Қазақстан мен АҚШ: жаңа дәуірдегі жаңа биік

1378
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына үш күндік сапары ақпарат құралдары мен халықаралық сарапшылар тарапынан үлкен қызығушылық
тудырды.
Өйткені АҚШ-қа кейінгі қатардағы жаңа мемлекеттердің бірі емес, өркениеттің өріне, әлемнің төріне қарқынды көтеріліп келе жатқан жас державаның, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып табылатын мемлекеттің көшбасшы­сы келген болатын.

Тағы бір назар аударарлығы сол, Нұрсұлтан Назарбаевты қуана қарсы алған АҚШ президенті Дональд Трамп Ел­басымен сырт көзден тыс, оңаша кез­де­сіп, тек екіжақты қарым-қатынастың ғана емес, сондай-ақ өңірлік және жаһан­дық қауіпсіздіктің мейлінше өзекті мә­се­лелерін талқыға салды, жеке ақылдасты. Са­рапшылар мұндай жағдайдың өте си­рек кездесетініне назар аудартады, себебі, әдет­те АҚШ президентімен кездесулерде кеңес­шілер, ресми делегация өкілдері қо­са қатысатын. Демек, бұл – жаһан­дық деңгейдегі лидер ретінде та­нылған

Ел­ба­сыға әлем мойындаған ал­пауыт ел­дің көшбасшысы тарапынан көр­сетілген зор құрмет пен сенімнің бір кө­рінісі. Сая­сат­танушылар алдағы жыл­дарға, тіпті он­жылдықтарға бағытталған страте­гия­лық міндеттер дәл осындай кез­десулерде қа­лып­тастырылатынын атап өтеді.
Кездесу кезінде Америка Құрама Штат­­тар көшбасшысы Қазақстан Прези­дентін жоғары ба­ға­лайтынын жасырмады.
– Сіздің осында келгеніңізге қуа­ныш­тымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қарым-қа­тынас жолға қойылған. Қазір Қаз­ақ­стан­­ның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сіз­ді қабылдау – зор мәртебе! Сіз еліңіз үшін шынында да, іргелі істер атқардыңыз, – деді Д.Трамп. Ол осы орайда, қазақ елінің тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған ел­дердің бірі Америка болғанын, мұны өзінің де жақсы білетінін, өйткені сол оқи­ға АҚШ-тың сүйікті мейрамы Рож­дествоға тұспа-тұс келгенін әңгімеледі. АҚШ Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылғы 25 желтоқсанда ресми таныған болатын.

Дональд ТРАМП, АҚШ президенті:

– Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Барша жұрт сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе! Сіз еліңіз үшін шынында да, іргелі істер атқардыңыз. Біз бұған дейін Сауд Арабиясында кездесіп, тез тіл табыстық. АҚШ-қа арнайы сапармен келгеніңіз үшін алғысымды білдіремін.

Өз кезегінде Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көрсетуін біздің ел жоғары бағалайтынын» мәлімдеді. 26 жыл бойы Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді.
Екі ел президентінің келіссөздері қо­рытындысы бойынша отандық және шетелдік ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер нәтижелеріне оң баға берді. Мем­лекет басшысы өз сапары нәти­же­сін­­де, Қазақстан – Америка қатынас­тарын мүлдем жаңа белеске – «кеңей­тіл­ген стра­тегиялық әріптестік» деңгейіне кө­­теру жөнінде шешім қабылданғанын мә­­лім етті. Бұл күн шынында, Астана мен Ва­шингтон арасында өзара қарым-қаты­настардың жаңа дәуірінің бастауы болды. Бұл қос мемлекет лидерлерінің бірлескен саяси мәлімдемесімен бекітілді.
Өз кезегінде Дональд Трамп Қазақ­стан­ды «АҚШ-тың досы» әрі «стратегия­лық маңызды серіктесі» деп атады. «Ши­рек ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қа­зақстанды мықты, егемен әрі тәуелсіз ел, Орталық Азиядағы маңызды дос және стратегиялық серіктес ретінде қарасты­рып келеді» деді ол.


Сарапшылар алпауыт державаның тек ор­талықазиялық аймақтағы ғана емес, бү­кіл Азия құрлығындағы геосаяси өңір­лік мәселелерді шешуде Қазақстанның ақыл-кеңесіне жүгінуге құлықты екенін атап көрсетеді. Тиісінше, Д.Трамп Елбасымен кездесуде Ауғанстан сыртын­да, Солтүстік Корея және Сирия се­кілді елдерге қатысты түйткілді проб­ле­малар­ды талқыға салған.
– Біз Солтүстік Кореяға қатысты жаһан­дық мәселелерді талқыладық. Қа­зақ­стан дүниежүзіндегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең ірі сынақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Иранмен де осылай сөйлестік. Солтүстік Кореяның проб­лемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды, – деді Елбасы.
АҚШ президенті өз елінің Қазақ­стан­мен бірге, өңірде және одан тыс жер­лерде бей­бітшілік пен қауіпсіздікті қол­дау үшін жұмыс жүргізіп келе жатқа­нын атап өтті.
– Біз Қазақстандағы ядролық қаруды жә­не оның инфрақұрылымын жойып, ба­лаларымыз үшін қауіпсіз әрі салауатты бо­лашақты бірлесе қамтамасыз еттік. Бү­гін Қазақстан Президенті екеуміз біз­дің қа­рым-қатынастарымыз халық­та­ры­мыз­дың қауіпсіздігіне, өркендеуі мен әл-ауқатына қалай септігін тигізетініне қа­т­ысты диалог жүргізіп отырмыз. Корей түбе­гін атом қаруынан арылту үшін күш бірік­тіру ісінде Қазақстан сенімді серік­тесіміз болып саналады. Біз Солтүстік Ко­реядағы режимнің бүкіл әлемге яд­ро­лық апат қаупімен сес көрсетуін тойтаруға бел буып отырмыз, – деді Д.Трамп.
Негізі, Кеңес Одағы кезінде «Орталық Азия» ұғымын өз құрамындағы, атауын­да «стан» жалғауы бар бес мем­ле­кет­пен шек­тейтін (Қазақстан, Қырғыз­стан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Түрікмен­стан). АҚШ болса, Орталық Азияны кеңей­тілген ұғымда қарастырып, оған Ауған­станды да жатқызады. Бұл – Астана жүр­гізіп отырған саясатқа жақынырақ. Мә­­селен, 2010 жылы Қазақстан «Ауған­стан­дағы жағдайды бейбіт реттеу жөнін­дегі күш-жігердің белсенділігін арттыру­ды» ЕҚЫҰ-ға төрағалығының негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұсынды.
Вашингтонға сапарында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-пен бірге, Орталық Азия елдерінің Ауғанстанмен «5+1» фор­ма­тындағы ынтымақтастығын нығайтуға мүд­делі екенін айтты. Мемлекет басшысы Ау­ғанстанға Қазақстан тарапынан гу­ма­нитарлық жүктер жөнелтіліп тұра­тынына тоқталды. Мұның сыртында ауғанстан­-дық мыңға жуық студент қазақстандық жо­ғары оқу орындарында жоғары білім алу­да. Елбасы азаматтық және құқық қор­ғау мамандықтары бойынша, Қа­зақ­станда ауғандықтарды даярлау бағдар­ла­м­асын ары қарай кеңейтуді ұсынды. Өйт­кені бейбіт өмірдің дәмін татқан бұл ма­ман­дар ертең еліне қайтып, өз отанын­да да тұрақтылықтың орнауына, ол үшін ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, әлеу­­меттік көмек, құқық қорғау және бас­­қа да салалардың өркендеуіне ықпал етеді.
Бұдан бөлек, Қазақстан бірнеше жыл бұрын Алматыда БҰҰ-ның халықаралық орталығын құру бастамасын көтерген бо­латын. Себебі, Алатау бөктеріндегі әсем қаламыз «Ауғанстанға географиялық тұр­ғыдан жақын, мүмкіндіктері мол қуат­ты көлік торабы» саналады. Ондағы аталған орталықтың қызметі Ауғанстан­ды қақтығыстан кейінгі оңалтуға да бағыт­та­лар еді. Мұндай құрылым БҰҰ-ның өңір­лік және субөңірлік өкілдіктері, ха­лық­аралық және өңіраралық ұйымдар ар­қылы бұл елде қаржылық-экономи­ка­лық көмекті үйлестіру үшін қажет.
Еліміздің осы бағыттағы ізгілікті күш-жі­герін және оның игі нәтижелерін көріп отырған АҚШ-тың жаңа әкімшілігі соғыс қасіретінен көз ашпаған ауған елін бейбіт өмірге оралтудағы қазақ елінің қадам­дарын құптап қана қоймай, үлгі ететінін білдіруде. Дональд Трамп Ауғанстанға тұрақты логистикалық жәрдем беру және жол ашу, сондай-ақ гуманитарлық кө­мек­ті күшейтуге үлес қосу арқылы АҚШ-тың Оңтүстік Азия жөніндегі страте­гия­сын қолдауға Қазақстанның берік ұс­та­нымы үшін Президент Н.Назарбаевқа ри­зашылығын жеткізді.
Елбасының сапары аясында екі ел көш­басшылары зорлық-зомбылық экст­ремизмі мен халықаралық терроризмге қар­сы тұру үшін ынтымақтастықты терең­детуге де дайындық білдірді.
АҚШ президенті Д.Трамптың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің сайланған мүшесі ретіндегі Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын атап өткені де осы са­пардың маңызды бір қорытындысы са­налады.
Сапардың экономикалық эффект-тиім­ділігі де толайым. Бұл ретте мәселе тек құны миллиардтаған доллармен есеп­­телетін инвестициялық жетіс­тік­тер­мен шектелмейді. Бұдан өзге, мәселен, тұрақ­ты әрі қалыпты сауда қатынастарын да­мыту үшін заңнамалық шаралар қа­был­данатыны және Қазақстанға жаңа мәр­тебе беру арқылы екіжақты сауда бай­ла­ныстарын одан ары нығайтуға жәрдем­десу көзделетіні мәлімделді. Қа­зақстан мен АҚШ енді цифрлы эко­но­мика, ден­саулық сақтау, коммерциялық авиа­ция, қаржы, банк ісі, ауыл шаруа­шылығы және ға­рыш­ты зерттеу сала­ларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытатын болады.
Қазақстан мен Америка біздің еліміз­дегі қоршаған ортаға төнетін қауіптерді бағалап, халық үшін, табиғи апаттар қате­рін азайту үшін ғарыштық технологиялар­ды бірлесе пайдаланбақ. Сондай-ақ Ре­сейге қатысты енгізілген санкциялар Қа­зақстан экономикасы үшін қандай да бір зиян келтірмеуі, аңдаусыз жағдайлар­ды болдырмау үшін, енді Вашингтон мен Астана санкциялар мәселелері бойынша өзара кеңесіп отырады.
Айтқандай, АҚШ еліміздегі үштіл­ді­лік­­тің дамуына үлес қосуға, яғни Қазақ­стан мектептерінде ағылшын тілін оқыту бағ­дарламаларын жетілдіру үшін көмек­тесуге дайын екенін білдірді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*