Қазақстан – АҚШ-қа салмақты серіктес

1002
0
Бөлісу:

18 қаңтар күні Нью-Йоркте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, Елбасы жиынды қазақ тілінде ашып, сөз сөйледі. «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты отырысқа БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Польша президенті Анджей Дуда, т.б. әртүрлі елдің ресми өкілдері мен сыртқы істер министрлері қатысты. Елбасы Польша, Кувейт, Кот-д’Ивуар, Нидерланды, Перу, Экваториал Гвинея елдерін осы жылдан бастап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып жұмысқа кірісулерімен құттықтап өтті. БҰҰ-ның қақ төрінде Елбасымыздың күллі әлемге еңсесін көтере сөйлеп, жиын барысында кезек-кезегімен сөз үлестіріп, әлемді бейбітшілікке шақырып отырғанының өзі көрер көзге керемет үйлесімді жайт. Алпауыт елдермен иық тірестіріп отырып, ғаламды қарусыздандыруға үндеу, жалпақ жұрт алдында жаһандық мәселенің жүгін көтере алу – Мемлекет басшысының қарымды саясаткер, білікті дипломат екенін айғақтай түскендей.

– Сіздермен осы тақырыптық бри­фингте жүздескеніме қуаныштымын. Осыған қатысып отырған министр­лерге, басқа басшыларға ризашы­лығымды білдіремін. Біз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төрағалық қызметімізді әлемдік қауым­дастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз. Орта­лық Азияның бұл мәртебелі қызметтегі бірінші мемлекеті ретінде біз өңіріміздегі халықтардың, дүниежүзілік ұйымының осы маңызды органдарының өкілі сыңайлымыз. Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесіндегі бірінші жылы өтті. Біз кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелерді шешуге қатысты барынша бел­сенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы АҚШ-қа сапар аясында бұған дейін Дональд Трамппен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Астана үшін Вашингтон тарапынан көрсетілген саяси қолдаудың маңызы зор екені айтылды.
Ақ үй басшысына алғысын білдірген Елбасы екі ел арасындағы келіссөздерден кейін, АҚШ пен Қазақстанның эконо­микалық қарым-қатынасы одан әрі күшейе түсетініне сенім білдірді.
Елбасы екіжақты жылы жүздесудің шырайын келтірер әңгіме айтты. Алды­мен Трампты біржылдық билігімен құттықтады. Оның салық мәселесіндегі табысты реформасын тілге тиек ете оты­рып, мұны мен 5 жыл бұрын жасап таста­дым деді. Жиналғандар ду етті. Қанша жетекші елдің жаңа басшысы болсаң да, алды-артыңды бажайла деген емеурін.
– Тоғызыншы немереңіздің бауы берік болсын! – деді сосын таза қазақы қалыппен. Бұл жағынан да құттықтамай тұра алмаймын. Ал менің оныншы неме­рем былтыр туған болатын!
Елбасы Трамптан адамдық, пенделік өмір жолында бір саты алда келе жат­қанын меңзеген еді. Үлкен саясатта ұсақ-түйек жоқ! Біздің Президент алымдыны алдынан, шалымдыны шашасынан қақпайлап, өз еркіне бағындырып ала­тын іскерлігін тағы бір паш етті.
Мемлекет басшысы Орта Азияға мүдделі мемлекеттердің арасында АҚШ-тың да болғаны маңызды екенін ескертті.
Қазақстан кезінде әлем бойынша төртінші ядролық арсеналынан бас тарт­қанын ядролық қаруы бар мемлекеттерге үлгі еткен Елбасы Корей Халық Демо­кратиялық Республикасын да жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуға үгіт­тейтінін айтты. Н.Назарбаев Солтүстік Кореяға қатысты мәселені АҚШ, Ресей мен Қытай бірігіп қана шеше алатынын сөз етті. «Сондықтан қазіргі кезде АҚШ пен Ресей арасындағы төмендеп кеткен саяси қарым-қатынас бізді толғандырмай қоймайды» деді ол.
Естеріңізде болса, еліміз АҚШ аза­мат­тары үшін визасыз режим енгізген еді. Президент Вашингтоннан қазақ­стандықтарға қатысты қарымта жауап күтетінін жасырған жоқ. Мұндай қадам арқылы екі ел арасындағы іскерлік топ өкілдерінің қызметіне көп жеңілдік жасалған болар еді.
Әрине, екі ел басшыларының кез­де­суінен күтер үміт көп. Оның ақталар күні де алыс емес секілді. Себебі, сөз арасында Ақ үй басшысы Қазақстанды «бағалы әріптес» деп атады. Әлемді аузына қарат­қан алпауыт ел осылайша бізбен ынты­мақ­тастықта болуға мүдделі екенін танытты. Трамп тасымыздың өрге дома­лап тұрғанына сенім білдіріп, General Electric және Boeing секілді АҚШ-тың бірнеше ірі компанияларының ел аума­ғындағы та­бысты қызметіне тоқталды. Әрине, еліміз­дің ғаламдық қауіп-қатерлерге тойтарыс бергені де Трамптың назарынан тыс қал­ған жоқ. Тіпті Елбасы­ның әлемдік аренада үлкен құрметке ие екенін де мойындады.

Нұртөре Жүсіп, Нью-Йорк

Бөлісу:

Пікір жазу


*