Полигон зардаптарын жою жалғасуда

1064
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отыры­сында қалаулылар Үкімет басшысы мен өкілдеріне бірқатар депутаттық сауал жолдады. Соның ішінде екеуі Семей ядролық поли­гонына қатысты болды. Атап айтқанда, «Нұр Отан» фрак­циясының мүшесі В.Олей­ник Премьер-министр Б.Сағынтаевқа арнаған депутаттық сауалында сынақ алаңының ластанған аумағын айналымға қосу жайын көтерді.

Кеңес өкіметі Қазақстанда қырық жылдан астам уақыт бойы ядролық қаруды сынау салдарынан елімізде, әсіресе, Шығыс Қазақ­стан облысы мен полигонға іргелес Павлодар және Қарағанды өңірлерінде 18 мың 300 шаршы шақы­рымдық аумақ радиоактивті заттармен ластанған. «Ұлттық ядролық орталық» РМК-ның «Атом» көлі, сондай-ақ «Де­гелең», «Сарыөзен», «Балапан», «Телкем» және «Опытное поле» сынақ алаңдарында жүр­гізген зерттеулері барысында ластану дең­гейі жоғары жер телімдері анықталған. Депу­таттың айтуынша, бұлар қазіргі уақытта қор­ша­ған ортаға да, полигонға жақын жерлер­де тұрып жатқан халыққа да қауіп төндіреді.
ҰЯО дерегі бойынша бұл жерлерді реабилитациялау жұмыстарын кешенді экологиялық тексерумен қатар жүргізу жоспарлануда. Сонда полигонға бөлінген жерлердің үлкен бөлігін шаруашылық айналымға жіберуге мүмкіндік беретін іс-шаралар кешенін 2021 жылға қарай толық аяқтауға болады екен. Ол үшін аталған жұмыстарды 2018-2020 жылдары 2,6 мил­лиард теңгеден астамға қаржыландыру талап етіледі. Алайда депутат қаржыландыру мәселесі шешілмей отырғанына Премьер­-министрдің назарын аудартады.
Нұротандық депутат С.Бычкова Үкімет басшысына депутаттық сауалында әскери борышын орындай жүріп, Семей полиго­нындағы ядролық қару сынағының зардап­тарына душар болған «атом солдаттарына» қолдау көрсету мәселесін көтерді. Оның айтуынша, шетелдік әріптестеріне қарағанда, қазақстандық осы жауынгерлер өз денсау­лықтарына келген зиянға сайма-сай күйде әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылмады. Оларға өтемақы берілмеген. Сондай-ақ әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақы төлеу де қарас­тырылмапты.
Жалпы отырыста «Нұр Отан» фракция­сының мүшелері, соның ішінде Н.Дулатбеков цифрландыру аясында азаматтарға жаңа ақпараттық техноло­гияларға негізделген кітапханалық сапалы қызмет көрсету қажеттілігін айтса, З.Аман­жо­лова микроотия, анотия, атрезия секілді құлақ қалқанының дамымауынан көрініс беретін лор-патоло­гияға душар болған балалардың проблемасын жеткізді. А.Қо­жахметов Жезқазған өңірін теміржол жо­лаушылар тасымалымен қамтамасыз ету жайын қаузаса, Б.Хаменова вице-премьер Е.Досаевтан 8-сыныптағы «Қазақстанның физикалық географиясы» курсын толық алып тастаудың қаншалықты қажет бол­ғанын сұрады.

Дайындаған Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*