Серік Сейдуманов, Мәжіліс депутаты: Эволюциялық серпін береді

750
0
Бөлісу:

– Президенттің Жолдауын оқып не тыңдап отырған кез келген адам одан өзінің өміріне әсер ететін бөлігін сөзсіз табады. Мы­салы, мен Мәжіліс депутаты ретінде бірінші кезекте, мемлекет басшысының жаңа заң қабылдау туралы тапсырмаларын қарадым, ал сарапшы ретінде Жолдаудың экономика мен қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы маңызды мәселелерге тоқталғанын атап өте аламын.
Елбасының Жолдауы – қазақстандықтар үшін маңызды оқиға. 2018 жылы жарияланған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, алдыңғы жолдаулардың ізін жалғап, елдің эволюциялық дамуына жаңа серпін береді. Қазақстан қоғамының тұрақтылығын экономикалық, саяси және гуманитарлық салалардағы үздік жобаларды қамтамасыз ететіні белгілі. Одан бөлек, Төртінші өндірістік революция тіркесінде «революция» деп аталатын ерекше сөз бар. Ол Жолдаудың мәтіні мен мазмұнына әбден сәйкес келеді деп ойлаймын. Жолдауға кіретін 10 бөлімнің әрқайсысы жаңа өндірістік революцияның элементтерін енгізуге қатысты нақты ойлар және тапсырмалармен бекітілген. Осы тұста Президенттің Қазақстан дамуының негізгі бағдарын көрсететін бірнеше маңызды сөздерін атап өткім келеді: «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды»; «Қа­зақстанның жетістігі – жақсы негіз, бірақ ертеңгі даму көрсеткіштеріне кепілдік бере алмайды». Қазақстан Президенті сондай-ақ халықтың әл-ауқатын көтеруді басты назарға қояды.
Жолдау – қоғам мен мемлекеттік органдардың төртінші өнеркәсіптік революцияның мүмкіндіктері мен талаптарын, сын-қатерлерін ескеруі үшін берілген дабыл. Біздің көз алдымызда көп мемлекеттерде адамдардың өмір сүру деңгейі, тұрмысы мен еңбегі өзгеріп жатыр. Аталған революцияға бейімделген мемлекеттер ғана болашақта үлкен жетістіктерге қол жеткізеді.
Біз 26 жылда табысы орташа мемлекеттердің қатарына кірдік. Бірақ бұл көрсеткіш бойынша жоғары деңгейдегі елдердің санатына қосылу – өте қиын міндет. Соңғы 50-60 жылда табысы орташа деңгейлі 101 мемлекеттің тек 13-і ғана, Жапония мен төрт Азия барысын қоса алғанда, табысы жоғары деңгейлі мемлекеттер қатарын толықтырды. Осы уақыт ішінде 195 дамушы мемлекет арасынан Оңтүстік Корея мен Тайвань ғана орташа табысы төмен елдердің қатарынан келесі санатқа жоғарылады. Кей мемлекеттер орташа табысы жоғары деңгейлі мемлекет дәрежесіне көтерілу үшін 30 жылға жуық уақыт жұмсаған. Сондықтан бұл экономикалық құбылыс «орташа табыстың қақпаны» деген атау алды.
Қазақстан аталған мемлекеттердің жолын жалғай алмайды. Өйткені қазір басқа мүмкіндіктер, басқа талаптар мен басқа уақыт. Бұл туралы Елбасы осыдан бұрын да бірнеше рет айтқан болатын. Сонымен қатар өткен жылдары болған индустрияландыру Үшінші өндірістік революцияның және XX ғасырдың соңғы онжылдықтарының негізгі моделін қалыптастырды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай индустрияландыру Үшінші әлем елінен бірінші әлемге өтуге кепілдік бере алмайды. Қазіргі таңда жоғары бағаланатын салаларға цифрлы технологиялар жатады. Алдыңғы қатарлы индустрия жаңа заманауи құрылғылардың қолданысына негізделген. Демек, бұл жерде өндіріс пен экономикаға салмақты өзгерістер керек. Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру үшін қазақстандықтардың бірлікте болып, жаңа заман талаптарына тез бейімделе алуы аса қажет.

Әділхан ҒАДЕЛШИЕВ,
Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері:

Дамудың басты бағыты
– Елбасы Жолдауда айтқандай, «мұнай кенішінің» дәуірі аяқталуға жақындап келе жатыр. Жер беті 2050 жылға қарай энергетикалық дағдарыс кесірінен әлемдік эко­номикалық тоқырауға тап болуы мүмкін. Аталған фактор дәстүрлі индустриалды даму потен­циалының төмен болуынан туындайды. Сол себепті, бұл салада дамудың жаңа сапасын айқындай білуіміз қажет. Табиғи ресурстарды мейлінше молынан пайдалану қоршаған ортаны тығырыққа тірейді. Мәселен, халық санының үлкен қарқынмен артуы, технологиялар прогресі тұтынушылардың көбеюіне және табиғатқа кері тұрғыдан да әсер етеді. Табиғи ресурстарды тойым­сыздықпен пайдаланудың да салдары осыған ұқсас. Соңғы уақытта әлемде тұтыну және өндіру моделінде өзгерістер байқалады. Бұл ретте энергетика үлкен трансформацияны бастан кешіреді. Мұндай жағдай жаңа ережелерге бейімделуге мәжбүр етеді. Жолдаудағы «ресурстық мүмкіндіктерді арттыру» мәселесі осы оймен қабысып жатқандай. Осы проблемаларды назарға алған көптеген елдер қазір «жасыл технологияны» дамытып жатыр. Сондықтан алдағы бірнеше жылда балама энер­гия дәстүрлі энергияны алмастыра алады. БҰҰ мәліметі бойынша 2008 жылдың өзінде әлемде балама энергияға қатысы бар жобаларға 140 млрд доллар инвестиция салынған. Көмір және мұнай өндірісіне 110 млрд дол­лар құйылыпты. «Жасыл энергияны» дамыту – эко­ло­гиялық тазалық сыйлайды және дәстүрлі энергетикадағы отын тапшылығын болдырмайды. Біздің елде де соңғы бірнеше жылдан бері балама энергия көздерін тұтыну мәселесі көтеріліп, мемлекетіміздің дамуының басты бағытына айналды. Қазақстанда «жасыл экономикаға» қатысты жобалар қуатты түрде қаржыландырылып жатыр. 2020 жылға дейін дәстүрлі емес энергия көздерін өндіретін 30 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, Қазақстан­дағы балама энергия үлесін 2030 жылға таман 30 пайыз­дық межеге жеткізу көзделіп отыр. Жолдаудағы басты бағыттардың бірі энергия және экологиялық тиімділік екенін аңғара отырып, еліміздегі электр энергиясын реформалау секторындағы даму байқалып жатыр деуге толық негіз бар. Бұл – ілеспе газды өңдеу құбырлар құрылғыларының қолданысқа енуі. Энергетиканың дамуына маңызды ықпал ететін мұнай өңдеу зауыт­тарының да модерниза­циялануы ел экономикасының мүмкіндіктерін кеңейте түседі.
Сонымен қатар өндірілетін ресурстар мен түсті металдарды өңдеу үлесін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Мәселен, бұрын Қазақстанда құрамында алтыны бар шикізатты өңдеу мүмкіндігі болмаса, қазір жаңа зауыттың іске қосылуымен елімізде өндірілген барлық алтын өзімізде өңделеді. Қазақстан мен әлем үшін жаңа бағыттардың бірі саналатын тұрақты ток пештерін де ерекше атап өткен жөн. Табиғатты пайдалану саласын реттеу ісінде де оңды өзгерістер байқалады. Экономиканың өсуі мен урбанизацияның жалғасуы қатты қалдықтар көлемінің артуына үлес қосып отыр. Бұл тұста қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуға шетелдік инвестиция тарту аса маңызды.

Айман Жүсіпова,
Тұңғыш Президент – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы:

Жаңғырудың негізі – адами капитал
– Елбасының биылғы Жолдауын­да жаңғырудың негізі ретінде қарастырылатын адами капиталдың дамуына басымдық берілген. Бұл – заманауи сын-тегеуріндерге жауап беретін шешім. Себебі, бүгінгі постиндустриалды даму, инновациялық экономика, білім экономикасы ғасырында жоғары деңгейлі маман, өз ісінің шебері – кез келген мемлекеттің артық­шылығы.
Жолдауда білім бағдарламаларының негізгі басымдылығы жаңа білімді өзгерту мен игеру, соған ұдайы бейімделу керектігі айтылған. Бұл фактор заманауи қоғамның жылдам өзгеріп отыратындығымен байланысты. Инновация мен жылдамдық – қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі. Сондықтан әлемдегі өзгерістерден қалыспау – бүгінгі таңда көштен қалмаудағы ең маңызды шарт.
ВР жаһандық корпорациясы секілді бизнес саласының мамандары бүгінде еңбек нарығында кәсіби құзіреттілік деңгейі белгілі бір маманның бәсекеге қабілеттілігін білдірмейді, себебі күнделікті түрлі өзгерістер орын алуда деп есептейді.
Атап айтқанда, алдағы он жылдықта жаңа техно­логиялар көптеген мамандықтардың жоғалуына әкеліп соқпақ, тың мамандықтарға сұраныстар артып келеді. Нақтыласақ, өндіріс, денсаулық сақтау, сауда, мемлекет басқару салаларындағы ақпараттық технологияларға әсер етіп жатқан Big Data үлкен деректер технологиясы мамандарына сұраныс артып келеді. Осы факторды ескере отырып, Жолдауда барлық жастағы азаматтарды қамтитын алдыңғы қатарлы білім жүйесін жасау туралы айтылды.
Меніңше, әр өңірдегі оқушылар сарайларының жанынан компьютерлер, зертханалар мен 3D-принтерлер секілді барлық қажетті инфрақұрылымы бар балалар технопаркі мен бизнес-инкубаторларды жасау шешімі де өте маңызды. Бұл жас буынның ғылыми-зерттеу мен өндірістік-технологиялық ортаға бейімделуіне, жаңа әрі сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті маман даярлауға септігін тигізеді. Бұл – өзгеріп жатқан жаңа әлемнің басты талабы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*