Қазақстан және АҚШ: XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік

1682
1
Бөлісу:

Президент Дональд Трамп АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті талқылау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ақүйде қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Экономикалық байланыстар артады
Президент Н.Назарбаев Президент Д.Трампқа қонақжайлылығы үшін ал­ғысын білдірді және оны келешекте Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Екі көшбасшы Қазақстанның тәуелсіз­дігін, аумақтық тұтастығын және еге­мендігін, сондай-ақ жаһандық бейбіт­шілік пен өркендеу ісін ілгерілетудегі рөлін құптады.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттар арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын мойын­дай отырып, көшбасшылар саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар жөніндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы байланыс­тарды Кеңейтілген стратегиялық әріп­тестік комиссиясы аясында жоғары дең­гейдегі тұрақты кездесулер өткізу арқылы нығайтуға шешім қабылдады. Екі мем­лекеттің басшылары «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық формат­та­рын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екендіктері туралы мәлім­деді. Сондай-ақ болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуын да құптады. Олар Ауғанстандағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге және өңірдің саяси және экономикалық байланыста­рының одан әрі дамуына ықпал ететін бастамаларды ілгерілетуге қол жеткіземіз деп шешті. Екі ел көшбасшылары заң үстемдігі мен адам құқықтарын сақтай отырып, зорлық-зомбылық экстремизмі мен халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін ынтымақтастықты тереңдетуге әзір екендіктерін білдірді.

Халықаралық көшбасшылық мұрасы
Президент Д.Трамп 2017-2018 жыл­дарға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің сай­ланған мүшесі ретіндегі Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын атап өтті. Ол 1992 жылы ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқаннан бастап, таратпау ісіне күш салып келе жатқан халықаралық көшбасшы ретіндегі Қазақстанның мұ­расын және ядролық қауіпсіздік жөніндегі қазіргі міндеттемелерін күшейтуін, сон­дай-ақ химиялық қарудың таратылуы мен қолданылуына жол бермеу шараларын күшейтуді жуырда қолдағанын жоғары бағалады. Екі көшбасшы Корей Халық Демократиялық Республикасының ядро­лық және зымырандық бағдарламаларын қоса алғанда, жаппай қырып-жоятын қарудың заңсыз таралуын айыптады. Екі ел Президенттері ядролық байыту тех­нологияларының таралу қаупін азайтуға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байы­тылған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады.

Өңірлік қауіпсіздік
Президент Д.Трамп Ауғанстанға тұрақты логистикалық жәрдем беру мен жол ашу, сондай-ақ гуманитарлық кө­мекті күшейтуге үлес қосу арқылы АҚШ-тың Оңтүстік Азия жөніндегі стратегия­сын қолдауға Қазақстанның берік бейілдігі үшін Президент Назарбаевқа ризашы­лығын білдірді. Екі көшбасшы ауған­дар­дың өз басшылығымен және күш-жігері­мен жүретін бейбіт процесс қана Ауған­станға тұрақтылық пен қауіпсіздік әкелетінін растады. Президент Д.Трамп ауған қауіпсіздік күштерін қол­дауға арналған Қазақстанның бұған дейінгі қаржылық жарналарын атап өтті. Пре­зидент Н.Назарбаев ауыртпалықтың әділ бөлінуін мақұлдай отырып, Ауған­станның қауіпсіздік проблемасын шешуге қосымша қолдау көрсетуге әзір екенін тағы да растады. Ол, сондай-ақ Ауғанстан әйелдерінің жағдайын жақсартуға ерекше назар аудара отырып, АҚШ-пен ынты­мақтастық аясында азаматтық және құ­қық қорғау мамандықтары бойынша Қа­зақ­станда ауғандықтарды даярлау бағ­дарламасын кеңейтуді ұсынды. Екі көш­басшы Ауғанстанның көлік инфра­құрылымын дамыту жөніндегі жобаларға Қазақстанның қатысуын құптады. Сирияға қатысты, тараптар зорлық-зом­былық шиеленісінің оң шешім табуына қол жеткізуге және БҰҰ қолдауымен Женева бейбіт процесі аясында қақты­ғысты саяси жолмен реттеу негізін ны­ғайтуға бағытталған дипломатиялық бас­тамаларды құптады.

Қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық
Екі мемлекеттің көшбасшылары өңір­лік қауіпсіздікті қолдау үшін ынты­мақ­тастық, өзара ықпалдастық, қол жеткізу және логистикалық маршруттарды кеңейтуге арналған бірқатар келісімдер жасасуға ниет білдіре отырып, қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Екі көшбасшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Қорғаныс ми­нистр­лігі арасындағы әскери ынтымақ­тастықтың төртінші бесжылдық жоспа­рына қол қойылғанын атап өтті. Прези­денттер интернет арқылы жасалатын электрондық коммерция және қылмыс қаупіне қарсы жаһандық ынтымақ­тас­тыққа негіз болатын Киберқылмыстар туралы конвенцияға қосылуға Қазақ­станның қызығушылығын зерделеуге дайын екендіктерін айтты. Мұндай көп­жақты форматтарға қатысу халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстре­мизміне қарсы күресу үшін құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды нығайтатын бо­лады.

Экономикалық ынтымақтастықты нығайту
Президент Н.Назарбаев және пре­зидент Д.Трамп екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға, екі елде де жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ашуға бағытталған әділ және өзара тиімді эконо­микалық әріптестікті ілгерілетуге әзірлік­терін білдірді. Президент Н.Назарбаев Қазақстан экономикасындағы Америка Құрама Штаттарының жетекші инвестор ретіндегі рөлін атап өтті. Президент
Д.Трамп келешекте халықаралық эконо­ми­калық ұйымдарға қатысудың бұлжымас шарты болып табылатын, Қазақстан тарапынан Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы міндеттемелерді орындаудың, әділ еңбек қатынастарды қолдаудың, келісімшарттардың мызғымастығын қамтамасыз етудің және зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Президент Д.Трамп Қазақстанның әртараптанды­рылған және инновациялық экономи­каны дамыту жөніндегі өршіл жоспар­ларын құптап, АҚШ-тың қаржылық даму институттарының Қазақстанға инвес­тициялар тартуға мүдделілігін атап өтті. Екі көшбасшы тұрақты әрі қалыпты сауда қатынастарын дамыту үшін заңнамалық шараларды қолдайтындықтарын мәлім­деді және Қазақстанға бұл мәртебені беру екіжақты сауда байланыстарын одан әрі нығайтуға жәрдемдесетінін атап өтті. Екі мемлекет басшылары мұнай-газ, ядролық қаруды таратпау және бейбіт ядролық даму салаларын қоса алғандағы екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың не­гізгі бағыттарын айқындайтын Энер­гетика саласындағы стратегиялық диалог деңгейін көтеруді белгілеп берді. Көш­басшылар цифрлық экономика, ден­саулық сақтау, коммерциялық авиация, қаржы, банк ісі, ауыл шаруашылығы және ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Президенттер Орталық Азиядағы Сауда және инвес­тициялар жөніндегі негіздемелік келісімге (TIFA) өздерінің бейілдігін растады және Ауғанстанның болашақта TIFA Кеңесінің кездесулеріне қатысуын құптады. Қазақ­стан және Америка Құрама Штаттары Қазақстандағы қоршаған ортаға төнетін қауіптерді бағалап, табиғи апаттар қатерін азайту үшін ғарыштық технологияларды пай­далану саласындағы ынтымақ­тастықты нығайтуды жоспарлап отыр. Көшбасшы­лар, сондай-ақ, Қазақстан экономикасы үшін қандай да бір оқыс жағдайларды болдырмау мақсатымен санкциялар мәселелері бойынша кеңесіп отыруға ниетті екендіктерін білдірді. Соңында Президент Д.Трамп Н.Назарбаевты Қазақстанның экономи­калық әлеуетін паш еткен, аумағында «Астана» халықара­лық қаржы орталығы орналасатын ЕХРО – 2017 көрмесінің табысты өтуімен құттықтады.

Адами өлшем
Президенттер адам капиталын да­мытуға деген ұмтылыс екі елдің жа­һандық бәсекеге қабілеттілігіне қолдау болатын болашаққа деген инвестициялар екенін мойындады. Көшбасшылар екі ел ара­сындағы дипломатиялық және консулдық байланыстарды кеңейтуді жөн көрді. Президент Д.Трамп Қазақ­станның ағылшын тілін меңгеру дең­гейін көтеруге бағытталған бастамасын құптап, Қазақ­стан мектептерінде ағылшын тілін оқыту бағдарламаларын жетілдіру үшін кө­мектесуге дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында екі ел басшысының БАҚ өкілдеріне арналған брифингі өтіп, келіссөздердің өзектілігі туралы айтты.

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*