Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысында сөйлеген сөзі

1095
0
Бөлісу:

Құрметті Бас хатшы мырза!
Құрметті кеңес мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Сіздермен осы тақырыптық бри­финг­те жүздескеніме қуаныштымын.
Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бү­гін­гі төрағалық қызметімізді әлемдік қо­ғамдастықтың елімізге және оның бей­біт­шіл саясатына деген сенімі деп білеміз.
Біз бұл мәртебелі қызметтегі Орталық Азия­ның бірінші мемлекеті болып отыр­мыз. Осыған орай Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды органындағы өңір халық­тары­ның «үніне» айналдық.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметінің бірін­ші жылы өтті.
Біз кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мә­селелерді шешуге қатысу барысында барын­ша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық.
Ауғанстан/«Талибан», ИЛИМ/ДАИШ, «әл-Каида» және Сомали/Эрит­рея жөніндегі комитеттерді басқара оты­рып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үле­сімізді қосып келеміз.
Кеңестің барлық мүше-мемлекет­теріне берік ынтымақтастығы үшін риза­шылығымды білдіремін.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Бүгінгі жиын – Қазақстанның Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы барысындағы негізгі шара. Ол жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті та­қы­рыптардың біріне арналып отыр.
Бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жет­кізу жолындағы сенім шаралары шие­леністің алдын алу және маңызды жаһан­дық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқарады.
Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ас­самблеясының 47-ші сессиясының мін­берінен Азиядағы қауіпсіздік және сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру туралы ұсыныс айтқан болатынмын.
Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нә­тижесінде, бұл механизмді құруға қол жет­кізілді.
Бүгінде Азиядағы өзара ықпалдастық жә­не сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мем­лекетті біріктіріп, табысты жұмыс іс­теу­де.
Міне, ширек ғасырдан кейін тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымында Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның атынан сөйлеп тұрмын.
Алайда жекелеген елдер арасында да, жаһандық деңгейде де өзара сенімді арттыру мәселесінің әлі де күрделі екенін және оның күннен-күнге өзекті бола түскенін айтуға мәжбүрмін.
Сенім шаралары жаһандық қауіпсіз­дікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуге тиіс.
Неліктен?
Біріншіден, сенім шаралары бүкіл адамзатқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген ХХ ғасырдың екінші жартысында жаппай жойылу қаупінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғы­сын­да «Біздің басты міндетіміз – келер ұр­­пақ­ты соғыс өртінен құтқару» деп жа­зыл­ған.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі ши­рек ғасыр ішінде менің елім қарқынды даму жолынан өтті.
Дүниежүзіндегі ең ірі Семей ядролық по­лигонын жауып, ядролық арсенал бойын­ша әлемдегі төртінші елден қаруды та­ратпау жөніндегі жаһандық қозғалыс­тың көшбасшысына айналдық.
Ядролық қару мен ядролық держава мәртебесінен бас тарту біздің саналы әрі шынайы таңдауымыз болды. Бұл Қа­зақ­станның барша халқы қолдап, әлемдік қо­ғам­дастық лайықты бағасын берген ерік­ті қадамы еді.
Бүгінде еліміз ядролық қауіпсіздік са­ласындағы барлық іргелі халықаралық келісімдердің қатысушысы болып отыр.
Біз ядролық қаруы жоқ мемлекет ре­тіндегі мәртебемізді заңды түрде бекіттік.
Екіншіден, өзара сенім жағдайы ха­лықаралық ынтымақтастықтың жаңа мо­делін қалыптастыруға септігін тигізеді.
МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран бан­кінің ашылуы – осы ынтымақтас­тық­тың жарқын мысалы әрі оның жүзеге асуы­ның көрінісі.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау ре­жімін нығайтуға осылайша кезекті үлес қосты.
Үшіншіден, Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжі­ри­бе тұрғысынан көмек болар еді.
Біз тәуелсіз ел болып, мемлекеттігімізді нығайттық және ядролық қарудан бас тарт­тық. Сол арқылы халықаралық беде­лі­мізді арттырып, ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық.
Осы ретте Солтүстік Корея басшылы­ғын біздің жолымызбен жүруге шақыра­мыз.
Төртіншіден, ғылыми-технологиялық прогрестің қазіргі мүмкіндіктері және жаһан­данудың шынайы болмысы жаппай қы­рып-жоятын қаруды таратпау міндетін адам­заттың аман сақталып қалу мәсе­ле­сіне айналдырып отыр.
Жаппай қырып-жоятын қаруы бар ел­дер­дің көбеюі ядролық, химиялық, био­логиялық және радиологиялық қару­дың деструктивті күштердің қолына түсу қаупін тудырады.
Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бүгінгі құқықтық база ХХ ғасыр соңын­да «ядролық державалар клубы­ның» кеңеюіне тосқауыл бола алмады.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарт­қа негізделген аса маңызды таратпау ре­жімін нығайту үшін терең ментальді өз­герістер мен көпжақты жаңа саяси ше­шімдер қажет деп ойлаймын.
Ядролық қаруды таратпау сала­сын­дағы сенімді нығайта түсу үшін мынадай шаралар атқаруды ұсынамын.
Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын.
Корей Халық Демократиялық Респуб­ли­касының әрекеті ядролық қаруды ие­лен­сем деген амбициясы бар басқа ел­дер­ді осындай қадамға итермелеуі мүмкін.
Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің арнайы резолюциясын әзірлеу мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынамын. Бұл құжат Шартты бұ­за­тын елдер үшін осының нақты сал­дарын, соның ішінде санкция шаралары мен мәж­бүрлеу шараларын айқындайтын болады.
Екінші. Жаппай қырып-жоятын қару­ды иемденуге және таратуға қатысты қа­таң шара қолданудың нақты жұмыс іс­тей­тін механизмін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Қауіпсіздік кеңесінің жекелеген ре­золюцияларымен бекіту қажет.
Жаппай қырып-жоятын қаруды ием­дену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде ядролық державалардың кепіл­дігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамыту қажет деп санаймын. Бұл атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттер үшін керек.
Үшінші. Жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милита­рис­тік анахронизмді еңсеру қабілетіне ті­ке­лей байланысты.
Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық ту­ғызатын әскери блоктарға бөлінуді өт­кеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қа­жет.
Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шара­лар туралы көзқарасымды «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығы қарсаңында ядролық қару­дан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдар көрініс тапқан еді. Әлемдік қоғамдастық қолдаса, бұл мақсатқа қол жеткізуге болады.
Төртінші. Халықаралық қарым-қа­тынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты мін­детті түрде қайтару керек.
Іс-қимылды толықтай қамтитын бір­лес­кен жоспар соның жарқын мысалы бол­мақ.
Иранның ядролық бағдарламасына қа­тысты мәміле қаруды таратпау саласын­дағы көп жақты дипломатияның табысты болатынын көрсетті.
Ол күрделі мәселелерді келіссөздер ар­қылы шешудің тәжірибе жүзіндегі мы­салына айналды.
Қазақстан да өз үлесін қосқан сенім ахуалының арқасында осы келісім жүзеге асты.
Кейбір қатысушылар тарапынан өз мін­деттемелерін жүзеге асыруда туында­ған қиындықтарға қарамастан Іс-қимыл­ды толықтай қамтитын бірлескен жоспар одан әрі табысты іске асады деп сенемін. Бұл мәселені біз АҚШ президентімен бір­ге талқыладық.
Осындай конструктивті тәсілді Сол­түстік Кореяға қатысты ядролық пробле­маны реттеуде де қолдануға болады деп ой­лаймыз.
Корей түбегіндегі қазіргі оқиғалар те­рең қарама-қайшылықтың бар екенін біл­діреді.
Осыған орай мүдделі тараптарды Сол­түстік Корея мәселесін жылдам әрі конс­трук­тивті жолмен шешуге шақырамыз.
Сенім ахуалын қалыптастырудың маңыз­ды талабы ретінде «ядролық бес­тіктің» Корей Халық Демократиялық Рес­публикасының қауіпсіздігіне кепілдік беруін және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуын жақтаймыз.
Қажет болған жағдайда Қазақстан мүд­делі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын.
Сенім шаралары бүгінде қантөгіс бо­лып жатқан Таяу Шығыс үшін де өте өзек­ті болып отыр.
Сириядағы шиеленіс алыс жатқан өңір­лерге де зиянын тигізуде.
Өзара сенім Астана алаңындағы диа­логқа негіз болғанын ерекше атап өткен жөн.
Астана процесі Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы шиеленісті бей­біт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келеді. Астанада осындай 7 келіс­сөз өтті.
Бесінші. Жаппай қырып-жоятын қару­­дың таралуымен күрес жүргізудегі бірден-бір тиімді құрал – ядролық қару­дан азат аймақтар құру.
Сондай-ақ бұл ұжымдық сенім біл­діру­дің үлгісі болып саналады.
Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру жұмыстарын күшейте түсуді маңызды деп санаймын.
Мүдделі тараптарды осыған шақыра­мын және кейбір елдер арасындағы түсі­ніспеушіліктер жақын арада шешімін та­бады деп үміттенемін.
Алтыншы. Бүгінде ғылыми жетіс­тік­терді пайдаланып, жанталаса қарулану­дың жаңа толқынының туындау қаупі бар.
Осыған орай халықаралық қоғам­дастық жаңа әскери және ақпараттық тех­но­логиялардың жасалуы мен таралуы­на бақылауды күшейтуге тиіс.
Сенім шаралары ғарыш кеңістігін ми­литаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстанымды қалыптастыру бары­сында да керек болады.
Бұл мәселелер Біріккен Ұлттар Ұйы­мының арнайы отырысында қаралуға лайық деп ойлаймын.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Әлемдік ядролық державалар ара­сын­дағы өзара түсіністік пен өзара сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың ал­дын алып, тиімді реттеуге болатыны бү­гінгі күннің шындығына айналды.
Ядролық апатты болдырмау үшін олар­ға адамзат алдындағы зор жауап­кер­шілік жүктелген.
Әсіресе, ірі ядролық державалар ядро­сыз қарудан азат әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жоятын қаруды қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет.
Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді.
Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көпқырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады.
Сол себепті, біз халықаралық құқық үстем­дігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек.
Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік кеңесінің рөлі зор және оған та­рихи миссия жүктелетіні де сөзсіз.
Адамзат ХХІ ғасырда жаппай қы­рып-жоя­тын қарудан азат әлем құру үшін лайық­ты жолдан өте алады деп се­немін.
Ұжымдық іс-қимылдан қуат алған әлем­дік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жі­гері мен ақыл-парасаты планетамыздың жаһандық апатқа ұшырауына жол бер­мейді деп сенемін.
Назарларыңызға рақмет!

Бөлісу:

Пікір жазу


*