр: таза қазақтілді орта дегеніміздің өзі ана тіліміздің тазалығы үшін не қайран жасап отыр? Тілі орысша шыққан қазақтар мемлекеттік тілді місе тұтып отыр ма? Жалпы, қазақ қоғамында өз тіліне келген­де кежегесі кейін тартып, керенау қалыпқа түсіп, еріксіз елпілдек мінез көрсетіп келе жатқаны бүгін ғана ма? Көрші отырған өзбек те, қырғыз да өз тілдерінде қасарыса сөйлейді; орыс тілін біле тұрса да басымдықты өз тіліне береді, үш өзбектің ортасына түссеңіз – үш күнде өзбекше гәпіріп шыға келе­ті­ніңізге мен кепіл; ал дәл сондай табандылық бізде неге жоқ?!. Жалғыз Мемлекет басшы­сының иығына барлығын артып қойып, өз кінәмізді өзгеден көруге неге пе­йілміз осы? Қазақстанда Тәуел­сіздік жылдары жаңадан ашылып, іске қосылған қазақ мектептері қаншама! Елбасы мемлекеттік тілдің өрістеуі үшін қажетті алғы­шарттардың бәрін жасап берсе де, ана тілімізді жаппай ардақтай алмауымызға не себеп? Күнбе күн қазақ пен қазақ қазақша сөйлессе, біреу қой дей ме? Тұрмыстық қа­рым-қатынас атаулының бәрінде басымдықты қазақ тіліне бере берсек, «қой, өйтпе» деп отырған билік бар ма? Өзіміздің құлдық сана өзгермей тұр ғой.
Тіл білген табысқа тез жетеді. Мем­лекеттік тілді білу аздық етеді, оны жаппай қолдану, өрісін кеңіту, мәртебесін асқақтату деген мәселе бар, мұны істейтін басқа-басқа емес, қазақтың өзі ғана. Сонымен қатар қазір ағылшын тіліне деген сұраныс артып тұр. Президент ХХІ ғасырдағы қазақ баласы үш тілді еркін меңгерсе деп тілейді.


Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды. Бір қарағанда, жер жүзіндегі мил­лиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби бай­ланыс құралы ретінде жапа-тар­мағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, фран­цуз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индо­незиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйре­ніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреу­лердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Бірақ мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекше­лігін білдіреді. Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты ау­мағында және өз еліңнің айна­ласында не болып жатқанын түсі­нуге мүмкіндік береді. Екін­шіден, ол жаңа техноло­гияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспа­на, адами қатынас тәсілдері, қыс­қасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл – өзгелер­дің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкін­дігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі. «Өзімдікі ғана – таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетіс­тіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі. Егер қазақстандықтар жер жүзіне үй­ден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлем­де, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жат­қанын көре алмайды. Көкжиек­тің арғы жағында не болып жатқа­нын да біле алмайды. Тіпті бірқатар ұста­нымдарымызды түбегейлі қайта қа­рауға мәжбүрлейтін сырт­қы ық­пал­дардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады» деп жазды.
Санамыздың ашық болуы үшін не істеп жүрміз? Не істей аламыз? Ойлану керек!
Мемлекет басшысының БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен мемлекеттік тілде баяндама жасауы туған тілімізді сүюдің айрықша үлгісі емес пе?!. «Қазақ тілінде айтқан сөзімді ұйымның ресми алты тіліне бірден аударып беріп тұрды. Мұны жақсы белгіге баладым» деген Нұрсұлтан Назарбаев­тың сөзін қаперімізде қайта жаңғыртсақ, бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасында» қалуынан құтылар едік қой!
«Еркіндігіміз – ел кіндігіне байланған елміз» деген сөзді бе­кер­ден бекер айтып отырған жоқ­пын. «Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын» көргіміз келмей ме? Қайда жүрсек те, қайда болсақ та қазақ баласының кеуде керіп, еркін жүруі үшін Мем­лекет басшысы қолынан келгеннің бәрін жасады. «Ал мен не жа­садым?» деп әрқайсымыз өзімізге тура сұрақ қоя аламыз ба? Осы сапарда бірге жүрген «Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры Шәмші Паттеевтің қазақ тіліне деген жанашырлығы еріксіз тәнті етеді. Ол ұшақта, сауда орында­рында, түрлі деңгейдегі жиналыс­тарда тек қазақша сөйлейді. Тіпті Америкаңыздың өзінде дая­шыларға қазақ тілінде тіл қатып, керегін алып, тұтынарын тұтынып жүрді. Түрік авиакомпаниясы­ның ұшағында шәйға сүт қосып беруді сұрады. Даяшы қайталап сұраған жоқ, қалағанын әкеп берді. Тап осындай табандылықты қай-қайсымыз да танытар болсақ, айналамыздағы адамдармен қазақ тілінде қарым-қатынас жасай берсек, жағадан алар жан табыла қоймас-ау, сірә!
Ақорданың Баспасөз қызметі осы жолғы сапарға негізінен қазақтілді журналистер тобын жасақтаған тәрізді. Орайы келгенде айта кету артық етпес: Айдос Үкібай бастаған баспасөз қызметінің өкілдері мен Сыртқы істер министрлігінің қызмет­керлері сапарды ұйымдастыруда ерекше ілкімділік көрсетті. Қазақ­станнан барған БАҚ өкіл­дерінің дені қазақтар. Бұл да тегін нәрсе емес. Қазақтілді қауымның қатары молайды, қазақ қоғамында мемлекеттік тілге деген сұраныс күн өткен сайын артып келеді; оның үстіне мемлекетке атын беріп отырған ұлт – тыныштық пен тұрақтылық кепіліне айнал­ды; осының бәрін негізге алатын болсақ, Қазақстанның келешегі – қазақ тілінде баян табары тағы анық. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Елбасы өз мәлімдемесін қазақша оқымаса қайтер еді, саясаттағы бағыт та, бағдар да өзгере қоймай­ды, бірақ Мемлекет басшысы осы әрекеті арқылы туған тілінің абыройын асқақтатты! Қазақ тілін алты құрлықтағы адамзат бала­сының алдына шығарды. Тіліңнің төрге озғаны – қазақтың төрге озғаны емес пе!?.
Елбасы – елдің қорғаны. Ел­ба­сы – елдің айбары. Елбасы – елдің серкесі! Бір өзінің жеке тұлға­лық қасиетінің ішінде бәрі бар: бір қазақтай ат құлағында ойнайды, домбырамен күмбірлете күй тартады, әуелетіп ән салады; қазақы қалжыңға да мықты, табан астында сөз тауып сөйлеуге ше­бер, шаршы топтың алдындағы шешендігі өз алдына, топ бастар көсемдігі тағы жетерлік. Тап осын­дай қазақы болмыстағы бас­шымыздың болғандығына мың қайтара шүкіршілік етелік, аузында сөзі, қойнында бөзі түсіп тұрған бос белбеу, орта толтыра алмас одағай біреу жетекші болса, жетісер ме едік?!.
Сонымен, Елбасының АҚШ-қа жасаған ресми сапарын түйін­деудің де орайы келді. Біз үшін Мемлекет басшысының өз аузы­мен берілген баға өте маңызды.
– АҚШ тарапы осы сапарда қол жеткізілген келіссөздерді жоғары бағалады. Қазіргі таңда әлем кездесіп отырған мәселе­лерді талқыладық. БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінде өткізілген шараның маңызы ерекше. Бұрын-соңды еліміз мұндай деңгейдегі Ұйымға төрағалық еткен емес. Мұ­ның
бәрі – еліміздің табысы. Қазақстан қазір бүкіл әлемге төр­а­ғалық етіп, нұсқау беріп отыр. Мына жерде 200 мемлекет бар, соның 70-80-і Қауіпсіздік кеңе­сіне төрағалыққа әлі жақындаған да жоқ. Аймақтан біз бірінші болып осындай жетістікке жетіп отырмыз. Бұл әлемдік деңгейдегі елдің абыройы мен оған деген сенімнің қандай деңгейде екенін көрсетеді, – деді Н.Назарбаев.
Қазақстан Президентінің АҚШ-қа сапарын көктей шола қарасақ, сапар барысында үш күн бойы төрткүл дүниенің назары Қазақстан мен оның Президентіне ауғанын көреміз. Әсіресе, шетел­дік БАҚ Қазақстан Президентінің сапары мен онда көтерілген мәсе­лелерге жақсы көңіл бөлді. Елба­сы­­ның осынау тарихи сапа­ры мен оның әлемдік саясатқа, жа­­һандық қауіпсіздікке, халық­ара­лық ынтымақтастыққа қосқан орасан зор үлесін Қытай, Ресей, Ұлы­британия, Франция, Герма­ния, Жапония, Үндістан, Түркия, Сауд Арабиясы, Иран және тағы басқа елдердің ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілері күн құр­ғатпай жарыса жазды. Атақты Reuters агенттігі Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары кезінде ел эко­номикасы үшін маңызды 20 келі­сімшартқа қол қойғанына назар аударды. The Wall Street Journal агенттігі АҚШ президенті До­нальд Трамптың екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас туралы бағасы туралы жазып көрсетті. Трамп Қазақстан Президентіне Солтүстік Кореяның ядролық қаруды таратпауға және АҚШ-тың Ауғанстандағы күш­теріне қарсы күресте қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. АҚШ пен Қа­зақстан бейбітшілік пен қауіп­сіздікті нығайту мақсатында бірлесе жұмыс істейтіндігіне баса назар аударды. Voice of America басылымы «АҚШ – Қазақстан­ның тәуелсіздігін алғашқы болып таныған бірден-бір ел. Бұған дейін екі ел Президенті былтыр мамырда Сауд Арабиясында кездескен. Қазан айында телефон арқылы сөйлескен» деп айта келе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапары барысында АҚШ-пен геосаяси, экономикалық бай­ланыстарды нығайтқаны тура­лы кең сараптама берді. The New York Times Қазақстанның келешекте Boeing ұшақтарын жаңартып, локомотив құрастыратынына көңіл бөлді. «АҚШ-қа ресми са­пары кезінде Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен маңызды келісімдерге қол қойды. Жалпы көлемі 7,5 млн долларды құрай­тын келісімшарттарда Орталық Азияға ұшақ тасымалдау мен Қазақстанда локомотив құрас­тыру қарасты­рылған» деп жазды. Ақ үйде АҚШ президентімен кездескен Қазақстан Президенті: «Келісім­шарт негізінде Boeing-тан ұшақтар алып, General Electric-тің локомотивтерін бұдан былай Қазақстанда құрастыра­мыз» деді. Оның айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығын ары қарай дамыту мақсатында бірқатар тиімді жобалар іске аспақ. Nikkei Asian Review агент­тігі «Қазақстан Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға шақырды» деген мақала жариялады. Мақалада «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуел­сіздік алған­нан кейін ядролық қарудан бас тартқаны өзге елдерге үлгі болуы тиіс деп есептейді және Солтүстік Кореяны да осындай қадам жасауға шақырады» деп жазды. Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отыры­сында сөйлеген сөзін жа­риялады. «Президент «Қазіргі Солтүстік Корея ядролық қаруды иемденгісі келетін амбициясы бар өзге де мемлекеттердің осындай әрекетке баруына түрткі болуы мүмкін» деген ескерту айтты. Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төр­ағалық еткен Н.Назарбаев­­­тың өз елінің бұ­рынғы ядролық қаруы бар мем­лекет ретінде арсеналынан бас тартқанын айта келіп, Қазақ­станды өзге елдерге үлгі бола алады» деп жазған.
The Brussels Times басылымы «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қаңтар айындағы мақсаттары мен басымдықтары» деген мақала жариялады. «Осы айда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңе­сінің күн тәртібіндегі мәсе­лесі Ауғанстан, терроризммен күрес, Таяу Шығыс және ядролық қаруды таратпау туралы болды. 2018 жылдың қаңтарында Қа­уіпсіздік кеңесін Қазақстан бас­қаратын болады. Астана төраға­лық еткенде Қауіпсіздік кеңесінің негізгі жұмысы Ауғанстан мен Орта Азияға қатысты жаңа құжатты қабылдау болмақ. Ауғанстан Дональд Трамп пен Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақ үйде өткен кездесуінде де басты тақырыптың бірі болды. Астана билігі Ауған­стандағы бейбітшілікті гумани­тарлық көмек пен көлік инфра­құрылымына инвестиция құю арқылы қолдау шарасын бұдан ары қарай да жалғастыра беретінін айтты. Сонымен бірге, бұл ел қазақстандық университеттердің медицина, ауыл шаруашылығы, машина құрастыру секілді фа­куль­теттерінде ауған студент­теріне арнап 1000 стипендия таға­йын­даған. Қазақстанның Халық­аралық көмек және даму агенттігі KazAID ауған экономи­касын қалпына келтіру және ауған қоғамын дамыту мәселесі бойынша жобаларда өзге де елдермен бірлесіп жұмыс істейді» деп жазды.
Agenzia Nova басылымы болса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіп­сіздік кеңесінде сөз сөйлегенін мақала қылып жариялады. «Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жаппай қырып-жою қаруын таратпау жайында сөз сөйледі. Қазақ мемлекетінің бас­шысы өзінің Құрама Штаттардағы үш күндік ресми сапарында екіжақты аспектілерден бөлек, Қазақ­станның Қауіпсіздік кеңе­сіне төрағалық етуімен байла­нысты шараларға қатысатын болады. Соның аясында Астана нақты мақсаттарға негізделген төраға­лық бағдарламасын та­ныстырды: ядролық қару қол­данылатын аймақтық қақтығыс­тар үшін саяси шешімдер іздеу және ядро­лық қаруды таратпауға бағыт­талған өзара сенімділікті нығайту шараларын ынталандыру» деп Қазақстан Президентінің сапа­рына үлкен мән берді.
Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Әлемдік саясаткерлер­мен қатар өз еліміздегі көрнекті тұлғалар да сапар барысын жіті қадағалады.
Қазақстан Парламенті Се­натының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза twitter-де мынандай мазмұнда жазба қалдырды: «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мазмұнды сөзі дүние­жүзілік ұйымның жұмысына жаңа қарқын береді. Халықара­лық жағдайлардың басты мәселелері талқы негізіне айналады. Қазақ­стан көшбасшысы стратегиялық ойлау қабілеті мықты саясаткер екенін дәлелдеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Вашингтонда ерекше құрметпен күтіліп, Дональд Трамп тарапынан «Үлкен құрметке ие көшбасшы» атанды. Бұл – өз елінде сансыз қызмет атқа­рып, халықаралық қауымдас­тықта беделі бар тұлғаға берілген шынайы баға. Нұрсұлтан Назарбаев­­тың Ақ үйде өткізген келіссөздері Қазақстан мен АҚШ-тың екіжақты серіктестікті дамыту мен халықаралық ахуал мәселе­лерінде ұқсас ұстанымда екенін көрсетті. Трамп Қазақстан­ды Корей түбегін денуклеариза­циялау бойынша серіктесі екенін жеткізді. Бұл – тарихи маңызы жоғары сапар».
«Нұр Отан» партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Иә, бұл тарихи сапар ғана емес, Қазақ елінің еңсесін биіктеткен, әлемдік тарихтан бейбітшіл, бітімгер, кемел ойлы Президент ретінде берік орын алған Елбасының тарихи жеңісі болды. Бұл жеңісті де жемісті сапар мемлекетіміздің халықаралық беделін одан ары биіктетіп, ел экономикасын өр­кендетіп, қауіпсіздікті берік қам­тамасыз етті. Оның мейір-шапағатын қазақстандықтар ХХІ ғасыр барысында әлі талай көре­­тін болады. Ендеше, елі сүйген, елін сүйген Елбасының ел бағы үшін атқарған қызметіне зор табыстар тілейік, ағайын!», – деп сүйін­шіледі. Елбасы әлемдегі барлық мемлекеттердің басын қосатын ең беделді халықаралық құрылым – Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік кеңесі төрағасының орын­тағында нық отырып, әлем халқын бейбіт бітім­гершілікке, адал әріптес­тікке, халықаралық ын­тымақтас­тыққа шақырып, аталы да баталы сөзін айтты. Оның жеті бағыттан тұратын, әлемдегі қарулы қақты­ғыстар мен ұлтаралық жанжал­дардың алдын алу, жаппай қы­рып-жоятын қаруды қолданбау, мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаһандық бастама­лары сол күннің өзінде-ақ әлемдегі ең әйгілі сарапшылар тарапынан жоғары баға алып, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауына ие болды.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың президент Дональд Трамппен және Құрама Штаттардың іскер орталарымен кездесуі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Ғаламтор желілерінде 21 мыңнан астам жазба жарияланды. Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестік турасында 12 мыңнан астам адам пікір білдірді. Әсіресе, twitter, facebook және vkontakte қолдану­шылары Мемлекет басшысының жеке тұлға ретінде көрегендігі мен сындарлы саясатына үлкен қолдау білдірді. @TheYoungTurks youtube желісіне салынған Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың кездесуі бейнелеген бір видеоның өзі 1600-ден астам пікір жинады. Ресми сапарды талқылауға елуден астам шет мемлекет өкілдері ынта танытты. Негізгі хабарламалар мен жазбалардың 31 пайызын – Ресей, 17 пайызын – АҚШ аза­мат­тары қалдырса, бұдан өзге Ұлы­британия, Украина, Қырғыз­стан сынды елдердің қолдану­шылары да бұл тақырыпқа қатысты пікірін жазуда айрықша белсенді болған.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаншама жұмысбасты болып жатса да, мәдени шараларды да назардан тыс қалдырмады. Нью-Йорк қа­ла­сындағы Линкольн орталы­ғында өткен «Астана Балет» теат­рының концертіне барды. Осы жерде «Қазақстан әлем фото­графтарының көзімен» атты фото­көрмесін аралап көрді. Сосын «Астана Балет» театры ұсынған «Жаһандағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» жобасы аясын­дағы «Қазақстан Астана Балет Гала» бағдарламасын тама­шалады. Бағдарламаға «Арулар», «Ақ қыз», «Әсемқоңыр» хорео­графиялық миниатюралары, «Щелкунчик» балетіндегі адажио­ның клас­сикалық редакциясы және басқа да қойылымдар енген болатын. Inform.kz жетекшісі Асқар Құмыран facebook-тегі жазба­сында «Нью-Йорктегі Линкольн атындағы орталықта Астана опера үлкен концерт қойды, аталған шараға кіру үшін америкалықтар ұзын сонар кезекке тұрды, – деп жазды. – Концертке Президент Нұрсұлтан Назарбаев келді. Қазақстанда әдетте Мемлекет басшысы залға кіргенде отырған халық тұтастай түрегеп, құрмет көрсетеді. Бірақ бұл – АҚШ, мұнда бәрі басқаша. Біреу таныс­тырып жатпаса да, америкалықтар Қазақстан Президенті залға кіре бергенде орындарынан тұрып, ізет білдірді. Елдің бәрі Елбасын көруге ты­рысып, оны суретке түсіруге ұмтылып жатты».
Міне, осындай құрмет пен ықыласқа бөленген Мемлекет басшысының қиядағыны шалар көрегендігі мен кемел саясаткер­лігі әлем жұртшылығының назарында болды.
Нью-Йоркте өткен баспасөз мәслихатында Елбасы айтқан мына бірауыз сөз сапардың мән-маңызын толық ашып бергендей. «Осының бәрі – елдің абыройы. Дүниенің бізге деген сенімі. Әлемнің қай жеріне барса да қазаққа кім есігін ашпайды? Кім қазақпен жақсы сөйлеспейді? Нью-Йоркте істеген жігіттерден сұрайықшы: мұнда олар шал­қайып жүр. Бәрі келіп оларға сә­лем береді. Сондықтан осы істеп жатқан шаруаның барлығы – елдің мерейі. Бұл бізді қуантады, толқытады» деді Президент.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары сыртқы саясатқа сән берді! Дүниежүзі мен ел-жұрты­мыз Елбасы сапарына айрықша мән берді!

 

Нұртөре ЖҮСІП
Алматы – Нью-Йорк – Алматы

Бөлісу:

Пікір жазу


*