Біздің еліміз – зайырлы мемлекет

1280
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев митро­полит Александрдың Қазақ­стан­дағы қызметіне жоғары баға беріп, дін саласындағы мемлекеттік саясат мә­селелеріне тоқталды.
– Сіздің Қазақстанда атқарып жатқан қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз бейбітшілік пен конфессияаралық ке­лісім саясатын жүргізіп отырсыз. Біздің еліміз – зайырлы мемлекет. Барлық діни конфессиялардың теңдігі мен дін ұстану бостандығы Конституцияда және өзге де заңдарда бекітілген. Біз діни қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнін­де бастама жасадық. Сіз оған белсенді түрде атсалыстыңыз. Атқарған жұ­мысыңыз үшін сізге ризашылық білді­реміз, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ас­та­на және Қазақстан митрополитін өткен Рождество мерекесімен құттықтады.
Митрополит Александр Нұрсұлтан Назарбаевқа қабылдағаны үшін алғыс айтып, Қазақстан Президентінің «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласының рухани-адамгершілік тәр­бие беру ісіндегі маңыздылығын атап өтті.
– Тұлғаны рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу жөніндегі сіздің стратегияңыз Қазақстанды одан әрі дамытудың негіз қалаушы құжаты болып саналады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала қоғамымыздың ары қарай өркендеуіне қажетті дүниелерге жол ашады, – деді Астана және Қазақстан митрополиті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*