САЯСАТҚА СӘН БЕРГЕН САПАР

1604
0
Бөлісу:

Қазақта «Көргені жақсы – көш бастар» деген сөз бар. Екі тізгін, бір шылбырды қолға алғалы Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз елімізді өрге сүйреудің қамында жүр. Әсіресе, халықаралық деңгейде Тәуелсіз мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, жер жаһандағы кілең саясаттың майын ішкен майталмандар арасында қашан да бір иығы биік тұратын, мәмілеге келтіру, мәселе шешу, діттеген мақсатына жету деген тұрғыда «қазақ деген елдің баласы» ұғымын ұлықтап келе жатқанына ел куә. Журналистика жолында жүргенімізге қырық жылдан асыпты. Еліміз Тәуелсіздік алғалы Елбасымыздың талай сапарына жолсерік ретінде әлденеше рет ілесіппіз. Көзбен көргенді, көңілге түйгенді тағы да ойлы оқырман зердесіне ұсынудың реті келгендей.


Қаңтардың 16-18 күні аралығында Елбасы Америкаға кезекті ресми сапарын жасады. Сапар аясында Мемлекет бас­шы­сы АҚШ президенті Дональд Трамппен жә­не америкалық ресми әрі іскер топ өкіл­дерімен кездесті. Сондай-ақ БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесінің отырысына қатысты. Мем­лекет басшысының АҚШ-қа ресми са­парына куә болуға тура келді. Бұл – Астана мен Вашингтон арасындағы стра­тегиялық әріптестікті жаңа мазмұнмен то­лықтырған, Қазақ елінің мәртебесін биік­ке көтерген, Алты алаштың баласына абы­рой болған тарихи сапар. АҚШ – әлем­дік геосаясат, геоэкономика және жаһан­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісін­де ешкімге кеуде бастырмай келе жат­қан ел. Елбасымыздың кемел ақыл-пара­са­ты, халықаралық зор беделінің арқасында АҚШ-пен өзара сенім мен достыққа, іс­кер әріптестікке негізделген стратегиялық қарым-қатынас орныққаны белгілі. Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ президенті Дональд Трамппен және осы елдің іскер топ­тарымен кездесуі жоғары деңгейде өтті. Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестік бұрынғыдан да күшейе түсетін болды. Мемлекет бас­шы­сының жеке тұлға ретінде көрегендігі мен сындарлы саясаткерлігі Қазақ елінің қар­қынды дамуына қашан да ықпал етіп ке­леді. Алты құрлыққа әмірін жүргізіп отыр­ған Америкаңыз оңай ел емес: ықы­ласы түссе, ынтымаққа әзір, қырына ілік­кен­дердің құтын қашырар әлеуеті тағы бар, не дегенде де адам айнаға қалай қараса, айдай әлем де алдымен осы елге қарайды.
Қазақстан – АҚШ-пен стратегиялық әріп­тес. Айтуға оңай… Екі ел арасындағы қа­рым-қатынастың ә дегеннен, берік ор­нығуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәйекті дипломатиясы себеп болды. Алтайдың қызыл түлкісінің құйры­ғын­дай бұлғаң етіп, күніге жүз құбылып, жы­лына мың өзгеріп жатқан мына заманда азуы алты қарыс Американың тілін табу, қы­бын аңдау, қимылын бағу маңдайы жар­қыраған небір саясаткердің қолынан келе бермейтінін көріп те жүрміз. Біздің Прези­дент көкірегі аяққаптай алып елдің бір емес, бірнеше басшысымен бетпе-бет сөй­ле­сіпті, сары масаның қанат қағысындай сұңғыла саясаттың дірілін аңдапты, сес көр­сетер, секем алдырар қалыпқа жет­кіз­беп­ті. Бұл – үлкен өнер. АҚШ президенті Дональд Трамптың осыған дейінгі әртүрлі кездесулерін көріп те жүрміз: бірде Жапон премьерін қолынан жұлқыласа, енді бірде Меркельдің өзіне місе тұтпай қарағанын көргенбіз… Елбасымыздың жастайынан атқа отырып, тақымының берік болғаны – үлкен саясат орындығында да нық отыруға жетелегендей, Трамптың қолын соза бере жедел тартып алатын дағдысы бұл жолы «өтпей» қалды; Нұрсұлтан Назарбаев ала­қанын үстінен салды, Дональдтың дәрмені қал­мады…
Әлемнің ақбоз үйі – Вашингтондағы ор­далы қонысында Дональд Трамп Қазақ елінің басшысын зор ықыласпен қарсы алды, кіреберіс табалдырықта Елба­сы­мыз­ды көрген бетте құшағын жайды, амандық-сау­лық сұрасқанда да ерекше ілтипат бай­қатты. «Жарты ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қазақстанды қуатты, егемен, тәуелсіз ел ретінде, өзінің аса қымбат досы мен стра­те­гиялық әріптесі есебінде қарастыру­мен келеді» деген Трамптың бір ауыз жылы сөзінің өзі неге тұрады?!.
Осы сапарға елден ерек ықылас таныта қара­ған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхам­мед­тің «Әлемдік дипломатияда кездейсоқ еш­теңе жоқ. Ендеше, Дональд Трамптың Қа­зақстан Президентінің сапарын 46 мил­лион­нан астам жазылушысы бар twitter-дегі парақшасында елден бұрын өзі жарна­малауы, Елбасын Ақ үйдің алдына шығып, құшақ жая, құрақ ұша қарсы алып, зор сый­ластық, ыстық ықыласпен кездесу өт­кізуі, Қазақ елі басшысының әр сөзіне ба­сын шұлғып қоштап-қуаттап, ең соңында Ақ үйдің алдына дейін зор ілтипатпен шы­ғарып салуы оның Елбасына деген ерекше құр­меті мен айрықша сыйластығының бел­гісі. Елбасына құрмет – Қазақ еліне, қа­зақ халқына да құрметтің жарқын көрі­нісі» – деген шынайы пікірінде шындық­тың белгісі жатыр.
КСРО тарқап, егемендік қолға тигенде тәуелсіз елдің шын тілеулесі – Америка болды. Қазақ-американ дипломатиясының бастау алар сәті тап сол тұсқа орайласты, 1991 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Алматыда кездесті. «Егемен Қазақ­стан» газетінде қызмет істеп жүрген кезіміз еді. Сол кездесуге де куә болған жайымыз бар. Бейкер мырза бекерге келмепті. 25 жел­тоқсанда Америка Қазақстанның еге­мендігін мойындады. Сол кездегі АҚШ пре­зиденті Джордж Буш жас мемлекетті мойындау құжатына еш ойланбай қол қоя­ды. Екі ел арасындағы дипломатиялық дә­не­керлік мектебі де іле-шала ашылып, ал­пауыт мемлекетпен арадағы байланыстар тың арна тапты. 1992 жылы Алматыда АҚШ елшілігі ашылды.
Қазақстан үшін АҚШ тәрізді халық­ара­лық дәрежедегі деңгей-беделі жоғары ел­мен қарым-қатынаста болу өте маңызды еді. Екі ел арасындағы байланыс 1991 жы­лы 25 желтоқсанда – АҚШ Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігін та­ныған кезден бастау алғанын айттық. Назарбаев 1992 жылы АҚШ-қа алғашқы рес­ми сапарын жасады. Сол сапар бары­сын­да Президент Нұрсұлтан Назарбаев Америка президенті Джордж Бушпен кез­дес­ті. Мемлекеттік хатшы Джеймс Бей­кермен жүздесті. Екі ел арасындағы ресми қа­рым-қатынас, ортақ байланыстың бас­тауы сол тұстан үлкен қарқын алып, бү­гінге дейін жоғары деңгейде сақталып ке­леді. Үлкен Джордж Буш, кіші Джордж Буш, Билл Клинтон, Барак Обама сияқты сая­сат саңлақтарының әрқайсысымен же­ке кездесіп, Қазақ елінің мәртебесін ас­қақтатқан сапарлардың көбісі елдің жа­дын­да. Дональд Трамп – Елбасы кездесіп отырған АҚШ-тың бесінші президенті. Бес бірдей тарихи тұлғаның тілін тауып, де­геніне көндіріп, айтқанына иліктіру арғы-бер­гі заманда қай қазақ патшасының қо­лы­нан келді?!. Осының өзі Нұрсұлтан Назарбаевқа деген халықтың шексіз құр­меті мен ықыласын айғақтайтын дәлел емес пе?!.
Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевтың ха­лық­аралық беделі Тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ зорайып шыға келді. Жа­рық­тық, Абайдың жиырма бесінші қарасөзінде «Қа­заққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үй­рену керек» дейтұғын сөзі бар. Мемлекет бас­шысы – Абайды жақсы оқыған, зерт­теген, зерделеген кісі. Он миллионнан ас­қан қазақта «қазаққа күзетші болу» ба­қы­ты Нұрсұлтан Әбішұлының маңдайына бұйырыпты.
Сол Абай бұл дүниенің баяны – орынды қа­рекетке байланысты екенін айтып кетіп­ті. Мемлекет басшысының осы кезге дейін жүргізіп келе жатқан саясатының бәрі – батыл бастама, орынды қарекет төңірегінен өрбиді. Әлемде тұңғыш мемлекет ретінде Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Естеріңізде болса керек: 90-жылдары Қазақ елінің қолында ядролық қару бар еді. Мем­лекет еншісінде 1150 дана ядролық ракета бол­ды. Қазақстан ядролық арсеналы жа­ғынан әлемде төртінші орынды иемденіп тұр­ған болатын. Тап осы тұста, Президент Назарбаев саясаттың шаршы тақтасында ешкім күтпеген жүріс жасады. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Қазақстан 1992 жылы 20 мамырда Португалияның Лиссабон қаласында стратегиялық шабуыл қару-жарақтары туралы келісімнің тең құқылы жақтарының бірі ретінде, ортақ хаттамаға қол қойып, ядролық қарусыз ел болуға міндеттеме алды. Қазақстан басшы­лығы ядролық қаруды бөлшектеу және пай­даға асыру барысында АҚШ мемле­ке­тімен ынтымақтастық жасаудың маңызын жете түсінді. АҚШ-пен ұзақмерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық жасау – ел егемендігінің саяси кепілі болды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңе­сі мінберінен Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық арсенал бойынша әлемдегі төр­тінші елден таратпау жөніндегі қоз­ға­лыс­тың көшбасшысына айналды. Ядролық қарудан және ядролық держава мәртебесі­нен бас тарту біздің саналы әрі шынайы таң­дауымыз және Қазақстанның барша хал­қы қолдап, әлемдік қоғамдастық лайық­ты бағасын берген ерікті қадамымыз болды» деп мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгей­дегі мәмілегер. Саясаттың сүт бетіндегі қай­мағын қалқып ішкен туабітті екенін тағы да дәлелдеді. Біздің Президентіміздің халықаралық мәмілегерлігі дүниежүзіндегі тыныштық пен тұрақтылыққа тың серпін беріп келеді. Өзара қырғи-қабақ болып қал­ған Ресей мен Түркияны татулас­тыруы­ның өзі неге тұрады? Сергелдеңге түскен Сирия мәселесі, уайымға батқан Украина бойынша келіссөздерде Астанаға қарап жал­тақтайтындардың қатары артты. Айдай әлемге қайта-қайта кіжініп, ядролық қаруы­ның бар екендігін айтып, сұсты сес көр­сетіп келе жатқан КХДР мәселелерін тал­қылау үшін Астана алаңын ұсынуға дайындығымызды да мәлімдедік.
Еліміздің бейбітшілікке толы бітімін, Ел­басымыздың осы бағыттағы саясатын, бұл тараптағы үлгісі мен тәжірибесін елдің бәрі біледі. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төра­ғалық ету деген мәртебелі міндет қай елдің бағына бұйырыпты? Нұрсұлтан Әбішұлы­ның сая­саты қазақы қисынмен өрілген: қаншама қуғын-сүргінді, жойдасыз қырып-жоюды көрген халқымыздың қалайтыны – бейбіт өмір; кез келген қиын жағдайда күллі әлем­ге бейбітшілік пен тұрақтылықтың керек еке­ні анық; Президент парасаты тек қазақ елін­де ғана емес, бүкіл әлемде бейбіт­ші­лікті сақтаудың маңыздылығын аңғартады; осы бағытта Елбасы қай кезеңде де өз үл­гісін көрсетті. Тіпті «тынымсыз» Трамп­тың өзі біздің Елбасы тәрізді әлемдік мас­ш­таб­тағы саясаткердің бәтуалы байламына зәру екенін аңғартып қалды. Сондықтан Аме­рика, Еуропа, БҰҰ, тіпті бүкіл дүниежүзі бү­гінде Қазақ елінің, қазақ басшысының не дейтініне ерекше ден қояды. Бұл – елі­міздің арғы-бергі тарихында болмаған оқи­ға! Халқының болашағы үшін арпалыс­қан Абылай, Әбілқайыр, Кенесары хандар­дың іс-әрекеті осы күнгі биіктен қарағанда киіз үйдің көлеңкесінен аспағандай дей­тін­дер де бар… Кім білсін. Тәуел­сіз Қазақ елі­нің басшысы елімізді даму­дың жаңа са­тысына шығарды, көк туы­мыздың биік жел­біреуіне кезекті бір мүм­кіндік жасады.
Қазақта «Ұлық болсаң – кішік бол» де­ген де бір сөз бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Қауіпсіздік кеңесінде алғаш рет төра­ға­лық еткен Қазақстанға қызыға қарайтын ел көп. Жиынды ашқан Елбасы БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесінің күн тәртібін белгілеп, оты­рыс­қа қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Бас хатшысы Антониу Гу­тер­ришке, Польша Республикасының прези­денті Анджей Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді. Адам­дық кішіпейілдік танытты. «Президент Ду­даны Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мү­шесі ретіндегі қызметінің басталуымен құт­тықтаймын. Сонымен бірге, Котд’Ивуар, Кувейт, Перу және Экваторлық Гвинеяны да биыл Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мү­шесі болуымен құттықтаймын. Жаһан­дық ұйымның осы маңызды органы аясын­да ынтымақтастық пен ықпалдастық таны­тып, бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп үміттенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Сыйласқанмен – сыйлас, сыр­лас­қан­мен – сырлас» дегендей, БҰҰ-ның Бас хат­­­шысы А.Гутерриш мырза Қазақстан Пре­зидентіне мәртебелі жиынға қатысқаны үшін алғыс айтты. Қазақстан Президентінің атқарған ұланғайыр еңбегін өте жоғары ба­ғалады. «Қазақстан әрдайым ядролық қару­дан азат әлем құруды және оны тарат­пау мәселесін қолдап келеді. Осы мәселеде көрегендік танытқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Кеңес 1992 жылы жаппай қырып-жою қарулары­ның халықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікке зияны жөнінде қарар қабылдаған бо­латын» деді Бас хатшы.
Польша президенті Анджей Дуда мырза бы­лай деді: «Президент Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет ядролық қарудан бас тарту ту­ралы шешімін жариялағанда, мұны мем­ле­кет үшін жасалған таңдау екенін айтқаны есімде. Содан бері Қазақстан өзінің шеші­мі­не берік екенін көрсетті. Жақында Қа­зақ­станда төмен байытылған уран банкі ашыл­ғанын атап өткім келеді. Бұл – ядро­лық қауіпсіздікті қолдау жолындағы маңыз­ды қадам және бұл бейбітсүйгіш мем­лекеттер арасындағы ашық қарым-қа­тынасты нығайтады».
АҚШ-қа жасаған ресми сапарының түйін­ді баспасөз мәслихатында Елбасы же­келеген елдер арасында да, жаһандық дең­гейде де өзара сенімді арттыру мә­се­ле­сінің орнықпай жатқанын айтты. – Сенім шаралары бүкіл адамзатқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген XX ғасырдың екінші жартысында жаппай жойылу қаупінің ал­дын алу кезінде өзін-өзі ақтады. БҰҰ Жар­ғысында «Біздің басты міндетіміз – келер ұрпақты соғыс өртінен құтқару» деп жа­зыл­ған. БҰҰ жүйесіндегі ширек ғасыр ішін­де менің елім қарқынды даму жолынан өтті. Қазіргі таңда Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық келісімдердің қатысушысына айналды. Еліміз ядролық қаруы жоқ мем­лекет ретіндегі мәртебемізді заңды түрде бекітті. Қазақстанның ядролық қарусыз жо­­лы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғы­сы­нан көмек болар еді. Біз тәуелсіз ел бо­лып, мемлекетімізді нығайттық. Ядро­лық қарудан бас тартып және ядролық дер­жава­лардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық. Осы ретте Солтүстік Корея басшылығын біз­дің жолымызбен жүруге шақырамыз, – дей келе Президент сөзін сабақтай түсті. – Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық ту­ғызатын әскери блоктарға бөлінуді өт­кеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұс­та, мемлекеттер арасындағы сенім аса қа­жет. Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік ша­ралар туралы көзқарасымды «Әлем. XXI ға­сыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құ­жатта БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңын­да ядролық қарудан азат әлем құруға жағ­дай жасайтын іс-қимылдарды ұсынған едім.
Мемлекет басшысы кеңес мүшелеріне ар­нап мәлімдеме жасады. – Ұжымдық іс-қи­мыл­дан қуат алған әлемдік қоғамдастық­тың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты платенамыздың жаһандық апатқа ұшы­рауына жол бермейді деп сенемін. Кеңестің барлық мүше-мемлекеттеріне берік ынты­мақ­тастығы үшін ризашылығымды білдір­е­мін, – деді Елбасы.
– Мен БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясының мінберінен Азиядағы қауіп­сіздік пен сенім шаралары жөніндегі өңір­лік құрылым құру жөнінде ұсыныс айт­қан болатынмын. Тынымсыз диплома­тия­лық жұмыстың нәтижесінде бұл меха­низм құрылды. Қазіргі таңда Азиядағы өзара ықпалдастықтың және сенім шара­ла­ры кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті бірік­тіріп, жемісті жұмыс істеуде. Ширек ғасыр­дан кейін БҰҰ ғимаратында Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қа­зақстан атынан сөз сөйлеп тұрмын.
Бі­рақ жекелеген елдер арасында да, жаһан­дық деңгейде де өзара сенімді арттыру мә­се­ле­сінің әлі де күрделі екенін және оның күн­нен-күнге өзекті бола түскенін айтуға мәж­­бүрмін, – деді Қазақстан Президенті.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысының қо­­­рытындысы бойынша тарихи құжат  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өңір­лік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлім­де­месі қабылданды.
Мұндай мәлімдеме БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің тарихында саяси міндеттеме жүк­тейтін халықаралық акт ретінде тұңғыш рет қабылданғанын айта кеткен артықтық қыл­майды.
(Жалғасы бар)

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*