«Мұзбалақ» анимациялық фильмі жарыққа шықпақ

658
0
Бөлісу:

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Мұзбалақ» толықметражды көркем анимациялық фильмінің трейлерін жариялады.

Бүркіт пен адамның достығы жайында баяндайтын бұл мульт­фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойын­ша түсірілген. Фильмнің режиссер-аниматоры – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы.
– Бес жасар бүркітті қазақ «Мұз­балақ» дейді. Қазақ бұл тәкаппар құсқа жас ерекшелігіне қарай ат қояды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендермен еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғы­рына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жара­та­тынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын біздей ешкім білмесі анық, – дейді Тұрдыбек Майдан.
Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильм бойынша 40-қа жуық отандық аниматор жұмыс істеді. Ұзақтығы 65 минуттық мульт­фильм 2D және 3D форматында түсірілген және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіп­керлерді дыбыстауға Ержан Жа­рылқасынұлы, Жанат Ты­ныбаев, Самат Қордабай, Ерғали Төле­баев, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қа­тысты.
Тағы бір айта кететіні, кино­студия 2017 жылы толықметражды екі анимациялық фильм шы­ғарды. Соның бірі – «Мұзбалақ» болса, екіншісі – режиссер Адай Әбілданың тарихи тұлға, қол­басшы Күлтегін туралы карти­насы. Аталған фильмдер толық аяқталған және тұсаукесері биыл­ғы жылдың көк­теміне жоспар­ланған.
Шырын САРЫМБЕКОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*