Астана мен Вашингтон: достық құшағын жайды

1176
0
Бөлісу:

АҚШ вице-президентімен кездесті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ астанасы Вашингтон қаласында Америка Құрама Штаттарының Вице-президенті Майкл Пенспен кездесті.
Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың мейлінше өзекті мәселелерін талқылады.
Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайтып, одан әрі кеңейте түсудің маңыздылығын атап өтті.

Энергетика министрімен жүздесті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен кездесті.
Мемлекет басшысы кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, «Теңіз» және «Қашаған» кен орындарында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнімді қайта өңдеу саласында инвесторлардың күш-қуатын арттыру қажеттігіне назар аударды.
Қазақстан Президенті еліміздегі «жасыл энергетиканы» дамытуға арналған жобалардың жүзеге асырылуы туралы әңгімелеп, Р.Перриді Төмен байытылған уран банкінің ашылуы жөнінде хабардар етті.
АҚШ-тың Энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін негізгі факторларды атады.
Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

Ынтымақтасу мәселелерін талқылады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Goldman Sachs компаниясының президенті Харви Шварцпен кездесті.
Кездесуде тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Goldman Sachs компаниясы­ның одан әрі ынтымақтасу мәселелерін талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қаржы орталығын құру үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.
– Бүгінде барлық құқықтық жағдай жасалды. Ағылшын құқығы базасындағы сот құрылды. Қатысушылар үшін қажетті барлық жеңілдіктер қарастырылды, соның ішінде виза және салық жеңілдіктері де бар, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы Американың Nasdaq биржасымен және Шанхай қор биржасымен ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.

Меморандумға қол қойылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесті.
Мемлекет басшысы әңгіме барысында кездесудің маңыздылығына тоқталып, қазіргі уақытта Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық жобалар жөнінде айтты.
– Біз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырып жатырмыз. ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін өткіздік. Көрме инфрақұрылымының базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз. Оған қатысушылардың бәріне айрықша жеңілдіктер қарастырылған, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Р.Уошберн ЕХРО – 2017 көрмесінен алған әсерін бөлісіп, алдағы уақытта Қазақстанның Kazakh Invest компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын айтты.

Мұнай-газ саласындағы серпінді серіктестік


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ExxonMobil компаниясының бас атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен ExxonMobil компаниясы арасында мұнай-газ саласында қалыптасқан экономикалық серіктестікті айрықша атап өтті.
Қазақстан Президенті бұл ком­панияның Теңіз және Қашаған мұнай-газ кен орындарын игеруге арналған жобаларға атсалысып отырғанын айтты.
Д.Вудс Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығының басталуымен және АҚШ президенті Д.Трамппен өткен келіссөздердің табысты болуымен құттықтады.

Жобаларға қатысуға шақырды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының іскер топ өкілдерімен кездесті.
Қазақстан Президенті дөңгелек үстелге қатысушылармен жүздескеніне және кездесу ұйымдастырылғанына ризашылық білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды.
– Америка-Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көле­мі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жыл­дары ішінде сіздердің компаниялары­ңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард дол­лардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айна­лымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, меди­цина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса ком­пания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серік­тестеріміздің қатарында «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы кең ауқымды екіжақты қатынастарды қамтитын Кеңей­тілген стратегиялық әріптестік туралы бір­лескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағыт­талған шаралар жөнінде әңгімеледі.
– Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Бізде АҚШ-ты қоса алғанда, 62 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде.
11 арнайы экономикалық аймақ және 22 ин­дустриялық аймақ жұмыс істеуде. Он­да қажетті инфрақұрылым мен жеңіл­діктер көзделген, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу бары­сына ерекше назар аударды.
– «Цифрлы Қазақстан» арнайы мем­лекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы­ған орай, экономика салаларын цифр­лан­дыру және инновациялық экожүйені да­мыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев университеті және Инно­вациялық техноло­гия­лар паркі сияқты инновациялық клас­терлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа халықаралық тех­но­паркі ашылады. Осы­ның бәрі біздің ынтымақтасты­ғы­мыздың болашағы зор болуына жол ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті америкалық бизнесмендерді агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру ісіне қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміздегі жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысы және «жасыл эко­номика» саласындағы жобаларды дамыту­дың келешегі туралы айтты.
– Өткен жылы «Болашақтың энер­гиясы» тақырыбымен ЕХРО – 2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл плане­таның «таза» энергетика саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме кешендері инновациялық және орнықты даму міндеттеріне ары қарай да қызмет ете беретін болады. Атап айтқан­да, ЕХРО инфрақұрылымының базасында «жасыл технологияларды» және инвести­цияларды дамыту жөніндегі халық­аралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол еліміз­де және өңірде «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.


Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығының мәртебесі ерекше екенін атап өтіп, оның жұ­мысының алдағы жоспарларына тоқталды.
– «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер бе­ріледі, сондай-ақ валюталық, визалық жеңіл­діктер және еңбек режимдерінің жеңіл­діктері ұсынылады. Бұл – өңірдегі жұмысы ағыл­шын құқығына негізделген бірден-бір ор­талық. «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының жоғары технология­лық биржасын құруға Шанхай қор биржасы және Амери­каның NASDAQ биржасы тартылды. «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа айналуы үшін зор мүм­кіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қоғамдастық үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми танысты­рылымын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті өткізіл­ген кездесудің екі елдің жақын­дасуына және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында АҚШ-тың іскер топ өкілдері Қазақстанмен эконо­микалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор қызығу­шылық танытты.
Мемлекет басшысының ресми сапары аясында авиация және ғарыштық зерт­теулер, мұнай химиясы және ауыл шаруа­шылығы, сондай-ақ инфрақұрылым­ды дамыту сала­сындағы жобаларды жүзеге асыруға бағыт­талған 7 миллиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-эконо­микалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Бұдан бөлек, сапар барысында 3 үкімет­аралық келісім жасалды:
– Мемлекеттік әуекемелеріне аэрона­вигациялық қызмет көрсеткені үшін ақы алмау туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімнің хаттамасы;
– Халықаралық салық тәртібін жетіл­діру туралы келісім.

Қаржы орталығының жұмысы жанданады

Нұрсұлтан Назарбаев Nasdaq компа­ниясының президенті Адина Фридманмен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет бас­шысы ком­панияның Қазақстанда жұмыс жүргізу жөніндегі шешімін құптайтынын айтты.
– Сіздердің Қазақстанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу жөніндегі ше­шімдеріңізді қол­даймыз. Біз Конституцияға және еліміздің бірқатар заңына өзгерістер енгіздік. Онда ағылшын құқығы енгізілген және қаты­сушылардың барлығына жеңілдіктер қарастырылған. Жұмыс істейтіндер үшін барлық қолайлы жағдайды жасаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Nasdaq компа­ниясының бұл шешімі оның серіктестері мен басқа да шетелдік компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғымен ынтымақтастықты дамытуға жете­лей­тінін атап өтті. А.Фридман Қа­зақ­стан­ның халық­аралық қаржы ор­та­лығын құру жолында атқарған жұмыс­тарынан алған әсері жөнінде айтты.
– Біз «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығын дамыту жөніндегі жоспарларға өте тәнті болдық. Қаржы орталығының жұ­мы­сына қатысты барлық мәселенің жан-жақты қарастырылғанын атап өткіміз келеді. Бұл жұмыстың тыңғылықты атқарыл­ғанына ризамыз, – деді Nasdaq компаниясының басшысы.
Сонымен қатар А.Фридман «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ын­ты­мақтастықты бастауға және Қазақ­стан биржасының жұмысына қажетті озық технологиялармен қамтамасыз ету­­ге әзір екенін айтты.
Келіссөз барысында тараптар бірлесе жұмыс істеудің және Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ұзақмерзімді байланыстарды орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Соңында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев А.Фридманды биылғы шілде айында болатын «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығының ресми түрде ашылу рәсіміне қатысуға ша­қырды.

БҰҰ бас хатшысымен кездесті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.

Әңгімелесу алдында Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығымен байланысты өзекті мәселелерді талқылады.

Польша президентін құттықтады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының президенті Анджей Дудамен кездесті.

Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында А.Дуданы Польшаның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтады.
– Бүгінгі кездесу қарым-қатынастарымызды талқылау үшін бізге зор мүмкіндік береді. Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2018-2019 жыл­дардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Польшаның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жұмысындағы ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті.
– Біздің ой-пікіріміз бен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс бағытымыздың ұқсас екеніне қуаныштымын. Менің Варшаваға сапарым және Сіздің өткен жылғы Астанаға сапарыңыз әлі есімде. Мұндай кездесулер бізді әрі елдерімізді жақындата түседі, – деді Қазақстан Президенті.
А.Дуда кездескеніне және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігі болғанына ризашылық білдірді.

«Астана Балет» театрының концертіне барды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорк қаласында «Қазақстан Астана Балет Гала» концертін тамашалады.

Мемлекет басшысы Линкольн орталығында өткен «Астана Балет» театрының концертіне барды. «Астана Балет» театры «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы «Қазақстан Астана Балет Гала» бағдарламасын ұсынды.
Бағдарламаға «Арулар», «Ақ қыз», «Әсемқоңыр» хореографиялық миниатюралары, «Щелкунчик» балетіндегі адажионың классикалық редакциясы және басқа да қойылымдар енген.

Бөлісу:

Пікір жазу


*