АҚШ пен ҚАЗАҚСТАН қарым-қатынасына қан жүгірді

1607
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары, Елбасының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген сөзі жайлы әлемнің әр түкпіріндегі сарапшылар мен саясатта­нушылар үн қосып жатыр. Олар екі елдің бұл жолғы байланысы туралы не деді?

Маттиас ДОРНФЕЛЬДТ,
саясаттанушы (АҚШ):

– Президент Назарбаев АҚШ-қа сапары аясында БҰҰ ҚК отырысында ядролық қарусыздандыру барлық әлемге қажет екенін нақты айтты.
Бұл – өзі де ядролық қарудан бас тартқан үлгі болатын Қазақстан ұстанымы. Семей полигоны жабылды. Бүгінгі таңда ядролық қаруы бар мемлекеттер арасында шиеленіс ушыға түсуде. Сондықтан қарусыздандыру мәселесі көкейкестілігін ешқашан жоғалтпаған. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев маңызды бастама – Қазақстанда Оңтүстік Корея мен КХДР мәселесін бейбіт талқылауды ұсынды. Бұл аймақта жағдай шиеленіскен. Қазақстан шынымен де сириялық қақтығыс жағдайындағыдай келісімге келудің жақсы алаңы болады деп сенемін. Қазақстан өзін барлық жақтан сенім артатын тәуелсіз әріптес ретінде көрсете білді.
Куртай КАРАДЖА,
Нишанташи университетінің профессоры, саясаттанушы (Түркия):

– Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың кездесуі өте сәтті өтті. Бұл іссапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қарым-қатынастарға қан жүгіртетіні анық. Сонымен бірге, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында төраға болған Н.Назарбаев бірнеше елеулі бастамалар көтерді.
Бұл – әлемдік қауіпсіздікті сақтаудағы мемлекеттер арасындағы бірлікті ұстану. Біз әлемдік мәселелер алдында теңбіз. Шын мәнінде солай. Ядролық полигонды жауып, қарудан бас тартуымен Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосады. Жекелеген мемлекеттерге өз мүддесі үшін құрған жоспарларынан бас тартып, Қазақстанды үлгі еткені дұрыс болар деп санаймын.

Сяо Бинь,
Шығыс Еуропа және Орталық Азия зерттеулері институтының сарапшысы (Ресей):

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевты БҰҰ мінберінен бейбітшілік идеяларды ту етіп, нақты идеялар ұсынған саясаткер ретінде танимыз. Бұл жолғы оның баяндамасы да маңызды болды. Ол мемлекеттерді әскери блокқа бөлуді өткен шақта қалдырып, ядролық қарудан бос аймақтар жасауды ұсынды.
Президент Қазақстанның Солтүстік Корея мәселесін шешуге өз алаңын беруге дайын екенін алға тартты. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі нақты жұмысы анық айқындалған. Сирия жағдайын шешуде Қазақстан оң шешімін берген 8 раундық келісімдер отырысын өткізді.
Андрей МАМЫКИН,
Еуропалық Парламент депутаты:

– Ядролық қарусыз әлем немесе қауіпсіздік, терроризммен күрес. Біз Еуропалық одақта көптеген мәсе­лелерді теориялық тұрғыда ғана білетін шығармыз. Қазақстан тұрақсыз жағ­дайдағы Ауғанстан сияқты мем­ле­кетпен жақын орналасқан. Біз мемле­кеттер арасында дипломатиялық және басқа да қақтығыстар жүріп жатқан жағдайда әлі де өмір сүретініміз белгілі. Өкінішке қарай, бұл – санасуға тұрарлық шындық. Қазақ­станның саяси тұрғыда ұғынып, ғаламдық қауіпсіздікті ны­ғайтуға нақты бастамалар ұсынғаны қуантады. Бұл жайт – Қазақстанды соңғы жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің үздік төрағасы ететіні сөзсіз.
Вячеслав МАТУЗОВ,
Араб елдерімен достық және іскер серіктестік орнату қоғамының президенті:

– Сенім жоқ жерде қарусыздандыру мәселесі оңтайлы шешілмек емес. Өйткені сенім – халықаралық қарым-қатынастағы басты қағидалардың бірі. Ядролық қарусыздандыру ісін жолға қою – бүгінгі әлем саясатының күн тәртібіне шықты. Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мінберінен дүниежүзіндегі алпауыт державалардың өзара сенімін нығайту турасында сөйлеген сөзі қазіргі уақытта аса маңызды болып отыр.
Бүгінде екі алып ядролық қаруы бар мемлекет – Ресей мен АҚШ арасындағы сенімнің жоғалғанын анық байқап отырмыз. Осы тұста, яғни екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру жолында Қазақстанның атқаратын рөлі зор деп ойлаймын. Астана тиісті деңгейде Сирия мәселесін ұтымды шешу арқылы өзінің тиімділігін дәлелдей алды. Ресей мен Түркия арасы сұсты қақтығыстан кейін де реттелгенін көрдік. Астана базасында Иран, Түркия және Ресейдің бір мақсатта әрекет ету үшін саяси ымыраға келгеніне куә болдық. Астана үдерісінің арқасында Сирияның негізгі аймақтарындағы соғыс қимылдары тоқтады. Алда саяси тұрақтылықты реттеудің ұзақ жұмысы тұр.
Алексей МУХИН,
Саяси ақпараттар орталығының директоры (Ресей):

– Қазақстанның бітімгер есебіндегі тиімділігі – Астананы Корей түбегіндегі мәселелерді конструктивті шешуге қолайлы алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік беруінде. Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси салмағын ескерсек, оның бұл ұсынысының маңызын түсіне беруге болады. Азия елдері және Қазақстан – белгілі бір деңгейде әлем саясатына әсер ете алатын әрі шешім қабылдайтын орталық. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан ұсыныс-пікірлер аса маңызды. Оның Ресей мен Қытай арасындағы тығыз қарым-қатынасы турасында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көтерген мәселесі өте орынды.
Бүгінде жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі әлемдегі келіссөз жүргізу жүйесі дағдарысқа ұшырап отыр. Қазақстан Президентінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде ұсынған егжей-тегжейлі жоспары мен нақты шаралары осы жүйені қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бермек.

Акшин МЕХТИЕВ,
БҰҰ жанындағы Ислам Ынтымақтастық ұйымының тұрақты өкілі:

– Қазақстандықтарды құттықтауға рұқсат етіңіздер! Тарихи сәт орын алды. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құ­рамына алынып, алғаш рет төрағалық етті. Өз кезегінде, бұл – маңызды әрі тарихи оқиға екені даусыз. Осы шараға белді саяси қайраткер, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы, оның мінберден сөйлеген сөзі жиынның маңыздылығын айқындай түскендей. Қазақстан өзінің дүниежүзілік қарым-қатынастағы жағымды рөлінің арқасында халықаралық аренада жоғары беделге ие. Бұл мемлекет сұсты қақтығыстарды реттеуде бірнеше мәрте бітімгер бола білді. Осы сәтті пайдалана отырып, бауырлас халыққа осы маңызды «майданда» биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіргім келеді.
Дин СЯОСИН,
Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясының Орталық Азия бөлімінің басшысы:

– Мұндай мәртебеге кез келген мемлекет ие бола бермейді. Қазақстан аймақтық тұрақтылық пен ғаламдық қауіпсіздікті қолдауда өзіне үлкен жауапкершілік алып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық, химиялық және биологиялық қарудың қаупін алдын алудың қажеттігін ерекше атап өтті. Оның ойынша, алпауыт мемлекеттер осы мәселеге мейлінше ден қоюы керек.
2017 жылы көп талқыланған мәселелердің бірі – Солтүстік Кореядағы ядролық қару проблемасы. Осы уақытқа дейін АҚШ пен Қытай бұл мәселені реттеуге тырысып көрді, бірақ нақты нәтижелердің ауылы алыс. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Кореяға Қазақстанның қарусыз­дандыру саласындағы тәжірибесін пайдалануды ұсынды. Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлының маңызды ұсыныстарының бірқатары Корей түбегіндегі ядролық қарусыздандыру мәселесінің шешілуіне септігін тигізуі бек мүмкін.
Григорий Трофимчук,
Стратегиялық дамуды үлгілеу орталығының вице-президенті (Ресей):

– Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан атынан аса маңызды әрі салмақты бастамалар көтерді, енді мұны әлем таразылауы қажет. Ең маңыздысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне негізделген сәйкес құжаттардың барлығын дайындағанын атап өтті. Жаппай қырып-жоятын қарулардың жолы кесілуі тиіс. Бұл үшін Қазақстан бөлім-бөлімге жіктелген шаралар кешенін ұсынды. Ол ұсыныстар тек заңды шараларды реттеп қана қоймай, ядролық қаруды қолданудың түбегейлі жолын кесуге бағытталған.
Юрий Шевцов,
Еуропалық интеграция проблемалары орталығының директоры, саясаттанушы (Беларусь):

– Қазір ядролық қаруды таратпау мәселесі шиеленісіп келеді. Әр аймақта мұның өз себептері бар.
КХДР бұл – бір сценарий. Басқа жолы – Трамптың Иранмен ядролық келісімшарттан шығуы жағдайындағы Иранның ядролық бағдарламаға қайтып келу қаупі. Алайда, ең қауіпті үшінші жолы бар.
Бұл – орта және кіші қашықтықтағы ракеталар бойын­ша келісімшарттың болашағы, сонымен байланысты Шығыс Еуропадағы АҚШ РҚҚ мәселесі және СНВ3 келісімшартының болашағы.
Н.Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау саласында сенімді арттыру жөніндегі бастамасы Қытай немесе Иранның ядролық қаруы туралы көпшілік талқылайтын қалыпты шегінен асып, үлкен ауқымды қамтиды.
Маңыздысы сол – Н.Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мән-маңызын арттыруға шақыруында. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мән-маңызы төмендеген жағдайда, мысалы, оның мүшелері күрт көбейген жағдайда ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы жағдай орын алуы мүмкін. Яғни, БҰҰ әлемдегі әскери қақтығыстарды болдырмау алаңы іспеттес маңызын азайтады. Мұндай жағдайда әскери күш-қуаты жоғары державалардың маңызы күрт көбейеді. Әлемдік саясаттағы орта және кіші мемлекеттердің пікірі елеусіз қалады. Бұл әлемдік қауымдастықтың әскери қақтығыстарды реттеу қабілетін төмендетеді.
Н.Назарбаев ядролық қаруды ұстап тұру хақындағы тиімді халықаралық институттарға қызығушылық танытқан әлемнің көптеген мемлекеттерінің атынан үн қатты.


– Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 16 қаңтарда Вашингтонға барды. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевты аса көрнекті саяси қайраткер деп санаймын. Ол – президенттер арасындағы ең мықтылардың бірі. Тіпті посткеңестік кеңістіктегі ең мықты президент деуге болады. Міне, қараңыздар, ол Трамппен бірге шығып келеді… Онда не болғанын, олардың не жөнінде уағдаласқанын мұқият сараладым. Қандай керемет өзара түсіністік. Қазақстанға 50 миллиард доллар Америка инвестициясы тартылған. 50 миллиард доллар! (Оған қоса Қытай да құйып жатыр). Қазақстан бейбітшіліктің, достық пен береке-бірліктің арқасында өркендеуде. Қараңызшы, экономикасы қалай дамып келеді. (Келісім-шарттары қандай!)
Жақында Алматыда болып, жағдайды жіті зерттедім. Халықтың қалай өмір сүріп жатқанын көрдім. Назарбаев – данышпан адам. Ол – Шығыстың данагөйі. Айтпақшы, ол Украинада оқыған. Назарбаев өзінің халқын нық сеніммен, әкелік қамқорлықпен өркендеу жолына бастап барады. Мұны қазір сүйсіне айтып отырмын. Шынымен де, оларға таңғала­мын. Кезінде Горбачев маған Назарбаев туралы көп айтқан болатын. КСРО-ның ыдырауы алдында Горбачев Назарбаевтың Премьер-министр болғанын қалады. Енді қараңыздар, ол америкалықтармен, Трамппен ортақ тіл тапты. Трамп ол туралы тебірене сөйледі.
«112 Украина» телеарнасында Дмитрий Гордонмен өткен
«Вечерний прайм» бағдарламасынан үзінді (2018 жыл 18 қаңтар)

Бөлісу:

Пікір жазу


*