Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған

1272
0
Бөлісу:

Бүгінде ерекше білім алу қажет­тіліктері бар балалар саны – 144 783. Оның ішінде
96 555-і – мектеп жасында және 48228-і – мектепке дейінгі жаста. Елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы аясында 2019 жылға қарай жасалуы тиіс нақты жоспарлар бар. Толығырақ тоқтала кетсек, мектепке дейінгі ұйымдар­дың 30 пайызына, мектептердің 70 пайызына инклюзив білім беру үшін жағдай жасау және психоло­гия-педагогикалық түзеу және пси­хология-педагогикалық консуль­тация кабинеттері же­лісін кеңейту көзделіп отыр.

Бастауыш класта оқып жүрген кезіміз. Бір күні сыныпқа жаңа оқушы келді. Жаңа дегенде, менен бірнеше үйден кейін тұратын көршім. Жасы бізден үлкенірек баланың бізбен бірге оқитынын қызық көргеніміз рас. Жанына әпкесі еріп келіпті. Әдеттегідей сабақ өтіп жатырмыз. Жаңа оқушы болса, әпкесімен бірге соңғы партада отыр. Сыртқа шыққысы келіп, сыныпты басына көтерді. Шошып кеттік. Мұндайға үйренген әпкесі еш саспай, далаға шығарып келді. Көзіміз бақырайған күйі үйді-үйімізге тарадық. Үстел басына отырғаннан айтқан алғашқы жаңалығымыз – жаңа сыныптасымыз туралы. Бұған кей ата-аналар үрке қараған болу керек, бәлкім, бірге оқымауын да талап еткен шығар. Әлде, баланың өзі қаламады ма – белгісіз. Бізбен бірге оқыған бірінші күннен кейін ол сабаққа келмеді. Жасы үлкенірек дегеніміз– осыған дейін бізден жоғары бірнеше сыныппен оқып көрген екен. Бәрінің нәтижесі ұқсас. Бала көңіл білместіктен бөліп тастады. Өзге қатарласындай көре алмады. Жаңа сыныптасымыз болса, ауырады екен. Осылайша, сол күйі білім алмады, қоғаммен араласпады. Кейде бөлектеп, ол келе жатса, айғайлай қашқан сәттеріміз есіме түссе, бетім дуылдап, қызарып кетем. Бізге инклюзив білім беруді енгізу керек. Ендеше, мұндай білім беру жүйесі Қазақстанда қаншалық дамып келеді?

Елімізде 42 арнайы балабақша және 435 арнайы топтар жұмыс істейді. Оларда 13 мыңнан астам мектепке дейінгі жастағы балалар білім мен тәрбие алып жатыр. 97 арнайы мектеп және жалпы білім беру мектептері жанындағы 2605 сынып құрылып, ол жерлерде 25 мыңға жуық оқушы білім алады. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға 13 оңалту орталығы, 149 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері жұмыс істеп, 58 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, педагогикалық-коррекциялау қолдау жүргізілуде.

Аутизмге шалдыққан баланы көр­гендегі әрекетіңіз қандай? Көп жағдайда жанарды тайдырып әке­тіп, болмаса «тесіліп» қараған күйі жаныңыздағы жолдасыңызға «ана баланы қарашы, түрі біртүрлі секіл­ді» деген сыңайлы сөз айтуыңыз әбден мүмкін. Сіздің реакцияңызға ол баланың жақындары әбден үйреніп те алған. Мән бермеуге ты­рысады. Бірақ жүрек шіркін қан жылайды. Соның ішінде ана-жүрек езілмей қайтсін? Жан баласына зияны жоқ баланың мұндай болып дүниеге келуі – пешенеге жазылған тағдыр ғана.
Үрке қарап, қызу талқылауды доғарудың амалын іздей келе, инклюзив білім беру туралы шешім қабылданды. Мұның мәні – ерекше білім беру қажеттіліктерін және жеке мүмкіндіктерін ескере оты­рып, барлық білім алушылардың бі­лімге тең қол жеткізуін қамта­ма­сыз ету. Мемлекет инклюзив білім бе­рудің мақсатын іске асыра отырып, білім берудің бар­лық деңгейінде даму мүмкіндіктері шек­теулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді. Инклю­зив білім беру әр балаға оның мұқтаждығына және басқа мән-жайларына қарамастан, өз әлеуетін және білім алуға құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Мұндай білім берудің артықшылығы – оқу­шылардың араласуында. Мұғалім­дер балалармен, оқушылар мұғалім­мен және бір-бірімен қатынасуы тиіс.

«Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» деген әнді бірнеше рет тыңдаған боларсыз? Егер естімеген болсаңыз, алдымен құлақ қойыңызшы. Бойды балқытар әсем ән, сүйектен өтер шын сөз жан баласын бей-жай қалдырмайды. Әнге арқау болған әңгіменің ауаны бүгінгі тақырыбымыздан сәл өзге. Дегенмен өзек – біреу. Ол – сәби бақыты. Мүгедек деуге ауыз бармаса да, қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға деген «айрықша» көзқарас бар. Қатарластары шеттетпесе, кемтарлығы үшін ұялмаса, бала кезінен бастап өзге құрбыларындай тай-құлындай тебіссе деген тілек – әр ата-ананың жүрегінде. Инклюзив қоғам орнату қажет екені осындайда ерекше сезіледі.

РЕСМИ ДЕРЕК
Бүгінде ерекше білім алу қажет­тіліктері бар балалар саны – 144 783. Оның ішінде 96 555-і – мектеп жасында және 48228-і – мектепке дейінгі жаста. Елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы аясында 2019 жылға қарай жасалуы тиіс нақты жоспарлар бар. Толығырақ тоқтала кетсек, мектепке дейінгі ұйымдар­дың 30 пайызына, мектептердің 70 пайызына инклюзив білім беру үшін жағдай жасау және психоло­гия-педагогикалық түзеу және пси­хология-педагогикалық консуль­тация кабинеттері же­лісін кеңейту көзделіп отыр.
2016 – 2017 оқу жылында бар­лық балабақшалардың 10 пайызына (4910 б/б-дан 495 б/б) инклюзив бі­лім беру енгізілген. Яғни, Қазақ­станда 4910 балабақша болса, оның ішінде 495-інде мүм­кіндігі шектеулі 6130 бала өзгелер­мен тең дәрежеде тәрбиеленіп жа­тыр. Сонымен бірге, 3289 мектепте инклюзив білім беру қолға алынып, 40 мыңнан астам бала сабақ өтуде. Бұл – барлық білім беру мекеме­лерінің 44,7 пайызы. Педагогтар мен ата-ана­ларға ғылыми-әдіс­те­мелік, ұйым­дық-консультативтік көмек көрсету үшін 7 инклюзив білім беру жөнін­дегі ресурстық орталық құрылған. Яғни, Ақтөбеде – 1, Ақмолада – 1, Қарағандыда – 1, БҚО-да – 2, Қы­зылор­дада – 1, Қаз ҰПУ-да 1 орта­лық бар.
ИПБТ жүйесінде мүмкіндігі шек­теулі жандар қатарынан маман­дарды даярлау ісін 178 колледж жүр­гізуде. Бұл санат студенттерінің контингенті – 3 мыңға жуық адам. «Дефектология» мамандығы шең­бе­рінде кадрларды даярлау елдің 17 ЖОО-да жүргізіледі. Бұдан басқа педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. 3 жыл ішінде 2771 педагог инклюзив білім беру бойынша білігін арттыру курс­тарынан өтті. Педагог кадрларының тәжірибесін арттырудың барлық курстарының тыңдаушылары үшін инклюзив білім беру бойынша мін­детті лек­ция­лар әзірленіп, енгі­зілген.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білімге қол жеткізуді электрондық білім беру жүйесі де қамтамасыз етеді. Үйде білім алатын балалар қажет бағдарламалық-тех­никалық құралдарды алады. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін жеке қозғалыс құралдары, арнайы пернетақталар және мани­пуляторлар алынады; есту қабілеті бұзылған балалар үшін есту аппа­раттары, дыбысты күшейтуші мик­ро­фоны бар жүйе, тифлотехникалық құралдар алынады. Білім алуға жол ашуды қамту үшін ақпараттық қам­та­масыз ету құралдары, соның ішінде принтерлер мен Брайлевтік дисплейлер, оқу машиналары мен үлкейтуші құрылғылар, электрон лупалар, сөйлеуші экранды үлкей­туші шағын құрылғылары және тағы басқалары – аса маңызды. Респуб­лика бюджеті есебінен компьютерлік техника және құрал-жабдықтармен 6 мыңға жуық үйінен оқытылатын мүгедек-бала қам­тылған.

Білім беру түрлері
Инклюзив білім беру – мүгедек және дамуында сәл ауытқулары бар балалардың дені сау балалармен бірге олардың әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы бірлескен оқыту. Инклюзив білім берудің төрт түрі белгілі:
– Біріктірілген. Оқушы дені сау балалар сыныбында/тобында оқи­ды және дефектолог-мұғалімнің жүйелі көмегін алады.
– Жартылай. Жеке балалар күн­нің бір бөлігін арнайы топтарда, ал екінші бөлігін қарапайым топтарда өткізеді.
– Уақытша. Арнайы топтардағы балалар және қарапайым топтардың оқушылары бірлескен серуендерді, мерекелерді, сайыстарды, жеке істерді өткізу үшін біріктіріледі.
– Толық. Дамуда ауытқулары бар 1-2 бала балабақшаның, сынып­тың, мектептің қарапайым топта­рына енгізіледі, мамандардың ба­қылауы бойынша түзету көмегін ата-аналар көрсетеді.
Батыста пайда болған бұл тер­минді топ етіп Қазақстанға енгізе салу оңай емес. Мәселен, АҚШ-та әр адамға жеке-дара тұлға ретінде қарайды. Сондай-ақ есі ауысқан жынды болу да – сіздің құқыңыз. Еуропалықтар мен америкалық­тардың менталь ерекшеліктерінің мәні де осында: ешкім ешкімнің өміріне араласпайды, дәл сол қаз-қалпы қабылдайды. Батыс қоғамы аутизм туралы ашық айтады. Бізде бұл жағынан әлі мәселе бар. Ата-ана ғана алып ұшып жүреді-дағы, бала отбасы аясынан шықпайды. Демек, бірінші кезекте ауытқуы бар баланы арнайы дайындау керек. Яғни, психологиялық тұрғыдан даяр­ланған бала қоғамға оңай сіңісіп кете алады. Мамандар оған көпшілік ортада өзін-өзі ұстау ту­ралы көбірек айтып, жеткізуге ты­рысу керек дейді. Екіншіден, оның жанында отыратын адам болуы қажет. Үшін­шіден, ата-аналардың өздері алды­мен инклюзия жайлы толық мағ­лұмат алулары тиіс. Осы­дан барып, баласына түсіндіре алады. Батысша үлгіде қоғам орна­ту­дың бірден-бір амалы – осы шарттарды орындау. Мұн­дай талап­тарды белгілі профес­сор, Владимир Матвиевский бар сұхбатында айтып өткен екен.

Келесі қадам – жұмыс беру
Ауытқулары бар балаларды ор­таға бейімдеу мақсатында жүргізіл­ген шаралардың ішінде «Training-кафе» жобасын ерекше атап өтуге бо­лады. Бұл әлеуметтік жоба аясын­да менталь ауытқулары бар жастар­ды жұмысқа тарту көзделген. Ка­фенің ашылуына қатысып, жұмыс тапқан жастармен жеке сөйлесудің де сәті түсті. Қорқа қараудың, менсін­бей өтудің тіптен қажеті жоқ. Зұлымдық­тан ада, сәбидей таза көңіл иелері ас мәзірін әкеп беріп, тап­сы­рыс қабыл­дай­ды. Былай қараса­ңыз, қарапайым кафеден еш айыр­масы жоқ. Тек… Көздері мейірімге толы жастар бұл жерді ерекшелен­діреді. Олардың жасы – 22-45 ша­масында. Сырт көзге оғаш көрінуі де мүмкін. Десе де, олар да – қоғам­ның бір бөлшегі. Тұтынушыларды күтеді, олармен тіл табысуды қа­лайды. Жоба ұйымдас­ты­рушылары­ның айтуынша, мақсат орындалып келеді. Өмірге құштар­лық, бір іске бейімделу секілді про­цес­тер жүзеге асып жатыр. Бірі – даяшы, бірі – аспазға көмекші, ал енді бірі – аула сыпырады. Және де тегін емес, тиіс­ті жалақысын алып тұрады. 2015 жылы қаланың қақ ор­та­сынан ашыл­­ған кафенің ізін жал­ғай шет жақ­тан тағы бір филиалы ашылған.

Тақырыптың тоқетері:

Сұқ саусағын шошайтып, жиіркенішпен қарайтындар, бала тағдырына алаңдап аянышпен қарайтындар, кемсітіп, төмен санайтындар қоғамда жетерлік. Сол санаттағы адамдар саны азаймай, біз қозғап отырған ортаны қалыптастыру қиын. Бәлкім, мұнсыз мүмкін де емес шығар. Ауытқуы бар баланы психологтар сол күйі қабылдауға, бөле-жармауға шақырады. Сенсеңіз, ата-аналардың да қалауы – сол. Кедергісіз келешек орнаса, терезе теңессе деген бір ғана тілек. Өйткені сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*