Саясатқа сән берген сапар

1783
0
Бөлісу:

(Жалғасы. Басы Саясатқа сән берген сапар)

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапарын бір сөзбен «өте сәтті сапар болды» деп айтуға болады. Қазақстан мен Америка президенттерінің бетпе-бет кездесуі екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас тарихының жаңа парағын ашты. ТМД мемлекеттері арасында, оның ішінде Орталық Азия елдерінің деңгейінде ең бірінші болып осындай дәрежеге жеткен ешқайсысы жоқ. Сапар барысында бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Ең маңыздысы – кеңейтілген стратегиялық әріптестікті орнату туралы ортақ саяси шешімдер қабылданды. Бұл – 26 жыл ішіндегі толайым табыстардың бірі. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік бұрынғыдан да тереңдей түседі. Астана үшін Вашингтон – сыртқы саясаттағы ең негізгі стратегиялық әріптес әрі экономика саласындағы өте маңызды инвестор. Дональд Трамп мырза бұл мәселеге ерекше екпін беріп: «Америка қуатты, дербес және тәуелсіз Қазақстанды АҚШ-тың Орталық Азиядағы сенімді досы әрі стратегиялық әріптесі ретінде қарастырады», – деп атап өтті.
Алпауыт ел басшысының аты­нан ай­тылған осы бір ауыз сөз­дің ар жағында атан түйе тарта алмас ауыр жүк жатқанын біреу біледі, біреу білмейді. Қазақстан Тәуелсіз­дік алған кезде Елбасы­ның иығына артыл­ған жүктің салмағын ол кісінің өзінен басқа ешкім сезіне де алған жоқ; КСРО-ның керегесі быт-шыт болып сөгіліп жат­қанда, қираған эконо­миканың қоламтасын қанағат тұтып отыра берсе, осы күнгі Ар­ме­­нияның о жақ, бұ жағында ғана жүрер едік; тап сол тұста Амери­каның саяси кепілдігін алу – Нұрсұлтан Назарбаевтың сая­саткер тұрғысындағы сұңғыла көреген­дігі болды, осы бағытты дәйекті түрде жал­ғастыруы бүгінгі Қазақстанның қарқынды дамуына септігін тигізіп те отыр.
1990 жылдары Қазақстанға инвес­тор­ларды тарту ең қиын шаруа болды. Жаңа­дан қалыпта­сып жатқан мемлекетте халықара­лық стандарттарға сай Инвес­­­­тиция­лар­ды қорғау, салық төлеу, жер қойнауын пайдалану сияқты құқықтық база атымен жоқ бо­латын. Елбасының сенімді сөзі, берген уәдесі мен жеке кепілдіктері инвесторлардың Қазақстанға қа­рай бет бұруына жол ашты.

АҚШ-қа жасалған бірінші ресми сапарында Қазақстан Президенті Джордж Бушпен кездескені белгілі. Америка пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан сияқты жас мемлекет туралы ешнәрсе біл­мейтінін айтып, ұлттық дәстүрді айшық­тайтын қандай да бір халық әнін орындап беруін сұрапты. Вашингтондағы мемлекет­тік департаменттің ғимаратына АҚШ-тың бұрынғы президенттері, мемлекеттік хат­шылары мен министрлері, дипломатия­лық корпус өкілдері жиналып қалған көрінеді. Нұрсұлтан Назарбаев бірден Абай Құ­нан­баев­тың әнін шырқайды. Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академия­сының профессоры Төлеутай Сүлейменов: «Қазақтың көне дәстүрлері мен мәдениеті қайта жаңғырғандай болды. Ол елдің нағыз патриоты ретінде еш нәрседен қорықпады. Ол бұдан бас тарта алар еді, бірақ оның отан­шылдық рухымен ән шырқап, өз елімді, өз тарихымды паш етуім керек деп тұрды. Залда үлкен серпіліс болды, жи­налғандардың бәрі қол шапалақтап, қошемет көрсетті», – деп еске алады.
Осы бір оқиғаны ойға тоқып көрелік: Назарбаевтан басқа біреу болса, бәлкім «мұным қалай болар екен» деп тартынып қалуы, не болмаса өз-өзінен қобалжып, не айтарын білмей қалуы да мүмкін; біздің Елбасымыздың ел үшін ештеңеден тартын­байтын батыл мінезі әр кез қазақтың пай­дасына жұмыс істеумен келеді.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа екін­ші ресми сапары Билл Клинтонның прези­денттігі тұсында болды. Бұл сапарда Қа­зақстан мен АҚШ арасындағы демо­кратия­лық әріптестік, Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен АҚШ-тың ядролық реттеу комиссиясы арасындағы ядролық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған келісімдерге қол қойылды.
Елбасының 1997 жылғы АҚШ-қа са­пары кезінде тағы бір маңызды құжат – Эко­номикалық әріптестік туралы хартияға қол қойылды. Дәл сол тұста Қазақстан Ор­талық Азия елдері ішінде сауда және инвес­тициялық жобалар бойынша Амери­каның геосаяси маңызды әріптесі ретінде жоғары бағаланды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы саясат ұстануы Қазақстан үшін өте тиімді болды. 1999 жылғы Елбасының Америкаға төртінші сапары НАТО-ның мерейтойлық кезеңімен тұспа-тұс келді. Онда Орталық Азия мен Кавказ елдері басшылары амери­калық тараппен кездесіп, Жібек жолы декларациясына қол қойды. Билл Клинтон Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформа­ларды, Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтаудағы еліміздің маңызды қызметіне жоғары баға берді.
2005 жылы Мемлекет басшысының алпауыт елге бесінші сапары да сондай табысты болғанын білеміз. 2006 жылғы Президенттің алтыншы ресми сапарында АҚШ президенті кіші Джордж Буш Қазақстанның қарқынды дамуын, Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын жоғары бағалады. Дәл осы са­парда Американың бұрынғы басшысы үл­кен Джордж Буш Нұрсұлтан Назарбаевты өз әулетіне қонаққа шақырды. Үлкен Джордж Буштың қазақ басшысына көр­сеткен ерекше құрметі мен ықыласы зор болды.
Жоғары деңгейлі талай кездесулер жү­ріп жатады. Ресми жиындардың бекітілген ережесі бар: протоколда не көрсетілсе, содан асуға болмайды, енді баласы президент болып тұрғанда Қазақстаннан сапарлап келген ежелгі досын отбасына арнайы шақырып, мейман тұту дегенді арғы-бергі тарихта кездестірген емеспіз; үлкен Джордж Буштың қаперінде Қазақ елі, оның Президенті неге сақталып қалды, не үшін ол біздің Елбасымызды үйіне шақырып, өз төрінен орын ұсынды дегенге келсек, жауапты Нұрсұлтан Назарбаевтың Абай әнін тосылмай шырқаған батыл әре­кетінен табамыз. Саясат деген – мүмкінді де, мүмкін еместі де сәтті үйлестіру өнері. Қазақстан Президентінің өз ұлты үшін отқа түсуден де тайынбайтын өршіл мінезі, саясат серкелерінің қай – қайсысымен болса да терезесі тең жағдайда сөйлесе алатын сарабдал саясаткерлігі, шаршы топта іркі­ліп қалмай, кеуде қағатын жерде кеуде қағып, кеудесі аяққаптай кісілердің өзінен именбей оза шауып, төске өрлеуі қазақтың қай баласына да үлгі-өнеге. Нұрсұлтан Әбішұлының намыс отына қайралған үлкен жүрегінен осындайда мың айналып, жүз толғану артықтық етпес еді.
2010 жылғы ресми сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обаманың кездесуі екіжақты әріп­тестікке жаңа серпін берді. ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан әлемдік тер­роризммен күрес, ядролық қауіпсіздік мәселелерінде тың серпіліс жасады. Президент Барак Обама Қазақстанның Ауғанстан еліне жасаған гуманитарлық, экономикалық көмегімен қатар, білім са­ласы жағынан жасап отырған сүбелі қол­дауына ризашылық білдірді. АҚШ прези­денті Қазақстанның бұрынғы Кеңес Одағы елдері ішінде ЕҚЫҰ-ны басқару құқығына ие болып, маңызды халықаралық құры­лымға төрағалық етуін тарихи мәні бар оқиға деп балады. 2011 жылы Ислам кон­ференциясы ұйымына төрағалық еткен Қазақстан әлемдегі қауіпсіздік мәселесіне мұсылман елдерінің де назарын аударған бірден-бір ел болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы АҚШ-қа сапары тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Қазақ елінің басшысы БҰҰ бас ассамблеясының мінберінен тұңғыш рет мемлекеттік тілде баяндама жасады. Бұл жөнінде Елбасы: – Қазақ тілінде айтқан сөзімді ұйымның ресми алты тіліне бірден аударып беріп тұрды. Мұны жақсы белгіге баладым, – деді. Бұл сапарда Президент әлем қауымдастығының назарын Арал теңізінің сарқылуы, Семей полигонының қазіргі жай-күйіне аударуға ұмтылды. Президент 2045 жылға дейін адамзаттың «отты ошақтардағы» түйт­кілдерді шешу қажет екендігін мәлім­деді. Барак Обамамен жасалған жеті жыл­дық диалогтың нәтижелі болғанын айтқан Мем­лекет басшысы америкалық тарап Қа­зақ­станның ДСҰ-ға кіруге бағытталған қадамдарын қашанда қолдап отырғанын жеткізді.
Дональд Трампен кездесудің маңыз­дылығы алабөтен: «Бұған дейін телефон арқылы сөйлесіп, эр-Риядта жолықтық. Соның бәрі өзара түсіністік орнатуға мүм­кін­дік берді. Д.Трамп бұрынғы Ақ үй бас­шы­ларына мүлдем ұқсамайды. Ол бизнес саласынан келгендіктен, құр сөзді емес, істі жоғары бағалайтын адам. Осы тұрғыдан бір-бірімізді жақсы түсініп, бірден тіл табысып кеттік. Талқылаған мәселелерде ортақ пікірде болып, келісімге келдік», – деген Н.Назарбаевтың сөз төркінінен та­лай нәрсені аңғаруға болады.
– Қазіргі таңда АҚШ – әлемдегі алып державаның бірі. Оның орнын басатын әзірге мемлекет жоқ. Сондықтан ғылымы мен техникасы қарыштап дамыған елмен қарым-қатынас орнатудың Қазақстан үшін маңызы зор. Осы сапарымда бизнес өкіл­дерімен, лауазымды тұлғалармен кездесу өткіздік. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Біріккен инвестицияларды жүзеге асыру үшін арнайы келісімдер жа­салды, – деді Мемлекет басшысы. АҚШ-тың алпауыт компанияларының Қазақ­станға келуі саяси және экономикалық тұрғыдан елімізге пайдалы болатыны өз алдына, бұл бірінші кезекте аймақтағы саяси тұрақтылықты нығайтады.
Тап қазіргі таңда әлемді толғандырған мәселелер аз емес. Иран мен Солтүстік Кореядағы жағдай арнайы талқылауды қажет етеді. «Дональд Трамп Иранмен ара­дағы халықаралық келісімді жақтырмай­тынын жеткізді. Бірақ мәселенің мәнісін айтып, бұл келісімге қол жеткізу үшін қыруар жұмыс атқарылғанын, оны бұзу тағы бір ядролық қаруы бар мемлекеттің қалыптасуына жағдай жасайтынын түсін­дірдім. Ендігі жерде Иранға қатысты жағ­дайдың өзгеретініне сенімім мол. Сондай-ақ Ауғанстандағы ахуалды, тер­роризмнің қаупін жан-жақты талқыладық», – деді Елбасы баспасөз мәслихатында. Мемлекет басшысы ДАИШ террористік ұйымының тамырына балта шабылса да, олардың шағын топтары әлі де толық жойылып біт­пегенін мәлімдеді. Қазіргі таңда лаңкестер Ауғанстанға қарай ірге көтерген. Мұндай үдеріс бұл елге айтарлықтай қауіп төндіреді. Сол себептен де Қазақстан тарапы Ауған­станда содырлармен күресу жұмысында АҚШ-қа көмек көрсетуін жалғастыра бе­реді. Ауғанстандағы жағдайды тұрақтан­дыру үшін елдің экономикасы тұрақты болуы керек. Бұл тұрғыда Елбасы Дональд Трампқа Қазақстанның Ауғанстанға көр­сетіп жатқан көмегі туралы баян еткен. Аймақтағы жағдайды тамыршыдай тап басып, бүкіл проблеманы жіпке тізгендей етіп баяндаған Назарбаевтың уәжіне Трамп та құлақ асқан сыңайлы. Қазақстан терро­ризм­ге қарсы күрестегі АҚШ-тың табан­дылығын қолдайтынын мәлімдеді. Екі ел басшылары Солтүстік Кореядағы ядролық мәселе бойынша ортақтаса жұмыс істей­тіндерін де атап өтті. Қазақстан мен АҚШ «С5+1» аймақтық үн­қатысу алаңы аясын­дағы әріптестікті дамыту туралы келісімге келді.
Қазіргі таңда кейбір қуатты державалар өздерінде ядролық қару болғанына қара­мастан, басқа елдерге оны қолдануға тыйым салуға ұмтылып отыр. Елбасы мұның мүлдем дұрыс еместігін мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ұсынылғандай, БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай әлем ядролық қарудан толықтай бас тартуы тиіс. «Егер сол мемлекеттер ядролық қарудан бас тартатын бағдарламамыз бар деп мәлім­деме жасаса, басқа елдер солардан үлгі алатын еді. Кезінде Қазақстан ядролық мемлекеттердің кепілін ала отырып, өзінің арсеналында бар ядролық зымырандардан бас тартты. Содан бері Үндістан, Иран, бірқатар мемлекеттер ядролық қаруға ие бола бастады. Олардың деструктивті ба­ғыттағы топтардың қолына түсу қаупі туып отыр. Осыған байланысты Қазақстанда Төмен байытылған уран банкі ашылды. Атомды бейбіт мақсатта қолданатын елдер оның қорын бізден алуға мүмкіндіктері бар. Оны атомнан энергия алу секілді бейбіт мақсатта қолданады. Осының нәтиже­сінде, мемлекеттер арасындағы сенім қалып­тасады», – деді Елбасы ағынан жа­­­­­рылып.
Елбасының келіссөздер жүргізудегі ал­ғырлығы Қазақ еліне орасан пайда келтірді. Осы күні біреуден бір теңге қарыз сұрап көріңіз: біреу шалқаяды, біреу кекірейеді, біреу сылтауратады, енді біреу қайдағы жоқты айтады; тұтас елге инвестиция игілігін тарту оңай шаруа ма – бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті өзара сенім мен тұрақтылыққа негізделген ізгі қарым-қатынастарға кепілдік беріп, жалпы сомасы 7,5 млрд доллардан асатын 20 ке­лісімшартқа қол қоюдың ретін келтірді. Үш мыңнан астам аймақтық палатаның, үш миллионнан астам адамның мүддесін көздейтін АҚШ-тың Сауда палатасы ұйымдастырған, Қазақстан Республикасы­ның Президенті Н.Назарбаевтың құрме­тіне арналған салтанатты қабылдауға 250 бизнесмен қатысты. АҚШ-тың Сауда палатасының төрағасы Томас Донохью мырзаның «Қазақстан америкалық бизнес үшін үлкен әлеуетке ие, әлемнің төтенше маңызды аймағында орналасқан» деп айрықша атап өтуі де тегін емес. Амери­калық капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын бірлескен жобалар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларын қамтитын болады. Авиациялық және ғарыштық өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және сол сияқты салалардағы жетек­ші америкалық компаниялар – Chevron Overseas, W. R. Grace&Co, GE Transportation Parts LLC, Pfizer, John Deere, Amity Technology, Global Beef Investments LLP және басқаларымен инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Астана АҚШ-пен жоғары тех­нологиялар мен инновациялық өндірістер трансферті бойынша байланысты дамытуға аса мүдделі. Мәселенің мән-маңызы тұр­ғы­сынан алғанда, жаңа келісімдер Қазақ­станға экономикадағы «цифрландыру» ісін жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні анық. Мемлекет басшысы «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесу кезінде Қазақ­станда жүзеге асырылып жатқан эконо­микалық жобалар жөнінде айтты.
– Біз «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масын іске асырып жатырмыз. Ха­лықара­лық EXPO – 2017 көрмесін өткіздік. Көрме инфра­құры­лымының базасында «Астана» халықара­лық қаржы орталығын құрамыз. Оған қа­тысушылардың бәріне айрықша жеңіл­діктер қарастырылған, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жоба­ларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап көрсетті. Осы ретте Мемлекет бас­шысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес, республиканың экономикасын цифрлық бағытқа көшіруге қатысты мәмілелер жасалды. Олардың ішінде АХҚО, «ИТП» АКҚ және IBM арасында Astana Startup HUB IT техно­паркінің базасында қаржылық техноло­гиялар бойынша инкубаторды құру туралы, «ИТП» АКҚ және Global Venture Alliance арасында өнеркәсіпті цифрландыру қорын құру туралы, сондай-ақ GE Digital және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арасында теміржол көлігін, энергетиканы, мұнай өңдеуді және экономиканың басқа да сек­торларын цифрландыру жөніндегі жоба­ларды жүзеге асыру бойынша стратегиялық әріптестік туралы келісімдер хаттамаланды. Қазақстан – Америка сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынас­тарын одан ары дамыту, сондай-ақ екі елдің іскерлік топтарын жақындастыру бағы­тында да бірқатар шаралар жасалды. Kazakh Invest басқарма төрағасы С.Тұяқ­баевтың АҚШ қаржылық институттарымен Жекеменшік шетелдік инвестициялар корпорациясы (Overseas Private Investment Corporation (OPIC) және Оппенхаймер сияқты АҚШ-тың ірі қаржылық инсти­туттарымен жалпы сомасы 3 миллиард АҚШ долларына бірлескен инвестициялық жобаларды және сауда операцияларын қаржыландыру туралы құжаттарға қол қоюы соның жарқын көрінісі болды. Oppenheimer америкалық қорының басқарушы директоры Питер Албаномен бірге Қазақстандағы жобаларды қаржы­ландыру немесе инвестиция құю үшін америкалық қаржы институттарын тарту жөніндегі өзара түсіністік туралы мемо­рандум да келешекте пайдасын береді.
Қазақстанға инвестиция салған инвестор-мемлекеттер тізімінде АҚШ 50 миллиард доллар көлемімен көш бастап тұр. Мұнай-газ секторы, мұнай-химия саласы, энергетика, көлік-логистика инфра­құрылымдарына салынған инвес­тициялардың игілігін халқымыз көріп те жатыр. Қазақстан Президенті шетел инвес­торларына, оның ішінде америкалық­тарға бизнес жүргізудің ең тиімді шарттарын ұсынып келеді. Былтырғы жыл қорытын­дысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капи­талының қатысуымен 500-ден аса ком­пания табысты жұмыс істеп жатыр. Шев­рон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар­дың Қазақстан экономикасын өрлетуге қосып отырған үлесі зор.
Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттарындағы ресми сапары аясында бірнеше жоғары деңгейлі кездесу өткізіп, екі ел арасындағы іскерлік, экономикалық байланыстарды талқылап тастады. Елбасы «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агент­тігінің президенті Рэй Уошбернмен және АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Пер­римен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Энер­гетика министрі Рик Перримен кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер бары­сында қол жет­кізілген нәтижелер әңгімеге арқау болды. Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақ­тас­тығына оң баға берді. «Теңіз» және «Қа­шаған» кен орындарында жүзеге асы­рылып жатқан жобалар туралы айтты. Осы ретте Қазақ­станда өнімді қайта өңдеу саласындағы инвесторлардың күш-қуатын арттыру қажеттігін еске салды. Еліміздегі «жасыл энергетиканы» дамы­туға арналған жоба­лар­дың жүзеге асы­рылуы туралы сөз ете келіп, Р.Перриді Төмен байытылған уран банкі­нің ашылуы жөнінде хабардар етті.
Мемлекет басшысының АҚШ іскер топтары өкілдерімен кездесуі нәтижелі болды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынас­тардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы кең ауқымды екіжақты қатынас­тарды қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісінің маңыздылығын атап көрсетті. Бизнесті жүргізу үшін мем­лекет тарапынан жасалатын жағдай туралы айтып берді.
– Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қа­зақстан Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымының Инвес­тициялар жөніндегі комитетінің қауым­дас­тырылған мүшесі болды және Халықаралық инвес­ти­циялар жөніндегі декларацияға қосылды. Бізде АҚШ-ты қоса алғанда, 62 елдің азаматтары үшін визасыз режим ен­гізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетіл­дірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан эконо­микасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше көңіл бөлді.
– «Цифрлы Қазақстан» арнайы мем­лекеттік бағдарламасы қабыл­данды. Осы­ған орай, экономика салаларын цифр­ландыру және инновациялық эко­жүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев университеті және Иннова­циялық технологиялар паркі сияқты инно­вациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ стартаптардың жаңа ха­лықаралық технопаркі ашылады. Осының бәрі біздің ынтымақтастығымыздың бола­шағы зор болуына жол ашады, – деді. Сөз орайы келгенде Қазақстан Президенті америкалық бизнесмендерді Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру ісіне қатысуға ша­қырды. Еліміздегі жекешелендіру бағдар­ламасының іске асырылу барысы және «жасыл экономика» саласындағы жоба­ларды дамытудың келешегі туралы да сөз етті.
– Өткен жылы «Болашақ энер­гиясы» тақырыбымен халықаралық EXPO – 2017 мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл планетаның «таза энергетика» саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме кешендері инновациялық және орнықты даму міндеттеріне ары қарай да қызмет ете берді. Атап айтқанда, EXPO – 2017 инфрақұрылымының базасында «жасыл технологияларды» және инвес­ти­цияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол елімізде және өңірде «жасыл жобаларды» жүзеге асыруға септігін тигізеді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығының мәртебесі ерекше екенін атап өтіп, алдағы жоспар­ларымен таныстырды.
– «Астана» ха­лықаралық қаржы орта­лығының жұмысы­на қатысушыларға 50 жылға дейін са­лықтық жеңілдіктер бе­ріледі, сондай-ақ валюталық, визалық жеңілдіктер және еңбек режимдерінің жеңілдіктері ұсыны­лады. Бұл – өңірдегі жұмысы ағылшын құқығына негізделген бірден-бір орталық. «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының жоғары технология­лық биржа­сын құруға Шанхай қор биржасы және Американың NASDAQ биржасы тартылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы­ның «жасыл», исламдық және инновация­лық қаржы құралдарын дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа айналуы үшін зор мүм­кіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қоғамдастық үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы­ның ресми танысты­ры­лымын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Осының бәрі айтқанға да, жазғанға да оңай ғой. Іскер топтардың тілін табу, ыңғайға келтіру, дегенге көндіру, жөнге жү­гін­діру деген тарапта Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына түсетін қазақ баласы жоққа тән.

Нұртөре ЖҮСІП

(Жалғасы бар)

Бөлісу:

Пікір жазу


*