Әуе тасымалы рекорд орнатты

960
0
Бөлісу:

Қазақстанда жаңа ұлттық компания құрылмақ. Бұл Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды. Жиында Үкімет мүшелері «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру бойынша өткен жыл қорытындыларын шығарды. Сондай-ақ құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу және сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру, азаматтық авиацияны одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Отырысты ашқан Б.Сағынтаев сырттағы сақылдаған сары аязға ден қоймай кете ал­мады. Темірдің өзін көкаяздандырып, қа­рыған сұрапыл суық Астанадан бастап, бір­неше облыстың мазасын кетіріп тұр. Сон­дықтан Премьер күн тәртібінен тыс осы мәселеге жеке тоқталып, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол метео­рологтардың мәліметтеріне сүйеніп, мұндай ауа райы тағы бірнеше тәулік сақталатынын ескертті. Қазір еліміз­дің 6 өңірінде ауа температурасы 30-40 градусқа дейін төмендеді. Таяу уақыт­та осындай қара суық оңтүстік­тегі төрт өңірді басады деп күтілуде. Осы­ған байланысты Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге жылу желілерінде, әсіресе, шағын қалалардағы шағын қазандық­тарда температуралық кестені сақтау бойынша қосымша шаралар қабыл­дауды тапсырды.
– Әлеуметтік нысандарға – ауруха­наларға, мектептерге және балабақ­шаларға ерекше көңіл бөлу керек. Оқу орындарында сабақтың болмайтыны туралы хабар халыққа барлық қолже­тімді тәсілдермен уақытылы жеткі­зілуге тиіс, – деді ол.
Премьер халық сағаттап автобус күтіп қалмауы үшін қоғамдық көлік дәл кесте бойынша жұмыс істеуі ке­ректігін нықтады. Барлық әкім­діктер өз қызметкерлерінің кезек­­шілік кестесін әзірлеуге тиіс. «112» бі­рыңғай кезек­шілік диспетчерлік қызметінің желісі өскен жүктемені ескере отырып, үздіксіз жұмыс істеуі қажет.
Ішкі істер министрлігіне автожол­дарда пәрменді бақылауды қамта­масыз ету тапсырылды. Қажет болған жағ­дайда көліктің барлық түрлерінің елдімекендерден шығуын шектеу бойынша уақытылы шешім қабылдау және белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Ведомство әкімдік­термен бірге, жүргізушілер мен жолаушыларға жылжымалы жылыну бекеттерін, ыстық тамақтануды ұйымдастыруға міндеттелді. Сондай-ақ апаттан құтқару бригадаларының кезек­шілігін, жедел және медици­налық қызмет­терді сүйемелдеуді қамтамасыз ету керек.
– Осы ең суық кезеңді барлық қызметтер нақты әрі үйлесімді түрде өткеруге тиіс. Мемлекеттік органдар мен ұйым­дардың, жеке компа­ния­лардың бас­шыларына жеке қайыры­ламын: қызметкерлеріңізді жұмыс орында­рында кешке дейін ұстама­ңыздар! Мүм­кін­дігінше орталық­тан­дырылған түрде қызметкерлеріңізді жет­кізіп салуды ұйым­дастырған жөн, – деп жүктеді Үкімет басшысы. Ай­тылған мәселелерді ерекше бақылауда ұстау бірінші вице-премьер Асқар Маминнің өзіне тапсырылды.
Үкімет отырысында Инвестиция­лар және даму министрі Ж.Қасымбек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйді пай­далануға беру бо­йынша әкімдіктер рейтингін жа­рия­лады. Негізі, 2017 жылдың қоры­тын­дысында баспана құрылы­сына барлық көзден 979,8 млрд теңге инвести­ция салын­ды, бұл алдыңғы жылғыдан 18%-ға жоғары. Жеке инвестиция­лардың үлесі 825,8 млрд теңгені неме­се жалпы көлемнің 84,3%-ын, ал мем­ле­кеттік инвести­циялар үлесі – 154 млрд теңгені немесе 15,7%-ын құрады.
«Былтыр 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылғыдан 6,2 пайызға жоғары. «Нұрлы жердің» жылдық жоспары 111%-ға орындалды. Жалпы, 100,8 мың тұрғын үй салынды, оның ішінде 75,8 мың үй немесе жалпы көлемнің 75% жеке сектор есебінен, 25 мың пәтер мемлекеттік ин­вес­тициялар есе­бі­нен тұрғызылды» деді Ж.Қа­сымбек.
Ол тұрғын үйді пайдалануға беру бо­йынша Астана қаласы (2,4 млн шаршы метр) және Алматы қаласы (1,9 млн), сондай-ақ Маңғыстау (833 мың) және Ақтөбе (792,3 мың) облыс­тары көшбасшы атанғанын жеткізді. Соны­мен бірге, Батыс Қазақстан (42,4%), Оңтүстік Қазақстан (36,2%), Қоста­най (35,9%) және Павлодар (31,2%) облыс­тарында тұрғын үй құрылысы көлемінің айтарлықтай өсім қарқыны байқалады. Өңірлерге баспана құрылысына қажетті инфрақұрылымды жүргізу үшін 77,3 млрд теңге бөлінген, оның 99,5%-ы немесе 76,9 млрд теңгесі игерілді.
Мәселені талқылау барысында бірінші вице-премьер А.Мамин, «Бәй­терек» хол­дингінің төрағасы А.Әріп­ханов, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, Ақмола об­лысының әкімі М.Мырзалин, Атырау об­лысы­ның әкімі Н.Ноғаев, Маңғыстау облы­сының әкімі Е.Тоғжанов, БҚО әкімі А.Көл­­гінов, ОҚО әкімі Ж.Түй­ме­баев сөз сөйледі.
Мәселені талқылауды қорытқан Үкімет жетекшісі жеткенге тоқмейіл­сімей, бұдан әрі тұрғын үймен қамта­масыз етудің жыл сайын­ғы өсімін 10% деңгейде ұстап тұруды жүктеді.
– «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асы­ру­дың алғашқы жылы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Ел тарихында алғаш рет 11 млн шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. Оған Мемлекет басшысы бастамашы болған жаңа мемлекеттік бағдар­лама­ның арқасында қол жеткізілді. Мұн­дай көрсеткіштер Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 26 жылында болма­ған, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Ол статистиканы және қабылдау-тапсыру актілерін уақытылы тапсыр­мауға және бас­қаларға қатысты проб­лемалар халыққа түсі­ніксіз себептер болып табылатынын, өйткені бұл тікелей мемлекеттік органдардың құзырет­тіліктеріне жататынын баса назар аудартты.
«Биыл жұмыс барысында мұндай олқы­лықтарға жол бермейміз деген сенім­демін. Оның үстіне биылғы Жол­дауда Елбасы 2030 жылға қарай баспана көлемін әр адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізуді мін­деттеді, ал бұл жыл сайын 10%-ға өсіріп отыруды талап етеді» деді
Б.Сағынтаев. Ендеше, 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарла­масы көрсет­кіш­тері былтырғы көлемдерден бір миллион шаршы метрге асып түсуге тиісті.
Үкімет жиынында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда ұшақтар мен тікұшақ­тардың ұшу қауіпсіздігін қадағалайтын жаңа ұлттық компания құрылатынын хабарлады.
– Бірлескен жұмыстар негізінде біз «британдық модельді» енгізудің тәсіл­деме­ле­рін жасадық. Ол ұшу қауіп­сіздігі сала­сындағы бақылау-қадағалау функ­цияла­рын – азаматтық авиация сала­сын қадағалай­тын және бақылай­тын ұлттық компания түрін­дегі жаңа құрылымға тапсыру бойын­ша қол­даныстағы заңнамаға өзге­рістер енгізуді қарастырады. Ұлттық компа­ния министрлік алдында есепті болады. Инспектор ретінде жұмыс істейтін кейбір қызметкерлер ұлттық компа­нияға ауысады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Министрлік тек осы саладағы мемле­кеттік саясатты қалыптастыру мен халық­аралық қатынас мәселе­леріне ғана жауап береді. Кейін жур­налистерге арналған бас­пасөз мәслихатында министр Азаматтық авиация комитеті штатының көбі – үштен екісі жаңа ұлттық компанияға кететінін айтты. Ол кеткен қызмет­керлердің жалақысы да жоғарырақ болатын көрінеді.
«Біз ұшақтардың да, ұшқыш­тардың да сапасын лайықты тексере алмаймыз. Себебі, комитетке тиісті мамандарды шақыруға шама­мыз жоқ: ол мамандар жеке компания­ларда біз ұсына алатын­нан 4-5 есе көп жала­қы алады. Демек, оларды осы жұмысқа тарту үшін біз тиісті жағдай жасауға тиіспіз. Бұған тек ұлттық компания немесе АҚ форма­сында ғана қол жеткізе аламыз. Бұл үшін мемле­кеттік функциялардың бір бөлігін компания деңгейіне беру талап етіледі. Өйткені барлық халықаралық талаптарға жауап беретін мамандарды тарту туралы сөз болып отыр. Әйтпесе, комитетте қабылданған жалақы­ларға бұл мамандарды сапалы тартуды қамта­масыз ете алмаймыз» деп түйді ми­нистр.
Айтқандай, 2017 жылы отандық әуе компаниялары жолаушылар тасымалы жөнінен рекорд орнатыпты: жолау­шылар ағынының өсімі 23%-ды құрады. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Мұндай жетістікке жетуге EXPO – 2017 көрмесінің сәтті өтуі ықпал еткен екен. Транзиттік жо­лау­шылар тасқыны 30%-ға, жүк тасы­малы 24%-ға артқан. Жалпы алғанда, 2017 жылы Қазақстан әуежайлары 14,2 млн жолаушыға қызмет көрсетті.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*