Жаңа дәуірге бастайтын құжат

1435
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауы – еліміздің қарқынды дамуы үшін атқарылатын іс-шаралар жоспары мен жүзеге асырылатын саяси жобалардың жиынтығы. Бұл құжаттарда адамзат игілігіне пайдалы әрбір саланы дамыту мәселелері талқыланып, заманға сай әрі бәсекеге қабілетті болудың тың тетіктері талданады. Елбасының ел тұрғындарына арнайтын жыл сайынғы Жолдауы сонысымен маңызды, сондықтан құнды.
Президентіміздің биылғы «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы да­му­дың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы да жаңа дәуірге бейімделу мен жетістікке жету жо­лында атқаруымыз қажет іс-шаралардың қа­тарын айқындап берді. Мемлекет бас­шысы бүгінде Төртінші өнеркәсіптік ре­волю­ция дәуіріне, яғни технологиялық, эко­номикалық және әлеуметтік салалардағы те­рең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қа­дам басқанымызды атап өтіп, осы тұста жаңа технологиялық қалыпқа құйылып, жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болуымызды тапсырды. Бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу ел тұрғындары Елба­сы­ның әрбір бастамасын оң бағалап, мем­ле­кет­тің дамуы үшін жаңа міндеттерді айқын­дай­тын жыл сайынғы Жолдауын үнемі қол­дап келеді. Ақорданың ресми мәліметіне зер салсақ, Президентіміздің атына биылғы Жол­даудың мән-мағынасы мен маңыз­ды­лы­ғына қатысты республиканың түкпір-түкпірінен көлемді хабарлар көптеп келуде. Алғашқылардың бірі болып Astana Ballet ұжы­мы телеграмма жіберіпті. «Мемлекет бас­шысының жылдағы Жолдауы – елімізді дамытудың жаңа кезеңіне арналған сапалы іс-шаралар жоспары. Биылғы халыққа ар­науын­да ел тұрғындарының өмір сүру са­па­сын арттырудың тетіктері айқын көрсе­тіл­ген» делінген хабарламада. Бүгінде еліміздің оң имиджін әлемдік аренада қалыптастыруға атсалып жүрген ұжым кез келген дүние­жүзі­лік экономикадағы дағдарысты еңсеру үшін ұлт болып бірігудің маңыздылығын атап өтті. Сонда ғана бейбітшілік пен келісім орнап, тұрақты даму, тың бастамаларды игеру оң­тай­лы болмақ.
Тарихы терең Жамбыл атындағы Қазақ мем­­лекеттік филармониясы да биылғы маңыз­ды құжатты талқылаудан тыс қалма­ған. Бұл ұжымның әу бастан бергі басты ұста­нымы – қазақ өнерін асқақтату, рухани жә­не мәдени құндылықтарымызды сақтау әрі насихаттау. Мемлекет басшысының биыл­ғы Жолдауымен танысып, ерекше әсер ал­ған үлкен ұжым еліміздің мүддесіне жа­райтын жаңа жоспарлар мен тың идеяларды жү­зеге асыруды мықтап қолға алған. Бұл тура­сында Елбасыға жолдаған хабарлама­сында баяндапты.
Ел басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын өзге де өнер орда­лары қолдап, хат жолдаған. Абай атындағы мем­лекеттік академиялық театр, Құрманғазы атын­дағы Қазақ мемлекеттік кон­серва­то­рия­сы, Қазақконцерт, «Астана опера» мем­ле­кеттік опера және балет театры және басқа да мәдениет ошақтары биылғы ресми құжат­тың маңыздылығына қатысты өз мәтін­де­рінде мағыналы ой қалдырған.
– Адами капитал – жаңғыру негізі. Пре­зидентіміздің биылғы тапсырмаларының не­гізгісі – осы. Адами капиталды жетілдіруге өнер азаматтары түгелдей жұмылдырылуы керек. Өйткені бізге бұйырған кәсіптің бас­ты миссиясы – адамзатты сүю. Біздің ұста­ным – адам бойындағы жақсы мінез-құлық­ты қалыптастыру мен оларды ізгілікке тәр­бие­леу десек, дәл осы миссия еліміздің басты ресурсы адами капиталды құруға қызмет ет­пек, – деп жазады Республикалық неміс теат­рының ұжымы.
Осы ұжымның ұстанымын әсте қол­дай­тын, мәдени ортаны қалыптастыруға үлес қосуға даяр топтардың бірі – болашақ зиялы аза­маттарды дайындайтын білім ордалары. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясы, Қазақ ұлттық өнер институты, А.Жұбанов атындағы республикалық ма­мандандырылған музыкалық мектеп-ин­тер­нат, Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк колледжі және тағы басқа білім ошақ­тарының ұжымы Елбасы Жолдауындағы әрбір бастамаға үлкен жауапкершілікпен қа­рап, ондағы бастамаларды зор ыждаһат­тылықпен орындайтынын жеткізген. Басқа да ұлттық, мемлекеттік және жергілікті білім беру мекемелерінің ұжымы да Нұрсұлтан Әбішұлының атына арнайы хаттар жолдап­ты.
Президент Әкімшілігінің мекенжайына жолданған хабарлардың ішінен ұжым­шар­лардың хабарынан бөлек, Жолдаудың маңызына қатысты жеке азаматтардың да хат­тарын кездестіруге болады. Абай атын­дағы мемлекеттік академиялық опера және ба­лет театрының солисті Талғат Күзембаев, ақын Әбіл Қонысбай, Қазақстанның халық артисі Болат Аюханов, қаламгерлер Мәди Айымбетов, Сұлтан Оразалин, Сәбит Оразбаев, Смағұл Елубаев, Әлібек Асқаров, республикаға еңбек сіңірген қайраткер Ораз­күл Асанова және өзге де қоғам қайрат­керлерінің жазбасында Елбасының биылғы Жолдауы қолдау тапқан.
Мемлекет басшысының бұл ресми құ­жат­тағы жаңа дәуірге бейімделген баста­маларын спорт саңлақтары да қолдаған. Жақ­сылық Үшкемпіров бастаған Қанат Ислам, Дмитрий Баландин, гроссмейстер Ди­нара Сәдуақасова, Параолимпиада ойын­дарының чемпионы Зүлфия Ғабидул­лина сынды спортшыларымыз биылғы Жолдауға «жас­тарды болашаққа ынталандыратын бас­ты құжат» деген баға берген. Спорт өрендерін дайындайтын білім беру мен жаттықтыру мекемелерінің ұжымдары да Жолдауды қолдайтын хаттарын жіберген екен.
Президенттің жылдағы Жолдауының не­гізгі басымдықтарының бірі – білім беру са­ласы. Елбасы биыл да «Білім беру бағ­дарламаларының негізгі басымдығы өз­геріс­терге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап өтті. Осы тұста білім беру мекемелерінен бөлек, біздегі ғылыми-зерттеу орталықтары мен ірі кітапханаларымыз жаңа дәуірге сөзсіз бейімделуі тиіс. Ақтөбе облысындағы әм­бебап ғылыми кітапханасының ұжымы жаз­басында осы міндетпен келісетінін жа­зыпты. Елбасының атына республиканың басқа өңіріндегі кітапхана ұжымдарынан да осындай хабарлар көптеп келген.
Республикамыздан тыс, алыс-жақын шетелдердегі қазақстандықтар да Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына қатысты ой-пікірлерін жеткізіпті. Миландағы Бок­кони университетінің лекторы Әйгерім Бо­лат­қызы «Жетістікке жетудің төте жолы – бі­лімде. Сондықтан Елбасы айтқандай, жас­тардың энергиясын бірінші кезекте білім алуға жұмсауымыз қажет. Бұған қоса, жас буын өкілдері ағылшын тілін үйренуге ден қоюы керек. Өйткені шет тілін меңгерген білімді жастар ғана замана талабын орындай алмақ» дейді.

 

 

Айдана НҰРМҰХАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*